Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ақмоланы Астана деп таныған 5 тұлға

2338
Ақмоланы Астана деп таныған 5 тұлға - e-history.kz
Тарихи атаулары замана бедерінде сан ауысқан шағын қаланы кіндік шаһар көргісі келген тұлғалар баршылық. NDH порталы келешек астана тағдырын болжаған қайраткерлердің бестігін ұсынады

 

 

 

Адольф Янушкевич

Польша ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушы, поляк революционері Адольф Янушкевич 1843-1848 жылдары Қазақ даласында айдауда болды. Адольф 1843 жылы июньдегі алғашқы сапарынан бастап далаға қатты құмартады. Мұндай сапарларға ол жиі-жиі шығып тұрады. 1846 жылы шекаралық бастық генерал Вишневский басқарған экспедиция құрамына еніп, Омбыдан шығандап, қазақ даласына келеді.

Теріскейін күнгейге дейін жүріп өткен ол қазақ даласының кіндік жұрты қараөткел екенін қапысыз таныды. 1848 жылы 31 мамыр күні інісіне Аягөзден жолдаған хатында ол алдымен Аягөз шаһары туралы айта келіп, «Ақмола, мәселен, бүкіл қазақ даласының болашақ астанасы» деп тұжырым жасайды. «Осы даладаға ғана, шамасы, Солтүстік Америка Құрама Штаттарындағыдай құбылысты байқауға болар. Халқы тым көбейіп кеткен ескі Еуропаға бейтаныс бұл құбылыс – жаңа елді мекендердің тууы немесе жерді жарып шыға-шыға келетін саңырауқұлақтар тәрізді жыпырлап өсуі. Ақтау, Атбасар, Көкпекті, Құсмұрын – осының бәрі  менің көз алдымда туып-өскен мекендер» деп жазады А. Янушкевич.

 

Григорий Потанин

Әйгілі орыс саяхатшысы, этнограф, фольклорист және публицист Григорий Николаевич Потанин (1835-1920) – қазақ халқының үлкен досы. Ұлт тарихы мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан Потаниннің атасы Илия Абылай ханмен хат алысып тұрған ірі мал саудагері болатын. Ал әкесі Николай географияны, әскери тарих пен ішкі саясатты ерекше білетін сауатты адам болған. Ол Шыңғыс Уәлихановпен тамыр болса, Григорий мен Шоқанның достығы аңызға айналды.

«Қазақты аутономиа қылсақ, Қараөткел Алаштың ортасы, сонда  университет  салып,  қазақтың  ұлын,  қызын  оқытсақ, «Қозы-Көрпеш – Байанды» шығарған, Шоқан, Абай, Ақымет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін еуропа сонда білер- ау» дейтін Г. Потанинді Алаш арыстары қатты құрметтеген.

 

 

Әлихан Бөкейхан

Алаш арыстары ардақ тұтқан Г. Потаниннің Ақмоланың келешегі жайлы сұңғыла пікірін Алашорда лидері Әлихан Бөкейхан айтты деп адасып жүргендер көп. Анығында бұл сөзді Потанин айтты деп Ә. Бөкейхан өзінің «Григорий Николаевич Потанин» атты мақаласында жазып қалдырған болатын. Демек, Ақмола қаласының болашақ астана болатынын қуаттаған ой Ә. Бөкейханның көкірегінде де сайрап жатқан.

1920 жылдардағы республика астанасын Орынбордан қалың қазақ елі ішіне көшіруге қатысты қызу айтыс-тартыстарда Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш зиялыларының ой-пікірін кейін Смағұл Сәдуақасов, Ә.Байділдин секілді қайраткерлер «бұрынғы Ақмола  қаласын елордасы болса екен» деп ұсыныстар жасап, қолдаған.  

 

 

Оралхан Бөкей

Қазақтың классик жазушысы Оралхан Бөкей «Қазақ әдебиеті» газетіне 1992 жылы 17 шілдеде «Президенттің бір аптасы» эссесін жариялайды. Алматы-Ақмола-Мәскеу-Хелсинки-Алматы бағытында жүріп қайтқан жолсапар жазбасында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ел болашағы, қоғам тағдыры және Қазақстанның халықаралық беделі жайлы қызықты деректер береді. Ақмоланың киелі жерлеріне тәу ету, тағдырлы тұлғалары турасында ел басшысының білгімділігіне қайран қалған жазушы «Үлкен сапар Ақмоладан басталды. Көңіліме түйгенім: алдағы халықаралық үлкен кездесулерге барар жолында Президент аруақты жер Сарыарқаға арнайы бұрылып, ата­жұртқа тәу еткені, батырлар бас қосқан жерге табанын тигізіп, рухани қуат, медет алғаны еді» деп толғанады. Астарға толы, ишарасы мол танымдық материалдың соңы «Осы жеті күнде Президент Нұрсұлтан Назарбаев жер шарының жартысын аралап шықты деуге болады. Қай жерге барсақ та сол жерден Қазақстанның күн арқалап салынған қыран құсы бар көк туын көрдік. Құдай-ау, бізді де әлем тани бастаған, әлем мойындай бастаған, егеменді ел болдық-ау, ұзағынан сүйіндірсін деп тіледік» деп аяқталады.

1992 жылғы 18 қыркүйекте О. Бөкей басқаратын «Қазақ әдебиетінде» «Астананы Ақмолаға көшірсек» атты бас тақырыппен үлкен мақаланың жариялануы жазушының Ақмоланың астана болатынына сенген қапысыз көңілін білдіреді.

 

Нұрсұлтан Назарбаев

Астананы ауыстыру туралы мәселені Президент Н. Назарбаев 1992 жылдан бастап көтерді.  «1992 жылы, Қазақстанның президенттігіне бүкіл халық болып сайланғаннан кейін мен Ақмолаға келдім. Есіл­ден көл­денең тартылған ескі көпірдің ортасында тұрып, өзенге қарадым. Маған қаланың ортасында ағып жатқан өзен болса, қашанда сол ұнайтын. Өзен қалаға ерекше бір көрік береді, мәртебесін көтереді. Мысалы, бізде Жайықтың бо­йында Атырау, Сырдарияның бойында Қызылорда, Тобылдың бойында Қостанай, Ертістің бойында Семей мен Кереку орналасқан. Ал әлемде қаншама астаналар ылғи өзен жағасына салынған! Санкт-Петербург Невада, Мәскеу өзі аттас өзенде, Париж – Сенада, Лондон Темзада тұр. Оның үстіне Ақмола Қазақстан мен бүкіл Еуразияның орталығына орналасқан» деп жазады елбасы.

Елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру тәуелсіз мем­лекеттің алғашқы батыл стратегиялық шешімі болды. Президент идеясының негізінде 1994 жылғы 6 шілдеде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі және Министрлер Кабинеті ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы қаулылар қабылдады. Ал 1997 жылғы 20 қазанда ҚР Президенті Н. Назарбаев «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» жарлыққа қол қойды.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?