Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Арабия қаһармандары: Н. Хакимов және Н. Төреқұлов

2021
Арабия қаһармандары: Н. Хакимов және Н. Төреқұлов - e-history.kz
ССРО-да 30-ншы жылдары сталиндік тәртіп үстемдік етіп, социализм мен коммунизм қанат жайып, пәрменді атеизм күшейе бастаған кез еді

Пролетарлық Совет Одағын мен монархиялық теократиялық Арабия арасында идеологиялық қайшылықтар көп еді.Тамаша дипломаттардың қажырлы еңбегі мен тума таланттарының арқасында араб монархтарының көңілдерін өздеріне аударып, экономика саласында ірі келісім жасап, Кеңес Одағымен арадағы саяси қарым-қатынастар реттелді

ССРО Сауд Арабиясын мойындаған алғашқы мемлекет болды. Бұл 1926 жылы уәкілетті өкіл Кәрім Хакимовтың арқасында жүзеге асты. Одан соң Сауд Аравиясындағы дипломатиялық миссияны қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұлов жалғастырды.

Кәрім Хакимов дипломаттық жолын 1924 жылы Йеменнен бастаған. Бастапқыда оның міндеті Хиджаз Корольдігімен халықаралық қатынастар орнату болған. Алайда, Абдул-Әзіз әл-Сауд билігін түгелдей дерлік Арабия түбегіне жая бастады. 1926 жылғы қаңтарда ол Недж бен Хиджаздың билеушісіне айналды. Жаңа корольдің сенімін жаулап алу үшін Хакимов бар шеберлігін, күш-жігерін салды. Мақсатына қолы жетті. 1938 жылдың қаңтарында Кәрім Хакимов Мәскеуде репрессияға ұшырады.

«АЛЖИР» музейінде ресейлік режиссер Радик Кудояровтың Совет Одағының Сауд Арабиясындағы тұңғыш уәкілетті өкіліне арналған «Карим Хакимов. Русский Лоуренс Аравийский» атты деректі фильмінің көрсетілімі өтті. Хакимовтың жұбайы Хадиша «АЛЖИР» лагерінде жазасын өтеген. Олардың жалғыз қызы Флораны балалар үйінен Кәрім Хакимовтың ағасы жасырын алып кетеді. Кудояровтың фильмінде Хакимовтың ағасының «халық жауының» қызын алып шығу үшін дәрігерге пара беріп, баланы алып шығу үшін оны өлді деген әдейі аңыз ойлап тапқандары туралы эпизод көрсетіледі. Кейіннен Флора өсіп, тамаша білім алып, Қазан театрының әртісі болады.

Нәзір Төреқұлов – 1928-1935 жылдар аралығында Кәрім Хакимовтың ісін жалғаған дипломат. «АЛЖИР» музейіне келгендер Төреқұловтың партия мүшесі ретіндегі тіркеу бланкін және жеке парақшасын – ол туралы өмірбаян үзіндісін көре алды. Ол тек дипломат қана емес, сонымен қоса, публицист те болған. Төреқұлов «Ақ жол» газетінің шығаруға белсенді атсалысқан. Ол француз, қазақ, араб, қырғыз, өзбек және т.б. тілдерді жетік білген. 1937 жылы Төреқұлов Мәскеуге шақырылып, Шығыс халықтарының тілі мен жазуы институтында жұмыс істейді.  

1937 жылдың шілдесінде Төреқұлов тұтқындалып, күзде атылған. Жұбайы – Нина Александровна «халық жауының» әйелі ретінде 5 жылға сотталып, «АЛЖИР» лагеріне жіберіледі, одан кейінгі өмірі белгісіз. Олардың жалғыз қызы Әнел инженер болып қызмет етіп, лайықты өмір сүрген. Әнел Төреқұлова Мәскеуде тұрған. Еуропада ауыр жүк көтеретін кранға Әнелдің аты берілген. Ол 2003 жылы қайтыс болып, әкесінің туған жері Түркістанда жерленді.

1958 жылы Нәзір Төреқұлов ақталды. КСРО мен САК арасында дипломатиялық қатынастар орнату сол кезеңнің жауапты миссиясы еді. Оның үстіне КСРО-да 30-шы жылдары сталиндік тәртіп үстемдік етіп, социализм мен коммунизм қанат жайып, пәрменді атеизмнің күшейе бастауы жағдайды қиындата түсті.  

Пролетарлық Совет Одағын мен монархиялық теократиялық Арабия арасында идеологиялық қайшылықтар көп еді. Тамаша дипломаттардың қажырлы еңбегі мен тума таланттарының арқасында араб монархтарының көңілдерін өздеріне аударып, экономика саласында ірі келісім жасап, Кеңес Одағымен арадағы саяси қарым-қатынастар реттелді. Алайда, Кәрім Хакимов пен Нәзір Төреқұлов жазықсыз жазаланғаннан кейін Сауд Арабиясымен арадағы қарым-қатынас 1938 жылдан бастап 1990 жылға шейін тоқтап қалды.

Радик Кудояровтың фильмінде Кәрім Хакимовтың өмірбаяны ашылып, оның Сауд Арабиясындағы күрделі қызметі көрсетіледі. Радик Кудояровтың деректі фильмдері Ресейдің жетекші телеарналарында көрсетіледі. Кудояров тек қана ресейлік мұрағаттармен ғана жұмыс істеп қоймайды, ол сонымен қатар, фактілерді шетелдік мұрағаттардың деректерімен салыстырады.

Мысалы, Кәрім Хакимов 1892 жылы туған деп саналады, алайда Кудояров оның метіркелік кітапта 1890 жылы туғандығы туралы жазылғанын анықтаған. Сонымен қоса, көптеген тарихшылар Хакимовты қарапайым шаруа отбасында өмірге келген деп айтады. Бірақ, фильм режиссері Кәрім Хакимовтың, шын мәнінде, бай отбасынан шыққандығын дәлелдейтін материалдарды тапқан. Оның ата-анасының ұлдарын медреседе оқытуға жағдайлары болған.

Радик Кудояров Хадиша Хакимованың тағдыры туралы кездейсоқ білгені туралы айтып берді. Ол «АЛЖИР» лагерінде жазасын өтеген.

– «Лагерден қайтып келген кезінде, оның шошып қалғаны соншалық, тіпті, есіктің қоңырауы шылдырласа болды, ол кереуеттің астына кіріп алып, күні бойы соның астында жата бере алатын. Флора жұмысқа кеткенде де, ол кереуеттің астына кіріп алып, қызы жұмыстан қайтқанда бір-ақ шығатын».

Фильмнің көрсетілімінен кейін фильм режиссері өз сезімдері туралы әңгімелеп берді:  

– «Кейде тарихты бір позициядан бастап, жұмыс барысында ол 180 градусқа бұрылыс кететін жағдайлар жиі болып тұрады. Таңғаларлық, бірақ солай да болады. Кейде бәрі бір құжаттан басталады, қарасаң бәрі солай болған сияқты, мөрлері де тұр. Бірақ, түпнегізді іздей бастасаң, олардың кейде дұрыс еместігін және біржақты екендігін түсінесің».

Фильм шыққаннан кейін Радик Кудояров фильмнің тағдыры туралы: «Фильмді Оксфордта және әлемнің басқа да жетекші университеттерінде көрсетті. Бұл фильм британдық кітапхана каталогында. Бірақ, өкінішке орай, оны Ресейде көрсеткілері келмеді» деді.

Радик Кудояров болашақтағы жоспарларымен де бөлісті. Ол Қазақстнның жаңа тарихы бойынша фильм түсіруді жоспарлайтынын айтты. «Аздаған құпияммен бөлісейін. Мен Қазақстанның жаңа тарихымен айналысамын. Қазақстанда не болғаны және қазір не болып жатқаны маған өте қызық. Жақында менің Қазақстан тарихымен байланысты жұмысымды тамашалаймыз деп ойлаймын». Іс-шара аяқталған соң фильм режиссеріне, Ресей Федерациясы елшілігінің өкілдеріне алғыс грамоталары мен сыйлықтар тарту етілді.  

 

Фото- және видео-оператор: Артем ЧУРСИНОВ

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?