«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Семей бекінісіне 300 жыл

6285
Семей бекінісіне 300 жыл
Биыл Семей бекінісінің іргесі қаланғанына 300 жыл толады. Ол Қазақстанның Ресей империясымен, Орта Азиямен және Батыс Қытаймен арадағы сауда-саттықты дамытуда зор рөл атқарды

Семей бекінісі сауда-саттықтың басты пункттерінің бірі ғана болып қойған жоқ, ол сонымен қатар экономикалық және саяси байланыстардың қалыптасуына және де шекаралас көршілермен қарым-қатынастың дамуына да әсерін тигізді. Ертіс бойындағы көлдерден тұз табылғаннан бастап, оның жеріне деген де қызығушылық арта бастады. Сібірдегі орыс халқының саны біртіндеп өсе бастады да, Жәміш көліндегі сауда-саттық гүлдене берді.

Айта кететіні, осы өлкедегі сауда-саттық  бұл жерде Семей бекінісі салынғанға дейін біршама уақыт бұрын пайда болған. 1650 жылы елші Федор Байков Ертістің жоғарғы ағысымен Қытайға қарай өткен. Ол әбден қалыптасқан сауда-саттық пен Жәміш көліндегі тұз өндірісінен қатты әсер алған. Қытаймен арадағы келіссөздің аса сәтті болмауына қарамастан, бұл сапар орыс саудасына пайдасын тигізді. Байков Сібірден Қытайға баратын ыңғайлы жол ашты. Қазақ пен орыс халықтары арасында сауда белсенді жүріп жатты: қазақтар мал өнімдерін ұсынса, орыстар өнеркәсіптік тауарларды ұсынды.

Басқа саяхатшы әрі көрнекті орыс дипломаты Николай Спафарий Жәміш көлінің бойындағы сауда-саттықтың сипаттамасын жазып қалдырған. 1675 жылдың 2 мамырында Спафарий Тобылдан шығып, Ертістің төменгі ағысымен тақтай қайықпен жүзіп өтеді. Семей бекінісін салған кезде француз инженері Себастьян Вобанның арнайы тәсілі қолданылады. Бекіністі айналдыра топырақ үйінділерімен қоршайды, олар қорғаныс қызметін атқарған. Осының арқасында ол ормен, керме ағаштармен, шарбақтармен қоршалған басқа бекіністерге қарағанда жақсы сақталған. Нашар бекітілген қоныстар аса үлкен стратегиялық рөл атқарған жоқ. Сәйкесінше жақсы бекітілген бекіністер сауда-саттықтың маңызды орталықтарына айналып, қоныс аударушылардың жергілікті рулармен қарым-қатынас орнатуларына, Ресейдің Азия өңіріне әрі қарай ұмсына ене түсу жоспарын жүзеге асыруына қызмет етті.

1718 жылы Семей бекінісі құрылды. Осы жылдың күзінде оны подполковник П. Ступин қайта қаруландырып, қосымша нығайта түсті. Бұл бекініс Ертістің жоғарғы ағысының ілгерілеуіне және батыс Алтайға апарар кілт болды.

1720 жылы І Петрдің жарлығымен Зайсан көлін зерттеп-зерделеуге және «құмды алтынды» іздеуге экспедиция жіберіледі. Экспедиция жетекшісі лейб-гвардия майоры И.М. Лихарев болды. Қара Ертіске қарай жылжыған топ Қалдан-Церен бастаған жоңғарлар әскеріне жолығып қалады. Екі жақ та шығынға батады. Ақырында екі жақ та бір шешімге келуді ұйғарады.

Лихарев өз тобының бейбіт мақсаты туралы айтады. Қалдан-Церен мен орыстардың жетекшісі келіссөздің сәтті аяқталуына орай сыйлықтармен алмасады. Бастапқы кезде бекініс қарапайым фортификациялық құрылыс ретінде ғана пайда болады, оны толыққанды бекініс деп айту қиын еді, алайда әскери жағынан ол әжептәуір мықты болатын.

Бекініс бастионы мен қапталдары бар төртбұрышты болған. Жалпы бұл кей жерлерінде ғана тас кездесетін ағаштан жасалған құрылыс. XVIII ғасырдың 40-шы жылдары бекініс қайта қаруландырылды, ескі зеңбіректер жаңаларына ауыстырылды, сонымен қоса жалпы фортификациялық бөлігі нығайтылды. Бұл жаңартулар бекіністі Ертіс бойындағы әскери құрылыстардың ішіндегі үздіктерінің қатарына шығарды.

Сауда-саттық тек Ресеймен ғана емес, сонымен қатар Орта Азиямен және Батыс Қытаймен де қарқынды дами бастады. бекініс бұқарлық, қоқандық, ташкенттіктер сияқты түрлі халықтарды тартқан орталыққа айналды. Сібір губерниясының әкімшілігі Семей бекінісіндегі сауда-саттық арқылы басқа халықтармен арадағы қатынастарын жақсарта бастады. Орыс көпестері Жоңғариямен арадағы сауда байланысынан көп пайда көре бастады. 1748 жылы арнайы айырбас сарайлары тұрғызыла бастады.

Семей бекінісі үнемі бір ғана аумақта орналасқан жоқ. 1767 жылы ол өзінің алдыңғы тұрған жерінен 12 шақырым жоғары жылжытылған. Еділ қалмақтарының шабуылына байланысты бекіністің құрылысы тоқтап қалады, ал 1773 жылы Пугачев көтерілісі басталып кетеді. Тек 1776 жылы ғана бекіністі жаңа жоба бойынша салу мүмкіндігі пайда болады. Бұл миссияны жүзеге асыру үшін капитан И.Г. Андреев бастаған құрылысшылар жіберіледі.  

Семейде өндіріс оңала бастайды. ХІХ ғасырдың ортасында онда малшаруашылығы өнімдерін өңдеудің 13 кәсіпорны жұмыс істейді, қайта өңдеуші зауыттар көбейе түседі, олардың өздері үлкен табыс әкелетін болған. 1854 жылы император I Николай Семей облысын құру туралы жарлық шығарады. Осылайша, Семей облыстық қалаға айналады. Барон А.Е. Врангель біршама уақыт облыстық прокурор қызметін атқарған. Ол сол кездегі қаланың жағдайын сипаттайтын жазбалар қалдырған. Қалада тастан қаланған православиелік шіркеу, жеті мешіт, ірі айырбас сарайы, казармалар, госпиталь және мемлекеттік мекемелер болған.

Қалада төселген көше болмаса да, айналада лай аз болған. Күн қатты ыстық болғандықтан құм суды тез сіңіріп алатын. Ал, екінші жағынан алғанда жүруге қиындық туғызатын қызып тұрған құм тұрғындарды аса қуанта қоймаған. Қалада казактар тұрған, бірақ казармаларда емес, өздерінің жеке үйлерінде мекен етті. Казактардың слободасы Семейдің солтүстігінде орналасқан. Оңтүстік жағында Татарлар слободасы болған. Топырақ үйінділері қиратылып, орлар құммен тегістелгеннен кейін бекініс өмір сүруін тоқтатқан. Бірақ жергілікті тұрғындар әдет бойынша қаланы Семей бекінісі деп атауларын жалғастыра берген.

фото: silkadv.com