Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Кітапты «Иманжүсіп» деп атауға қорықты

1786
Кітапты «Иманжүсіп» деп атауға қорықты - e-history.kz
«Қазақстан тарихы» интернет порталы өмірі ат үстінде күреспен өткен тарихи тұлға Иманжүсіп Құтпанұлына қатысты қызықты деректерді ұсынуды жалғастырады

Сау басы сүргінге түскен батырдың ерлік жолы суреттелетін жазушы Зейтін Ақышевтің «Иманжүсіп» кітабының тағдырына қатысты сөз қозғаймыз.

Зейтін Ақышевты қазақ әдебиетінде өз тақырыбын адаспай тапқан санаулы қаламгердің бірі ретінде бағалауға тұрарлық. Оның қаламынан туған шығармалардың кесектігі сондай, атауының өзі оқырманды оқуға шақырып-ақ тұрады. Әділетсіздікке төзбейтін жанын шүберекке түйіп, қорлыққа қарсы тілі мен үнін құрал ғып шайқасып өткен тарихи адамдардың тұтастай өмірінің бүге-шігесі түгел жазылған туындылар қазақ қоғамының отаршылдыққа төзуінің шегіне жеткен кезеңінде жақсы оқылатыны сондықтан. Әр қазақ өз атасы мен бабасының жүріп өткен жолына үңіле отырып, болашақ буын сондай болып өссе, қалыптасса деген игі арманын сөзсіз іске асырып отырған.

Заманында дарынды ақын, аспандағы аққуға үн қосқан әнші, қобыз бен домбыра, сырнай мен сыбызғының тілін білген композитор Жаяу Мұсаның бүкіл өмірін арқау еткен «Жаяу Мұса» романын 1981 жылы жарыққа шығарған қаламгер көп суытпай шартты түрде ғана емес, болашақта да солай аталуға тиіс – «Иманжүсіп» атты жаңа шығармасын жазуға отырады.

«Иманжүсіпті» идеологтар ұзақ ұстады

ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ даласының, саяси-әлеуметтік, экономикалық ахуалын, қарапайым тіршілік еткен адамдардың тұрмыс-жайын кең полотнада көркем сипаттайтын шығарманың соңғы нүктесі 1982 жылдың қаңтар айында қойылып, «Жазушы» баспасына ақпан айында тапсырылады. Алайда аталған баспа кітапты 1983 жылы басып шығаруға жоспарға енгізген жерінен Баспасөз комитеті тоқтатып тастайды. «Иманжүсіптің» сергелдең тағдыры осылай басталады.

Баспасөз комитетінде отырған жауапты мамандар кітапты басып шығаруға қарсы келтірген уәждері

«– Иманжүсіп ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Арқа өңірінде атышулы баукеспе ұры болған;

– Ол ел тонаған. «Бір түнде сегіз қызды алып қашқан»;

– Ресей жерінен көшіп келген орыстарға күн көрсетпеген, оларды сабаған, малын айдап алған, үйлерін өртеген;

– Осында және бұлардан басқа да қылмыстары үшін патша заманында екі рет жер аударылған;

– Ауыл шаруашылығын коллективтендіру кезінде банда ұйымдастырып, колхозға қарсы соғыс ашқан;

– Осында қылмыстары үшін оны советтік право қорғау орындары атып өлтірген; т.т.» дегенге саяды.

Қуғындалған кітаптар тізіміне «Иманжүсіп» те қосылды

Алайда осы аталған тұжырымдардың бірде-бірі дұрыс еместігін білетін шығарма иесі ешқандай пікірмен келіспейді. Шығармадағы сюжеттік оқиғалар мен кейіпкерлер есімі, оқиға өтетін жерлер мен уақыттың барлығының да тарихи негізі бар деп есептейді. Сталиннің қаһарлы саясаты кетіп, орнына жылымық кезең келгенімен, репрессиядан көрген үрейдің ызғары толық жойылмаған еді. Әдебиетке бұрынғыдай көпе-көрінеу қиянат жасайтын, тарихи шындықты таптық көзқараспен өлшеп пішетін және осындай оспадар пікірін дұрыс деп санап, жалпы оқырманға таңатын идеологиялық бөлім басшыларының шектен тыс сақтығының кесірі «Иманжүсіпке» де тиді.

Белгілі жазушы Бекежан Тілегенов "Тұйық өмірдің құпиясы» атты роман-толғауында орталық партия комитеті басшыларының тарапынан қазақ рухын көтеруге тиіс, ұлт тарихын танытып, тұлғалардың көркем бейнесі сомдалған сәтті шығармаларды қуғындау процесі қалай жүргенін ашық жазады.  Социалистік көзқарас тұрғысынан, яғни таптық жіктелуді анық сипаттайтын ортанқол шығармаларды алға шығарып, есесіне халық игілігіне арналуға дайындалған керемет кітаптарды қуғынға ұшырату сол заман идеологтарының «сүйікті ісіне» айналғандай екен. «...Өнерге басшылық жасаған хатшылардың бірде-бірінің соңынан жақсы атақ ерген жоқ еді. Өз басым орндай басшылардың талайын көрдім. Ешқайсысы өнерді, әдебиетті жете түсінбеймін деп қысылып-қымтырылмайтын еді. Жалпы творчество атаулыға баға беруден именбейтін. Нені жазып, қалай жазуды, қандай спектакль қойып, фильм түсіруді бір өзім ғана білемін деп ойлайтын. Ондай бастықтардың өзінің талғамы, интеллектуалдық өресі жөніндегі пікірі де жоғары болушы еді. Білмейтінім бар-ау деп бір мезет болса да күмәнданбайтын, бәрін де білетін. Өнердің қай саласында болсын, менің пікірім соңғы пікір деп санайтын. Осындай өзі туралы асқақ пікір, белден басып өсиет айту, сөз жоқ, өнер мен әдебиеттің қай саласында болсын, зиянын тигізбей қоймады».

Әуезовтің «Қилы заманы», Есенберлиннің «Хан Кенесі», Есенжановтың «Ағайынды Жүнісовтері», Сүлейменовтің «Қыш кітабы», Мағауиннің «Алдаспан» жинағы, «Көкмұнары», Абдуллиннің шығармалары сауатсыз, можантопай басшылардың кесірінен уақытынан кеш шыққанымен қоймай, әбден күзеліп, құйрық-жалы қысқарып, жұқалау болып жарияланып жатты. Мұндай тағдырлы шығармалардың қатарында «Иманжүсіп» те бар еді.

Басшылар ұнатпағанымен, басқалар жылы пікір білдірген

Бір қызығы, Иманжүсіп тағдырын суреттей отырып, ХІХ және ХХ ғасыр басындағы қазақ өмірінің тұтас кезеңдерін көз алдымыздан өткізетін шығарманы партократ басшылар ұнатпағанымен, баспа тарапынан ұсынылған пікір білдірушілердің бәрі де жақсы баға берген. Бұл жөнінде жазушы Зейтін Ақышев «...Романның қолжазбасы төрт жыл сергелдеңге түсті. Бұрынғы екі рецензияның үстіне тағы да жабық төрт рецензия ұйымдастырылыпты. Олардың ешқайсысы қолжазбаны «жарамсыз екен» деген жоқ, тек ұнатқан пікірлер бiлдiріпті. Комитет басшылары бұларды да құлаққа ілмеді» деп жазады.

Орталық партия комитеті басшыларының  жекелеген жазушылар тағдырына ғана емес, оның ұзақ жылдар бойы ішкі әлемін тербеткен туындысының да жолын тосуға көп «еңбек сіңірген» секілді. Осындай салғырттық пен шектен тыс сақтық, өз ұлтының тарихынан бас тарту мен туған халқының тарихы мен мәдениетін орыс мәдениетінен кейін қою сипаты, қазақ жүрген жерінде іні қалпында қалуы ұлттық және тарихи санасы ерте оянған сауатты қаламгерлерге тиген ауыр соққы еді. Зейтін Ақышев бұл жағдайды бастан бір кісідей кешіріп жатқандықтан, Қазақстан КП Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысына өтініш жазуға мәжбүр болады. Жазбада хат иесі идеология басшысының бұған дейін Мемлекеттік қауіпсіздік жүйесiнде көп жыл басшылық жасағанын ескерте келіп, кітаптың бас кейіпкері Иманжүсіп Құтпанұлының советтік жүйеге қарсы әрекетін тексеремін десе қолында тұрғанын дәлелдермен жеткізіп береді. Осылайша бұл хаттың нәтижесінде көпке созбай, жазушыға кітапты шығаруға болады деген хабар келеді. Бұл аталған жағдайларға қарап, басшылық архивтегі Иманжүсіпке қатысты құжаттарды көтеріп, тексеріп, тұлға бойынан теріс мінездер туралы ештеңе таба алмағандығын айтуға болады.

«Иманжүсіп» қалайша «Шынардың шыбығына» айналды?

Баспасөз комитетінің басшысы кітапты басуға рұқсат бергенімен, «кітаптың аты өзгертілсін, сыртында «Иманжүсіп» аты болмасын» деп ауызша нұсқау берген. «Бұйрық қатты, жан тәтті», жоғарыдан түскен нұсқауды орындамауға батылы бармаған баспадағылар кітапқа «Шынардың шыбығы» деген солқылдақ, негізсіз әрі жараспайтын атау қояды. Бұл жағдай сіздің есіңізге нені түсіреді?

Естеріңізде болса, атақты жазушы Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» трилогиясының алғашқы кітабы ретінде «Хан Кене» романын жариялайды. Бұл тағдырлы кітаптың төресі. Себебі, советтік цензурадан тайсақтамай, тежеусіз күштер мен көзқарастарды талқандап жеңіп шыққан алғашқы тарихи роман. «Хан Кене» де жарыққа шығар-шықпастан «тағдыр тәлкегіне» түсті. Тарихымызға қатысты ұлттық көзқарасты қалыптастыруға негіз қалаған, сөйтіп тыңнан жол салған романның аты, амал нешік, «Қаһар» деп өзгертілді. Ұлттың өткен өмірін, шеккен азабын шынайы әрі көркем суреттеп жазғандардың алды итжеккеннен бір-ақ шығып, ауыз күйген кезге тап болса да, роман «Қаһар» атымен де оқырманға жол тартуы қуанышты жайт еді. Сөзсіз тарихи оқиға болды. Сол секілді Иманжүсіп тағдыры арқау болған «Шынардың шыбығы» әупірімдеп бір ажалдан аман қалды, 1987 жылы басылып шықты, жұрт қолына жетті, жабылып оқи бастады.

Есенберлиннің кітабына қатысты «Қаһар» дегені кімдікі екені түсініксіз. Ханның қаһары ма, әлде халықтың қаһары ма? Оған мән беріп жатқан басшылар болмады» дегендей, біз сөз етіп отырған шығармаға байланысты «Шынары не? Неліктен шыбық? Қайсар тұлғаның образын аша алатын лайықты сөз бе?» деген сауалдар көптің көкейінде қалды.

Мақаланы жазу барысында қажетті материалдар беріп қол ұшын созған философия докторы, профессор, ондаған кітаптардың авторы, cаналы ғұмырын батыр баба мұрасын жинастыруға, зерттеуге жұмсаған қажырлы қайраткер, қазіргі таңда Иманжүсіп Құтпанұлы музейінің шырақшысы Раушан Нұрханқызына зор алғысымызды білдіреміз.

 

Фотосуреттерді түсірген Артем ЧУРСИНОВ.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?