Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Көшім хан және Қорғалжын-Есіл өңірі

1866
Көшім хан және Қорғалжын-Есіл өңірі - e-history.kz
Сібір хандығының соңғы билеушісі, Шайбан әулетінің ең соңғы мықты өкілдерінің бірі – Көшім хан (1515-1600 жж.). Көшім хан қай жерде туды, қай жерде қайтыс болды?

Кез келген тарихи тұлға туралы зерттеу осы мәселелерді анықтаудан басталады. Қазақ арасындағы әңгімелерге қарасақ, Көшім хан Қорғалжында қайтыс болған. Ел арасында талай заман жоғалмай жүрген осы сөздің жаны бар деген пікірдеміз.

Ең бірінші айтатын мәселе: Көшім хан алдымен қазақ өлкесінің тумасы болуы керек. Ханға арнап ғылыми-көпшілік еңбек жазған белгілі тарихшы Мұрат Әбдіров: «Принимая версию Абулгазы  о происхождении Кучума из династии тюркских шейбанидов, которые остались в казахской степи и не ушли вместе с Мухаммед Шайбани-ханом на завование Средней Азии, можно с большей вероятностью утверждать, что Кучум родился не в Бухаре, а скорее всего в Ногайской орде, то есть на территории Западного или Северо-Западного Казахстана. На это указывают и его тесные родственные связи с ногайскими мурзами Алтыульской Орды, кочевавшей к востоку от реки Эмбы до Аральского моря и находившейся под полтическим и военным влиянием Бухарского ханства» деп жазады (Абдиров М.Ж. Хан Кучум: известный и неизвестный. – Алматы, 1996. – с.37)

Біз Көшім ханның туған жері Өлеңті мен Шідертінің арасында орналасқан, қазақ ертеден «Ақкөл-Жайылма» аталған құтты мекен деп есептейміз. Бұл жер – Дәшті-Қыпшақтағы атақты қоныстардың бірі, Жошы ұлысы аталатын үлкен Еуразиялық ұлыс үшке бөлінген уақытта Ұлытауға Орда Ежен, Еділ бойына Бату, Ақкөл –Жайылмаға Шайбан әулеті ие болып қалған. Егер біз қазақ тарихына Шайбан әулетінің бір қатысы бар деп есептесек, олардың тамырын осы аталған Ақкөл-Жайылмадан іздеуіміз керек. Бұл жер Астанадан аса қашық емес. Өлеңтіні қуалап Ерейменнен асып жүре берсеңіз, тура Әулие Ақкөл деген балығы тайдай тулаған, қамыс-қоғасы шулаған, құс жыртылып айырылған белгілі жерге барасыз. Бұл жердің қазақтары балықты әлі күнге қамыстан қаза құрып аулайды, қазақ даласының өзге жерінде ұмытылған дәстүр. Осы Ақкөлдің жағасында біз 2004 жылы Шайбан ордасын таптық, бүгінгі күні қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр (Артықбаев Ж.О. Ақкөл-Жайылма-хандар мекені //Қазақ тарихы мен этнологиясының мәселелері. – Павлодар, 2007. – 157-188-бб.). Біздің пікірімізше, Көшім ханның туған жері осы Ақкөл-Жайылма, не онымен қатарлас Есіл-Қорғалжын  өңірі.

Көшім хан қай жерде жерленді? Қазақстандық белгілі зерттеуші М. Әбдіров Көшім хан Ресейдің Оңтүстік Орал өлкесінде Челябі облысы жерінде Варна аталатын теміржол станциясы маңындағы Алтын Орда дәуірінен келе жатқан қорымда жерленуі мүмкін дейді: «Можно предположить, что некогда грозный хан Сибири шейбанид Кучум мог быть захоронен на своем родовом кладбище, неподалеку от мавзолея Кесене, там, где находились в то время другие могилы представителей этой династии» (Абдиров М. Хан Кучум: известный и неизвестный. – Алматы, 1996. – с.134). Осы стансаға таяу Үлкен және Кіші Кесене аталатын көлдер бар.  Осы жерде ертеден келе жатқан Шайбан тұқымының қорымы бар дейді зерттеуші. Оның ішінде бүгінгі күні басы бүтін сақталған Кесене аталатын ортағасырлық сәулет өнерінің ескерткіші бар.

Бұл алып құрылыс Тоғызақ өзенінің Үйге құяр тұсына орналасқан, біз Ресей ғалымдары дәріптеген Арқайым қаласына барған сапарымызда осы Кесенеге де соқтық. Таза күйдірілген қызыл кірпіштен салынған бұл ғажайып кесененің қай заманда көтерілгені туралы бірнеше жорамал бар. Жергілікті елдің ішінде кесенені Ақсақ Темір салды дейтін аңыз бар. Бірақ Ақсақ Темірдің жорықтары туралы оның жанындағы жылнамашылар әр сәтін жазып отырған, дәл Кесенеге қатысты мәлімет жоқ. Іргетасы тең төртбұрышты, оның үстіне  жиырма қырлы барабан орнатылған, жалпы биіктігі 20 метрдей. Кіретін есік оңтүстік іргесінде, шығыс іргесінде екі терезе орналасқан. Осы сәулет өнерінің ескерткішін біз ерте орта ғасырлық қимақ-қыпшақ дәуірімен байланыстырған жөн деп есептейміз. Жалпы архитектуралық шешімі, құрылыс өнерінің деңгейі бұл ескерткіштің Еуразия көшпелілерінің аса күшті кезеңінде салынғанын дәлелдесе керек.

Зерттеушілердің ішінде бұл ескерткіш ХVІ ғасырдың соңына қарай тұрғызылды дейтін де пікір бар, бұл қисынсыз және Еуразия тарихының заңдылықтарын білмегендіктен айтылған деп есептейміз. Көшім заманында Кесене сияқты ғаламат құрылыс салатын біздің аталарымызда қауқар қалған жоқ. Әрине, Көшім хан өзіне дейін салынған сол құрылыстың панасына жерленуі мүмкін, бірақ оған да деректер жоқ. Біз Көшім хан тағдырына қатысты деректерді жинақтай отырып хан Қорғалжын маңында қайтыс болды деген мәліметтерді дұрыс және осы жерге жерленсе керек деп санаймыз.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жинақтаған шежірелердің бірінде «Есіл, Нұраның арасында «Тоғанастың тоқсан екі көлі» ноғайлардың егін салған көлдері. «Қызыл мола», «Сұлу там», «Сырлы там», «Хан сүйегі»  деген жерлер сол замандағы ноғайлардың қадірлі өліктерінің моласы екен» дейді. Осы ескерткіштердің ішінде  «Хан сүйегі» атауы қызықтырады. Ол қай заманның ескерткіші, қай билеуші патшаға қойылған ескерткіш, оның қазіргі халі қандай? Біз өз дәуірімізге дейінгі қазақтың хандарына тағзым ете алмасақ, олардың жерленген  моласын күте алмасақ, бізден кейінгі ұрпақ бізді күте қояр ма екен?

Орталық Қазақстан жерінде мен білетін «Хан сүйегі» Қарағанды облысы Токаревка селосы маңында орналасқан Қырық сан Барақ сұлтанның ұлы Бөкей ханның кесенесі. Бөкей 1819  жылы қайтыс болған, ескерткіш те сол кезеңде салынған. Ол әбден қираған, қазіргі уақытта орны да жоқ. Екінші «Хан сүйегі»  Қорғалжын маңында орналасқан болуы керек деген әңгіме бар. Оның басында ескерткіш болды ма, болмады ма, ешқандай дерек жоқ. Көпшіліктің пікірінше осы соңғы «Хан сүйегі»  Сібір патшалығының соңғы ханы Көшімдікі болса керек-мыс. Бұл тақырыпта арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, анықтайтын мәселелер баршылық.

Егер де мен осы тақырыпқа қызығушы жергілікті өлкетанушылардың бірі болсам Көшімге қатысты деректерді сонау Сепкрайдан (северный край) емес, өзіміздің Қорғалжын көлінің маңынан іздеген болар едім.

Г.Ф. Миллер ескі орыс, қалмақ деректерінің негізінде 1599, не 1600-ынші жылдары Көшім ханның Нор-Зайсан көлінің маңында қалмақпен аралас көшіп жүргенін жазады. Тілі бөлек, діні жат, пиғылы жау қалмақтың ортасында береке таппаған Көшім хан біраз уақыттан соң Есіл бойына қайта оралмақ болады, бұл жер  Көшімнің ата-бабалары ертеден мекендеген жұрты еді. Мүмкін Сібірдің соңғы билеушісі өмірінің сонғы сәтін туған жерінде өткізгісі келген болар, топырақ  сол жерден бұйырса деп тілеген де шығар. Жиырма жылдан астам Ресеймен соғысып Сібір хандығының тәуелсіздігін қорғап келген қария шаршаған да болар. Қалай болғанда да қалмақтар Көшімді Нұра өзенінің (деректерде «Нор-Ишим» деп аталады) жағасынан, Қорғалжын көлінің маңынан көргенін орысқа хабар қылған: «В течение некоторого времени  он кочевал около озера Нор- Зайсана... но ...он решил вернуться в Ишимские степи, где надеялся найти свою разбросанную по разным местам семью и своих улусных людей... Калмыки бросились за ним и догнали его на реке Нор-Ишим у озера Каргальчин...» (Миллер Г.Ф. История Сибири. т 1. – М.,1999. – с.293). Бір жазбаларда Көшім  одан да әрі көшіп кетті-мыс делінеді (спасся  поспешным  бегством). Менің  ойымша Көшім хан Корғалжыннан әрі ешқайда да  барған жоқ.  Жасы сексенге келген қария өзге елден не іздейді? Ол осы жерде, Сарыарқаның ортасында  қайтыс болғаны сөзсіз. Ресей жазбаларындағы Көшімді манғыт немесе қалмақ өлтірді-міс дейтін алыпқашпа  өсектердің құйрығы бір тұтам. Жиырма жыл бойы ел-жұртын қорғаған каһарман қарияны өлтіру көшпелілердің әдет-ғұрпына жат. Осы себептен Қорғалжын маңындағы Көшім ханға қатысты атаулар өлкетанушыларға ой салуы керек. Міне, жергілікті өлкетанушының қимылдайтын сәті. 

Көшім ханнан кейін Сібір хандығы үшін күресті оның балалары мен немерелері жалғастырғаны тарихи деректерден белгілі. Орыс қаруына шыдамай Ертістің сол жағалауына, Есіл мен Тобылдың жоғарғы ағысына қарай ығысқан Көшім тұқымы Шайбан тұқымының далалалық қоныстарын өздеріне плацдарм есебінде пайдаланды. Сонымен бірге Сібірдің заңды иелері ретінде олар қашанда жергілікті елдерден өздеріне қолдау тауып отырды.

Г.Ф. Миллер бұл туралы «Важнейшими врагами были сыновья изгнанного хана Кучума. Сами по себе они не были сильны, однако представляли опасность, потому что, татары и дргуие сибирские народы смотрели на них как на законных владетелей страны. После изганания их из города Сибири они жили, беспрестанно кочуя с места на место. Местопребыванием их служила преимущественно обширная степь в верховьях рек Ишима, Иртыша и Тобола, но иногда они доходили и до Яика и даже до Уфимского уезда. Все недовольные и скрывавшиеся от властей вследствие совершенных ими преступлений бежали к ним. Они жили со своими людьми в юртах, питались, как и все степные народы, от скотоводства, охоты и грабежей, причем грабили по большей части на русских границах» дейді (Миллер Г.Ф. История Сибири. т.2. – М.,1939. – с. 31-32).

Ресей деректеріне қарағанда 1600 жылы Көшімнің төрт ұлы Есілдің жоғарғы ағысында көшіп жүр: «...и тотарин де им сказал, что они тобынцы, а ходят деи вместе с сырянцы; а сырянцов деи тобинцев боица человек с полтретьяства, а с женами и с детьми человек с 300; да у них же де Кучумовых детей 4 царевичи: Канай царевич, а иных де имен не  сказывал». Бұл деректе Көшім балаларының жанында шығыс башқұрттың табын аталатын руы және башқұрт ішінде жүрген коми-зырян топтары туралы айтылса керек. Бұлар шамасы Уфадан немесе Түменнен қашып Көшім балаларына қосылып отырған орысқа қарсы елдер. Сібір татарларының көпшілігі, әсіресе Тарск татарлары қашанда Көшім балаларын қолдап, кез келген сәтте оларға жәрдем жасауға дайын отыратыны деректерден белгілі. Өзге деректерде Қанайдан басқа Әлей, Әзім, Көбей-Мұрат аттары аталады. Орыс үкіметі оларға қарсы әскер аттандырмақ болып дайындық жұмысын жүргізіп жатқанда Тоболға Көшімнің кенже ұлы Көбей-Мұрат елшілікке келді делінеді. Көшімнің өзге балалары да  келісім сөз қалай болар екен деп Есілдің жоғарғы ағысынан көшіп Тобылдың басындағы Алакөл не Шұбаркөл (Пестрое озеро) деген жерге келіп қонды.

Кейіннен Сібір үшін күресті жалғастырған Көшім немересі Дәулеткерейдің де қонысы Есілдің жоғарғы жағы. Г.Ф. Миллер «по другим известиям, полученным в то же самое время из тех же мест, стан царевича Девлеткерея находился на Ишиме под утесом Мунчаком (Бұланды-Моншақ – Ж.А.), около озера Акушлы, богатого рыбой, которою он и его люди вследствия отсутствия мяса главным образом питались. К концу августа Девлеткерей отправился на охоту, оставив в стане без защиты свою жену и жену царевича Аблая вместе с детьми. Десять человек татар во главе с уфимским перебежчиком были отправлены Девлеткереем в Бухару для торговли. Чурасцы, постоянные союзники Девлеткерея, всегда сопрвождавшие его в набегах, во главе с Башканом, сыном тархана Баатыря, кочевали на  росстоянии одного дня пути от него в сторону Иртыша...» (Миллер Г.Ф. История Сибири. т.2. – Москва, 1939. – с. 127). Орыстар  Дәулеткерейдің аңда жүргенін пайдаланып оның қатын-баласын қолға түсіруді ойластырады, есептерге қарағанда Түмен мен Дәулеткерей ордасының арасы 20 күндік жол. Дәулеткерей сұлтан туралы тағы да бір мәліметтерді алып келген бояр баласы Карп Чоглоков Дәулеткерейдің қалмақтың Елден тайшысымен қосылып Сібірді шаппақ болып дайындалып жатқанын айтады. Басқосу «Нура-Ишим» деген жерде (урочище) болған. Дәулеткерейдің қол астында 300, Елден тайшыда 1000 жауынгер бар. Бұл деректерде аталатын  Ақмола қаласына таяу Нұра мен Есіл өзендерінің арасына орналасқан аймақ болса керек деп жоспарлауға болады, Нұра сөзі бұл жерде  «Нор» мағынасында да қолданылуы мүмкін.

Тағы да бір деректерде Дәулеткерей сұлтан Шідертіде орда тікті деп айтылады: «а Девлеткерей де Кучюмов внук кочует за Ишимом же на урочище на Чидертеи  речке, от Тарханова улуса вени ближе...» (Миллер Г.Ф. История Сибири. т. 1. – Москва, 1939. – с. 522).

Көшім балаларының ішінде 1601 хан сайланған Әли (Әли Арсылан) аты белгілі, одан басқа Қанай (шешесі Саураннан), Әзім, Есім (Аман Қарағай деген жерде аттары аталады), Шуақ, Алтынай, Әбілқайыр, Асманак, Бердімұрат, Бипатша, Кедей, Молла, Шайым деректерде аталады. Осылардың арасынан Кедей аты біздің өлкеге бір табан жақын болуға тиісті, мүмкін Қарағайлы шоқы маңында Алаш тас жолымен келе жатқанда кездесетін Кедей өзені осы Көшім баласы Кедейдің атына байланысты қойылған болар. Бұл – жанға да, малға жайлы, оның үстіне шоқтай болып  шоқы басында қалың қарағай өскен мекен.

Көшім немерелерінің ішінен Арсылан, Абылайкерей, Дәулеткерей, Тәуке, Бұқа, Хансүйер, Күшік (Есім немересі) аттары тарихи құжаттардан кездеседі және әлі де анықтауды керек ететін мәселелер бар.

Тек қана Көшім емес, Қорғалжын – қазақтың бергі хандарының тағдыры тоғысқан жер. Жергілікті қариялар Қорғалжында Абылай ханның болғаны туралы әңгімелерді айтады. Теңіздің жағасында Абылай аталатын жер де бар. Сонымен бірге тарихи жазбалардан Абылай немересі Ғұбайдолланың да ХІХ ғасырдың басындағы аласапыран кезінде Қорғалжында болғаны туралы деректер табамыз: «Габайдулла в знак протеста откочевал из пределов Кокчетавского округа к озеру Кургальджино, где вскоре был задержан властями» делінеді орыс құжаттарында.

Бұл оқиға Сібір облысының басшысы Броневскийдің жазуына қарағанда 1825 жылы, яғни Көкшетау дуаны ашылғаннан кейін болған оқиға:

«Малая часть только старшин, тюленгутов и султанов увлечена беспокойным Габайдуллою в дальние степи на оз.Кургальджин, расстоянием от приказа (Көкшетау дуаны –Ж.А.) 400 верст. Кто именно те, кои остались при Габайдулле, прилагается у сего записка, прочие все возвратились с летних кочевок, по обыкновению, на прежние зимовки и бывают по своим делам в приказе и для мены с казаками... Состояние умов у киргиз и понятия о порядке нового управления не одинаковы: султаны по связям родства с Габайдуллою не благопрятствуют оному, большая часть киргиз, кои знакомы с обычаями нашими, или так сказать обрусели, хорошо отзываются о новом порядке...» (Казахско-русские отношнения. – Алма-Ата, 1964. – с. 222-223).

Ғұбайдолланың Көкшетаудан Қорғалжынға көшу себептерін Броневский анық жазбайды, қазақ шежіресіне қарасақ әңгіме басқаша. Ең алдымен Ғұбайдолла мен Торайғыр би Қытайдан елшілік шақыртып, келген делегацияны Баянаула жерінде оларды қарсы алған. Қытай елшілігімен Ғұбайдолланың кездесетін күні  ханды орыстың Карбышев бастаған жазалаушы әскері ұстаған. Қытайлардың атына хандық атақтан бас тарту жөнінде хат жазғызып, Торайғыр би екеуін Омбыға алып барып бірнеше ай абақтыда ұстайды. Тек Қытай үкіметінің Ресей императорына жазған мәлімдемесінен кейін және Орта жүз қазақтары Қасым төре бастап бас көтеретін болған соң қорқып, орыс үкіметі хан мен биді босатады. Ресей сыртқы істеріне басшылық жасаған граф Нессельроде Омбы басшыларына өте ренішті хат жазып, жылдам арада тұтқындардың босатылуын талап етті. Ғұбайдолла осы оқиғадан кейін Көкшетауды тұрақ қыла алмай, Қорғалжынға келген болады.

1781 жылдың ақпан айында Абылай хан қайтыс болғаннан кейін, қазақтың ханы болып қазақ елінің жақсылары жиналған кеңесте (Абылайға Қараой деген жерде ас берген кезде) оның үлкен ұлы Уәли сайланды. Патша үкіметі оның билігін әлсірету үшін сұлтандар мен билердің сепаратистік толқуларын қолдап отырды. 1817 жылы патша әкімшілігі Орта жүзде екінші хан сайлауын ұйымдастырды, ол Барақ ұлы Бөкей еді. Бөкей хан 1819 жылы және Уәли хан  1820 жылы өлгеннен кейін Орта жүздің жаңа ханы бекітілмеді. Уәлидің орнына ел басшылары ұсынған Ғұбайдолла патша өкіметі тарапынан қолдау таппады. Ел басшыларының арасында да ынтымақ пен ауыз бірлік азайды. Ғұбайдолланың кезінде Көшім хан қорғалаған Қорғалжыннан пана іздейтін кезеңі осы.

Қазақтың ұлан-байтақ даласының басқа бір нүктесін таңдамай, дәл осы Қорғалжынға тақтары шайқалып, бақтары тая бастаған хандардың келетін себебі мен үшін түсініксіз. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?