Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әліпби өзгерту арқылы отарлау саясаты

1517
Әліпби өзгерту арқылы отарлау саясаты - e-history.kz
Жазуды өзгерту арқылы халықты тарихи жады мен дәстүрінен ажыратып, миғұла-мәңгүртке айналдырып жіберу барлық отарлаушыларға тән құбылыс болатын

Әрбір халықтың жазу-сызу тарихы және қолданатын әліпбиі бар. Қазақ халқы ХХ ғасырдың бірінші ширегіне дейін араб графикасын қолданып келді. Осы әліпби арқылы кем дегенде 10 ғасырдан астам уақыт бойы ұлттың тарихы, фольклоры, геналогиялық шежіресі, мемлекеттік хат-хабар құжаттары жүргізілді.

Дәл қазір қолымызда бар дереккөзге жүгінсек, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында қазақ фольклорының үлкен-кішілі 200 мыңдай нұсқасы сақтаулы. Атап айтқанда:

  • Батырлар жыры – 92 (әр түрлі нұсқаларымен 300);
  • Тарихи жыр-өлең, әңгімелер –98 (нұсқаларымен 444);
  • Шығыс сарынды дастандар – 81 (нұсқаларымен 215);
  • Ертегілер – 500;
  •  Айтыс – 1550;
  • Мақал-мәтел - 20000;

6 мың бетке жуық тарихи шежіре  бар. Бұл мұраларды жанрға жіктесек:

  • Ертегі – 10 том;
  • Аңыз – 3 том;
  • Шежірелік әңгіме – 5 том;
  • Мақал-мәтел – 4 том;
  • Балалар фольклоры – 5 том;
  • Батырлар жыры – 20 том;
  • Қара өлең – 3 том;
  • Жоқтау – 5 том;
  • Бата – 1 том;
  • Жұмбақ – 2 том;
  • Мысал – 1 том;
  • Діни фольклор – 20 том;
  • Лирикалық өлеңдер – 2 том;
  • Дастан – 10 том;
  • Тарихи жыр – 7 том;
  • Ән өлеңі – 4 том;
  • Нақыл-өсиет – 10 том;
  • Айтыс – 15 том;
  • Әфсана – 2 том;
  • Жаңылтпаш – 1 том;
  • Сөздер – 1 том;
  • Наным-сенімге қатысты фольклор – 1 том;
  • Күй аңыздары – 1 том;
  • Күлдіргі әңгімелер – 2 том;
  • Тарихи өлеңдер – 1 том;
  • Бұралқы сөздер – 1 том (Сейдімбек А. Қазақ жазбалары. //«Қазақ әдебиеті», 1994. 1 көкек).

Бұл жазбалардың көне, яғни, алғашқы нұсқалары түгелдей араб әрпімен таңбаланған. Оның сыртында Қазан төңкерісіне дейін 1200 кітап қазақ тілінде араб әрпімен жарық көрген. Араб әрпі қазақ даласына мұсылман діні арқылы келген.

Бұны отарлаушылардың өздері де мойындайды. Петербор қаласында 1903 жылы жарық көрген «Россия...» атты ғылыми журналда «қазақтың дәстүрлі мәдениетін – тіл табиғатына, ой-пікірін жеткізе білу қабілетіне, бай ауыз әдебиетіне, өнеріне қарап бағалауға болады. Бұлар араб әліпбиін қолданады, ол VІІІ ғасырда қазақ жеріне исламмен бірге келген» делініпті.

Расында, Еуропа жұртты қолданып келген, әлі де қолданып отырған латын қарпі сол халыққа латын шіркеуі арқылы енген болса, орыс, украин, белорустардың жазуы кириллица, яғни славян әліпбиі Константинополь шіркеуі арқылы енді. Ал, Қазан төңкерісіне дейін түркі халықтары қолданып келген араб қарпі ислам діні арқылы енген.

Осы жағдайды толық сараптаған миссионерлер әуелі, түркі халықтарын араб жазуынан айыруды мақсат тұтты. Олар орыс жазуын енгізу арқылы христиан дінінде енгіземіз деп жоспар құрды. Яки, қазақ ғалымы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «Қазақтың жазуы мұсылман дініне байланғандықтан, халықтың санасынан исламды аластатпай жазуын өзгерту мүмкін емес еді».

Жазуды өзгерту арқылы халықты тарихи жады мен  дәстүрінен ажыратып, миғұла-мәңгүртке айналдырып жіберу барлық отарлаушыларға тән құбылыс болатын. Мысалы, Үнді жұртын отарлаған ағылшындар да, сонау қиырдағы Латын Америкасы тұрғындарын отарлаған испандықтар да дәл осы тәсілді қолданды.

Сонымен, ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ жазуын араб графикасынан кирилл графикасына көшіру әрекеті жасалды. 1861 жылы миссионер И. Ильминский араб әліппесінің орнына орыс әліппесін қолдануды өтініп, генерал-губернаторға жоспарлы ұсыныс енгізді.

1862 жылы Орынбор шекаралық комиссиясының бастығы профессор В.В. Григорьев Ильминскийге орыс қаріпін қолдану арқылы қазақша кітап шығаруды тапсырды.

Бұдан бұрын татар халқына орыс графикасы негізінде әліпби жасап берген осы Ильминский болатын. Ендеше татар тілімен үндестік заңы бірдей қазақтарға да неге әліпби жасап бермеске?! Қазақтар үшін орыс графикасын пайдаланып Ильминский жасаған бұл әліпбиді профессор Григорьев: «Сіз жасаған орысша-қазақша әліпби жетілмеген», – деп сынайды.

Бұл істі ары қарай жетілдіру үшін атақты түркітанушы ғалым В. Радлов тартылады. Бұл ғалым 1870 жылы өзінің еңбектерінде түркі тілді мұраларды хатқа түсіру кезінде қолданған әліпбиді негізге алып, кейбір орыс тілінде ұшыраспайтын дыбыстарды таңбалап тағы бір әліпби жасап ұсынады.

Ильминский бастатқан бұл оқымыстылардың әрекеті жайлы әдебиетші ғалым Мекемтас Мырзахметов: «Мұндағы мақсат халықты ғасырлар бойы сұрыпталған тарихи жадысынан айырып, мәңгүртке айналдыру басқа ештеме емес. Бұл адамзат тарихындағы өте қатерлі апат», – деп тұжырымдайды (Мекемтас Мырзахметұлы. Қазақ қалай орыстандырылды. – Алматы, 2011. – 44-б).

Осылай орыс қарпі негізінде қазақтарға арнап жасалған күлді-бадам әліпби пайда болған соң, 1876 жылы патша ағзам қазақтардың арабша әліпбиін жойып, орыс жазуына көшіру туралы жарлыққа қол қойды. Жарлықты іске асыру үшін Ағарту министрі, граф Толстой қазақтардың араб әліпбиін орыс графикасына көшіру үшін Орынбор қаласында арнайы мәжіліс шақырып, нұсқаулар беріп, қазақ ағартушысы Ыбырай Алтынсаринді осы іске пайдалануды тапсырды.

Бұл оқиға жайында Ы. Алтынсарин атамыз: «1876 жылы граф Толстой Орынбор қаласына келіп, әуелі қазақ арасына орысша хат таныту жайлы және бұл іске орыс әліпбиін қолданудың жолын мәселе етіп көтерді. Бұл бастама Орынбор өлкесінің генерал-губернаторы Крижановский, Орынбор оқу округінің попечителі Лавровский, Қазан қаласындағы оқытушылар семинариясының директоры Ильминский және Торғай, Орал облыстары тарапынан қолдау тапты», – деп жазады («Таза бұлақ». – Алматы, 1988. – 133-б.).

Осы жылдары Радлов өзінің «Түрік тайпаларының әдебиет нұсқалары» атты шығармаларын (3-томы қазақ әдебиетіне арналған) 1871 жылы Ы. Алтынсарин де өзінің қазақтар үшін жазған оқу құралдарын осы орыс әліппесімен басып шығарады. Батыс Сібір губерниясының ресми газеті «Дала уәлаяты» 1886 жылдары кирилл графикасымен қазақ тілінде жазылған мақалаларды шығарды. Мақала авторлары: Алтынсарин және Дүйсенбаев.

Әліпби ауыстыру ісі осылай мемлекеттік дәрежеде сипат алды. Оған дәлел – граф Толстойдың 1878 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторына жазған хатында: «Қырғыздарға (қазақтарға) үкіметтік орындарды басқаруды қырғыз (қазақ) тілінде жариялауға тура келген кезде, біз қандай жағдайда да орыс әліпбиін қолданамыз. Жоғары мәртебелім, 4 мамырдағы №26 ұсынысыңыз негізінде қырғыз (қазақ) интернаттарында қазақ тілін оқыту мазмұны да дәл осы әліпбимен жүргізілуде. Далалық жерде де орыс әліпбиі араб әліпбиінен үстемдік алатын уақыт та туады әлі...» десе, Ақмола әскери-губернаторы Батыс Сібір генерал-губернаторына 1877 жылы желтоқсан айында жолдаған хатында: «Қырғыздарды (қазақтарды) орыстандыру үшін олардың қолданысындағы араб жазуын орыс жазуымен алмастыру жүргізіліп жатыр. Оларды араб жазуынан аластатсақ, шетінен сауатсыз болып шыға келеді. Сондықтан осы істі жүзеге асыруды әсте тоқтатуға болмайды, табанды түрде жүргізе беру керек» дейді. (Казахско-русских отношения в XVI-XIX веков. Сборник документов и материалов. – Алма-ата, 1964. – стр. 573).

Бірақ күллі қазақ арасында орыс әліппесі ол кезде кең өріс ала қойған жоқ. Оның себептері:

  • ол кезде қазақ халқы орыс патшасын қалай жек көрсе, орыс тілін де сондай жек көрді.
  • патша өкіметі қазақ жазуын орыс графикасына көшіруді ойластырғанымен, қазақтарда ана тілінде мектеп болып, газет-журналдардың көбейіп, қазақша кітаптардың басылуына қарсы болды, оған жол бермеді.

Тіпті қазақ ауылдарында балаларды өз бетінше араб әліпбиі арқылы хат танытып жүрген молда-ұстаздардың ісіне де тыйым салу көзделді. Бұндай дала мектептеріне баласын оқытқандар заңмен қудаланды. Ө. Әбдимановтың дерегі бойынша, балаларын өз бетінше оқытқан қазақтарға бірінші жолы 10 сом, екінші жолы 30 сом айып салып, үшінші жолы 5-15 тәулік мөлшерінде түрмеге отырғызу туралы үкім шығарылыпты (Тұрсын Жұртбай. «Күйесің, жүрек... сүйесің». Алматы: Қайнар, 2009. 56-б.).

Алаш жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы атамыз 1914 жылы «Қазақ» газетіне: «...Қазақты орысқа аударамыз деген пікір бәрін бүлдіріп отыр. Школдар қазақ тілін жоғалтып, орыс тіліне түсіреміз дейді. Сол үшін балалар орыс әрпімен оқысын дейді... Хүкметке керегі мемлекеттегі жұрттың бәрі де бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, ал халыққа керегі – өз діні, тілі, жазуының сақталуы», – деп жазған. 

Сол сияқты Орынбор өлкесінің генерал-губернаторы, генерал Крыжановский 1879 жылы 11 желтоқсан күні ояздарға жіберген жедел хатында:

  • Торғай мен Орал облыстарының іс қағаздарын қазақ тілінде, орыс әрпінің негізінде жазу қажет;
  • Қазақтардың араб әріпінде іс қағаздарын жазуды тоқтату керек;
  • Қазақ тілінде орыс әрпімен қатынас қағаздарын жазуға болатынына Алтынсариннің орыс әрпіменен жазылған «Қазақ хрестоматиясы» дәлел болсын;
  • Болашақта Алтынсарин әрпімен қазақ тілінде газет шығаруымыз қажет депті.

Жоғарыдағы әліпби өзгерту арқылы отарлау саясаты патшалық Ресей кезінде қазақ даласында толық іске аса қойған жоқ. Себебі, қазақ даласына солтүстіктен үздіксіз келіп тұрған мұсылман татарлар ықпалы мен оңтүстіктен ағылған түркі-мұсылман халықтарының рухани әсері орыстардың рухани экспанциясынан күшті болды.

Бірақ, осы бір қазақ халқын әліпби өзгерту арқылы отарлау саясаты Қазан төңкерісінен кейін де советтік колонизаторлардың қолымен іске асты.

 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, зерттеуші

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?