Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Маңғыстау сапары: Шерқала мен Отпантау арасы...

3573
Маңғыстау сапары: Шерқала мен Отпантау арасы... - e-history.kz
Оғланды тауындағы Пір Бекеттен рухани тазарып, жолға дайындалдық. Алдағы сапарымыз Маңғыстау ауданында жалғаспақ...

Маңғаз Маңғыстаудың түбегі мен Үстірт жазығының қақ ортасында орналасқан сайын даланы қимай, ғаламат тау шоқыларын, ойпатты жер бедерлерін, шөл даланың пейзаждарын көзімізбен шолып отырып, мұнайшылар ауылы атанған Жетібайға жеттік.

Біз әлі көрмеген Каспийдің жартасты жағалаулары мен Бозащы түбегінің сайын далалары бар. Оның да өзіндік керемет сырлары мен шежірелі тарихы жетіп артылады. Жалпысы Маңғыстаудың әр шоқысы, әр тауы, әрбір тасының сырын бір апталық экспедицияда тани алмайтынымыз анық. Оған бір жылдық сапарда аздық етуі мүмкін. Өйткені киелі Маңғыстау түбегінде «жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен» деген тәмсіл бар. Бұлардың барлығы жайында көптеген аңыз әңгімелер сақталды.

Тарихи жазба деректерінде Маңғыстау жері бағзыдағы аландарға, печенегтерге, оғыздарға, орта ғасырдағы қыпшақтар мен түріктерге, олардың кейінгі ұрпақтары түркпендерге, ноғайларға қалмақтарға және қазақтарға пана болғандығын дәлелдейді. Бұл халықтардың әрбірі осы оймақтың тарихында өз іздерін қалдырған.

Сапарымыз жалғасқан Маңғыстау ауданының кереметтеріне жататын Шерқала, Айрақты таулары, Ақмыш сайлары сол аңыздардың куәсі, жоғарыда біз айтқан жеті жұрттың ордасы болған тарихи жерлер. Ол жерлерді де «National Digital History» порталы оқырман назарына ұсынып, жеткізуді басты міндет деп ойлайды.

Гөзлі ата немесе Көреген ата

...Сонымен, «Киелі мекен - Маңғыстау» экспедициясы Жетібай ауылынан шығып, Маңғыстаудың қара ойын бетке алды. Жетібай ауылы мен Шетпе кенті арасындағы күре жолдың бойындағы киелі нысандардың бірі Есен ата мазаратына соқтық. Құран бағыштап, тағзым еттік. Біз тоқтаған шағын қорымда Есен атаның бейіті бар. Аңыздарға сүйенсек екінші бейіті солтүстік-батыс Түркменстанның Оқ Балқан жерінде.

Есен ата жайындағы деректерді Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорық қызметкерлерінен сұрап білген болатынбыз.  Есен атаның лақап аты Гөзлі ата – Көреген ата дегенді білдіреді екен. Гөзлі ата есімін Қожа Ахмет Иассауи өзінің лақтырған асатаяғын қайда ұшып кеткенін білгені үшін қойған. Есен ата қорымынан 5 шақырым жерде жерасты мешіті орналасқан. Ескі аңыздардың бізге жеткен нұсқасы бойынша Бекі жеріндегі Қараман ата жерасты ғибадатқанасына осы жерден жерасты жолдары бар деп айтылады. Екі әулиенің арақашықтығы 27 шақырымдай екен. Қараман атаға барып қайтуымызды қорық мамандары айтқан болатын. Кеш батып бара жатқандықтан баба басына бара алмадық. Бекі ауылын басып өтіп, Шетпенің орталық көшесіндегі қонақ үйге келіп орналастық. Оғланды тауынан 400-дей шақырым жол жүріп, дамыл қақпаған көлігімізді тұрақтандырып, басты жоспар-долбарымызды сызып, ертеңгі ұзақ сапарға дайындалдық...

Арқарлы мекен - Айрақты

Таң енді атып, сағат тілі 7.00 көрсеткенде Шетпеден шығып, Айрақты тауына тарттық. Бұл шағын тау шоқыларын жергілікті халық Айрақты деп атайды. Айрақты таулары мұнаралы төбелері, бағаналары мен бекіністі қабырғалары бар ертегідегі қамалдарға ұқсайды. Айрақты маңында көктемге қарай жұпар иісті согдийлік қызғалдақтар қаулап өседі. Төңірегіне жақындай алмағандықтан ба, жайқалған қызғалдақтарты көре алмадық.

Айрақты атауының шығу тарихына байланысты деректі жоғарыдағы қорық қызметкерлерінен де алдын ала естіп алған болатынбыз.  Айрақты тауы таға тәріздес айрық болғандықтан атауы да содан шыққан делінеді. Екінші бір деректерде, көне түркмен тілінде «айрақ» – «арқар» дегенді білдірсе керек. Жергілікті халықтың айтуынша, бұл төңіректі арқарлар көптеп мекен етеді екен. Тіпті, ғалымдар тапқан Айрақтыдағы петроглифтердің негізгі сюжеті осы жануарға арналғаны белгілі.

Кезінде поляк зерттеушісі Бронислав Залевский: «Айрақты таулары Рим пантеондарынан кем түспейтін табиғи қала сияқты», – деп, бекер айтпаса керек. Таудың іргесінде, солтүстік-батысқа қарай тіке қарайтын болсаңыз Шерқала тауы көрінеді. Тура сол жерден тіке тартсаңыз 3-4 шақырымды жол. Бірақ Шерқалаға біздер күре жолды айналып, Ақмыш сайын басып өтіп бардық.

Маңғыстаудың бауы да, сайы да - Ақмыш

Қаратаудың етегіндегі көгалды, сулы жер – Ақмыш сайы.  Сайдың арықтарында бұлақ көздері бар. Өсімдігі мол кішкене тоғайы бар. Бұл жер саяхатшыларға, туристерге, қала тұрғындарына қолайлы демалыс орны.

Қорық қызметкерлерінің дерегінше,  Ақмыш өңіріне XIX ғасырдың аяғында Сұлтангелді Тауасар деген дәулетті адам Астрахань қаласынан 220 түп ағаш бұтағын алдырып еккен. Қазіргі таңда ол шағын баққа айналған. Бақ болмаса да, жайқалып өскен 50-ге жуық ағашты көрдік. Көбісі оталып, қурап жатыр.

Сайдың іргесінде ортағасырлық Қызылқала қалашығы орналасқан. Мемлекет қорғауына алған тарихи ескерткішке 2004 жылдан бері археологиялық зерттеулер жүргізіліп келеді. Тәуелсіздік алғалы қала орнында 4 рет археологиялық жұмыстар жүргізілген. Алайда нысан әлі де толық зерттелмеген.

Шыңғысхан ойрандаған  -  Қызылқала

Маңғыстау ауданында орналасқан Қызылқала қалашығы шамамен Х ғасырдың екінші жартысында пайда болған. Алғашында маңызды керуен жолының нүктесі Ақмыш жерінде бой көтерген үлкен қорған маңызындағы керуен-сарай ретінде пайдаланылған. Уақыттың өтуімен бұл жерге Орта Азиядан – қолөнершілер мен егінші қоныстанушылар келеді.

XII ғасырда Қызылқала көп құрылысты, бау-бақшалы және үлкен су қоймалары бар үлкен қалаға айналған. Қаланың жалпы көлемі 50 га қамтиды. Қызылқалаға жақын жерде орналасқан Шерқала тауында бекіністі елді мекен болған. XIII ғасырдың басында Шыңғысхан Орта Азияның мәдени ошақтарын қиратып, талқандаған соң, керуен жолдарының негізгі сауда орталықтары Үстріт жазығына көшірілген соң Қызылқаланың қайнаған өмірі өшіп қалды.

Жолбарыс қала немесе Шерқала

Қызылқаладан шыққаннан кейін Шерқалаға бастық. Тегіс жерде жекелей өзі қазақтың киіз үй үлгісінде орналасқан Шерқала тауы Маңғыстау облысының рәмізі болып табылады. Таудың ең үлкен шоқысы 307,7 метр. 

Таулы Қаратау маңы жазықтарын теңіз түбінен құрлыққа көтеру нәтижесінде қалыптасу кезеңінде пайда болған ерекше кескіндердің үлкен тау шоқысы. Шерқала жайындағы аңыздардың бірінде, ертеректе қаптаған жаулардан бір топ айбынды жауынгерлер тауды қорған еткен делінеді. Олар жаумен жолбарыстарша алысыпты. Тауды қорғаушылардың қалғаны тау ішіндегі жерасты жолдарына тығылып, сол жерде мәңгі қалып қойыпты. Осындай батырлық пен тәуелсіздіктің тірегі – Жолбарыс қала немесе Шерқала деген атаумен осылай пайда болған.

Екінші бір аңыздарда, түрікмендер мен ноғайлылар (кейбірінде адайлар) арасында үлкен соғыс болған деседі. Жаудан жеңіліп, шегінуге таяған мәжбүр болған түрікмендер Шерқаланың басын паналаған. Жаулар не азығы жоқ, не суы жоқ, бәрібір төмен түседі деген оймен тау етегінде торуылдап жата беріпті.

Қанша уақыт өтсе де түрікмендер төмен түспепті. Оған таңданған ноғайлылар тау басына тыңшы жіберіп, мәселені анықтаса, түрікмендер сонау төбеден құдық қазып, қауға салып, су ішіп күнелтіп отырған көрінеді. Мән-жайды білген соң ноғайлылар тау түбінен терең үңгір қазып, құдықты тауып, оған түскен қауғаның жібін кесіп тастай берген. Ақыры сусыз қаталаған түрікмендер ақыры азаптан қырылыпты. Содан бері бұл тау шерлі қала немесе Шерқала атанған екен.

Түркі халықтарының алқалы жиыны Отпан тауда

Шерқаладан шығып, түс уақыты болғанда Түркі дүниесінің ордасына айналған Отпан тау мекеніне келдік. Бұл тау Амал мерекесінің тойы өтетін киелі орынға айналғалы қашан. Жылда кіші жүз ұрпақтары Отпан таудың басында амал мерекесін тойлап, ұлыстың ұлы күнін қарсы алады. 

Алдымыздан «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінін қызметкерлері шығып, қарсы алып, бірліктің мекені болған рухани орданы тамашалатты. Отпанның бойында жылда қаз-қатар ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, түрлі мәдени, спорттық шаралар мен қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтеді.

Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан «Киелі мекен – Маңғыстау» экспедициясындағы  жоспарларымыздың бірі «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенін көріп тамашалау, түркі дүниесінің алтын бесігіне айналған жердің киесін көру дегендей. Адай ата ұрпағы Маңғыстаудың ең биік шоқысы Отпан таудың басына «Отпан тау» тарихи мәдени кешені салдырыпты. Кешеннің авторы «Әр қазақ менің – жалғызым!» деп ұрандаған, белгілі ақын Сабыр Адай ағамыз екен.

Отпан тау тарихи-мәдени кешеніне – күмбезі көк тіреген Адай ата кесенесі, «Ана келбеті» стелласы, «Ұран оты» алаңы, «Көк бөрі» ескерткіші, «Ақсарай» орталығы, «Қара шаңырақ» ғимараты, «Қазақтың үш биінің» стлелласы және болашақта бой көтеретін қазақ батырларының құрметіне орнатылатын даңқ аллеясы жатады.

Бір ерекшелігі – төмендегі «Ақсарай» орталығынан Адай ата кесенесіне жету үшін 362 баспалдақты басып өту керек. Бұл 362 әулиенің рухына арналған 362 баспалдақ. Адай ата кесенесі орналасқан биік шоқының басында қазақтың батыры, жорық жыршысы Қалнияз Шопықұлының мазараты орналасқан. Ел басына күн туғанда адайлардың бас қосатын жері болған, одан ертеректе жаудың келе жатқандығын білдіретін алау оты жанатын тұғыр болғандықтан қасиетті жерден қимай қоштасып Түпқараған ауданына жол тарттық. 

Жалғасы бар.

Мақаланы әзірлеуде қол үшін созған Маңғыстау облыстық әкімдігі мен Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени  қорық мекемесіне алғыс білдіреміз. 

МАҢҒЫСТАУ САПАРЫ: ҚАРТ КАСПИЙДЕН ОҒЛАНДЫ ТАУЫНА ДЕЙІН

Жетібай-Бекі-Шетпе-Таушық

Фото автордікі 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?