Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Астана – Қазақстанның жаңа келбеті

2695
Астана – Қазақстанның жаңа келбеті - e-history.kz
XX ғасырда Қазақстанның бірнеше қаласы елорда атанды. Олар – Орынбор, Ақмешіт (Қызылорда), Алматы, Ақмола (Астана). 1997 жылы еліміздің елордасы Алматыдан Ақмолаға көшірілді

Көшіруге мұрындық болып, бастама көтерген – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев.

ХХ ғасырдағы Қазақтанның елордасын көшіру тарихы

1920 жылы Қазақстанның алғашқы астанасы – қазіргі Ресей Федерациясы Орынбор облысының аумағындағы Орынбор қаласы. Сол кезде автономиялы Қазақстан астанасының уақытша Орынборда болары баршаға мәлім еді. Біріншіден, патшалық үкіметтің тұсында бұл қала Орынбор шекара желісінің ішкі бөлігінде орналасты. Ал қазақтар үшін бұл жақта жүріп-тұруы шектеулі болатын. Далалықтар тек арнайы төлем (билет) арқылы ғана бұл қалада уақытша тұрақтай алатын. Екіншіден, Орынбор Қазақстанның барлық өңірлерінен тым алшақта орналасқандықтан, салдары да сәйкесінше еді. Үшіншіден, автономиялы Қазақстанның шекарасы башқұрттардың жеріне өте жақын болуы да тілі, діні мен мәдениетінің тамыры бір халықтардың көршілес болуынан қауіптенген большевиктерге ұнай қоймады. Сондықтан да жуық арада астананың көшірілетіні, демек жаңа Қазақстан шекарасының өзгеретіні белгілі еді…  

Жаңа астана ретінде «үміткер» қала қатарында Семей, Ақтөбе, Орал, Алматы, Ақмешіт, Шымкент болды. Тіпті бір кездері қазақ билеушілерінің басқаруында болған және ежелден пайыздық жағынан қазақ тұрғындары басым болған Ташкент қаласы да қарастырылды. Ең қызығы, сол кезде елордаға үміткер-қалалардың арасында Ақмола да болған еді.

1925 жылы Қазақстанның астанасы Ақмешітке ауыстырылды. Ол Қазақ хандығының бұрынғы елордалары болған Сығанақ пен Түркістаннан тым алшақта емес еді. 1925 жылдың сәуірінде осында өткен Қазақстан Кеңестерінің V съезінде Қырғыз АКСР атауы Қазақ АКСР болып өзгертілді.  Алайда, кейінгі оқиғалар көрсеткендей, ыңғайлы көлік-қатынас жолдары болмағандықтан бұл қала елорда мәртебесіне соншалықты лайық болмады. Ақмешіт қаласының атауын Қызылорда деп өзгерткеннен де ештеңе өзгермеді.

Түрксіб құрылысының басталуы елорданы Алматыға көшірудің басты себебі болды. Бұл қала арқылы қолайлы көлік тораптары өтетін. Ол жерден Орталық Азияның басқа республикаларына да қатынауға мүмкіндік болатын. Бас қала заңды тұрғыда 1927 жылдың 3 сәуірінде көшірілді. Ал, іс жүзінде көшіру тек 1929 жылы ғана жүзеге асты. Осылайша, Алматы қаласы 1997 жылға дейін Қазақстанның елордасы болды.

Елорданы Алматыдан көшірудің басты себептері

Қазақстанның тәуелсіздігі жылдары елордасын Алматыдан Ақмолаға көшіру жөнінде мәселе туындады. Бұл идеяны көтерген – Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев. Елбасының осындай қадамының қажеттігіне күмәнданғандарды сендіруге тура келді. Расында да, республиканың орталығын жаңа орынға көшіруге дәйекті негіз, салмақты себептер болды.

Біріншіден, бұл кезде Алматының дамуы үшін аумақтық ресурс азайған еді. Қаланың ары қарай құлаш жазып дамуы шектеулі еді. Өйткені барлық жағынан дерлік таулармен қоршалған. Мегаполис 700 мың тұрғынға деп жобаланғанмен сол кезде оның тұрғындарының саны 1 миллионнан асып кеткен болатын. Оңтүстік мегаполисті сумен қамту, кәріздендіру жағынан елеулі қиындықтар туындады. Екіншіден, Алматының экологиялық ахуалы да нашарлай түсті. Әрі сейсмикалық қауіпті өңір саналатын. Қаланың желдетілуі нашар болды. Үшіншіден, республиканың оңтүстік бөлігінде халық тығыздығы жоғары, ал солтүстік, солтүстік-шығыс және орталық өңірлерде өте төмен еді. Жаппай ашаршылықтың, саяси қуғын-сүргіндердің, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жүз мыңдаған азаматтардың құрбан болуының кереғар салдары әлі де сақталған-ды. 90-шы  жылдардың алғашқы жартысында жергілікті емес тұрғындардың өз ұлттық республикаларына, этникалық мекендеріне – Ресейге, Украинаға, Германияға, Белоруссияға, Израильге, Польшаға және т.б. ағыла көшуі белең алды. Мұндай көштер колхоздар мен совхоздар (ұжымдық шаруашылықтар мен кеңестік шаруашылықтар) таратылған кезде қатты жүрілді. Төртіншіден, Алматы барлығын жұмыспен қамти алмады: жаңа кәсіпорындардың ашылуы электр қуатының жетіспеушілігіне, шикізат, су және т.б. жеткізудің қиындығына байланысты шектелді. Бесіншіден, елордасының солтүстікке ауыстырылуы геосаяси жағдайларға да байланысты болды. Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Еуразия жүрегінде» атты еңбегінде атап көрсеткендей: «Осы әрекетімен Қазақстан Солтүстікпен және Оңтүстікпен, Шығыспен және Батыспен тең құқықты ынтымақтастыққа ашықтығын паш етті». Бұған қоса, елдің орталығы республиканың барлық шекараларынан тең қашықтықта орналасуы тиіс еді. Алтыншыдан, елорданы көшіру қажеттігі елдің индустриалдық-инновациялық дамуы үшін алға қойылған міндеттерге де байланысты болды.

Жаңа елорда ретінде Ақмоланы таңдаудың басты себептері

Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарынан бастап белсенді түрде болашақтағы жаңа елорданы іздестіру басталды. Болашақ елорданың әртүрлі нұсқалары қарастырылды: Қарағанды, Ақтөбе, Жезқазған… Ақмола әлеуетті елорда ретінде халықаралық стандарттар бойынша қойылатын барлық 32 талапқа сай келді: әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, климат, ландшафт, сейсмикалық шарттар, қоршаған орта, инженерлік және транспорттық инфрақұрылым, құрылыс компаниясы, еңбек ресурстары, геосаяси аспектілер және т.б.  

Біріншіден, бас қала елдің географиялық дәл орталығында орналасты. Екіншіден, Ақмоланың көліктік қатынас жолдары ыңғайлы болды, яғни әуе жолы, теміржол мен автомобиль магистральдарының қиылысқан тұсында орналасты. Үшіншіден, қала төрт бағытқа қарай өсе алатын еді: географиялық жағдай кез келген бағытта ұлғая дамуға мүмкіндік  беретін. Төртіншіден, мұнда сейсмикалық қауіп жоқ. Бесіншіден, қаланың Есіл өзенінен жиналатын орасан зор су қоймасының болуы әсер етті. Алтыншыдан, жаңа елорданы таңдау геосаяси себептерден де туындады, демографиялық және елдің қауіпсіздігі сияқты мәселелер де шешімін бірден тапты. Орыс тілді тұрғындардың Ресейге көшіп кетуіне байланысты, өлкеде тұрғындар санының күрт азаю қаупін төндірді. Соңында, Ақмоланың таза әрі желдетілетін, жазық жерде орналасқан қала ретінде  экологиялық тұрғыдан да ұтымдылығы басым болды.

Елордасын Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданған кезеңде мұнда небары 280 мың ғана адам тұратын еді. 

Елордасын Алматыдан Ақмолаға көшіру

Тәуелсіз жаңа мемлекет Қазақстанда жүргізілген реформалардың сәттілігі елордасын көшіруге қатысты мәселенің шешілуіне байланысты еді. Жаңа Қазақстанды жаңа елордада қалыптастыру керек болды. 1993 жылдың соңында Қазақстан Президенті елордасын Алматыдан республиканың басқа бір қаласына көшіру қажеттігін алғаш рет жария етті. Бұл жаңа бастамаға мүлдем сенбеген күмәншілдер де аз болған жоқ. Көпшілік ызғыған жел мен қақаған аяздан қорықты.

Ресми деңгейде бұл бастама 1994 жылы 6 шілдеде Н.Ә. Назарбаевтың республиканың Жоғарғы Кеңесі сессиясында сөйлеген сөзінде айтылды. Депутаттар қолдап, шұғыл түрде елорданы көшірудің техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге нұсқау берген қаулыны қабылдады.

Бұдан кейінгі оқиға былайша өрбіді: 1995 жылдың 15 қыркүйегінде Мемлекет басшысы елорданы Ақмолаға көшіру туралы Жарлыққа қол қояды да, осы жылдың 28 қыркүйегінде үкімет Мемлекеттік мекемелерді көшіру жөніндегі комиссияны құрады. 1997 жылдың 20 қазанында тәуелсіз Қазақстанның өмірінде маңызды тарихи оқиға орын алды: Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің елордасы Ақмола болды. 

1997 жылғы 8 қарашада елордаға мемлекеттік биліктің ерекшелік белгілері – ту, елтаңба және Президент штандарты әкелінді. Парламенттің қос палатасының бірлескен мәжілісінде Н.Ә. Назарбаев: «Бүгін біз, Қазақстан Республикасының өкіметінің жоғарғы органдары 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Ақмола мемлекетіміздің астанасы болып табылады деп салтанатты түрде мәлімдейміз», – деп атап көрсетті.

1998 жылдың 6 мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. 1998 жылы ЮНЕСКО шешімімен Қазақстанның жаңа елордасына «Бейбітшілік қаласы» жоғары атағы мен медалі табысталды. Қазақстанның жаңа елордасы – Астананың халықаралық таныстырылымы 1998 жылдың 10 маусымында бірқатар шет мемлекеттердің басшыларының қатысуымен өтті.

Елорда құрылысына қаржы көздерін тарту

Жаңа 1998 жылды республикамыз жаңа елордамен қарсы алды. Бұл жаңа, орасан зор ауқымдағы және бұрын-соңды болмаған қысқа мерзімде іске асырылған мегажобаның бастамасы болды. Екі жылдан да аз уақыттың ішінде қолданыстағы әкімшілік ғимараттар реконструкцияланды. Көшірілген мемлекеттік қызметкерлер үшін жедел түрде жаңа үйлер тұрғызылып, 3200 пәтер пайдалануға берілді. Қалаға мемлекеттік аппараттың қызметкерлері, сәулетшілер, еліміздің күллі өңірлерінен экономиканың барлық сала мамандары көшіп келді.

Иә, Астана бірден дәл бүгінгідей бола қалған жоқ. Бұл Елбасының және жаңа мегаполистің құрылысына барын салған азаматтардың орасан зор, жанкешті еңбегінің арқасында жүзеге асты. Қаражат жағы тым тапшы еді. Тәуекелшіл қадамдарға бару керек болды. Мұны кешіктіруге болмайтын еді. Сондықтан да 1995 жылы «Жаңа астана» арнайы қоры құрылды. Ол жаңа елорданың бой көтеруін тұрғын үйлер мен үкіметтік ғимараттардың құрылысын қаржыландыруды қамтамасыз етуі тиіс болды. 1996 жылы мемлекет басшылығы қосымша қаржы көзін тарту мақсатында Арнайы экономикалық аймақ құрды. Жиналған қаржының басым бөлігі қаланың сол жағалауындағы құрылыстар үшін жұмсалды.

Бұдан басқа, ел басшылығы шетелдік инвесторлардан пайызсыз несиелер алды. 200 миллион долларға жуық өтеусіз инвестициялар тартылды. Жаңа елорданы тұрғызуға көмек қолын созған Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Катар және АҚШ сияқты мемлекеттер.

Біздің Президентіміздің абыройы мен беделінің арқасында шет мемлекеттер мен жеке фирмалар жаңа елорданың құрылысына қаржылай қолдау көрсетті. Елорданы оңтүстіктен солтүстікке көшірудің алғашқы жылдары туралы Президент Н.Ә. Назарбаев «Еуразия жүрегінде» кітабында: «Құрама Штаттарға сапар кезінде мұнай компанияларының өкілдерімен кездесуде «Қазақстан» спорт кешенін салуға кеткен 11 млн доллар қаражаттың недәуір бөлігін жинап алғаным есіме түседі. Егер гранттар мен өтемсіз инвестициялар есебінен салынған объектілерді жай ғана санамалап шықсақ, әжептәуір тізім болар еді. Мысалы, Президент Ақордасы Әбу-Даби даму қорының гранты есебінен салынды. Бұл – 72 миллиондай доллар. Парламент Сенатының ғимараты Сауд Арабиясының гранты есебінен бой көтеріп отыр. Бұл 12 миллиондай доллар. Ұлттық кітапхана «Аджип» және «Қарашығанақ Петролеум» инвестицияларының есебінен жасалуда. Бұл 11 миллионнан астам доллар. Оның үстіне «Аджип» Үкімет үйінің құрылысына 9 миллиондай доллар және «Оқжетпес» шипажайын реконструкциялауға 11 миллионнан астам доллар қаржы бөлді. Стадион құрылысын «Испат-Кармет» қаржыландырып отыр. Бұл 38 миллион доллар. «Нұр Астана» мешіті Катар мемлекетінің 15 миллион доллар гранты есебінен тұрғызылды. Астана қаласы әкімдігінің ғимаратына Кувейт қоры 10 миллион доллар грант бөлді. Құны 33 миллиондай доллар тұратын  «Астана-Тауэр» бизнес орталығын Түркияның ABS орталығы қаржыландырды. 5 миллион долларлық Кардиология орталығы Сауд Арабиясы корольдігінің гранты есебінен салынды. «Қазақмыс» 7 миллион доллар тұратын дипломатиялық қалашық құрылысын қаржыландырды», – деп жазды.

Көшелердің атауын өзгерту

Елордамыз Алматыдан Ақмолаға көшкен соң қала көшелерінің атауын өзгерту үдерісі басталды. Бұл қадам қоғамдық сананы коммунистік, отаршылдық көзқарастардан арылту мақсатында жасалды. Республика қалалары, соның ішінде жаңа елорда көшелерінің басым бөлігінің атауында коммунистік «бояу» менмұндалап тұратын немесе тіпті қалаға ешқандай қатысы болмаған коммунистердің атымен аталған еді. Бұл тәуелсіз Қазақстанның мүддесіне қайшы болды. Жер аудару, депортация, бірнеше ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін, Қазақстанды ядролық қару-жарақ сынағы полигонына айналдыру секілді баяғы коммунистік жүйе көпэтносты республиканың халқына қаншама қайғы-қасірет әкелгені белгілі... Осылайша,  тек 1997-1999 жылдар аралығында қаланың ондаған көшелерінің атауы өзгертілді: Катченко көшесі Манас көшесі болып өзгертілді, К. Маркс – Кенесары, Октябрьская – М. Әуезов, Комсомольская – Желтоқсан, Ленин – Абай, Орджоникидзе – Отырар, Буденный – Қорқыт, Куйбышев – Баянауыл,  Микоян – Сырдария,  Монин – Ақжайық,  Тельман – С. Торайғыров, Шмидт – М. Дулатов, Социалистическая – М.Х. Дулати, Крупская – Ш. Бөкеев, Кравцов – Л.Н. Гумилев,  Красноармейская – Т. Рысқұлов,  Первоймайская – Қарасай батыр, Авдеев – Ш. Уәлиханов, Литейная – Иманжүсіп және т.б.

Бүгінгі таңда әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарынан үмітті болып отырған біздің еліміздің өзіндік  ресурсы жетіп артылады. Ендігі қаржының елеулі бөлігі республикалық бюджеттен бөлінеді. Астананың қарыштап дамуы Қазақстанның басқа да қалаларындағы – Қарағанды, Алматы, Павлодар, Атырау, Шымкент және т.б. құрылыс саласының қарқындауына ықпал етті.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?