Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды!

2180
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды! - e-history.kz
«Ауған соғысында қыруар қаржы шығындадық, мыңдаған өмір қиылды, бәрібір совет әскеріне бұл елді тастап шығуға тура келді. Халық үшін бұдан асқан қасірет бар ма?» Н.Ә. Назарбаев.

Биыл 1978 жылдың сәуір айындағы Ауғанстанда болған төңкерістен бастауын алған Ауған соғысына 40 жыл толады.

Ауған соғысына 1979 жылдың 25 желтоқсаны – 1989 жылдың 15 ақпаны аралағында ССРО Қарулы күштері де араласты. 1979 жылы совет әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға кіріп, 10 жылға жуық соғыс жүргізді. Ауған даласында қан төккен совет әскерлерінің қатарында одақтас республикалардың бірі саналған қазақстандық сарбаздар да болды. Жат жерде соғысқан жауынгерлердің табытпен елге оралғандары аз емес. Оған 22 мың қазақстандық қатысты, олардың 761-і қаза тапты, 21 адам хабарсыз кетті.

Қазақ тарихының ХХ ғасырдағы қасіретті беттерінің бірі – Ауған соғысына қатысушы, ұлт патриоты, журналист-ғалым Біржан Байғараұлы Белғараның «Жас қазақ» газетінің 1994 жылдың наурыз айындағы № 3-4 (78-79) сандарында жарияланған «Ауғанда атам үшін соғысқам жоқ. Немесе ешкім де, ештеңе де ұмытылмауы тиіс» деген мақаласын оның отбасындағы жеке қорынан алып, жариялап отырмыз. Журналист-ғалымның Ауған соғысы тақырыбына жазған «Үзілмеген үміт әні», «Даңққа дақ түсірме, ұлым!», «Қара қызғалдақпен келген табыт», «Соғыстан соғыстың айырмасы жәрдемақы көлемімен ғана өлшене ме?» және басқа да проблемалық мақалалары, «Жетпіс жетінші жылғы жесір», «Ақ өлім» атты әңгімелері бар. 

 

Ауғанда атам үшін соғысқам жоқ.

Немесе ешкім де, ештеңе де ұмытылмауы тиіс!

«Халық үшін қайғы мен қасіреттің ауыр-жеңілі бола ма?» Қадала қарап, жауап күткен жанардың жасын-жарқылынан жаным шошыды. «Жоқ» дегім келген. Десем, «онда неге...» деп, мен жауап бере алмайтын сұрақты қоятынын және түсіндім. Сұратқым келмеді. Бәрібір жауап бере алмас едім.

Иә, біз жауап бере алмайтын, беруге тиісті жандар жауаптан жалтаратын жалтақ тұстар жетерлік-ау. Ауған соғысы да сондай сұраусыз соғыс сияқты, санадан өшіп бара жатқандай.

Биылғы жылы Ауғанстан жерінде соғыс қимылдарын жүргізген Совет әскерлерінің мақсатсыз майдан даласын тастап шыққанына да бес жылдың жүзі. Содан бері жат жерде болса да, жан беріп, жан алысқан жауынгерлер ерлігін ертеңге жеткізетін бір мұражай ашылуының реті бар емес пе? Сондықтан да, бұл міндетті тағы да сол күндердің куәгерлері, Ауған соғысы ардагерлері өз мойындарына алды. Былтырғы жылы Алматы қаласындағы Офицерлер үйінде, Ұлы Отан соғысы мұражайының бір бұрышынан Ауғанстанда қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің аты-жөні жазылған ескерткіш тақта орнатылды.

Бұл 15 ақпан, яғни Совет әскерінің Ауғанстаннан шыққан күні еді. Ол күні болашақ мұражайдың қабырғасы қаланған да болатын. Салтанатты сәтке қаза тапқандардың ата-аналары, өмірлік жансерік болуды, қосағымен қоса ағаруды құдай жазбаған жарлары, әкелерінің әдемі сыйлық әкелерін, естері кіргенше әне-міне деп күтумен жүретін жас балалары жиналған-ды. Көкіректерін жарған қайғыларын, көзден аққан жастарын жұтынып тұрып жасырған, жүрегі налалы жұрт мұражайдың ашылуына да үлкен үміттенген...

Сұхбаттасымның «онда неге?..» деп қойғысы келген сұрағына шынында жауап бере алмайды екенмін. Сол сөздің артында бір сауал емес, мың мәселе бар еді. Соның ішінен мен мұражай мәселесін ғана айтқанды жөн көрдім. Себебі, ақпан айы да туар, Ауған соғысы ардагерлері де, қаза тапқандардың туған-туысы да мұражайға келер. Сонда оларды тағы да сол ескерткіш тақта ғана қарсы алар, тағы да ұзын тізімнен әркім өз адамының аты-жөнін оқып, тағы да әркім өз бетінше «топырағың торқа болсынды» айтып, қала берер.

Өйткені, мұражайдың мүліктері бұл күнде жиналып болған жоқ. Сондайда, кімге өкпелеріңді білмейтін сәттердің сананы тағы сілкілеп өтеріне еріксіз көнесің. Өйткені, өзіңнен өзгені сөгетін жөнің жоқ. Сондайда мәңгілік пәлсапалық сұрақ «Неге біз осы?..» ойға оралады.

Мұражайға ескерткіш мүлік жинау, әрине бір күннің, бір жылдың ісі болмас, дегенмен, ниет қана емес, нақты іс жасасақ, бір жылда аз нәрсе жиналмас еді-ау. Мұражай директоры міндетін атқарушы, Ауған соғысының мүгедегі Ерлан Үркімбаевтың түрлі әрекеттері, өтініштері өкінішке қарай әзірге нәтижесіз қалып отыр. Жауынгер мұражайының жанашыры болар Ауған соғысының ардагерлері, туған-туыстары қолдарында бар түрлі ескерткіш белгілерді, соғыс айғағы ретіндегі сан алуан заттарды өткізуге енжар. Әрине, әр отбасы, өзің үшін қымбат та қастерлі заттарды қию қиын да болар, әйтсе де ел мұрасы болуға лайық заттардың мұражайдан орын алуы да керек емес пе? Ауған соғысы тарихта болмағандай, болашақ ұрпақ ұмытатындай, әркімнің жеке қайғысы болып қана қалуына қалай жол беруге болады? Бұл тұтас бір ұрпақтың үлкен ерлігінің үлгісі емес пе? Кешегі Ұлы Отан соғысы мәңгілікке тарихта қалды. Ол күндердің кішкентай да белгісі елеусіз қалған жоқ. Бұл кейінгі ұрпақтың санасында ерлікті, елдікті, бейбітшілікті қадірлеп-қастерлеуді қалыптастырды. Біз – ағалар ерлігін мақтан тұтып өскен ұрпақпыз. Сол бір сезім Отан үшін отқа түсуге даяр етті.

Совет Одағының көсеген отына күйгендердің кінәсі не? Ауғанда атасы үшін соғысқан ешкім жоқ. Мемлекет тарапынан бөлінген қамқорлық, жасалынуға тиісті жағдайдың жөні бөлек. Мемлекет көрсетіп отырған жеңілдікті пайдаланып, соған ғана жұбану дұрыс па? Ал, кейінгі ұрпаққа не айтамыз, не көрсетеміз? «Біз Ауғанда, соғыста болғанбыз» деп, жеңілдікті пайдалану құқы жөніндегі куәлікті көрсетумен, кімге қандай тәрбие, үлгі береміз. Ол «соғысқа қатысу – жеңілдік алу үшін ғана керек» дегендей, мақтаныш емес, Отан қорғау жолындағы жанқиярлық ерлік емес, күн көрудің бір кезіндей ғана көрінбесіне кім кепіл? Бұл жағдай, қазіргі күннің өзінде-ақ, кейбір парасатсыз бастық, шалдуар шенеуніктер тарапынан кездесіп жүргенін жасыра аласың ба? Ал, кейін не болады?..

Аталған мұражайды ашуды Ауған соғысы ардагерлерінің Алматы қалалық ұйымы қолға алып, бастама көтерген еді. Ендігі жерде осы уақытқа дейін, бұл істі ары қарай жалғастыруға «желкелері жар бермей отырған» Ауған соғысы ардагерлерінің республикалық ұйымы нақты іс-шарамен жүзеге асырулары міндет. Оған қоса облыстың, қалалық, аудандық ұйымдар мұражайға лайық заттар жинауға, оларды жеткізуге күш салулары қажет.

Әрбір соғысқа қатысушы, қаза тапқандар жөніндегі белгісіз болып келген деректерді жинап, зерттеп, толыққанды тарихи дүниелер даярлау да алғы кезектегі шаруалар. Қайткен күнде де болашақ ұрпаққа тарихтың шындығын шашау шығармай жеткізу – кешегі он сегіз бен он тоғызымызда оққа кеудемізді тосқан толқынның, біздің басты міндетіміз. Сондықтан да қолда бар қадірлі дүние, ескерткіш белгілерді мұражайға қоюға қияйық. Өйткені, әрбір дүние – елдік мұрағат. Мұражай мұраты да, сол қастерліміз бен қадірлімізді халыққа көрсету, бағасын білдіру.

Мұражай маңызын түсінген, хабарласқысы келген жандарға, қаруластарға салмақ сала отырып, олардың Алматы қаласы, К. Байсейітова көшесі, 49-үйдегі Алматы қалалық Ауған соғысы ардагерлері ұйымына хабарласуын сұраймыз. Өйткені, көңілде жүрген жақсы ой-ниетті жеткізер жерін білмей, шарасыз қалып, іштен тынып жүретін жандар да жеткілікті екенін кімнен жасырамыз. Ендеше, көп болып, кеңесіп, көкейдегі ойдың орайын тауып, жүзеге асырғанға не жетсін.

«Халық үшін қайғы мен қасіреттің ауыр-жеңілі бола ма?» Жауап күткен жауынгер-жолдасымның жан дүниесіндегі мың сан сауалдың бірінің жауабын тапқандаймын. «Қапаланба, қаруласым. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды».

Біржан БЕЛҒАРАЕВ (1966-2011),

Ауған соғысына қатысқан жауынгер

«Жас қазақ» газеті. – 1994 жыл. – наурыз. – № 3-4 (78-79).

 

Иә, ешкім де, ешқашан да ұмытылмақ емес! Бұл соғыста Отаны үшін жанын пида қылған өрімдей жас жігіттердің есімдерін мәңгі есте сақтап, құрметтеу, отансүйгіштіктің үлгісі ретінде насихаттау елдігіміздің бір белгісі екені анық. Сондай-ақ, Ауған соғысы тақырыбын зерттеу қазіргі заман тарихындағы өзекті мәселенің бірі екені де белгілі.

Аталған тақырыпқа қатысты кітаптар мен деректерді бір қорға жинап, ғылыми-зерттеулердің деректік қорын қалыптастыру мақсатында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Ғылыми кітапханасында Ауған соғысының ардагері, ұлт патриоты, журналист-ғалым Біржан Белғара атындағы «Ауған соғысының жылнамасы: кітаптар мен деректер қоры» 2018 жылдың 24 сәуірі  күні сағат 11.00-де ресми түрде ашылады деп жоспарлануда. Қорға негізінен журналист-ғалымның оқу-ағарту, ғылыми-зерттеу және танымдық бағыттағы еңбектері, Ауған соғысына қатысты Қазақстандағы және шетелдердегі кiтаптар және деректер (қолжазба, естелік, хат, фото, аудио-видео, т.б. материалдар) жинақталады.

 

Материалды баспаға әзірлеген Данагүл МАХАТ,

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ

«Отырар кітапханасы» Ғылыми орталығының

Бас ғылыми қызметкері,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?