Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ҚАЗАҚСТАН ТУРАЛЫ ҚЫРҒЫЗ АВТОРЛАРЫ НЕ ДЕЙДІ?

1940
ҚАЗАҚСТАН ТУРАЛЫ ҚЫРҒЫЗ АВТОРЛАРЫ НЕ ДЕЙДІ? - e-history.kz
Біздің ойымызша, О.Ж. Осмонов осы тақырыпты зерттеген ғалымдардың, оның ішінде т.ғ.д., профессор Ж. Қасымбаевтың және белгілі ғалым, т.ғ.к. Едіге Уәлихановтың еңбектерімен терең танысуы қажет еді

Студенттер, жалпы оқушы жастар үшін тарихтың объективті білімінің қаншалықты маңызды екені, бәрімізге белгілі. Мысалы, 2012 жылы Осқан Жүсіпбекұлы Осмоновтың (О.Ж. Осмонов) «Қырғызстан тарихы (ертедегі кезеңнен бүгінге дейін)» оқулығы шықты. Оқулық жоғары оқу орындарына арналған және оны Қырғызстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен. 2012 жылы, қосымша бесінші басылымының шыққаны және бұл «Оқулық 2004 және 2006 жылдары Қырғыз Республикасы Үкіметінің Құрметті мақтау қағазымен марапатталғаны» жөнінде мәлімет берілген. Республиканың Білім және ғылым министрлігі бекіткен оқулық бойынша елдің мыңдаған студенттері білім алады.

Жоғарыда аталған оқулықта олқылықтар мен дәл емес мәліметтер де жеткілікті. Біз осы арада Қазақстан тарихына қатысты фактілерге ғана тоқталамыз. Мысалы, О.Ж. Осмоновтың оқулығында [1, 182-183б.] былайша көрсетілген: «бұрыннан бірін-бірі қолдап келген қырғыздар мен қазақтарды маңызды қауіп-қатер біріктірді. Әсіресе бұл одақ, қырғыз-қазақ ханы Есім (т.ж. белгісіз – 1628 ж.) билігі кезеңінде, XVII ғасырдың бірінші ширегінде нығайды, бұл жаулап алушылар шабуылына қарсы тұруға мүмкіндік берді». Одан әрі Тұрсын ханның (бұл жерде Есім ханмен қақтығыста қаза тапқан қазақ ханы Тұрсын туралы болу керек – Б.А.) қырғыз-қазақ коалициясын нығайтуға үлкен үлес қосқаны айтылады [1,182-183 б].  

Оқулықтың 182-бетінде Ешим (Есім) ханның суреті мен ғұмырбаяны берілген. Оқулық авторы «Эшим Конок ұлы, Эр Эшим (т.ж. белгісіз – 1628 ж.)  – XVII ғасырдың бірінші ширегіндегі қырғыз-қазақ ханы. Қырғыздың сары (саруу) руынан шыққан. Оның шешесі қазақ ханы Шығайдың қызы болған. Есім хан қырғыздар мен қазақтардың бірлігі мен достығы үшін күресті. Ол қалмақтардың шабуылына қарсы күресте, туысқан екі халыққа  басшылық етті.

...Есім хан қайтыс болғаннан кейін, оның ісін ұлы Жәңгір жалғастырды» деп жазылған [1,182 б].  

Мүмкін бізге белгісіз қырғыздардың өздерінің «Эшим» ханы болған да шығар. Бірақ ерте ортағасырда қырғыздардың мемлекеттік дәстүрінің жойылғаны жөнінде академик Василий Владимирович Бартольд жазған болатын. «Түріктер. Орта Азияның түркі халықтарының тарихы бойынша 12 лекция» еңбегінде ол былайша береді: «Ол уақытта (Жошының Енисейдегі қырғыздарды бағындырған, 1218 жыл туралы айтылып отыр-Б.А.) VIII ғасырдағыдай ол кезде қырғыз қағаны болған жоқ: халық екі бөлікке бөлінді.  Нәтижесінде қырғыздардың бір кездері өздерінің хандары болғаны туралы естерінде де қалмады». Одан әрі академик Радловтан Жошыны өздеріне князь ретінде жіберу туралы өтінішпен «ұлы ханға», яғни Шыңғыс ханға өтініш жасағаны туралы қара қырғыз аңыздарынан естігені жөнінде айтады.

«Темір және Ұлығбек жорығы туралы хабарларда қырғыздар туралы бірде-бір сөз кездеспейді, ол алғаш рет Жетісу облысында XVI ғасырдың басында моңғол хандарының бірі Ахмадтың ұлдарының бірі  Халил Сұлтан билік құрған кезеңде аталады; олардың қайдан келгені туралы ештеңе айтылмаған. XVI ғасырда қырғыздар қазақ хандарының билігі қоластында жиі болды және олармен бірге ол кезде бас тартылған Қашғарды иемденген, моңғол хандарына қарсы күрес жүргізді» [2,126 б]. («Тюрки», М., 2015г., с.126).

Бірақ, қалай болғанда да қырғыздар XV-XVI ғасырларда Моғолстан құрамында болды, яғни хандары бар Моғлостанға тәне Шыңғыс хан ұрпағы Шағатай не Жошы ұрпақтарынан болуы тиіс еді?

Егер О.Ж. Осмоновтың оқулығында қазақ-қырғыз одағы құрған Қазақ ханы Есім туралы айтылған болса, онда автор бұған түсініктеме беруі тиіс еді. Сталиндік кезеңде кінәсіз қуғын-сүргінге ұшыраған танымал қырғыздың саяси қайраткері және ғалымы Белек Солтоноев қазақтың Есім ханы тұсында қырғыздар Қазақ хандығы құрамында болғанын көрсеткен болатын.

Қазақ ханы Есім (Есим) Шығай ханның ұлы, Қазақ хандығының негізін салған Жәнібектің тікелей ұрпағы, Түркістан округінде туылған [3,440-441б]. («Қазақстан» Ұлттық энциклопедия, 3-т. 440-441 бетті қараңыз). Есім сұлтанның 1598 жылы үлкен ағасы қайтыс болғаннан кейін, хан болатыны туралы мәлімет беріледі [3,440-441б].

Ал шындығына келгенде қазақтың  ханы Есім қазақ пен қырғыздар бірлігін нығайтуға көп үлес қосты. Халық оны батылдығы үшін «Еңсегей бойлы ер Есім» деп атаған. Кеңесай шатқалында Есімнің құрметіне қырғыздардың ескерткіш белгі қойғандығы айтылады, ал сол кездегі Ташкенттің билеушісі – Есім қырғыздың Көкім биіне мавзолей тұрғызған.

Бес томдық «Қазақстан тарихының» 2-томында сол кезеңдегі өмір мен оқиғалар толық сипатталған [4,427 б]. Қазақтың белгілі ғалымы К. Пищулина әзірлеген үшінші тарауда былайша жазылған: «осы оқиғадан және Тұрсын сұлтанмен арадағы өзара күрестен кейін, Есім хан өзінің қол астындағы қазақ және қырғыз ұлыстарымен Қырғызстанға кетуге мәжбүр болды. ...қырғыз Мұхаммед тарих аренасынан кеткеннен кейін, қырғыздар XVIII ғасырдың ортасына дейін деректерде «қазақ және қырғыз билеушісі» ретінде жиі аталынған [4,427-428 б].  ... Қазақ хандары Тахир, Хакназар, Тәуекел, Есімнің билігін мойындады» [4,428 б].

Қазақ хандары Есім мен Тұрсын туралы мол ақпаратты «Түрік шежіресі» кітабының авторы Әбілғазы қалдырды. Кезінде Әбілғазы Есім ханның сарайында, Түркістан қ., онан соң Ташкент билеушісі Тұрсын ханның үйінде ұзақ уақыт тұрған. Шамамен 1628 жылы Тұрсын хан өлтіріледі де, оның қатаған тайпасына жататын қолдаушылары тарап кетеді. Мүмкін, қатаған-қырғыздар Тұрсын ханның қолдаушылары болған шығар, олар одан да ертерек пайда болуы және Алтын Орда уақытынан бастау алуы мүмкін. Ал қазақ-қатаған тайпасы өзбек не қырғыз халқы құрамында бар. Оның себебі кезінде қатаған тайпасы Тұрсын ханды қостаймыз деп қуғынға ұшыраған.

Сол қайғылы оқиғаның куәгері Әбілғазы былайша жазады: «... Мен Тұрсын ханға тұру үшін келдім. Екі жылдан кейін Есім Тұрсын ханды жансыздандырды және оның көптеген адамдарын талқандады. Сол кезде мен Есім хан: «Менің Сізге келуім, осы екі ханнан да өзіме пайда бола ма деген үмітпен келгенмін, ал сіздерде міне не болды? Мені Имамқұли ханға (Бұхараға) жіберіңіз дедім. Ол «Жақсы, кете бер» деді. Мен Имамқұли ханға кеттім» [5]. (Әбілғазы. «Түркі шежіресі» -416 б.).

Осылайша, О. Ж.Осмонов жазып отырған Эшим-хан, қазақ ханы Есім болуы керек, ал қырғыз тарихшысының айтып отырған Жәңгір ханы, яғни қазақ ханы Есімнің ұлы.

Біз тарихтың объективтілігі және фактологиялық мәліметтердің нақты болғаны маңызды деп есептейміз. Әсіресе бұл, нақты тарихи саяси кейіпкерге, әрі мыңдаған студенттері бар жоғары оқу орындарына арналып отыр.

Кенесары хан өлімінің тарихы бойынша да жаңа мәліметтер жинақталуда. Мысалы, Кенесары қырғыз тайпаларының территориясына кірген соң жергілікті халыққа үндеу тастағаны мәлім.

Көрнекті қазақ тарихшысы Ермұхан Бекмаханов өзінің монографиясында  XIX ғасырдың бірінші жартысында Ресей билігінің Қазақ ордасын империя мен ортаазиялық хандықтар арасындағы буферлік ел санап, осы хандықтарды жаулап алу үшін қазақтар мен қырғыздары бір біріне айдап салу саясатын жүргізгенін дәлелдейді [5,324]. Бекмаханов Е. Казахстан в 20-40-е годы  XIX  века. Учебник. –Алма-Ата: Қазақ университеті. 1992. -400 с.

Бұл пікірді тарихшы Едіге Уәлиханов та қолдайды. Патша өкіметінің Сібір әкімшілігі, генерал Вишневскийдің барлау қызметі  қырғыз манаптарын алдап уәделер, түрлі сый-сыяпаттар жасап, қазақтардың Ұлы жүзін басқартуға үміттендіріп оларды Кенесары ханға қарсы айдап салды-деп жазады кітап авторы [6,170-171].  Валиханов Э. Кенесары. – М.: Молодая гвардия. 2004. -232с.

Тарихшы Жанұзақ Қасымбаев өткен ғасырдың 50-80-жылдарда жарияланған әдебиеттерде Кенесарының «Алатау қырғыздарының жеріне шабуылдарының мақсаттары біржақты сипатталғанын жаза келіп Кенесарының қырғыз манаптары Орман мен Жантайға жеткізген хатының мазмұнын береді: «Менің келген мақсатым қан төгу немесе жауласу емес, қырғыздар мен қара қырғыздардың басын біріктіріп, Қоқанмен жіктелу, жалпы қоқандықтардың озбырлығына қарсы күресу. Бұрынғы арамыздағы түсінбеушілікті мен кешіремін және салауат жариялаймын. Менің сіздерге жаулығым жоқтығын Халча би мен оның 200 жігітін босатуымнан көрулеріңізге болады. Осы хат қолдарыңызға тиісімен жүректеріңіздегі күдіктен, қауіптен арылыңыздар. Маған келіп, мойындайтындарыңды білдіріңдер, бақытқа жетейік, онан кейін үйлеріңе қайтып ораласыңдар. Айтқандарым жүректеріңнен шықпаса, өз тағдырларыңа өздерің жауап бересіңдер»-деп  бір жағынан ортақ жауға қарсы бірлескен   күреске шақырса, екінші жағынан қырғыз манаптарына сес көрсеткенін жазады тарихшы ғалым.

Ж. Қасымбаев бұл хаттың қазақ тарихшысы Е. Бекмахановтың зерттеуінде, қырғыз академигі Б. Жамгерчиновтың монографиясында және кейінгі жылдары жарық көрген  көпшілікке арналған еңбектерінде де жарияланғанын көрсетеді [7,79-80]. Қасымбаев Ж. Кенесары хан. – Алматы: Қазақстан. 1993. 112 бет

Е. Бекмаханов Кенесары ханның орыс орыс отаршылдарымен ауыз жаласқан қырғыз манаптарын жазалау мақсатындағы күресте қарапайым қырғыздардың ауылдарын шауып, мал-мүлкін тонап, адамдарын өлтіріп үлкен қателікке ұрынғанын ашық жазады [5,334]. Бекмаханов Е. Казахстан в 20-40-е годы  XIX  века. Учебник. – Алма-Ата: Қазақ университеті. 1992. -400 с.

Осы оқиға туралы «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясының 4-томында: «Қырғыздардың Жанғараш, Жантай, Тыналы, Төрегелді секілді басшыларына елшілер жіберіп, патша өкіметіне қарсы бірлесе күресу керектігі туралы ұсыныс жасайды. Бірақ қырғыз билеушілері Ресей империясы билігін мойындауға ыңғай берді, ал ол Кенесары ханның ашулы ерегесін туғызды. Сол себепті қырғыздарға қарсы шабуыл жасайды» деп көрсетіліп Кенесары ханның  осы шапқыншылықта қырғыз жерінде қаза тапқаны жазылады [8,502].

Біздің ойымызша, О.Ж. Осмонов осы тақырыпты зерттеген ғалымдардың, оның ішінде т.ғ.д., профессор Ж. Қасымбаевтың және белгілі ғалым, т.ғ.к. Едіге Уәлихановтың еңбектерімен терең танысуы қажет еді.

Бізге түсініксіз бір мәселе, О.Ж. Осмоновтың қазақтардың қырғыз жеріне шабуылын үнемі қайталайтыны. Автордың ойынша, осындай Абылай хан, сұлтан Көкжал Барақ қырғыз манаптарынан үнемі жеңілетін әскерлер болған. Ал шындығында, оқиғалардың басқаша сипаты болғаны туралы бейтарап тарихшылар еңбектерінде  бірнеше рет жазылған болатын.

Сөз соңында жоғарыдағыдай қателіктерді болдырмау үшін қазақстандық және қырғызстандық ғалымдардан құралған бірлескен комиссия құрудың уақыты келді деп білеміз.

Бүркітбай АЯҒАН, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының директоры

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. О.Ж. Осмонов., «История Кыргызстана (с древнейших времен до наших дней), «Бишкек», издательство «Мезгил», 2012 г.

2. Бартольд  В. Тюрки. 12 лекции по истории тюркских народов Средней Азии, М. 2015 г.

3. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия Т.3. – Алматы: Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы. 2001. -720 бет.

4. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). 2-том. –Алматы: «Атамұра», 2010. -640 бет.

5. Әбілғазы. Түрік шежіресі. – Алматы: «Ана тілі», 1992, с. 189-190

7. Бекмаханов Е. Казахстан в 20-40-е годы  XIX  века. Учебник. –Алма-Ата: Қазақ университеті. 1992. -400 с.

8. Валиханов Э. Кенесары. – М.: Молодая гвардия. 2004. -232с.

9. Қасымбаев Ж. Кенесары хан. – Алматы: Қазақстан. 1993. -112 бет.

10. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия Т.4. – Алматы:  Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы. 2001. -720 бет.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?