Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мұстафа Шоқай туралы аңыз

2389
Мұстафа Шоқай туралы аңыз - e-history.kz
1917 жылғы 22 қарашада Қоқан қаласында IV Төтенше Түркістан өлкелік съезі шақырылып, Түркістан автономиясының және оның халық билігі – Уақытша Кеңестің құрылатыны жарияланды

National Digital History Алаш партиясы, Алаш автономиясы, партия көшбасшылары туралы мақалаларды тұрақты түрде жариялап, өз оқырмандарын маңызды оқиғаларға бай сол бір тарихи кезеңге тартуға тырысады. Сонымен қатар портал Алаш тақырыбымен байланысты жобалармен де айналысты.

Алайда, өз идеялары үшін күресіп, өз қағидаттарын алға жылжытуда, маңызды мәселелерді көтеруде қажырлылық танытқан басқа партиялар туралы да ұмытпау керек, оның үстіне партиялар бір-бірімен жиі қиысып-қабысып жататын, сондықтан бір-бірімен араласпауы, бірінің тәжірибесін екіншісі алмауы мүмкін емес еді.

1917 жылдан бастап  Шура-и-Ислами қоғамдық-саяси ұйымы маңызды рөл атқарды, аты айтып тұрғандай, бұл ұйым көптеген діни аспектілерді қамтыды, бірақ, сонымен қатар прогрессивті ағартушылық джадидизм қозғалысын да қолдады, оның мүшелері өркениетті прогресске қарсы келмей, керісінше, заманауи дамуды назарға алуға тырысты.  

Ал олардың қарсыластары – қадымшылар, дін институтындағы реформаларға түбегейлі қарсы болып, қоғамдағы патриархатты сақтап қалуға тырысты. 1917 жылдың жазында Шура-и-Ислами ұйымынан  Шура-и-Улема (қадымшылар) ұйымы бөлініп шықты, оның құрамына ортодоксалды дінбасылар және олардың консервативті ізбасарлары кірді. Олар Советтерге қарсы болып, контрреволюциялық қозғалыс жасауға шақырды. Улемашылар орыс мәдениетінен, білімінен бойларын аулақ салуға тырысты, еуропалық киім үлгісін киюге қатаң тыйым салды, әйелдерге білім алу қажет деп санамады – олардың ойынша, ең маңыздыны әйелдерге күйеулері үйрете алады.

1917 жылғы 15 қарашада Шура-и-Улема өткізген Түркістан өлкелік мұсылмандарының ІІІ конференциясы джадидшылар мен қадымшылардың арасын одан сайын бөле түсті. Бұл кезде Ташкентте Түркістан өлкелік кеңесінің ІІІ съезді өтіп жатты. Конференцияда  Шура-и-Ислами атынан қатысушылар болған жоқ, ал солшылдар мен социалистік мұсылмандар ұйымы шақырту алып, маңызды мәселелердің талқылануларына өз үлестерін қосты.

Түркістан ХКК  құруға жауап ретінде Шура-и-Ислами бастамасы бойынша IV Түркістан өлкелік төтенше мұсылмандар съезі өткізіліп, 27 қарашада (қазақ тілді басылымдарда 28 қараша) делегаттар Түркістанды Ресей федеративтік демократиялық республикасы құрамындағы автономия деп жариялады. Жаңа автономияға «Түркістан мұхтариаты» (Түркістан автономиясы) деген ат берілді, Уақытша кеңес халық билігін білдірді. 

1918 жылғы 20 наурызда жалпыға ортақ, тікелей және құпия дауыс беру арқылы парламент құру шешілді. Мандаттардың үштен екі бөлігі мұсылман дінін ұстаушы депутаттарға, үштен бірі басқа конфессиялардың өкілдеріне тиесілі болуы керек.  

Министр-төраға қызметін атқарған Мұхамеджан Тынышпаев үкімет басшысы болды, бірақ шамалы уақыттан соң оны сол кезде сыртқы істер министрі болған Мұстафа Шоқай алмастырды. Мұстафа Шоқай хақында түрлі аңыздар тарады, олардың ішінде, мысалы, оның Керенскиймен бір курста оқығаны сияқты тұрақты аңыздар да болды. Керенский Шоқайдан тоғыз жас үлкен болған, яғни олардың бірге оқулары екіталай.

Ресейлік билік тарапынан қазақтардың құқықтарына және жәбір көргендерді қорғаушыларға жүргізілген қысымды көрсететін аңыз кең таралған. Шоқайға алтын медаль берілуі керек болған, бірақ Түркістан генерал-губернаторы Самсонов тұрғылықты халықты жек көргендіктен, алтын медальмен басқа бітірушіні марапаттаған. Бірақ айналасындағылардың ашуланғандығы сонша, ақыры медаль Мұстафа Шоқайға табысталады.

Журналист Ю. Числов Дархан Қыдырәлінің «Мұстафа» монографиясында келтірілген фотокөшірмелерге сілтеме жасай отырып, бұл фактіні жоққа шығарады, бұл фотокөшірмелерге сәйкес Мұстафада пәндер бойынша төмендегі бағалар болған:

орыс тілі – 5,

философиялық пропедевтика – 5,

латын тілі – 4,

математика – 5 ,

математикалық география – 4,

физика – 5,

тарих – 5,

география – 5,

заңтану – 5,

француз тілі – 4,

неміс тілі – 4.

Осылайша, Мұстафа Шоқайдың мектеп өміріндегі табыстарына немесе кейбір сабақтар бойынша қандай да бір жетістіктеріне қарамастан, оған алтын медаль берілуі мүмкін емес еді. 

Бірқатар ізденістерден соң бұл фактілердің шын-өтірігін ажыратуға болатын болса, бұдан әрі қарайғы биографиялық мәліметтері шиеленісе түседі.  Мұстафа Шоқай тұлғасына қатысты адамдардың ой-пікірлері әдетте, екі қарама-қарсы лагерьге бөлінеді: бірі оны қазақтардың құқығы мен бостандығы үшін күрескен ұлт қаһарманы санаса, екіншісі соңғы деміне дейін елде қалып, репрессия құрбандарына айналған Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы сынды және басқа да қазақ көшбасшыларына қарсы қойып, оның эмиграцияға кетуінен бастап, оның Германиямен байланысы туралы, өйткені ол совет әскеріне қарсы шығу үшін Түркістан легионын құрмақшы болыпты-мыс деп айыптайды.

Не десе де, Мұстафа Шоқай қазақтарға өз мемлекеттілігін алуға, құқықтарын қорғалуына, тарих пен ұлттық кодтың сақталуына үміт беретін Түркістан автономиясын құру ісіне елеулі үлес қосты.

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?