Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сиқырлы сарай

1899
Сиқырлы сарай  - e-history.kz
Цирк өнері бастауын тұрмыс-салт жоралары мен ойын-сауықтардан алады

Алғашқы ойын-сауық қойылымдарын көрсететін орталықтар, бүгінгі тілмен айтқанда, цирк өнері Ежелгі Қытай, Грекия, Рим, Византиядан бастау алады. Патша, ақсүйек, бай-бекзадалардың көңілін көтеруге арналған сауық кешінің көркіне айналған бұл бағдарлама уақыт өте келе жүйеленіп, жеке бір өнер түріне айналды.

Бүгінгі таңда цирк өнерін бесіктен белі шыққан баладан еңкейген қарияға дейін тамашалап, таң-тамаша ғажайыпқа еріксіз бой алдырып тамашалайды. Шетелдік цирк өнерінің деңгейі биік болғанымен, бұл өнер Қазақстан даласына кеш келді және кәсіби дәрежеге жету үшін ұзақ жылдар қажет болды.

Қазақ циркінің жаңа сатыға көтеріліп, жеке өнер орталығы болып құрылғанына биыл 47 жыл (1970 жыл, 24 шілде). Негізіне қазақ даласындағы циркке тән өнер түрлерінің даму тарихы арғы замандардан басталады. Бұрындары қаны қазақтың әрбір баласы аттың құлағында ойнаған. Көшпелі өркениетке тән өмір сүрген халық үшін бұл жағдай таңсық емес еді, десе де қазақ балаларының бойындағы спорттық машықтар мен жетілген физикалық дағдылар цирк өнеріне ежелден-ақ жақын болатын. Осылардың ішіндегі ең атақтыларға келсек, алып палуан Қажы Мұқан бабамыздың цирк өнерін арнайы оқып меңгергенін бәріміз білеміз, Қажы Мұқан Мұңайтпасұлы цирк өнерін игеріп қана қоймай, оның елімізде дамуына өз үлесін қосқан. Атап айтсақ, Октябрь революциясы қарсаңында цирк өнерінің далалық нұсқасының жекелеген нөмірлерін орындаған, кейінгі жылдары оның театрландырылған көрініске айналуына бірден-бір себепші болған тұлға.

Айтпағымыз, Қажы Мұқан – қазақтан шыққан тұңғыш кәсіпқой цирк артисі. Палуанның артистік өнерімен қоса алып күш иесі екені тағы бар, осы тұрғыда палуанға қатысты көптеген аңыздар мен ел аузындағы әңгімелер бар, мысалы: Парижде түйені арқалап манежге шыққаны, Берлинде жуан темірлерді шыбық секілді иіп галстук қылып байлағаны туралы өнер мен қара күшті ұштастыра білгенін халық жиі айтады.

Уақыт өте келе өткен ғасырдың ортасында елімізде кішігірім цирктік ұйымдар пайда бола бастады. Олардың ішінде Ақмола, Шымкент цирктерін алдымен айтуға болады. Дегенмен оларды кәсіпқой деп айтуға ерте еді. 1965 жылы Қазақстанда кәсіпқой цирк ұйымын құру жөніндегі шешім қабылданды. Шешім негізінде эстрадалық цирк студиясы ашылды. Студияны цирк көріністерін қоюшы режиссер Георгий Перкун басқарды, одан бөлек белгілі цирк акробатикасының маманы Владимир Ревякин, атпен жүргізілетін көріністер мамандары Георгий Токаев және Алексей Соколовтар болды. Және қазақ елінде алғаш эстрада студиясын ашқан, қазақ циркінің негізін қалаушылардың бірі Гүлжихан Ғалиева болды.

Эстрадалық цирк студиясының алғашқы қарлығаштары 1968 жылы түлеп ұшты, бізге белгілілерден тұңғыш түлектердің арасында көзбайлаушы Сұлтанғали Шүкіров, Сара Қабиғожина, Марат Құшмағамбетов, Светлана Самущенколар болды. Алған білімдерін практикалық тұрғыдан пысықтау мақсатында цирк студиясын бітірген 50 жас өрен Ресейдің Саратов қаласына аттанды.

Жанып тұрған жанарлар мен жастар алғашқы авторлық бағдарламаларынада кірісті. Бірінші бағдарламаның қоюшы режиссері РСФСР еңбек сіңірген өнер қайраткері Г. Перкун және РСФСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Саратов циркінің директоры И. Дубинский болды.

Қажетті аңдар жан-жақтан алына бастады, мысалы: аттар Жамбыл облысы Луговой мал шаруашылығынан әкелінсе, аюларды Алматы қалалық хайуанаттар паркінен алғызды.

Цирк өнері ендігі жерде ұлттық бояуда өркен жая бастады. Яғни, ауқымды бағдарламалар ендігі кезекте қазақтың ұлттық ойындары негізінде құрыла бастады. Аттың құлағында ойнайтын сайыпқыран жігіттер қазақтың «теңге ілу», «көкпар тарту», «қыз қуу» ойындарын нақышына келіп орындады, бұл – бір жағынан, өнер, екінші жағынан, ұлттық құндылық болды.

Ерен еңбек пен төгілген тер ақтала бастады, оған дәләл бүкілодақ цирк құрамымен бірге Азияда, Еуропада, Америкада өнер көрсетіп, халықаралық марапаттарды иеленді. 

Осыдан соң қазақтың кәсіби циркін ашатын күнде туды: 1970 жыл 24 шілде деген мерзімге ие болды. Ашылған соң араға көп уақыт салмай, 12 тамызда қазақ циркі Алматыдағы Спорт сарайында бірінші қойылымын бастап кетті. Ал 1972 жылы Қазақ циркі киіз үй типтес сиқырлы су жаңа ғимаратқа көшті.

Міне, содан күні бүгінге дейін қазақ циркі елімізбен қатар әлемнің талай сахнасын бағындырып, таңғажайып сиқыр әлемін өнермен ұштастырып келеді.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?