«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Смағұл Сәдуақасұлы сүйегінің Астанаға жеткізілуі

4238
Смағұл Сәдуақасұлы сүйегінің Астанаға жеткізілуі
Ол соңғы жылдарда Отанына қайтқан алаш қайраткерлерінің алғашқы буыны болатын. Оның әкесі төрт жылдан кейін Алаш арысының әкесі болғаны үшін жазықсыз қуғын сүргінге ұшыраған

2011 жылы Астанаға көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, белгілі ағартушы, Қазақ автономиясы ағарту саласының министрі, қазақтың ұлтжанды азаматы, өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Мәскеуде жұмбақ жағдайда қайтыс болған Смағұл Сәдуақасұлының сүйегі Қазақстанға жеткізілді. Астана әуежайы Алаш қайраткерлерінің бүгінгі ұрпақтарымен толығып, елге келген Смағұл Сәдуақасұлының сүйегін бүтіндей Қазақ жұрты болып қарсы алған болатын.

Бәрімізге мәлім болғандай оның денесі өртеліп, сүйегі кішігірім сауытқа салынып, Мәскеудегі Дон зиратының аумағына қойылған екен. Шағын ғана патриоттар тобының күшімен (С.Касымов, Д.Қамзабекұлы) оның сүйегінің күлі елге жеткізіледі.

Ол соңғы жылдарда Отанына қайтқан алаш қайраткерлерінің алғашқы буыны болатын. Оның әкесі төрт жылдан кейін Алаш арысының әкесі болғаны үшін жазықсыз қуғын сүргінге ұшыраған. Туған туыстары «халық жауының туысы» ретінде әрдайым қорқынышта, қуғында өмір сүрген. Алаш қайраткерінің сүйегінің күлі Астана қаласындағы «Жастар» шағын ауданындағы мұсылман зиратына жерленген.

Білім алуы және қалыптасу кезеңі. Смағұл Сәдуақасұлы 1900 жылы Ақмола облысы, Омбы уезі, Қорған болысында дүниеге келген. Керей тайпасының, Малай-бақтыбай тармағынан. Олар Ертіс маңындағы Омбы аумағын XIII ғасырдың басында Шыңғысхан әскерінің шабуылынан кейін мекендесе керек.

Смағұл бала кезінен бастап білім алуға деген құштарлығы жоғары болған. Алғашқы сауатын ашқан жергілікті ауыл молдасы Әбила Қуанышұлы. 1915 жылы халықтың сүйікті ұлы Омбы облысындағы Полтава орыс-қазақ училищесін үздік бағамен тәмамдайды.

1916-1918 жылдары Омбы ауылшаруашылық училищесі мен Омбы ауылшаруашылық институтының кооперативтік факультетінде білім алады. 1915-1916 жылдары туған ауылында халық мұғалімі болып жұмыс істейді. Ал 1931 жылы жаңа білім алуға деген талпынысы, сол жылдардағы беделді оқу орны Мәскеу инженерлік транспорт институтына түсуіне себепші болады.

1917-1918 жылдары Смағұл Омбыдағы «Қазақ» жастар ұйымының оң қанатының жетекшісі бола отырып, Алаш қозғалысы ұстанымындағы «Жас азамат» («Молодой гражданин») жастар ұйымы басқармасының хатшысы болып сайланады.

1918-1920 жылдары Ақмола облысы аумағындағы земство басқармасының қызметкері және мұғалімдер курсының оқытушысы қызметін атқарған. 1920 жылы 20 жасында Ресей коммунистік жастар одағының Сібір бөлімшесі бюросы, қазақ-татар бөлімінде, Орталық Комитеттің Шығыс жастары Одағының мүшесі, Ресей коммунистік жастар одағының облыстық комиссариат хатшысы болып қызмет атқарған.

Ағартушылық және мемлекеттік қызметі. Өзінің жастығына қарамастан «Кедей сөзі» («Голос бедняка») Омбы облыстық газетінің редакторы болып сайланған. Қоғамдық жұмыстарға айырықша белсене араласуынан ол «Ұшқын», «Еңбек туы» газеттерінің редколлегия мүшесі қатарына қосады. 1920 жылғы Қазақ автономиялық құрылтайшылық съезінде ОАК КАКСР Кеңесінің мүшесі, Қаз ОАК саяси хатшысы болып сайланды.

Смағұл өмірінің соңына дейін қазақ мемлекеті мен оның аумақтық тұтастығын қорғап келген азамат. Ол Қазақстанның ішкі шекарасындағы барлық даулы мәселелердің толықтай зерттеліп, шешілуін, қазақтар мен қоныс аударушы шаруалардың аралық жер бойынша туындаған шиеленісті жағдайлары туралы жиі сөз қозғап отырған: «Бәрімізге белгілі болғандай, қазақтың жерінде орыс казактар отарлау саясатын жүргізген уақытта қоныс аударушы шаруалармен түгелдей бұл аумақ толығып кеткен болатын. Жердің құнарлысына, өзен-көлдер мен орман шетіне шаруалар қоныстанып келді. Патша өкіметі тұсында орыс поселкелері қазақтардың әкімшілік болысынан шалғай жерде орналасуы бүгінгі күнге дейін сақталып отыр. Егерде біз экономикалық қағидаға сүйеніп отырсақ, қырғыз болыстарының басым бөлігін орыстар отырған қоныстарға қосуға мәжбүрміз. Олардың біріккен жұмысы қандай болмақ, осыдан шығатын нәтижеге көзіміз анық жетіп отырған жоқ. Өкінішке орай, бүгінгі таңда біз аралас түріндегі бірде бір болысты көрмей отырмыз. Біз осыған тәжірибе жасап көруіміз керек, сонда ғана дамудың жаңа кезеңіне аяқ басамыз. Бұл мәселе өте салмақты және оған ойланып барып шешім қабылдауымыз керек» деген.

Айтпақшы, Смағұл Сәдуақасұлының ой-пікірі Ақмола облысының Омбы уезінде толығымен құпталды. Қоныс аударушылар қазақ болыстары орналасқан аймаққа поселкелерін орналастырғандықтан, кеңес өкіметі тұсында жүз мыңдаған қазақ ауылы совхоз бен колхоздан тыс жерге ығыстырылған болатын. 1917 жылы қазақ ауылдарының саны күрт кеміп кеткен. Ал 1892 жылы ол көрсеткіш жүз пайыз көрсетіп тұрған. А. Кузнецов бастаған статистикалық экспедицияның мәліметі бойынша Омбы уезінде 800-ге жуық қазақ ауылы болған.

С. Сәдуақасов Ресей империясының отарлау саясатын қатты сынады. «Патша үкіметі Қазақстанның шикізатын, табиғи байлығын пайдаланып «бос жерлерді» қоныс аударушы келімсектерге беріп, өздерінің мәдени, діни, ағартушылық ықпалын жүргізді».

1921 жылы Сібір ревкомының құрамындағы Семей облысын әкімшілік-аумақтық бөлу арқылы Қазақ автономиясына енгізу шараларына Смағұл белсене араласқан. Ресей Федерациясына тиесілі болып отырған Батыс Сібірге қарайтын қазақ жерін қайтарып алғысы келгенде Сібір большевиктері айтарлықтай қарсылық көрсеткен. Смағұл Қостанай облысының жерін Қазақстанның территориясының құрамына қалдыруға бар күш-жігерін салған болатын. Мұндай мысалдар өте көп. Шамадан тыс ұлтжандылық қасиеті мен қазақтың байырғы жерін сақтап қалуға деген ниетін құп көрмеген коммунистік партия тарапынан жазаға ұшырады. Ақмола және Семей облыстарының мәселесіне келгенде, ол ашық түрде оларды Сібір ревкомының құрамында қалдыруға қарсылық білдіріп, экономикалық жағынан қолайсыз, тарихи жағынан қисынсыз екенін айтып қарсы шыққан.

Смағұл өз елінің ұлтжанды азаматы болғандығын, өз халқына деген ыстық махаббаты мен құрметінің шексіз екендігін айқындайтын мына бір сөздері «Қазақтар рухани жағынан өте бай халық болып келеді. Тілінің үні көркем. Халық әдебиеті жоғары деңгейде дамыған көзқарастарының әрқилылығымен ерекшеленеді. Мақалдары мен мәтелдері дәл тауып айтылған қысқа ғана ойды білдіреді. Ән-күйі ерекше... Қазақтар намысқой, ақылды, мысқылшыл, жігерлі, сөйлеген сөздері сыпайы әрі қисынды, көркем болып келеді. Олар көңілді, шат-шадыман, жұрт арасында жүруді, әңгіме-дүкен құрғанды ұнатады» – деген сөздері айқын дәлелдейді.

1922-1925 жылдары ол аса жауапты мемлекеттік қызметтерді атқарған: КАКСР Түркістан ОАК уәкілетті өкілі, Қазақ автономиясы жер мәселесі комиссарының орынбасары, Республикалық Жоспарлау комиссиясының төрағасы болған.

1925-1927 жылдары Қазақстанды ағарту халық комиссариаты, БК(б)П Қазақ өлкелік бюросының мүшесі және «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы (қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті). Ол жастығына қарамастан берілген іске айтарлықтай жауапкершілік танытқан.

Жазушы және публицист ретіндегі рөлі. Смағұл Сәдуақасұлы керемет жазушы болған. «Сәрсенбек» романы, «Күміс қоңырау», «Күлпаш» тәрізді құнды повестер мен әңгімелер және тағы басқа бағалы туындылардың авторы, халқымыздың тұрмысын, әдет-ғұрпын, ой-өрісін, арман-мұратын жазып, мол мұра қалдырған.

Ол керемет және дарынды публицист болған. «Өркен» газетінің редакторы, «Жас қазақ» журналының редколлегия мүшесі, «Қызыл Қазақстан» («Красный Казахстан» - авт.) журналының жауапты хатшысы қызметін де атқарған. Оның ұшқыр қаламынан «Жастардың жаңа жолы», «Қазақстандағы оқу-ағарту мәселелері» атты еңбектері жарық көрді. Көтерілген мәселелерінің көбісі өзектілігін жоғалтпаған.

Смағұл халықтық білім беруді нығайту жөнінде бірқатар тақырыптарға қалам тербеген. 1919 жылы жазған «Ауылдың қажеттілігі» атты мақаласында айтқандары уақыт өткен сайын өзектілігін жоймаған: «Халықтың игілігі үшін жұмыс істеп жатқан әрбір адам білімсіз болса, оның жақсы жаққа қарай талпынуы нәтижесіз құр босқа – әурешілік болар еді. Білімсіз әрі тоғышар халыққа сенім аз» деген болатын.

1921 жылы Смағұл қоғамдағы бірқатар мәселелерді шешу үшін, жастарды қоғамға пайдалы азамат ретінде тәрбиелеу мақсатында белсенді түрде бірігуге шақырды: «Жастар не істеу керек? Олар өздігінен ұйымдасып, бірігу қажет. Бұл ұйымдарда жастар өздерін болашақ өмірге дайындауы қажет. Дәстүрдің озығын ала отырып, оқып біліп алып, өзін өзі дамытып отыруы керек».

1924 жылы «Қызыл Қазақстан» журналының беттерінде қазақ мектептеріне арналған оқулықтардың баспадан шығуы мен қазақ тіліндегі терминдердің шығуы мәселелеріне тоқталды.

Әсіресе өзін-өзі тәрбиелеу мен сыни көзқарасқа ерекше тоқталады: «Адам өзін өзі тәрбиелеу керек. Өзіне өзі сыншы бола білген кісі, өз кемдігін өзі көре білген кісі көпке басшы болуға жарайды. Көптің кемдігін айтып, оған үлгі болуға жарайды» .

Смағұл жемқорлыққа үзілді-кесілді қарсы бола отырып, билік басында әділ әрі парасатты тұлға болуы туралы: «Біздің міндетіміз неғұрлым тазалық, дұрыстықты іздеу. Нашардың қамын ойлайтын табанды жастар туғызуға тырысу... парақор, халыққа тиышсыз біреу болыс болғалы тұрса, біздің ұйымдағы жастар ондаймен аянбай күресуі керек», – деген болатын.

Ол өлкеде денсаулық сақтау саласының дамуына айтарлықтай үлес қосқан. Медициналық білімі жоқ халық емшілеріне көңілі толмады. Дала қазақтарының арасында аурудың дамуының алдын алуға шара қолданудың әдістерін көрсетті: «Земство барлық күш жігерін сала отырып, денсаулығы сыр берген адамдарды өлімнен құтқарып қалса деп тілеймін. Бұл үшін, алдымен ауруханалар мен фельдшерлік пункттерді орынды пайдалана білу қажет. Екіншіден, земство халық арасында аурулардың таралуын алдын алатын жалпы медицина туралы ақпарат беретін қазақ тілінде жалпы халыққа қолжетімді кітапшалар мен үнпарақтарды таратуы қажет».

Қайраткер ашық түрде күштеп ұжымдастыру мен қолдан жасалған ашаршылыққа, сонымен қатар Қазақстанның шикізат өлкесі ретінде орталықты қамтамасыз етуі туралы мәселерге қарсылық көрсеткендіктен қудаланып, қуғын-сүргінге ұшыраған.

Смағұл Сәдуақасұлын саяси қуғындау. Смағұл және оның маңайындағылар, орталықтың «Сәдуақасовшылдық» деген атауымен, өлкеде айтарлықтай оппозициялық күшке айналды. Оның жақтастары биліктен қуылып, кейінірек көздері жойылған.

И. Голощекин билікке келген уақытта Смағұл Сәдуақасұлы қажетсіз, зиянды тұлғаға айналды: 1927-1928 жылдары Ташкенттегі Қазақ педагогикалық институтында ректор болып қызмет етеді. «Большевик» журналының 1928 жылғы №1 санында жарияланған «Ұлттар мен ұлт өкілдері» атты мақаласында ол, большевиктердің шектен тыс өктемдігін әшкере етті. Оның ойынша, кеңес өкіметінің даладағы ең басты пісіп жетілген мәселе – жер мәселесін шешпеуін тілге тиек етті. Алдыңғы буын ағалары – Алаш қайраткерлері тәрізді 1905 жылы жазылып, қол қойылған Қарқаралы петициясындағы талаптар: Ресейден келген қоныс аударушы келімсектердің қазақ жерін отарлауын тоқтатуды, жергілікті халықтың өзінің ата-қонысына көшіп келуін қайта көтерді. Оның бұл қадамға баруға мәжбүр болған себебі: Ресей империясы отарлау саясатын одан әрі жүргізіп жатқан болатын. 1897 жылы жазылған Жалпыресейлік санақ нәтижесінде Ресей империясының қарауындағы қазақтың байырғы халқы саны 80 % құраса, ал 1959 жылы ол 29%-ға түскен.

Смағұлды билік қоғамдық-саяси қызметтен аластатты. Ол 1928-1931 жылдары КСРО Ғылым Академиясының шығыстану институтында қатардағы ғылыми қызметкер бола жүріп, сонымен қатар Мәскеу инженер-транспорт институтында оқыды. 1931-1933 жылдары Донбасс-Мәскеу теміржол құрылысында қарапайым инженер болған.

1933 жылы 16 желтоқсанда Воронежде ресми мәліметтер бойынша, желтоқсан айының 16-ы күні іш сүзегінен Мәскеу ауруханасында жұмбақ күйде көз жұмады. Өзінің замандастары, жақын туыстары мен алаш қозғалысы мен оның өмір жолын зерттеуші ғалым Д. Қамзабекұлының пікірінше НКВД қызметкерлері оны улап өлтірген деген күдік бар. Себебі С. Сәдуақасов өз отандастары арасында орасан зор беделге ие, бөтен озбыр әрекетке төзбейтін, бірбеткей тұлға ретінде кеңес өкіметіне, соның ішінде сталиндік тоталитарлық жүйеге аса қауіп төндіретін жан ретіндеоның көзін құртуға асықты.

Туыстарының тағдыры. Оның жақындары да «халық жауы» деп нақақтан жапа шеккен. Оның әкесі халық арасында құрметке ие болған жан. Сәдуақас молда біртуар ұлдың әкесі болғаны үшін заңсыз ұсталып, 1937 жылғы қуғын-сүргін кезінде атылған. Әйелі Елизавета Әлиханқызы (1903-1971 жж.) Алаш қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейханның қызы, дәрігер маман, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, көп уақыт бойы қудалаудан қорқып Қазақстанға келе алмаған. Ұлы Ескендір соғыс жылдары Отанды қорғау жолында қаза болған.

Сәдуақастың анасы Мәжікен (1879-1938 жж.) басқа түскен қайғыны көтере алмай, күйеуі өлгеннен кейін бір жылдан соң бақилық болған. Смағұлдың қарындасы Орынбасар (1916-1990 жж.) өмір бойы күдікті ретінде қуғында өмір сүрген. Өзіне тиесілі зейнетақыға да ілінбеген ол Тәуелсіздікке дейін өмір сүрді.

Астанада Смағұл Сәдуақасұлына ескерткіш орнатылып, оның есімімен жаңа көшелер мен алаңдар аталып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігінің қайраткер есімімен стипендиялары тағайындалады деген ойдамыз. Оның есімі ұрпақтар жадында мәңгіге сақталатыны ешбір жанға күдік тудырмаса керек.

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ, 

тарих ғылымдарының докторы, профессор