Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазандағы қазақ жастары

2441
Қазандағы қазақ жастары - e-history.kz
ХІХ ғасыр мен 1917 жылдың аралығында Қазанда оқыған қазақ азаматтарынан кімдерді білеміз: сан мен дерек

Ресей империясы кезінде қазақ ұлтының университет пен институтта білім алған жастары жайында зерттеліп, жинақталған мәлімет өте аз. Қоғам қайраткері, марқұм Ғалым Ахмедов жазғандай, кеңестік тарих ақпараттарында «1917 жылға дейін 22 қазақ ғана жоғары білімді болды» деген ұстанымда болды. Кеңес мемлекетінің ХХ ғасырдың 20- жылдардағы деректерде олардың еңбектеріне байланысты ақпараттар бар еді. Көптеген азаматтар сол кездері қазақ қоғамының белсенді мүшелері болғандықтан, олар туралы айтуға, жазуға болмайтын. Осы олқылықты жоюға тырысып, Қазақ медицинасы тарихы мұражайының қызметкерлері 1974 жылы Алматыда денсаулық саласындағы жоғары білімді зиялылар туралы «Алғашқы қазақ дәрігерлері» атты кітабын шығарды. Бірақ еңбек «Кеңестік компартиялық идеялогияның таразысына сыймайтын, ұлттың ұлтшылдығын қайрайтын кітап» деген солақай шешіммен кітапханалардан жинап алынды да өртеліп кетті.

Сол жылдары тақырыпқа Қазақстанда тыйым салынса, Татарстан Автономиялық Республиканың астанасы – Қазан қаласындағы мемлекеттік университеттің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Рафик Измайылұлы Нафигов өзінің ғылыми еңбектерінде университетте оқыған қазақ жастары туралы үнемі жазып жүрді. Батыс Қазақстандық жерлесіміз Р.И.Нафиговтің бұл тақырыптағы деректерін шәкірттері Савея Мұхамединқызы Михайлова, Алексей Геннадийұлы Циунчукте ғылыми еңбектеріне арқау ете білді. Қазақстан ғылымы тарапынан академик Салық Зиманов, ғалымдар Сәкен Созақбаев, Мұхтар Құлмұхамед құқық тарихына қатысты ғылыми еңберінде сол кезеңдерде жоғары білімді заңгер қазақ азаматтары туралы тарихи деректерді аз да болса, ғылыми айналымға түсіріп, Алаш елі үшін күрестерін халық санасына жеткізе алды.

Абыз академик Салық Зиманов 1982 жылы «Ғылым» баспасынан шыққан «Ресей және Бөкей хандығы» атты ғылыми кітабында Жәңгір ханның тікелей араласуымен Ресей әкімшілігінен қазақ жастарын жоғарғы оқу орындарына оқытуға келісім алғанын нақты тарихи құжаттармен дәлелдеген. Ғалым Бөкей ордасынан төрт талапты жасты 1844 жылы оқуға жібергенін жазды. Тек сол жастардың нақты аты-жөні көрсетілмеген.

Осы тақырыпты кеңес мемлекеті кезінде өз ынтасымен жүйелі зерделеген Ғалым Ахмедовтің 1996 жылы шыққан «Алаш Алаш болғанда» кітабында Әлмұхамед Қуатовтың 1847 жылы Қазан университетін бітіргенін, деректі республикалық газеттің бірінен жазып алғанын, бірақ қай газеттен оқығанын ұмытқанын жазған. Сол төртеудің бірі – Қуатов Әлмұхамед Ахметұлы. Қазан университетінің мұрағатында оның 1844 жылы Қазан университетінің студенті атанғаны, 1847 жылы оқуын бітіргені, 1848 жылы «кандидат» атағы берілгені туралы құжаттар анықталған. Бұл – қазақ жастарының арасындағы алғашқы құқық магистрі екені даусыз.

Қазақ дәріскер жастарының Қазан қаласында оқумен қатар қоғамдық істер мен мәдени шараларға белсенді араласқаны туралы академик Р.И.Нафигов «Ғабдолла Тоқай және оның ортасы» атты кітабында көптеген мұрағат деректерін берген. Қазан университетінің студенттері Иса Қашқынбаев, Әбубәкір Иманбаевтардың Шығыс клубында татар зиялыларының арасындағы пікір бөлісетінін көрсеткен. Қазан қаласында тікелей қазақ жастарының араласуымен қазақ әндерін, өлеңдерін, ертегілерін, салт-дәстүрлері туралы деректерді ғылыми ұйымдарда талқыға салған, 1917 жылға шейін 700-ден аса кітап жинақтарын Қазан қаласындағы баспалардан шығарысқан. ХХ ғасырдың басында Қазанда оқитын қазақ жастарының хоры да болған. Ол деректі халқының өнер зерттеушісі – Геннадий Макаров мырза тара халқының композиторы Сұлтан Габаш мұраларын зерттеген кезде Қазан мұрағаттарының бірінен тауып, құжатты 1996 жылы Батыржан Кенжетаевқа беріп, қазақ жастары орындаған әндерінің тізімін көрсеткен. Атап айтар болсақ: ақынның орындауында «Тойбастар», «Хайлилай-ау» (2-ші түрі), «Сырымбет», «Сәулем», «Ақсаусақ», «Ұлтым-қазақ», «Елім-ай», «Әгугәй», «Жерім-ай», «Үриай», «Гөргәй» және Соқыр қыз, Әмірхан, Құнанбай аға, Киургей, Бек Ахмет әндері.

Татар зиялылары шығаратын «Жұлдыз» газеті 1908 жылы 11 желтоқсанда татар әндері жазылған пластинкада қазақтың «Әмірхан», «Көке» деген әндері де болғанын жазады. «Қояш» газетінің 1914 жылғы №437 санында қазақ Нұрбаевтың орындауында қазақтың «Қарға», «Ғайземжан», «Зылиха» деген әндерін пластинкіге жаздырғаны туралы жазады.

Білімнің арқасында қазақ жастары өз ұлтының мүддесі үшін күресті. Жазған еңбектері университеттің ғалым-ұстаздары арасында жоғары бағаланды. Қазан университеті әкімшілігінің атынан Торғай облысының әскери губернаторына төмендегідей телеграмма келген: «... 1822 жылдың 28 мамырында Қазан университеті Ғылыми кеңесінің шешімімен Жансұлтан Сейдалин курсты бітіріп, кандидаттық диссертациясын қорғағаны үшін «құқық магистрі» атағына ие болды».

Жансұлтан Сейдалин 1867-1868 жылдары Ресей империясының «Дала аймақтарын уақытша басқару ережелерін» талдап, саралай келе қазақ даласына әскери әкімшілік басқару жүйесімен көшпелілер өміріне, салтына қысым жасамауды талап етеді. Керісінше, қазақ басқару жүйесі дала табиғатының климаты мен географиялық жағдайларын тиімді пайдала отырып, малшаруашылығын дамытуға өте қолайлы екенін дәлелдейді. Ол – Қазанда оқыған қазақтар арасында құқық саласында екінші құқық магистрі. 

1844 жылдың 29 мамырында Қазан университеті Ғылыми кеңесінің шешімімен Бөкей Ордасының ханы – Жәңгір университеттің Құрметті мүшелігіне қабылданған. Бұл шешімнің түпнұсқасын құнды жәдігер ретінде Татарстан Республикасының Президенті – Минтемір Шаймиев мырза 1995 жылы Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойы кезінде Алматыдағы Республика сарайында өткен салтанатты жиналыста Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа өз қолымен ресми түрде табыс етті. Бұл құжатты Қазан университетінен Қостанай облысы, Әулиекөл ауданы тумасы, Батыржан Әуесханұлы Кенжетаев тапқан болатын.

«Қазақ жастарының арасынан қаншасы 1917 жылға дейін Қазан қаласында жоғары білім алды?» деген сұраққа зерттеушілер түрліше жауап береді. Ең алдымен бұл мәселемен Жәңгір ханның ұлы Ресей үкіметінің пошта министрі, генерал Ғұбайдұлла Бөкеев сұлтан ресми түрде айналысқан екен. 1882 жылы Санкт-Петербург қаласында Ресейдің Ішкі істер министрлігінде қызмет атқарып жүрген кезінде Орынбор губернаторы Н.А.Бахметовке хат жазып қанша қазақ баласы гимназия бітіргенін, олардың қандай жоғары оқу орындарына түскенін, оқу бітіргендердің қандай қызмет атқарып жатқандарын сұратып: «... Бұл мәліметтерді Дмитрий Андреевич Толстой керек қылып жатыр», - деп жазады. Жауапта екі жастың біреуі Санкт-Петербугке, екіншісі Қазан университетіне оқуға түскенін, бірақ Қазандағы жастың (Өміржан Бекмұхамедов) іш сүзегінен қайтыс болғанын хабарлайды.

Қазақ жастарының Ресейдегі үшінші жоғарғы оқу орны – Қазан Императорлық университетіне түскені туралы қызық дерек Қазан даласын жаулап, халық санасын құлдық құрығына кіргізбек болған идеологтердің бірі – Н.Ильминскийдің Ыбырай Алтынсаринді еске алған жазбасынан табылды. Естелікте 1829 жылы Қазан университетінің адюнкт профессоры И.Халфиннің көмегімен профессор Элтманның алдында жақсы емтихан тапсырған татар Иса Бикмаев пен қазақ Оразалы Құрбанов Қазан университетінің шығыстану факультетіне қабылданғаны туралы сөз болады. Бірақ О.Құрбанов денсаулығына байланысты оқуын бітірмеген.... Кейін Қазақ даласы аймақтарында мектеп ашу туралы жобаларды Ресей әкімшілігіне ұсынып Ы.Алтынсаринге көмектескен. Қазан университетінде оқыған қазақ жастарының алғашқы тізімі тарих ғылымының докторы С.М.Смайлованың 1991 жылы шыққан «Казанский университет в духовной культуре народов Востока России» (ХІХ век) атты кітабының 341-343 беттеріндегі 24-і кестеде №19 Алдияроы Нұрмұхамед Қауменұлының ұлты татар ретінде қате көрсетілген. 336-беттегі 23-кестеде №10 Куатов Альмухамед Ахмедович с 1844-1848 гг. действительный студент, 1848 г. кандидат», - деп жазылған.

2001 жылы Уфа қаласында басылып шыққан «Этномәдениеттер тоғысындағы Батыс Қазақстан» атты кітабында зерттеуші ғалым Г.С. Сұлтанғалиева былай дейді: «1836-1866 жылдары Қазан университетін Орынбор аймағынан 23 жас бітірді, екеуі - қазақ, қалғаны татар мен башқұрттар». Екі қазақтың 1847 жылы шығыс факультетін бітірген Әлмұхамед Қуатов, екінші қазақ белгісіз.

Сол кезеңде Қазан қаласында ғана университет пен ветенарлық институтта оқыған қазақ арыстандарын нақтылай берсек, тарихи деректері қатары толыға түсері анық. Зерттеушілеріміздің еңбектерін пайдалана отырып, Қазан университетінің, ветеренарлық институтының мұрағаттарынан табылған деректер негізінде тізім біршама толықтырылды.

Бақытжан Кенжетаев қазақ жастары Қазан университетіне 1877 жылдан бастап оқуға түскенін, 1917 жылға дейін 37 оқуға қабылданып, 20-ы оқу бітіргенін, Қазан ветеренарлық институтына 18 жас түсіп, 15-і оқуын толық аяқтағанын айтады. Ал Сұлтанғалиева университетке 31 қазақ қабылданып, 21-і оқуын бітіргені туралы дерек келтіреді. 19 қазақ ветеренарлық институтты толық бітіргенін айтады.

Сөз болып отырған кезеңде университетке түскен қазақ жастарының саны – 50, оның 30-ы оқуды ойдағыдай аяқтаған, екеуі қайтыс болып кеткен. 13- түрлі себептермен оқудан шығып қалған не басқа оқу орындарына ауысып кеткен. Тізімнің соңындағы 5 дәріскерді әлі де нақтылау керек. Ветеренарлық институтқа 25 қазақ қабылданып, 22-і оқуын бітірген, екеуі оқу ақысын төлей алмағаны үшін, біреуі денсаулығына байланысты оқудан шығарылған.

Университет пен институт мұрағаттарын жүйелі түрде зерттесек, әлі де талай құжат табылып, сол замандағы белгілі тұлғаларымызды тани түсеріміз анық. Қазан қаласындағы жоғарғы оқу орнын бітіріп шыққан азаматтардың еңбектері мен қоғамдағы өзгерістер толқынындағы тұлғалық келбеттерін саралап, рухани жаңғыру бағдарламаларының кейіпкерлері ретінде аша түсу қажет. Бұл азаматтар өздері тұрған аймақта беделді еді. Бүкіл қазақ даласындағы рухани өзгерістер мен ұлттық қозғалыстардың көшбасшылары болғандықтан, олар АЛАШ туы астында біріге білді. Оларды танып, таныту керек. Мақаланы жазу барысында қолданылған ғылыми деректер алынған кітаптар Қазақстан аумағында басылмаған. Сондықтан бұл кітаптарды мемлекеттік тапсырыспен шығарып, сандық кітапхана базасына енгізу қажет. Қазандағы мұрағат қоймаларында қазақ тарихына қатысты құжаттарды электрондық жүйемен алу үшін Қазақстан тарапынан үйлестіруші қажет. Мемлекеттік мұрағат басшыларының қолы қойылған 4-5 жыл бұрынғы меморандумның уақыты бос өтіп барады. Студент кезімде Қазан университетінің мұрағатынан қазақ жастарының құжаттарын қолыма алғанда Қазақстан тарапынан тұңғыш рет дерек алушы алушы болғаныма қатты күйінген едім.... Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында сөз болғандай, туған жердің патриоттары мен сол аймақтардың айтулы тұлғаларының еңбектері туралы танымдық деректер арқылы тарихи санамызды да, ұлттық діңімізді шыңдай түсетінімізге сеніміміз мол.

Дәлелхан Талыбай

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?