Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#АЛАШ100: АЛАШ ФИЛОСОФИЯСЫНЫҢ ҮШ АНЫҒЫ

1689
#АЛАШ100: АЛАШ ФИЛОСОФИЯСЫНЫҢ ҮШ АНЫҒЫ - e-history.kz
Қазақ философиясының ежелгі бастауы – түркі философиясы болса, жаңа замандағы қайнары – Алаш философиясы болатын

Алаштың 100 жылдығына арнаймын!

Өркениет жолына түскен Қазақ Елінде қазақ философиясы қалыптасты. Қазақ философиясы негіздерінің бастысы – Елдік сана тәуелсіздік алған жылдары жақсы бой көрсетті. Ал, сол қазақ философиясындағы Елдік сананың бастауы – Ел болу идеясының қайнары қайда еді? Қазақ философиясының ежелгі бастауы – түркі философиясы болса, жаңа замандағы қайнары – Алаш философиясы болатын.

Біз осы ойымызды, осыдан он жыл бұрын Астана қаласының әкімдігі мен Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасы Елорданың 10 жылдығы мен Алаш қозғалысының 90 жылдық мерейтойына арнап «Әлем қазақтарының рухани сұхбаты: тіл, мәдениет және Алаш мұраты» атты халықаралық конференция ұйымдастырған кезде «Алаш философиясы әлем қазақтары мәдениеті контексінде» деген тақырыпта жасаған баяндамамызда айтқан едік. Сол баяндамадан үзінді келтірейін: «Ұлттық танымдағы ізденістер өз кезегін тосып тұр. Сол ізденістің бірі, бүгін алғаш рет осы мінбеде ұсынылып отырған – Алаш философиясы. Мен Алаш философиясы Қазақстан өркениетін қалыптастырудағы қазақ философиясының алтын қазығы деп танимын. Бұл бүгін айтылмағанмен, ертең айтылар ақиқат» [1,163].

 Шындығында, Алаш философиясы – феномендік құбылыс, этнотұтастық таным барлығының(болмысының) көрінісі. Қазақ халқының біртұтас ұюына ғаламат ықпал еткен, еркіндік рухына ту байлаған Алаш философиясының  ашылмаған анықтары көп. Бүгін сол Алаш философиясының концептуальды үш анығына тоқталмақпын. Алаш философиясының тайға таңба басқандай үш анығы қайсы? Оларды түстеп айтсақ, мыналар – Алаштың саяси философиясы, Алаштың білім философиясы және Алаштың ғылым философиясы.

***

Бірінші анық туралы ой. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ширек ғасырда жүргізген сарабдал саясаты – Қазақ Елін әлемге танытып қана қойған жоқ, қазақ саяси философиясының феномендік құбылыс ретінде қалыптасуына жол ашты. Әлем қазақтың саяси концепциясына назар аударды. Ендеше ол –  қазақ философиясының ғылыми айналымға молынан қосатын метатақырыбы. Бір ғажабы, қазақтың саяси философиясының бастау қайнарының бірегейі – алаштың саяси философиясына алғаш назар аударған да – Елбасы болатын.  Өзінің «Алаш мұрасы және осы заман» мақаласында арнайы терең тоқталған, соған назар аударайық: «Ұлттық саяси ұйымның жасақталуының өзі отандық тарихымызда жеріне жете зерделенбей келеді. Оның үстіне кезінде «Алаш» партиясының жетекшілері ұсынған көптеген қағидалар бүгінгі күнге дейін өз маңызын сақтап отыр» [2, 153-181].

Шындығында, Елбасы айтып отырған «бүгінгі күнге дейін өз маңызын сақтап отырған көптеген қағидалар» қайсы? Алаш алыптары ұсынған саяси құндылықтар болмысы қандай еді? Осы сауалдар жауап іздейді. Патшалық биліктің Қазақ жерін отарлау саясатының шегіне жетуі, өзіне «бумеранг» болып тиді. Сана оянды. Алаш идеясының нәтижесінде Алаш қозғалысы дүниеге келіп, «Алаш» партиясы мен Алашорда(Ұлт кеңесі) үкіметі құрылды. Алаш танымы сананы өзгертті, санада бар нәрсені оятты. Елдік сананы оятқан саяси танымы биік тұлғалар мақсаты не? – деген сауалға академик Мәмбет Қойгелді еңбегінде мынадай ой айтқан: «Егер біз қазақ зиялыларының қызметін алдын ала дайындалған белгілі бір идеологиялық схемаға салмай нақты деректерге сүйене отырып, объективті негізде халық өмірімен, оның сол тұстағы негізгі табиғи мүдделерімен байланыста қарар болсақ, онда патшалық тәртіп жандарм орындары айтқандай «сепаратистік» әрекетті де, большевиктік идеологтар «дәлелдеп» қойған «буржуазиялық ұлтшылдықты» да көрмейміз, қайта империяның темір құрсауындағы елін бостандық, теңдік және туысқандық жолына алып шығу үшін өздерінің азаматтық күш-қуатын, адамдық бар қасиетін арнаған ерліктің үлгісін көреміз» [3,467]. Бұдан нені байқадық, алаштың саяси философиясының тірек ұғымдары – ел бостандығы, теңдік, туысқандық, азаматтық күш-қуат, адамдық қасиет екен. Алаштың саяси философиясында басқыншылық таным мүлде жоқ, қамқорлық таным бар.  Хакім Абай айтқан «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген ізгілік жолында екенін көрсетті. Алаштың саяси философиясы әділеттілікке құштар, ендеше оның танымы теңдікке қол созған – онтологиялық ақиқат, сондықтан оны адамдық қасиеттен шыққан ерлік деп танимыз.

***

Екінші анық туралы ой. Алаштың білім философиясы ХХ ғасыр басындағы Елдік сананы оятқан Алаш философиясының ең арналы саласы, феномендік құбылыс болды. Алаштың білім философиясының корпусы сан-салалы, ол – елде білім мәселелерін шешуге бағытталған. Алаштың білім философиясы дегенде, әлем де  қарап жатпаған еді. Білім жарысы басталған. Қалып қою қауіпті бар болатын. Білім философиясы ХХ ғасыр басында әлемдік мәселе болып, әр жерде «вулкандық» әдіспен зерттеліп, оның мәні туралы тұшымды ойлар айтыла бастады. Мәселен, аналитикалық білім философиясы АҚШ-та, Англияда, Авсралияда т.б. дамыды. Білім философиясының әр бағыттағы ірі өкілдері И.Шеффлер, Р.С.Питерс, Е.Макмиллан, Д.Солтис, К.Поппер, Г.Здарцил, К.Кернштейнер, Э.Шпрангер, К.Роджерс, М.Бубер, М.Шелер, В.Фишер, И.Гессен, У.Долл және Л.Н.Толстой т.б. болды. Әлемдік білім философиясының бастауында Платон, Аристотель, Әл-Фараби т.б. тұрды. Алаш алыптарының алдында Хакім Абай тұрды: «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез».

Әлемдік білім философиясының дәстүріне сай Алаштың білім философиясы институциальды тұтастықта дамыды. Ұлы дала төсінде мектептер, басқа да білім ошақтарын ашу, оқулықтар жазу, газет-журналдар ашу, білім мен тәрбиеге қатысты танымдық-әдістемелік мақалалар жазу, түрлі бірлестіктерде білім мәселелерін, білім теориясы мен концепциясын талқылау, т.б. көптеген мәселелерді қарастыра келіп, соның нәтижесінде ұстаздық философияның жаңа бағыттарын көрсету, теориялық білімнің іргелі құндылықтарын ашу – Алаш алыптары қалыптастырған Алаштың білім философиясының концепциясы болды. Алаш алыптары мақсат қылып қойған мәселелердің ішінде – Білім мәселесі, сол қоғамның басты құндылығы ретінде қарастырылды. Олай болатын себебі, білім философиясының субъектісі – адам, ал –  білім адам болмысындағы басты құндылық. Алаш алыптарының мақсаты – білімді тұлға, білімді қоғам, білімді мемлекет болды. Ұлт ұстазы – деген қасиетті бағаны халық Ахаңа, Ахмет Байтұрсыновқа бекер берген жоқ. Ұлт ұстазы әлемдік білім философиясына ерекше назар аударды, сондықтан білімнің мәнін атап көрсеткен еңбектер жазды. Соның бірі – «Білім жарысы» деген мақаласында: «Қазақ арасында білім жайылуына, әуелі, оқу үйрететін орындар сайлы болу керек, екінші, білім тарататын кітаптар жақсы боларға керек һәм қалық арасына көп жайыларға керек. Осы мақсатқа жетуге зор себепкер болатын істің бірі – білім жарысы» дейді [4,256]. Ахмет Байтұрсынов халқын даналыққа құштар болуға қарай қамшылап отыр, жарыстың зоры қайсы екенін атап айтып отыр. Сондай-ақ, «Айқап» журналында жарық көрген «Аз уақытта көп білудің басы» деген мақаласында ғасырлық танымнан хабар беріп, жол көрсеткен: «Әрбір жүз жылда көтерілген, құпталған жұмыстармен замананы мінездеу(бір қалыпта кіргізу) бар. Үстіміздегі ХХ ғұмыр(ғасыр) «білім ғасыры» деп айтылады. Кім біледі, түзу жолмен жүріп кетсек, һәм базардың қызуында кез-келген болып жиырмасыншы ғұмырда балаларды бәйгеге қоссақ, алдымен келіп бәйге алмасақ та, бөлініп қалмасақ жарар еді» [5, 82-83]. Осылай күннің, айдың, жылдың алдыға шыққан мәселесін емес, ғасырдың тұтас болмысын ашар құндылық – білім екенін көрсетіп  отыр. Білім жарысы – тай жарысы емес, ол – аламан жарыс, ұзаққа, ғасырға кететін жарыс екенін танытып отыр. Әлемдік білім кеңістігіндегі ұлы жарыстан Ахаңның, Ахмет Байтұрсыновтың үміті бар.

***

Үшінші анық туралы ой. Алаш философиясының іргелі және инновациялық бағыты – Алаштың ғылым философиясы. Мен қазақтың белгілі журналисі Мая Бекбаева түсірген «Тайны и судьбы великих казахов» – Ахмет Байтурсынов» атты деректі фильмде, сондай-ақ, «Егемен Қазақстан» газетіне журналист Азамат Қасымға берген «Алаш алыптары –  пассионар тұлғалар» атты сұбхатта мынайдай ой айтып едім: «Пассионарлық тұлға деген ұғым бар. Бұлар өте зор қуатпен, ерекше қарқынмен келетін адамдар. Олар Отан үшін, ел үшін тек алапат құлшыныс, айрықша ынтамен ғана емес, зор біліммен еңбек етті. Мәселен, Ленинді,Сталинді алайық. Екеуі де үлкен тұлғалар. Бірақ олар ұстанған саяси бағыт аренадан кеткен соң, олардың тұлғалық болмысы да солғын тартты. Ал енді өзіміздің Ахмет Байтұрсыновты алайық. Егер бүгін біреу осы тұлғаның саясаттағы еңбегін жоққа шығаруға ұмтылса, ар жағында әдебиеті тұр, әдебиетін алып тастаса, тіл білімі тұр, тіл білімін алып тастаса, көсемсөзі тұр, көсемсөзін алып тастаса, ақындығы тұр. Яғни, бұл кісілер энциклопедиялық, полифониялық, бір басына сан саланы тоғыстырған ұлы тұлғалар. Бұларды халықтың ұнатқаны – олар өнерде де, саясатта да, жұртқа қызмет жасау тұрғысында да өте адал болды». Алаш алыптарының әрқайсысы әр ғылым саласының басында тұрды. Қазақ ғылымына дем берді. Бұл, шын мәніндегі – рас.

Ғылым философиясы ХХ ғасырдың екінші жартысында өз орнын философияда нық алса, «ғылым философиясы» ұғымының ғылыми айналымға енгеніне ғасырлар өткен. Ғылым философиясының арнасы кең, ол тарихи әлеуметтік-мәдени білімді тұтас қамтиды. Философия тарихына сүйенсек Еуропаның дәстүрлі философиясы ерте бастауында ғылыммен байланыста дамыды. Елдің көкжиегін көркем ету үшін ғылым керек екенін Алаш алыптары анық білді. Сондықтан олар барлық ғылым саласын дамытуға ұмтылды. Алаш алыптары «Қазақ» газетінің маңдайына – Киіз үйді салып, оның түндігін батыстан ашуын былай түсіндірген: «Киіз үй – киіз туырлықты халық. Үйдің түндігі ашық, есігі жабық болуындағы мағына: түндік – жарық беретін жол, есік – түрлі заттар кіретін жол дегендік. Жарық жолы ашық, еркін болсын, түрлі заттар кіретін жол есігі еркін болмасын делінген еді. Түндіктен түсетін жарыққа өнер-ғылым енгізілген еді. Түндік күнбатыс жағынан ашылуы өнер-ғылым Еуропа жағынан күшті болған себепті қазақ ішіне Еуропа ғылым өнері таралсын деген мағына еді. Үйдің есігі Қазақ деген сөзден жасалған. Ондағы мағына «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі болсын, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болынсын делінген еді» [6].

Әлемде ғылым философиясын назарда ұстаған «Вена кружогы» сияқты, т.б. көптеген бағыттар шындығында батыста пайда болды. Соның ішінде, ғылымды жақтаған, немесе, ғылымды даттаған ағымдар пайда болды, соның нәтижесінде «ғылыми соғыс» ұғымы да дүниеге келді. Енді не істеу керек? Түрлі пайымдаулардан кейін қазіргі заман әлемінде жоғары оқу орындарында ғылымның бастау бұлағында тұрған магистранттарға ғылым философиясы оқылатын болды. Бұл – ғылым дұрыс жолмен дамымаса адамзаттың жойылып кету мүмкіндігі бар деген ойдан шыққан. Ғылымға баратын адам ғылым философиясын оқуы керек. Біздің ойымызша, Алаш алыптарының адамдыққа негізделген танымы ғылым философиясына керек. Ғасырлардан терең тамыр тартқан түркі даналығы – таным мен сенімді қатар ұстаған. Орнын ауыстырмаған. Ғылымға баратын адамның – ақыл көзінде Шәкәрім айтатын – Ар білімі болғаны жөн.

***

Алаш философиясының үш анығын қарастырғандағы мақсатымыз – барар жолды белгілеу болды, бұл, белгілеу – болашақта осы мәселелерді жүйелі зерттеуге мүмкіндік бермек. Алаш философиясы жаңа замандағы қазақ философиясының басы, мұхит тектес терең таным. Сондықтан, Алаш философиясының басқа да дін философиясы, өнер философиясы, заң философиясы, билік философиясы т.б. арналы салалары да болашақта арнайы қарастыруды талап етеді.

ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Шаңбай Т.Қ. Алаш философиясы әлем қазақтары мәдениеті контексінде// Әлем қазақтарының рухани сұхбаты: Х.а. ғыл.-теор. конф. материалдары/ Құраст: Е.Тілешов, Г.Әріпбекова, О.Сүлейменов. – Алматы: «Сардар» баспа үйі, 2008. – 364 бет.
  2. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра, 1999. – 296 бет.
  3. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. Бірінші том. – Алматы: «Мектеп» баспасы, 2008. – 480 бет.
  4. Байтұрсынұлы А. Білім жарысы// Ахмет Байтұрсынов. Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, публ. Мақалалар және әдеби зерттеу/ Құраст. Р.Нұрғалиев. – Алматы: Жалын, 1991. – 464 бет.
  5. Байтұрсынұлы А. Аз уақытта көп білу жолының басы.// Айқап,1912. №4. 82-83 беттер.
  6. «Қазақ» газетінің редакциялық «Орда гербі»(таңбасы) мақаласы. // Қазақ. 1918. 15 январь.

 

Шаңбай Тұрдықұл Қасенұлы,

Алаштану ғылыми-зерттеу орталығының директоры

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?