Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Орыс отрядтары Саржан Қасымұлын ұстай алмады

3490
Орыс отрядтары Саржан Қасымұлын ұстай алмады - e-history.kz
7 Мамырда Қазақстан Отан қорғаушылар күнін тойлайды

Ежелден халқының құқығы үшін, қарыс сүйем жері үшін күресіп, дәстүрлі қазақ мәдениетінің қорғаны болған қазақ халқы үшін бұл мерекенің маңызы зор. ХІХ ғасырда Қазақстан Ресей империясы құрамына енгеннен кейін жергілікті халықтың құқығына шек қойып, қысымшылық басталды, отарлаушылар елдің ең шұрайлы жерлерін тартып ала бастады.

Ол жерлерде казактардың бекіністері мен редуттары салынды. ХІХ ғасырдың соңғы ширегіне қарай Сібір казак әскеріне 5 миллион десятина жер тиесілі болған. Отарлау шекаралас аймақта ғана тарап қоймай, ол енді ел ішіне де тереңдеп ене бастады – ол жақтарға шаруалар жаппай қоныстандырылды. Қазақ халқын қанау ұлт-азаттық қозғалыстардың өсуіне әкелді. Мұндай жәбірді ұлы Абылай ханның ұрпақтары кешіре алмады.

Қасым сұлтан мен оның балалары Саржан, Есенгелді, Наурызбай мен Кенесары мықты ұлт-азаттық қозғалыстың бастамашылары болды. Олардың идеялары халыққа рух беріп, халықтың үлкен қолдауына ие болды. Қазақтардың  жалған бодандығын шындыққа айналдырған 1822 жылғы «Сібір қырғыздары туралы Жарғы» Қасым әулетінің қозғалысқа шығуына себепші болды.

Жарғының мақсаты – «округтер бекітіп, құрамында приказы бар бекіністер жасау». Мұндай озбырлыққа Қасым сұлтан шыдамай қарсы шығып, ру топтарының қолдауымен өз басына патша әкімшілігінің билік жүргізуін мойындамады.

Ол Абылай ханнан мұраға қалған өз жерінде округтік приказдар мен әскери бекіністер салынуына қарсы болды. Бастапқыда ол Батыс Сібір генерал-губернаторы Капцевичке хат жазып, мәселені бейбіт жолмен шешуге тырысады.

Өз хатында генерал-губернаторға мынадай сұрақтарды қояды:

1) Сіздер неге біздің халыққа қысымшылық жасап отырсыздар?

2) Неге біздің жерімізде құрылыстар салынып жатыр?

3) Суымызға неге ау құрылған?

4) Орыстар иемденіп отырған көлдерден қазақтарға тұз алуға неге тыйым салады?  

Хат елеусіз қалады. Бұдан соң Қасым Көкшетау округтық приказын жабуды өтініп Орынбор әскери губернаторына хат жолдайды. «Округ басқармасының құрамында жоқ, ешбір сый-құрметке лайықсыз адам ретінде Қасым сұлтан Абылайхановтың өтініші еш қозғалыссыз қалдырылсын» деген өктем жауап келеді.

Осылайша, сұлтанға мәселені бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік бермейді. Қасым сұлтан ұлдарымен оңтүстікке, Сарықопа және Бесқопа деген мекенге, Торғай өзенінің төменгі жағына көшіп кетіп, сол жерде қазақ күштерін отаршыларға қарсы күреске жұмылдырады. Саржан Қасымұлы Қарқаралы уезінің Қарпық болысын басқарған. Ол стихиялық көтерілісті бастап, Қарқаралы мен Көкшетауда округтық приказдар бекітуге тайынбай қарсы шығады.

1824 жылдан бастап 1836 жылға дейін Қазақстан аумағындағы әскери бекіністерді жоюды және патша әскерін әкетуді талап етіп, қажымас күрес жүргізеді. Қасымовтар әулеті тек жер мәселесін ғана басшылыққа алған жоқ, олар сонымен қатар, хан билігінің қайтарылуы үшін де күресті. Абылай ханның тікелей мұрагерлері болғандықтан, олар хан тағының үміткерлері еді.

1825 жылы Саржанға қарсы Сібір әкімшілігі екі рет отряд ұйымдастырып аттандырады. 1825 жылы И.С. Карпачев бастаған отряд Саржанның ауылын шабуылдап, тас-талқанын шығарады, мал-мүлкін айдап әкетіп, 64 адамды өлтіреді. Басқалары әзер қашып құтылады.

Саржанды қолға түсіру үшін 1825 жылдың 22 қыркүйегінде Қарқаралы приказынан жүзбасы Карбышев бастаған мұздай қаруланған экспедиция шығады. Өзіне қарсы жасалып жатқан әрекеттер туралы хабар білген саржан сахараның ішкі жағына қарай көшіп кетеді. Бұл кезде Көкшетау приказынан 60 казактан құралған басқа отряд шығарылады. Ол көтерілісшілердің назарын өзіне аударуы және Карбышевты қолдауы керек еді.  

Іс-қимылды бастау үшін Карбышев өзінің мақсаты сұлтан Батыр Бөкеевтің барымта кезінде айдалып кеткен 300 жылқысын қайтару болатын деген өтірік сылтауды қолданды. Қасым сұлтан баласының бастапқыда қақтығысты болдырмауға тырысқаны туралы жазады: «Саржан батыр патшаны құрметтегендіктен, бірінші күні сол жылқыларды жинап алып қайтарды, бұдан соң аталмыш отряд түнде аяқ астынан Саржанның бейқам ұйқыда жатқан ауылдарына шабуыл жасап, тонады, бірақ Саржан сұлтан бұл жерде де ешқандай қару қолданған жоқ, яғни садақпен атып, қылышпен кескілеген жоқ».

1825 жылғы 4 қазанда Карбышевқа Саржанның атынан келіссөз жүргізіп, сібір казактарының қазақ даласына келуінің нағыз себебін білу мақсатында төлеңгіт Жоламан Сонамырұлы мен молда Құдайқұл Айданазаров келеді. Бірақ елшілердің қаруларын тартып алып, өздерін арбаға байлап қояды. Қазақтар оқ атады, казактар ірі бытырамен және зеңбірекпен атып жауап береді. Бірнеше қазақ оққа ұшады.

Казактардың отряды Саржан мен оның ауылдарының ізіне түсіп, 7 қазанда Соналы өзеніне жетеді. Келесі күні олардың мақсаттарын білуге отрядқа Кенесары келеді, бірақ казактар онымен төбелес бастайды.  Сұлтан жараланады.

Бұл қақтығыс көтерілісшілер мен жазалаушылар арасында жаңа күресті тудырады. Саржанның 150-ге жуық жақтасы қаза болады, көптеген адамы жараланады, 40 әйел тұтқынға түседі, бүкіл дүние-мүлкі тоналады.

Осы отряд қазақ даласында болған кезде казактар мен көтерілісшілер арасында үш шайқас болады: біріншісі – Шошакөл көлінің жанында, екіншісі – Соналы өзенінің жанында және соңғысы – Адыр шатқалында.

Адыр шатқалындағы екі сағатқа созылған шайқаста 50 қазақ қаза табады, алдыңғы шайқастан да көп адам жараланады. Казактардан 1 адам қаза тауып, 2 адам жараланады. Малын тартып алып, Қарқаралыға оралады. Саржан сахарада тығылып үлгереді.

1826 жылғы 31 қаңтарда Капцевичтің жеке өкімімен Карпыков болысына жіберілген 200 адамнан тұратын казактардың отрядымен Саржан арасында тағы да қақтығыс болады. Қазақ сұлтаны жеңіліп, Троицк жанындағы Кедел-Қыпшақ болысында тығылуға мәжбүр болады. 1826 жылы «1000 адамға жуық топпен Қарқаралы приказына кенеттен басып кіріп», «соңына тұтастай ауылдарды ертіп, тура приказдың өзіне дейін жетеді».

Бұғалы тауының маңайында 8 шілдеде кезекті қақтығыс орын алады. Казактар көтерілісшілерді аямай басып-жаншады. Бүліншілік пен қудалаудан аман қалу үшін Балқаш көлі мен Шу өзенінің ар жағына Ұлы жүз аумағына қарай ығысады. Бірақ, бұл әрекеттері оларды қайғы-қасіреттен құтқара алмады.

Саржан Қасымұлы жалғыз өзі мықты қарсыласын жеңе алмайтынын түсініп, Ташкент құсбегісіне, Қоқан ханының наменгеріне бағытталып, ортаазиялық билеушілермен одақ іздей бастайды. 1832 жылғы 1 наурызда Саржан  Ресейдің боданы болған Қарқаралы округінің ауылдарына шабуыл жасап, олардың 1600 жылқысын және басқа мүліктерін тартып алады.

Сібір әкімшілігі округті Саржан мен Қоқан билеушісінің шабуылынан қорғау үшін Қарағаш шатқалында жаңа казак отрядын құру туралы шешім қабылдайды. Отрядты подполковник Лукин басқарады. Сонымен қатар, Саржанды қолға түсіру миссиясы есаул Симановтың біріктірілген күштеріне жүктелді. Алайда Саржан құтылып кетеді.

Саржанды қуалаған Симанов сұлтанға қолдау көрсеткен ауылдарды талқандап, 330 жылқы, 278 түйе тартып алып, Қарағашқа қайтып оралады. Саржан партизандық тактикаға көшеді. Ол бекеттер мен посттарға, шекара шебіне шабуылдар жасап, Шу өзенінің арғы бетінде, Ташкент маңында бой тасалады. 1834 жылдың мамырында Саржан сұлтанның қостауымен Ташкент хакімі Лашкар құсбегі 6 мың адамнан тұратын жасағымен Ұлытау жеріне келіп қоныстанып, сол жерден Көкшетау сыртқы округінің сұлтандарына, билері мен старшындарына Ресейге қарсы күреске көтерілуге үндеу тастайды.

Оған қарсы корпустың штаб бастығы генерал-майор Броневскийдің басшылығымен 850 казактан тұратын отряд жіберіледі. Бұл туралы естіген құсбегі Шу өзенінен әрі шегінеді. Құсбегі қашқан соң Саржан Ұлы жүздің жеріне көшеді.

Ол Ұлы жүз қазақтарының басын қосып, оларды күреске бастамақ болады. Саржан сұлтан Қоқан хандығына бағынышты руларды өз жағына тартуға тырысады. Бұл, әрине, Ташкент құсбегісіне ұнамайды.

Ол Ұлы жүзді толықтай өзіне бағынышты еткісі келетін, сондықтан Саржан Қасымұлының іс-қимылдары оның наразылығын туғызады. 1836 жылы құсбегі Саржан сұлтанды сатқын деп жариялап, оны інісі Есенгелдімен, ұлымен және жиенімен бірге асқан зұлымдықпен өлтіреді.

Абылай ханның ұрпақтары ұлт-азаттық күреске белсене қатысты. Екі жақтың күштері тең болмаса да, олар қазақ қоғамындағы дәстүрлі тұрмыс-салтты сақтау және әділетсіз тартып алынған жерлерді қайтару жолындағы өздерінің талпыныстарын жалғастыра берді.

Саржан Қасымұлы империя отарлаушыларына қарсы күресін 1824 жылы бастап, 12 жылдан соң опасыз сатқынның қолынан қаза тапты. Саржанның қажымас күресі халықты қазақ ұлт-азаттық қозғалысындағы одан арғы ерліктерге рухтандырды. Саржан Қасымұлы бастап кеткен күресті 1837 жылы туған інісі Кенесары Қасымұлы жалғастырды.  

 

Мақаланы әзірлеген кезде «Сібір казачествосы және XVIII-XIX ғасырлардағы дала өлкесіндегі қазақтар» кітабының (авторлар Әбдіров М.Ж., Аубакирова Х.А., Бижігітова К.С., Кәженова Г.Т.) материалдары қолданылды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?