Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

О, Маралдым, Маралдым!

2124
О, Маралдым, Маралдым! - e-history.kz
Өткен аптада, яғни 2018 жылғы 5-6 тамыз күндері Павлодар облысына өңірдің Кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының шақыруымен барып келдік. Биылғы ақпараттық турымыз да қызықты және мағыналы болды

Әуелі облыс орталығында өткен "Ұлы Дала елі" этнофестивалін тамашаласақ, түстен кейін қаланы аралап, Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейін көруге мүмкіндік туды. Кешке "Лесная сказка" атты демалыс орнына жетсек, келесі күні "Ертіс орманы" резерватына барып, Шарбақты ауданы аумағындағы Ғабдул Уахит Хазірет кешеніне жетіп, атақты Маралды көліне суға да түсіп үлгердік!

Енді, сапарымыз туралы толығырақ баяндай кетсем.

Әуелі ат басын Павлодардағы «Ұлы Дала елі» этнофестиваліне бұрдық!
Шынын айтайын, шетелдіктерге біздің биік ғимараттар да жасанды қала өмірі де қызықты емес.

Туристер үшін нағыз ұлттық реңк беретін дүниелер керек. Оны айтасыз-ау, өзіміздің де қазақы дәстүрдегі шынайы шараларды күтетініміз де өтірік емес қой?!
Әйтпесе, Наурыздың сценарийін алайықшы, әкімдер қасындағы жандайшаптарымен бірге киіз үйге кіріп дәм татқанша оны ашпайды, келген жұрт екінші сорт сияқты, жәутеңдеп әркімнің қабағына қарап жүргені. Бір жағынан бастамашылық пен идея жоқ болса не істесін?

Ал, шын ниет етсе талай мәселені шешуге болар еді.

Мысалы, өзіміздің Байөлкемізге шетелдің талай туристі келіп жатыр, оларға қызықтысы нағыз көшпенді өмір-салты мен шынайы тұрмыс, жолға, ыңғайсыздыққа қарап жатқаны жоқ. Естуімше бір аптаға 30 мың долларларын төлеп Баянөлгейге жеткенше асық.

Біздің елімізде де бірнеше жылдар бері бір шара өтіп жүр, ол Павлодар облысындағы «Ұлы Дала елі» этнофестивалі. Бірден жүріп кеткен шаруа болушы ма еді, бірде көлік кептелісі болса, тағы бірде басқа да ұйымдастырушылық проблемалар туындайтын. Дегенмен, «көш жүре түзеледі» деп дана халқымыз айтпақшы, биылғы үшінші рет өткізіліп отырған шара расында жоғары деңгейде өтті.

Оған өзіміз де куә болып келдік. 

Біріншіден, этноауылда қойылған әр киіз үйлер қалашығы қазақтың Кереку өңірінің белгілі тұлғаларының есімімен аталыпты, мысалы Естай ауылы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Мұса Шорманов, Бұқар жырау ауылы дегендей.
Екіншіден, бұрынғы нағыз көшпелі өмірдің көрінісі, әсіресе баяғы Қоянды жәрмеңкесінің реконструкциясы сәтті шығыпты.

Үшіншіден, шашу шашудың да жаңа түрін көрдім, яғни аспаннан парашютшылар кәмпит шашты, шашау шығармауды білмейміз ғой, бірақ қызықты көрінді, әсіресе жас балалар мәз.

Төртінші, білуімше әкімдіктегілер негізінен ұйымдастыру мәселелерімен айналысқан да, қаражатқа қатысты сұрақтарды жергілікті кәсіпкерлер шешкен.
Бесінші, біреулер тиінге шөптен ескерткіш қойса, мұнда баяғы өзіміз түйетін тюктер орындықтыр рөлін атқарып тұр. Экологиялық таза әрі сол жердің шөбі шауып алыныпты.

Алтыншы, қырғыз және өзбек бауырларымыздың қойылымдары күшті болды, әрине көшпелі елдің ұрпағы ретінде қырғыз ағайындар ат үстіне ойнаса, өзағаларымыз арқан үстінде жүріп, сарнай-зұрнайларымен көпшілікті қызықтыра білді.

Жетінші, өз хас батырларымыз да соғыс өнерінің жетістіктерін көрсетіп, Голливудтың трюктарын жасайтын бауырларымыздың өнерлерін көріп, тәнті болдық.
Сегізінші, қолөнер бұйымдарының мол таңдауы болды, сауда қызып жатты, ұлттық туындыларымыз өз сатып алушыларын тауып жатты.
Тоғызыншы, ұлттық дастарханымыздың сирек кездесетін астары да қойылып көрсетілді, жалпы бұл сала да жаңғыруды талап етеді деп ойлаймын.
Оныншы, осы той болса, шоу болса шетелден қонақ шақыруға шебер едік, осы жолы тек өзіміздің әртістерді көрдік, ішінде «Жігіттер» тобын, Әлішер Кәрімовты, Ернар Айдары байқадым, әрине Сарыарқаның аспанында әуелеген Майра мен Естайдың, Иманжүсіптің әндерінің орны бөлек қой.
Он бірінші, қызықтауға келген жұрт әуе шарларына мініп жатты, бағасын білмедім, дегенмен бұл да бір жақсы ой екен. 

Қысқаша айтқандай осындай көріністерге куә болдық, бастысы бағыт дұрыс!

Түстен кейін Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейін көруге мүмкіндік туды. Әрине, әр музейдің өз ерекшелігі, қызықты заттары мен ұлы тұлғалардың ұсынған заттары болады. Бірақ, менің бір нәрсеге көзім түсті.

Ол қазақтың кәдімгі қайығы еді.

«Уайым түбі − тұңғиық, батасың да кетесің, тәуекел түбі − жел қайық, мінесің де өтесің» деп дана халқымыз өмірдің кейбір сәттерін айтқаны белгілігі. Бірақ, жалпы қайық туралы мағұлматымыз аз екені түсінікті. Сал қайық, жел қайық, үрмелі қайық, сүңгуір қайық сияқты атауларынан ақ қайықтың түрлері көп болғанын аңғаруға болады!
Мысалы, Сібір хандығын жаулап алу дәуірін алатын болсақ шығысқа жылжыған Ресей патшалығы әскерлері (мысалы Ермақ сарбаздары) өзен бойларымен жүзіп келіп, тұтқиылдан шабуыл жасап Сібір-Ібір жұртын жаулап алған. Әрине, көшпелі жұрт дала төсінде мекен етсе, балықшы жұрт өзен бойын жағалайды.

Дегенмен, Алтайдан Дунайға дейінгі аумақты еркін жайлаған ата-бабамыз өзендерден де кідіріссіз өте берген деп ойлаймын.

Біріншіден, ол туралы, мысалы Ілияс Есенберлиннің еңбегінде бар еді ғой.
Ал, екіншіден, біз жалпы көшпенді жұрт ұрпағы болғанымызбен отырықшы салтты, егін шаруашылығын да әуелден игерген халықпыз.
Әрине, мен үшін жерінде мыңдаған көлдері мен өзендері бар жұртың балық шаруашылығынан қалыс қалуы мүмкін еместігі түсінікті, бірақ Сарыарқадағы өзен-көл бойындағы ата-бабаларымыз қандай балық аулады, қалай аулады және қандай қайықтарды мінгені қызықты?!

1990 жылдары Қарағанды облысының Теңіз ауданы аумағында болған экспедиция кезінде «құс тұмсық» деп аталатын қазақы қайықты көргенім бар. Бәлкім бұл қайықтар қазір жоқ та шығар. Дегенмен, бұл қайықтың формасы құс тұмсығын еске түсіреді екен және жылдамдығы да күшті. Каноэні елестеттім. 
Жалпы, кейде қайық атауына байланысты "каяк" деген сөз бар екенін білемін. Тиісінше эскимос тіліндегі "каяк" сөзі "қай" сөзінен шыққан екен, яғни жабын деген мағына береді. Алтай тауларынан шыққан арғы аталарымыздың бір тобы Америка асып кеткені белгілі. Қалай десек те бұл сөз де бізге жат болмай тұр. Қайық туралы еске түскенде каякинг деген спорт түрі де барын ұмытпайық.

Бұл музейдегі қайық Теңізде көрген қайықтай екен, бір атауы «шайтан қайық» деп аталады дейді. Бәлкім жылдамдығын айтқан болар.

Каспий мен Аралдай ішкі теңіздері мен Марқакөл, Алакөл, Теңіз сияқты көлдері, Ертіс, Есіл, Сырдария, Іле, Еділ мен Жайық сияқты өзендері бар қазақтардың балық шаруашылығымен айналысқаны түсінікті, әрине шаруашылық жүргізу үшін қайықтың қажет болатыны бәсенеден белгілі.

Бір ойды бір ой қозғайды демекші, Қазтуған Сүйінішұлының:

Қайран менің Еділім, 

Мен салмадым, сен салдың,

Қайырлы болсын сіздерге

Менен қалған мынау Еділ жұрт!.. деуінің өзінің үлкен философиялық мәні бар. Өзге жұртқа өз жерін тастап бара жатса да қайырлы болсын дейтін біздің жұрт қана шығар.

Сол сияқты қайығымыз да каяк болып жүр ме екен деген ойға беріліп, әрі жол жүрдік?

Сөйтіп, Павлодар қаласының өзге де қызықты жерлерін аралап болған соң, Шарбақты ауданына жолға шықтық.

«Лесная сказка» атты демалыс орталығында қонып ертеңгі күні сапарымызды жалғастырдық.

Әуелгі тоқтаған жеріміз  қалың орман арасындағы Ғабдул Уахит Тіленшіұлының кесенесі болды.

Жалпы, Ғабдул Уахит Тіленшіұлы туралы кім дегенде оның Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шәкірттерінің бірі екенін естеріңізге саламын.

Ғабдул Уахит хазірет сонымен қатар ағартушы және емші болған. Хазірет қазіргі Павлодар облысының Шарбақты ауданы аумағында туған екен. Қазіргі күні оның туған жерінде кесене тұрғызылыпты. Уақытында Бұқарада 15 жыл білім алыпты, ілім-білім жолында көп ізденген. Кейін туған жеріне оралған соң мешіт-медресе тұрғызған.

Кесене аумағы қалың орман ішінде екен. Зиярат етіп келушілер үшін барлық жағдай жасалған, мысалы, ас-суы және жатын-орны дегендей.

1926 жылы тұрғызылған ағаш кесене бар екен. Дінсіздермен күрес заманында оны құлатпақшы болған кісілер (өз еркімен емес қой әрине) бірінің аузы қисайып кетсе, екіншісі жынданып кетіпті.

Ағаш кесенедегі ай бейнесіндегі төбесіне атылған оқтың іздері көрініп тұр.

Бәрі сол қалпында, ал қазіргі кесене кейін салынған екен.

Әрине, кесене құрылысына дүйім жұрт ат салысқаны белгілі, айтпақшы, кесенеге қол ұшып беріп, қаржылай көмек бергендердің бірі Кәрім Қажымқанұлы екен. Анасы Элеонора Кәрімқызы Ғабдул Уахит Тіленшіұлының туысқаны, рулары уақ. Қабырғада жазылып та тұр екен.

Ғабдул Уахит Тіленшіұлының өз кіндігінен тараған ұрпағы жоқ, аталас туысқандары хазіреттің халыққа істеген жақсылықтарын жыр қылып айтып отырды.

Ғабдул Уахит Тіленшіұлы хазірет кесенесі облыстың «Киелі жерлерінің» тізіміне де енгізілген.

Сонымен мұнда кесенемен танысқан соң келесі бағытымыз Павлодар облысындағы «Ертіс орманы» резерваты болды.

Енді, резерват туралы толығырақ айта кетейін.

Резерват облыстың қарағайлы ормандарында орналасқан. Ертіс өзенінің оң жағалауы, орналасқан жерлері Шарбақты және Аққулы аудандарның аумағы.
Резерват Ресейдің Алтай өлкесімен (жол бойында шекара аймағы деген белгіні көрдік, Құлындыға бағыт көрсетіліп тұр), өзіміздің Шығыс Қазақстан аумағымен де шекаралас.

«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты 2003 жылы Үкіметтің қаулысымен құрылған.

Резерват екі филиалдан тұрады. Біріншісі Шалдай (Шарбақты ауданы) және екіншісі Бесқарағай (Аққулы ауданы). Резерват аумағында табиғаттың кереметі – «Орман батыры» атты бірнеше адамның құшағы сыймайтын бірегей ботаникалық объект бар екен. Өкінішке орай барып үлгере алмадық. Дегенмен бұл ағаш туралы айта кетейін. Биіктігі 27-29 метр, қалыңдығы 118 см. Жасы белгісіз. Жапырағын жайып тұр деседі.

Оны да құдай қаласа бір көрерміз.

Резерват аумағындағы Шалдай филалы біздің сапарымыз аясында болған соң онымен толығырақ танысуға мүмкіндік туды. Баяғы заманда қазақтың байлары сан мыңдаған жылқысын осында кіргізеді екен. Дегенмен, қызыл мен ақтың күресі кезінде мыңғырған жылқы біткен талай байлар тентіреп кеткен ғой, әрине қызылдың «батыры» Шайтановқа қойылған ескерткіш те тұр. Сол Шайтановты «жергілікті басмашы байдың баласы», яғни дәулетті кісінің баласы атып өлтіріп, әкесінің кегін алған деседі.
Ол да бір заман ғой, бірақ расында тоғыз жолдың торабы болған соң колчакшылар да, ақтар да, басқалар да осы жерлерде жүрген, осы ормандар арқылы өткен. Тіпті, Колчактың қазынасы осында тығылған екен-мыс. Онша сене қоймадым.

Есесіне, мұнда құстың 200 түрі мен 40 шақты бауырымен жорғалаушылардың түрі кездеседі дегенге сенемін. Шынында жануалар да құстар да көп кездесті. Жолай бір ірі бұланды да қоянды да көрдік.
Айтқандай, мұнда Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген бүркіт, сұңқар, безгелдек, үкі сияқты құстар мекендейді. Соңғысының Қызыл кітапқа кіретінін білмейді екенмін, өйткені көп кісінің көлігінен көрдім. Үкі расында киелі құс қой.

Сонымен, резерват қызметкерлері жұмыстарымен таныстырды, жақын маңдағы ауыл жастары осында жұмыс істейді екен. 

Ал, резерваттың өзіне қатысты айтатын болсақ, мұнда қарағай, арасында қайың да бар, шырша да бар және басқа да ағаштарды баптап, резерват аумағына жерсіндіріп қана қоймай, тіпті біздің өңірге, яғни Астана іргесіне де отырғызуға жібереді екен. Бағасы қонымды, бір жылдық талы бар болғаны 7 теңге, ал Астанада Сіз оны қанша бағаға сатып алар едіңіз?

Бастысы резерваттың орманды қорғау, оның жануарлары мен құстарын қорғау, іргедегі халықтың тұрмысына жағдай жасау жұмыстары көңіл қуантты. Сондай-ақ, резерват аумағында емдік қасиеттері күшті ащы да тұщы көлдер (Мойылды сияқты) бар екен. 

Ал, резерват аумағындағы елді мекендерде гидранттар дайын тұр, өрт сөндіру базалары қандай да бір өрт жағдайында қатердің алдын алуға сақадай сай!
Қысқасы орман деген өзгеше бір әлем екен!

Сөйтіп, бұл күнгі сапарымызды атақты Маралды атты көл мен жерге арнадық.

Қазақтың біртуар ұлы Мұзафар Әлімбаевтың композитор Әсет Бейсеуовтың әніне жазылған «Маралдым» атты туындысын білмейтін Алаш жұртының баласы жоқ шығар.

Естеріңізде болса, былай деп басталатын еді ғой:

Қыз Қорлан қор қызындай тамсандырған

Естайға әлемде жоқ ән салдырған

Маралды! Маралды - төр! Маралды – көл

Самалдай ән еседі қарсы алдыңнан

О, Маралдым, Маралдым!

Сенің үшін жаралдым

Топырағыңнан нәр алдым

Көзіндейсің сен маған

Атам менен анамның

Туған ел, туған жерім - "Қызыл таңым"

Сапырған күн астында қызыл дәнін

Өссем де құшағыңда ажырамай

Көркіңе көрмегендей қызығамын

О, Маралдым, Маралдым!

Сенің үшін жаралдым

Топырағыңнан нәр алдым

Көзіндейсің сен маған

Атам менен анамның

Туған жер, өскен елім - "Қызыл таңым"

Сенікі ішкен суым, тұзым-дәмім

Даңқыңды, дәулетіңді шалқытады

Бақытын сенен тапқан қыз-ұлдарың

О, Маралдым, Маралдым!

Сенің үшін жаралдым

Топырағыңнан нәр алдым

Көзіндейсің сен маған

Атам менен анамның

Керемет шығарма, расында Естай мен Майра ақындық, әншілік мектебінің лебі сезілетін сияқты.

Туған жерге іңкәрлікті, ата-анаға сүйспешілікті, өмірге махаббатты сезіндіреді.
Әрине, Мұзафар Әлімбаевтың Павлодар өңірінің, оның ішінде Шарбақты ауданының Маралды ауылында туғанын көпшілігіміз білеміз. Дәл Маралды ауылы жанында Маралды атты көл де бар. Дала еркесі - маралдар да жайылып жүр. Иә, расында көрсең көз тоятын көрініс. 

Ал, Маралды көлі суының ерекше бір қасиеті адамдарға ем, дертке шипа.
Осында келіп ащы көл мен тұщы көлге тоқтап табиғаттың тамашасын біз де көрдік, суына малшындық, қолымыз шаршағанша жүздік.

Айтқандай облыс кәсіпкерлері дәл осы жерді жандандырып қойыпты. Екі пирсі бар, кіруге ақша төлегеніңіз болмаса жағажай тегін, душы тағы бар. Әріректе киіз үйлер құрылыпты. Жағалауына Ертіс өзенінің майда құмы төселген, балалардың ыңғайлығы үшін әткешектер де қойылыпты. Тамақ, кәуап пісіремін дегендерге арнайы орын да бөлінген. 250 адамдық шатыр тәріздес ас орны да бар. Келіп жатқан жандар қарасы көп көрінді. Өйткені біріншіден қаладан 50 шақырым ғана қашықтақта екен, екіншіден жолы жақсы, трассадан бұрылыс жолының жөндеуі биыл бітіпті.

Қысқаша айтқанда туған жерін әспеттеймін деген кәсіпкерлер Маралдыға 100 млн. теңге қаражат құйыпты, осы жылдың өзінде 75 мың турист келеді деп жатыр, лайым солай болсын дегім келеді.

Айтқандай, болашақта маралдың мүйізінің сұйығына шомылып, тағы ем-шара да алуға болады екен.

Міне, осындай игілікті істерді көріп, Маралдыға барып марқайып қайттық. 
«О Маралдым, Маралдым деп» ән салып қайттық!

 

Суреттеді түсірген Марал Ерғазина!

 

Автор – Амандық Әмірхамзин

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?