Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жеті қыз

2636
Жеті қыз - e-history.kz
Мынау – «Жеті қыз» деп аталатын жер. Қалада тұрған соң көп нәрсені біле бермейтін шығарсың. Бұл – Торғай өзені мен оның салаларының тоғысатын тұсы. Баяғы бір заманда алапат тасқын болыпты деседі

Торғай өзені бағзыдан бақиға дейін су аққалы бұлай тасымаған шығар. Қаннен-қаперсіз даланы дүлей апат дүр сілкіндірді. Дәрменсіз, қолында кетпенінен басқа қаруы жоқ халық қайтеді? Мына судың шұғыл тасуы бар әлемді ашуына мінгізгендей, бейне топан су қаптаған дерсің, үйдей-үйдей сең иіріліп-иіріліп, жолындағыны бұзып-жарып барады.

– Өл-дік, құт-қар!.. – деген үн кең даланы, сең басқан, сең қаптап бара жатқан өңірді басына көтергендей болды ма сол заматта.

Бұл дауысқа жеті қыз елең етті. Шошып кетті. Көктемнің қараөзек шағында көрші ауылдан той-тойлап келе жатқан еді олар. Мінген бір-бір жарау торы аттары қыстан әбден жүдеп шыққан. Мына табан астында тап болған қатерден құтылып кетуі не біреуді құтқаруы екіталай-ды. Әуелі бәрі сілейіп тұрып та қалды. Бірлі-жарымы өзеннің иірімді аңғарына қарай сеңмен бірге иіріліп бара жатқан балаға тұра ұмтылды. «Жағында жылан жұмыртқаласын. Әкесі менің әкеме аз зәбір берген жоқ, талай рет басын жарды. Анамды шашынан сүйреп сабады. Сенің тұқымыңнан көрген қиянатты бұ дүниеде ұмытпаспын. Суға ағып қиянат отына жылынсын» деп Меңдіқыз қатты көңілі қалғанын білдіріп, өңі сұрланып еді. Әйтсе де залым әкесіне бола балиғаға жетпеген баланы күйдіргісі келмеді. Сосын шегіншектеген үш-төрт қыз да баланы құтқаруға ұмтылды. Аттарын тебініп суға лап қойды. Жіліншік майлары үзілуге таяған аты түскірлері ықтай берді, ықтай берді. Ық жағы қара терең. Бір батып, бір шыққан бала олардан қашықтап барады. «Бәрібір өлім, ажал... ажал...» Жеті қыз да, бала да манағы өзен жағасындағы жайылмадан енді түпсіз терең арна бойымен жел айдаған қаңбақтай кете барды.

Дүлей тасқын онымен де тынған жоқ. Даланы айқай-сүрең шуға батырды. Жұрт орынға отыра ауылдың сығырайған терезелерінен көрінетін әлсіз жарық та сөнді, біреулердің ошағының оты бірге сөнді. Ықылассыз дүрбелеңмен түн құшағына кірген дүние қарауытып, аспан асты ызы-қиқы. Жеті қыздың ата-анасы жер соғып қалды. Ол қайғыны аза тұтуға шама жоқ, үйлерін су алған соң тайлы-таяғы қалмай төбе бастарына шұбырып шығып, жан сақтаудың амалына көшті. Табиғаттың дүлей күші алдында дәрменсіз бейшара адамдар зар илеп, мал-мүліктен баз кешіп, бір ауыл босып барады... «Табиғат апаты қырды не, патша жендеттері қырды не» деген Құрманғазы сөзіне тоқтайды. Бәрібір өзекті жанға бір өлім, мезгілсіз ажал, адам қаны судай шашылған қасіретті заман» деп күңіреді дала...

– Құрып кетсін, қайғылы сол күндер, – деп Фазыл «Жеті қыз» жазықтығына тоқтала көз тастады. Жүрегі оймен жүдеп қалды. Байдың есер ұлын апаттан құтқарам деп, суға кеткен жеті қыздың оқиғасы қаншама жылдан бері ел аузында сақталып келеді.

Фазыл үйіне жеткенше асықты. Табан астында әйелі Райхан сырқаттанып қалған-ды. Соны кеңшар орталығындағы дәрігерге апарды. Біраз емделу керектігін айтты. Ертең-ақ жазылады. Бүгінде ажалдың да, апаттың да еш қаупі жоқ. Шыдамсызданып келе жатқаны мал қамы. Міне, үйге де келіп қалды. Қора жақта ұлы Есімхан жүр екен. Жетіге жетпесе де аңғарымды баланың жүзінен үрейді көріп, жүрегі дір ете қалды: «Амансыңдар ма? Ақмарал қайда?» деді.

 – От жанып жатыр, Ақмарал үйде қалды, – деді бала ентіге сөйлеп.

 Фазыл тұра ұмтылды. Сыртқы есіктен-ақ өрттің қолқа атар түтіні оның зәресін ұшырды. Есік алдындағы мотор, бір кеспек бензинді ойлады. «Мынаны сыртқа шығарып тастасам ба екен?! Жоқ, бала мен ананы құтқару керек. Содан кейін өрт сөндіру құралдарын іске қосамын». Фазыл үйге жанұшырып кірді: «Ақмарал, Ақмарал қайдасың?». Екі жасар бала біразға дейін дыбыс бермеді. Үй іші көкала түтін. Сипалап жүріп тауып алды. Шыңғырған қызын бауырына қысып, далаға атып шықты. Қайта жүгіріп кіріп, басқа бөлмедегі қарт ананы алып шығуы мұң екен, үйдің төбесі лапылдап жанып бара жатты. Дереу өрт сөндіргіш құралдарды іске қосты. Жанталасып жүріп үйді де, бір отар қойды да өрттен аман алып қалды.

– Бас аман болса жетіп жатыр, қалғаны бас садақасы, өрттің арты қайырлы болуына жазсын, баяғы жеті қыз суға кететін жылы жұрт қаңғырып кеткен, қазір шүкір, баршылық , алтын заман ғой, – деп қарт ана күрсініп қойды. Бір кезде мынау жарық дүниені көруге зар болған еді. Қазір дәрігерлер қос қарашығына аяқ жолын көретін мүмкіндік бергелі өмірдің қызығына қарт ана айрықша риза. Бәйек болып жүрген Фазылды сезіп:

 – Сабыр ет , шүкіршілік де. Ит басына іркіт төгіліп жатқан заманда ол-пұл нәрсем отқа кетті деп күйінбе. Анам марқұм айтатын: «Жеті қыз суға кеткен жылы ел ала дорбасын асынып, қайыр сұрап кетті, әлсіздеріне ажал жетті» деп. Қазір шүкір ғой, – деп қария ескі күпісіне Ақмаралды орап қымтай түсті.– Фазыл-ау, малыңды реттеп, көрші ауылға хабарласасың ба?

– Өрт сөнді, апа, қораға жалғасып кете ме деп қорқып ем, уақытында сөндіріп үлгердік, өрт сөндіретін құралдар бар ғой , – деді Фазыл алқынып. Сосын:

– Жә, бас аман қалды, басқасын қайтем, кеңшар үй тауып береді, – деп орнынан тұрды. Балалар мен қарт ананы орналастырды. Содан соң барып болған жайды елге хабарлауға кетті. Ойлап қояды: «Қараборбай болып жинаған мүлкің көз алдыңда өртеніп кетсе ғой, жаныңды шоқ қарыр еді. Амандық, әйтеуір... Баяғы заманда болса ақ қарда іргесі жалаңаштанып қалар еді. Қарт ана жер шұқып отырар еді. Шүкіршлік...»

Өз басы еш пендеге жамандық ойлап көрген жоқ. Сол ақ ниеті шығар. Бақытын адал еңбектен іздеп, қайратына сенді. «Үшінші дәрежелі Еңбек Даңқы» орденімен наградталды. Ел алдында еленгені сол.

Ойлап қараса, он жеті жыл шопан болған өмірінде табыс биігінен төмен түскен жоқ. Әкесі айтатын: «Смағұлдың баласы көштің соңында жүр дегенді естіртпе» деп. Бүгінгі Крупская атындағы кеңшардың іргетасын сонау серіктік кезінен қаласып бірінші шопаны атанған сол абзал әкенің тәрбиесі болар, Фазыл еңбек десе ерінбейді. Қысы, жазы отарындағы қой жұлындай боп тұрады, семіздің аяғы сегіз боп, төл де, жүн де, өзге шопандардан көп алынады. Өзін ел алдында даралап көрсетіп, көптің дуалы аузына іліктірген де, Москвадағы Халық шаруашылығы  жетістіктерінің көрмесінің алтын медалына ие еткен де ақ-адал еңбегі. Сол көрмеден тегін «Москвич» алды бәйгеге. О да қайырлы еңбегінің жемісі. Сонда Фазыл:

– Райхан,әйел дүниеге бір табан жақын дегенімді көңіліңе ауыр алма, –деп жымия күліп. Бір нәрсені мезіреті қылғысы келді.

– И-и, сен-ақ сөйтесің де отырасың, менің дүниені парық қылмайтынымды әлі білмейсің бе? Мүлік балаларымның қара тырнағына да тұрмайды...

– Ендеше елге берген, елде кетпейді, бізге қос машина неге керек, мына сыйға келген машинаны Жолдыбайға мінгізейік. Ағдан іні ат мінген үлкендердің жоралғысы бар-ды , үйдің өртін сөндіруде өртеніп кете жаздады, – деді.

– Өзің біл , менің қарсылығым жоқ, – деді Райхан. Қанша жыл отасып келе жатқалы бір-біріне тіке келген емес. Тату үйге тақсірет жоламайды деп ұғысады. Анасы айтатын: «Ашушаң әйелде бала болғанымен жұбай болмайды, еңбекте де рахат таппайды. Қыз мінезді, қылықты әйелдің айы оңынан туады. Өмірде сыйласқан адамдар сыйсыз қалмайды» деп.

Жолдыбай туыс болғанымен, машинаның ептеп құнын төлегісі келіп еді, Фазыл ренжіп қалды. «Арамызда бір машина жүрмесе несіне бауырласпыз» деді.

 – «Інісі бардың ырысы бар» деген ғой, – деді Райхан әзілдеп, – ағаңның еңбегі жансын. Табыс кіреді, байлық қолдың кірі келеді, кетеді... Татулыққа не жетеді. Игілігіңе тұтын, қайным!

– Бәрекелді, Райхан. Міне, нағыз сөз! – деп Фазыл күліп жіберді.

– Рахмет, жеңеше! – деп Жолдыбай ағасы мінгізген машинаны от алдырды.

Дала. Ашық аспанда шөкімдей де бұлт жоқ. Жүрдек автокөлік жүйткіп келеді. Асфальт жол кең ойпаңға келіп құлағанда ашық терезеден сыртқа көз салып отырған Фазыл:

– Мынау – «Жеті қыз» деп аталатын жер. Қалада тұрған соң көп нәрсені біле бермейтін шығарсың. Бұл – Торғай өзені мен оның салаларының тоғысатын тұсы. Баяғы бір заманда алапат тасқын болыпты деседі. Бір ауылды ойрандап кетіпті. Байдың есер ұлын құтқарамын деп жеті қыз суға кетіпті... Анау жерлер толған ағаш екен. Тасқын апаты оны да тып-типыл етіпті. Ал анау-у-у көзге шалынған жалғыз ағаш сол апаттан аман қалған деседі. Қарттар сол ағашты қасиетті тал деп қызғыштай қориды. «Байдың талы емес пе,тамырымен қопарамыз дегенде, ел болып арашалапты?» деп айтады. Тарихтың куәсі ғой. Талай ашыққандар, тарыққандар көлеңкесінен сая тапқан шығар... Киелі ағаштай туыстық ұрпақтан ұрпаққа жалғасса жұрттың соңында қалмаспыз. Балаңды орыс сыныбына беріпсің, байқа, ұлттық қасиет, өнегеден жүдеп қалмасын. Шекті Тілеуұлы Мөңке айтқан екен:

Кер заманның кезінде

Көлдің суы бітіп, табаны қалар.

Аттың жүйрігі кетіп, шабаны қалар,

Жақсының атағы кетіп, азабы қалар.

Әулиенің аруағы кетіп, мазары қалар.

Адамның жақсысы кетіп, жаманы қалар.

Сөздің маңызы кетіп, самалы қалар.

Сөйтіп ақылы жоқ санасыздың заманы болар депті. Бірде Мөңкеден: «Алыс не, жақын не? Қымбат не, арзан не?Оңай не, қиын не?»деп замандасы сұрапты. Сонда Мөңке: «Алыс – ақыл, жақын – ашу, қымбат – сауап, арзан – күнә, оңай – ақыл айту, қиын – орындау» депті. Осындай ұлтымыздың толып жатқан даналық ойларынан ажырап қалса, болашақта кісілігі қиындау болмасын. Әкем: «Ұлттық ұлылықтан айырылсаң азабың қалың болар» деуші еді. Жақсылық пен жамандық алысқан кезде қазақтың ұлағатты сөзіне тоқтайсың да, сабыр сақтап тынасың...

– Бірер сыныпта орысша тіл сындыртып, қазақшаға беремін.

– Бәйтеректің тамыры тереңде болса, ұлттық ұлылықтың да тамыры тереңге тартқаны абзал. Оған қасиетті ағаш куә, құйындатқан өмірдің өткенін елестетеді... Болат майыспайды, сынады. Сынудан сақтасын. Туған жер тарихы тыныштықпен нұрлана бергей, інім!.. Қанды ауыз қиянаттан сақтағай!   

 

Табыл ҚҰЛЫЯС, жазушы

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?