Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Барлыбек қайда жерленген?

1614
Барлыбек қайда жерленген? - e-history.kz
Соңғы жылдары Алаш қайраткерлерінің қайда жерленгені, зираттары туралы тың деректер табылып, ұлт тарихы жаңа мәліметтермен толықты

Осындай жаңалықтан хабары бар таныс-біліс азаматтардың көбі бізден «Барлыбек Сырттанұлы қайда жерленген екен?» деп сұрайды. Расында, өзекті сауал. Бұл сұрақ бізді де толғандырып жүрген-ді.                    

Барлыбек Сырттанұлын тану, зерттеу мәселесін қолға алған соң, оның жақын туыс-туғанын, ұрпақтарын іздестірдік. Барлыбектің қаны бір аталас туыстарының бір бөлігі Талдықорған қаласында тұрады. 2017 жылдың 4 наурызы күні Талдықорғанға ғылыми іс-сапармен арнайы барып, І.Жансүгіровтің әдеби музейінің қорындағы №1186 Барлыбек Сырттанұлының архивімен таныстық. Бұл құжаттарды 1967-1969 жылдары Барлыбектің үлкен ұлы, әке мұрасын жинақтап, сақтаған Кәке (Абдулқадыр) өткізген екен. Кәке Барлыбекұлы өткізген құжаттардың арасында әкесінің «Дәрілік өсімдіктер» медициналық еңбегінің қолжазбасы, 1911 жылы Әскери министр мен Қоныс аударушылар басқармасына жазған қазақ жері турасындағы өтініштері, Верный гимназиясында оқып жүргенінде пайдаланған географиялық атлас-картасы, жеке кітапханасының тізімі т.б. бар. Осы құжаттармен жеке-жеке танысып, көшірмесін жазып алған соң, Барлыбектің аталас туысы Сайлаубек Батырханов, Төкен Балтабеков және өлкетанушы, белгілі балалар жазушысы Жемісбек Толымбековтей ағаларыммен таныстым. 

Барлыбектің туған жері – Қарашоқы қыстауы

Ал, 2017 жылдың 7 шілдесінде Талдықорғаннан Б.Сырттанұлының жерленген жеріне бет алдық. Көліктің тізгінін Барлыбек Сырттанұлындай айбарлы азаматтың аталас туысы Сайлау Батырханов ұстап, жол қысқартар әңгіменің үлесі – өлкетанушы, белгілі балалар жазушысы Жемісбек Толымбеков, Төкен Балтабеков, Серікбек Найманханов және осы жолдардың авторына тиесілі болды. Жол бойы Жемісбек ағам Ақын Сараның тағдыры, Қапсалаңның өмір жолы, қос батырдың мазары сияқты бірқатар жайттарды айтып, өткен тарихтың күнпарағын ақтарды. «Елдос, анау тұрған Дөсет батырдың мазары. Мына жақ Алдай бақсының құт қонысы болған» деп төңіректі нұсқап, көкжиекке назар аудартты.                                                                

Бұл сапардың әуелгі мақсаты – бүгінгі Б. Сырттанов атындағы ауылдық округке барып, тыныс-тіршілігімен танысып, ата-баба бейітіне тағзым ету тұғын. Тарихи әңгімелерді айтып отырып, межелі жерімізге әп-сәтте  қалай жеткенімізді де сезбей қалдық. Ауылдың кіре-берісіне орнатылған тұғырдың (арка) тұсына тоқтап, естелік суретке түстік. Одан әрі Күйгентамға  (Күйгентам – Маман қажы балалары салдырған «Бай қажы ауылының» кейінгі аты. Өйткені бұл ауылдағы үйлер өртелгендіктен, елдімекен осылай аталып кеткен – Т.Е.) соғып, Ілияс сауатын ашқан «Қыли» мектебінің орнын көрдік. Күйгентамның арғы беті – Сүттіген. Бұл Сүттіген – Алаш оғланы Барлыбектің мәңгілік мекеніне айналған, өмірінің соңғы кезеңі өткен жер. Адуынды Сырттан батырдың ұрпақтары жерленген қорым – осында. Ата бейітке келіп, құран оқып, дұға еттік. Майсалы жасыл шөпке аунап, ырым қылдық.   

Сүттігендегі Ата бейіті

Барлыбектей аңсұңқардың кіндік қаны Арасан болысының Қарашоқы қыстағында тамғанымен, соңғы демі Бөлекбұрған өзенінің бойындағы Сүттігенде таусылыпты. Барлыбектің ата-бабасы Сүттігенге қалай қоныс аударғанын білу үшін өлке тарихынан мысал келтірейік: 1873 жылы Маманұлы Тұрысбек қажы Тәнекеұлы Қожабектің орнына Арасан болысына болыс болып сайланады. Болыстыққа дейін сауда-саттық ісімен айналысқан Тұрысбек  тау сағасындағы қатар түзеген қыстаулар малға өте жайлы болғанымен, күз және қыс бойы батыстан соғатын аңызақ суық жел мен омбы қар, қақаған аяз адам тіршілігіне аса жайлы тимей, боранды күндері ағайын-туыстармен қатынас жасау қиынға түсетінін біліп, Арасанның орналасқан жерін, табиғатын ескере келе, етек жаққа қоныс аудару үшін жаңа қоныс іздеген. Малға да, жанға да қолайлы деп Ақсу мен Тасбекеттің арасындағы кең алқапқа көшеді. Бұл жерді Ақшора шапа руынан сатып алып, Қыдыралы, Құлшан руын жаңа қонысқа көшіреді. Міне, осыдан кейін Тұрысбек болыстың пәрменімен Сырттан батыр да қоныс аударған. Құлшан әулеті Сүттіген жеріне, ал Қыдыралы балалары Ежен жотасына орналасқан.Ежен жотасы тоғыз жолдың торабы болғандықтан, оның үстіне Құлжа, Үрімжіге баратын керуен жолы осы маңды басып өтетіндіктен, Тұрысбек осы жерге керуен сарай салдырып, базар ашады. Уақыт өте келе бұл жерге біркелкі көк үйлер түсіп, көшелер түзіледі. Жұрт бұл жерді – Қарағаш қаласы деп атаған еді. Қалада мешіт, медресе салынады. Барлыбек Сырттанұлының тікелей ақыл-кеңесімен 1899 жылы  қадым мектебі ашылады. Араға бірнеше жыл салып бұл қадым мектебі жаңа стильдегі білім беретін «Мамания» мектебіне айналған. Бұл – Жетісу өңіріндегі білімнің алғаш жанған шамшырағы болатын.  

1917 жылғы революция, аласапыран заманда Сүттігеннен жұрт ауып, ата бейіті қараусыз қалған. Ал, дәулетімен жұртына қызмет еткен Маман қажының ұрпақтары советтік солақай саясаттың кесірінен «бай-кулак» атанып, дүние-мүлкі тәркіленіп, өздері итжеккенге айдалады. Ақ пен қызылдың тайталасында әлемдік мәдениет пен өркениеттің ошағы болған қайран Қарағаш қаласы өртеніп кетеді.

Қарашоқы қыстауындағы Сырттан балбұлағы

PS: Бөлекбұрған өзенінің бойындағы Құлшан руының бейітіне біршама кісі жерленген екен. Оны әр жерде төмпешік боп үйілген обалардан байқауға болады. Өкінішке қарай, қорымдағы кісілердің есімдері жазылған құлпытастар да сақталмаған. Бәлкім, совет заманында салынған совхоз, ферманың құрылысына алыну да ғажап емес.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?