Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Этрускілер көне түркілер ме?

2507
Этрускілер көне түркілер ме? - e-history.kz
Италия ғалымы Марио Алинеи 2013 жылы Римде «Этруски были тюрками» атты мақаласын жариялады

Тарих туралы айтқанда, ең алдымен өткен дәуірді жіті оқып, ғылыми көзқараспен ой-толғаулардың ақиқат тұрғысында айтылу қажеттілігі туындап отыр. Өйткені тарих өткен кезеңдерде болған фактілерді дәйектейді. Көне түркілер тарихы туралы айтқанда кейбір тарихи фактілерге зер салмаймыз, сонымен қоса ол тарихты кімдер жазды, қай ұлттың ғалымы жазды, оны жазған кім, ол қаншалықты дәлелді екені жадымыздан тыс қалып жатқандығы тағы бар. Бір білетініміз анық, өткен әр күніміз тарих еншісіне айналуда.

Көне түркілер тарихы туралы айтқанда, көбінесе болған тарихи оқиғаларға қысқаша тоқталып кетеміз, не болмаса сол кезеңді зертттейтін ғалымдардың еңбектеріне жіті назар аудармаймыз. Тарихи зерттеулер  белгілі бір ғалымның жазған еңбегі екендігі сөзсіз, алайда, кейбір еңбектер саяси қате кетпеуді көздеп зерттелетіндігі айқын көрініп тұратындығы баршамызға мәлім... Осы жерде қанатты сөз айтып кеткен, Алаш қозғалысының жетекшісі, Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан пайымдауынша: «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынан өзі де жоғалуға бейім тұрады… Дүниеде өзге жұрттар қатарында қор болмайын, «тұқымым құрып қалмасын» деген халық өзінің шежіресін имани дәрежесінде ұғып, білуге тиіс болады», – деп жазған еді [1]. Алаш партиясының мүшелері сол кезеңде де ұлттық тарихқа да зер салып тарихи құнды еңбектер жазған, алайда сталиндік тоталитарлық мемлекеттік басқару жүйесі тарихымызды оқытпады.

Мысалы, бүгінгі егемен Қазақстанның орта буыны мен әке-шешелеріміз кеңес заманында орта мектептен білім алып, тек ежелгі тарих пен Ресей тарихын оқып, ондағы тарихи ілімдерді жаттап оқыдық десек артық болмайды. Өйткені, Совет идеологиясы өзге он бес мемлекеттің, оның ішінде Қазақ тарихын факультатив есебінде оқытқаны баршаға мәлім. Сол себептен, тарихымызға жете мән беру арқылы болашағымызды болжай алатынымызды көптеген ғалымдар айтып өткен, жазып та жүр.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарық көріп, халықтың көңілінен шығып, үлкен бастамалардың бастауы болып отыр. Бұл мақала – ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, туған жерді көркейтуге, қоғамның дамуы мен өркендеуіне бағытталған аса маңызды үндеу. Осы орайда, тарихымызды жіті зерттеп, түркі әлемінің жалпы өркениеттегі өткен орнын барынша қайтадан толық зерттеу. Жалпы өз ісіне немқұрайдылықпен қарай алмайтын әлемдік ғалымдар адамзат тарихын толық қанды жазып кеткен, солардың ішінде түркілер тарихына да тоқталған.

Халқымыздың бай тарихи мұраларын зерттеу, зерделеу жұмысының кешігіп қолға алынғанын мойындаймыз, яғни Ахмет Байтұрсынұлы айтқанындай: «Өзімізге өкпелемесек, өзгеге өкпелер бет жоқ» деп айтып кеткен қанатты сөзі осы зерттеу жұмысының кешіккенін меңзейді [2]. Отандық тарихшылар зерттемесе біз үшін ешкім қайтадан тарихты жаңдандырмайды.

Кейбір тарихи мәліметтерге сүйенсек, мысалы көне түркілер б.з.д. 5500-4000 жж. Орта Азиядан солтүстік Испанияға арбаға жүктерін тиеген және төрт түліктерін айдаған, бір қауым келгендігін өздері де мойындап отыр. Сол келген қауым қазіргі таңда пасиего деп аталады. Әлі күнге дейін олар мал шаруашылығымен айналысып келеді /Тюрки Испании - Политика и Общество - Bakililar.AZ Forum/.   

Мәселен, кейбір тарихи деректерде, этрустар деген ұлысты кездестіреміз. Ал, олардың кімдер екені туралы Италия ғалымы Марио Алинеи 2013 жылы Римде «Этруски были тюрками» («Gli etruschi erano turchi (Dalla scoperta delle affinita genetiche alle conferme linguistiche e culturali») атты мақаласын жариялаған болатын. Аталған ғалым сол ұлысты түркілер деп дәріптеп отыр. Төмендегі картадан, яғни казіргі Италия мемлекетінің аумағын қамтыған түбекте Этруск атты елді мекенді анық көруге болады. 

Тарихқа көңіл бөлген дана Абай да өз ізденістерінде «брут» ұлысын қайдан шығып, кім екендігі туралы толғанып, жауап іздегенін байқаймыз [3].

Сондай-ақ, аталған картадан Этруск ұлысына Брут ұлысының көршілес жатқанын көруге болады. Брут ұлысын табуда Ежелгі Римнің картасы ұйытқы болды. Сондықтан, Абай бруттардың көне түркілерге жататындығына күмәнданбаған.

Абай түркілердің түбін зерттеу мақсатында Шәкәрім бауырын шығыстағы шаң басқан архивтегі мәліметтерді жинау мақсатында аманат қылған. Осы аманатты арқалаған Шәкәрім көп мәліметтерген қанық болып, «Қазақтың түп атасы» атты тарихи дастанын өмірге әкелді. Ол дастанның желісі бойынша көп тарихи деректер келтіргенін байқаймыз және ақиқатпен жанасады. Көтеріліп отырған мәселенің нақыштау барысында Шәкәрім көне түркі тарихының ықылым заманнан бастау алатынын дәріптейді, мысалы, сол дастаннан көне түркілер туралы бөлігінің үзіндісінде былай делінген:

«Қарлы Алтай қатты суық тауда жүріп,

От жаққан Надұлұше оймен біліп.

Суықтан сөйтіп елін сақтаған соң,

Түрік деп хан көтерген патша қылып.

 

Оқ өтпес – түрік деген – темір тұмақ,

Ат қойған ұйқастырып елі тым-ақ.

Жан сақтар темір киім, от ел сақтар,

Емес пе жарасымды, көрсең сынап.

 

Аталған сөйтіп Түрік Надұлұше,

Ол кезде жылдар өтті мыңдап неше.

Түріктен шыққан талай сайыпқыран,

Жер жүзі тітіренген түрік десе.

 

Кім білмес баяғы өткен Оғұзханды,

Қаратқан қол астына талай жанды.

Басында Азияны түгел билеп,

Үрім, Парсы, Арабтың да көбін алды.

 

Жазады талай елдің жазушысы,

«Адамның өзгеше, – деп, – қылған ісі».

340 жыл бұрын пайғамбардан

Атағы жер жүзіне шыққан кісі...» деп жырлайды [4].  

Жоғарыда айтылған ғалымдармен Шәкәрім Құдайбердіұлының келтірген тарихи деректері дөп түйісіп отыр, өйткені дастандағы жыл санауды Иса пайғамбардың туылған күнімен есептеп отырғанын тағы байқауға болады. Шәкәрім Құдайбердіұлы бұл дастанын ХХ ғасырдың басында жазған болса, ал шетелдік ғалымдар ХХІ ғасырдың басында жариялайды. Сондай-ақ, атақты түрколог Н.Я. Бичурин ХІХ ғасырда «Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена» атты тарихи кітабында да аталған деректер жоғарыдағы ғалымдардың зертеулерімен айна қатесіз сәйкес келетінін байқауға болады. Яғни, бірдей деректер мен мәліметтерге сүйенгендіктері және қайнар көздерінің сәйкестігі байқалады. Сондай-ақ, осы келтірілген мәліметтер Рашид-ад-Диннің «Сборник летописей» еңбегінің аудармасы 1952 жылы Мәскеу қаласында ССРО-ның ғылым академиясының баспасынан шыққан 1-томында көне түркілердің тарих сахнасындағы ролі және Оғызханға байланысты алты ұрпағы туралы да деректер жоғарыдағы көрсетілген  жыл санаудағы сәйкестіктерін аңғаруға болады.

Советтік дәуірде солақай саясаттың ықпалымен «халық жауы» атанғандықтан, бұл еңбек қазіргі таңда жарық көріп отыр. Осы дастан тарихшыларға жаңа серпін беріп, жаңа туындылардың өмірге келуіне себеп болардай. Тарих қашанда бізге беймәлім ғасырлар қойнауындағы оқиғалар мен деректер мен мұндалағандап тұрғандай, ал Шәкәрім Құдайбердіұлы сол қойнаудағы тарихи деректерді тізбелеп жазып, дана Абай ағасының аманатын орындап  кеткен іспеттес.

Қазақтың тарихына деген сүйіспеншілігін ақын Қадыр Мырза-Әлінің мына бір өлең шумағы еріксіз еске түсіреді:

«Елімізге керек емес ертегі!

Ертегіні өз балам да шертеді.

Тарих керек!

Іргетасы ол халықтың,

Іргетассыз қаланбайды Ертеңі!» [5].   

Сондықтан да болашақты болжау үшін өткен күніміз бен тарихымызға үңілудің еш артықтығы жоқ. Қазіргі жаһандану заманында тарихи сананы қалыптастыру, тарих ғылымын, басқа да қоғамдық гуманитарлық ғылымдарды жетілдіру біздің мемлекеттік саясатымыздың басым бағыттарының бірі болуы шарт.

Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген» делінген.

Дана халқымыз «Бұлақ көрсең – көзін аш» дегендей түркілердің көне тарихын жазып, рухани жаңғыртып кетуді жөн көрдік. Деректер арқылы шындықты тарихи ақиқат ретінде қабылдау тарихшылардың басты ұстанымы. Әрине, біз тарихшы емеспіз, алайда заңгерлер қандай да мемлекеттің пайда болу тарихын оқыған кезде сол мемлекеттің заңнамасына егжей-тегжелі тоқталып кетеді. Заңгерлерді дайындау барысында «Шетелдердің мемлекет және құқық тарихы» және «Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы» атты пәндер оқытылады. Айтайын дегеніміз, тарихшылар мен заңгерлер зерттейтін объектілері тоғысытыны анық. Егер тарихта хан тағайындалып, саясат жүргізсе, онда ол тұлға ретінде тарихшылырдың назарында , ал хан жарлықтар мен заңдар жарияласа, онда оны зерттеу заңгерлердің еншілерінде. Дегенімен, зерттеу бағытының мақсатына жетуі де тарихтың заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық ғалымдардың алдында тұр.

Құрманбек Сағынбеков,  заң ғылымдарының кандидаты

Асқар Махамбетов, құқық ғылымдарының магистрі

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1. abai.kz. Әлихан Бөкейхан. «Қазақтың тарихы»- «Қазақ» газеті, № 2, 1913 жыл.

2. www.infoportal.kz Ахмет Байтұрсынов. «Қазақтың өкпесі»-1911 ж.

3.  Абай (Ибрахим) Құнанбайұлы. Шағармашылығының екі томдық жинағы. Т.2: Өлеңдер мен аудармалар, поэмалар, қарасөздер.- Алматы: Жазушы.-2005 – 336 бет.

4. bilim-all.kz. Шәкәрім Құдайбердіұлы ««Қазақтың түп атасы» дастаны.

5. bilim-all.kz. Қадыр Мырза-Әлі «Іргетас» өлеңі.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?