Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Отыз бестен асқандарды жұмысқа алмайтын

1659
Отыз бестен асқандарды жұмысқа алмайтын - e-history.kz
Кадр саясаты – қай заманның да, қай саланың да басты мәселесі, себебі жұмыстың жүруі кадрлық сан мен сапаға байланысты

ХХ ғасырды қазіргі заман деп атау беруіміз бекер емес, себебі осы кезеңнен бастап жаңа ғылыми ашылулар мен жаңа мамандық иелері пайда бола бастады. Ал өз елімізге келсек бізге құрылыс саласы мамандары қарқынды дамып сұранысқа ие болды. Оған себеп ХХ ғасырдың басындағы құрылыс нысандарының көптеп салынуы, сондай ірі жобалардың бірі ғасыр басында қолға алынған Орынбор-Ташкент теміржолы (1901-1906 жылдар) салынуы барысында құрылысшы саны күрт өсе бастады. Нақты айтсақ, 1901 жылдың күзінде теміржол құрылысында 4 мың адам жұмыс істесе, 1902 жылдың жазында 17 мыңнан асып түскен, ал екі жылдан соң яғни 1904 жылы 30 мыңға жуық теміржолшы маман қызмет атқарды. Дегенмен айта кеткен жөн, жұмысшылардың дені Ресейден келді, ал қара жұмысшылар жергілікті халықтан болды, оның ішінде орысы, қазағы, украины, т.б. бар.

Жұмысшылардың ұлттарға шаққандағы пайызына тоқталсақ. Балмұрында (Қызылорда облысының Шиелі ауданы) 1500 жұмысшының ішінде 1902-1904 жылдары 6-8% орыстар, қалған 92-94% өзге ұлттардан құралған. 1905 жылдың жазындағы статистика 12-14% орыстар, ал 85-88% басқа халықтар болғанын көрсетеді. 1905 жылдың мамырындағы жұмысшылардың ұлттық құрамына келсек, қазақтар 31,5%, қарақалпақтар 31,2%, парсылар 19% , орыстар 13,6%, ауғандар 2,5%, татарлар 1,2%, кавказдықтар 1%-ды құрады. Жалпы құрылыс жұмысы қызған шақта қазақ жұмысшаларының саны 10-12 мыңға дейін жетті, бұл дегеніміз пайызбен шаққанда 30-40%.

Тағы бір айта кететін жайт, баспасөз басылымдары басында ағылғанмен уақыт өте келе сырттан келушілердің саны азайғанын, мардымсыз екенін алға тартады. Демек жергілікті халықтың басымдығын байқаймыз, пайызбен шаққанда 30-40%. Бұдан теміржолдың құрылыс жұмыстарына қазақтардың белсене қатысқанын аңғаруға болады.

Орынбор-Ташкент теміржолындағы жұмысшылардың орташа жас мөлшеріне келсек, 40-45 жас аралығындағылар 70-75%-ды құрады, ал жұмысшы әйелдердің пайызы аз болып шықты – 6,4%. Қазақтар мен жергілікті өзге ұлт өкілдерінен шыққан жұмысшылардың жас шамасы да 30-35 аралығын құрады. Бұлай болудың негізгі себебі, 35-тен асқандарды жұмысқа жарамсыз деп алмауға тырысты.

Теміржол құрылысының дамуына байланысты ауыл мен селоларды тастап теміржолы бар қалаларға жұмыс іздеп барушылардың саны күн санап арта бастады, оларды «отходники» деп атады, олардың көздегені пайда табу болды. Бұл құбылыс өз кезегінде осындай кәсіппен айналысқандардың әлеуметтік-саяси мәнін өзгерте бастады, олай дейтініміз біріншіден ауыл тұрғындарының жұмыссыз отырғаннан жұмыс көзін тауып, белгілі кәсіптің басын ұстауына себеп болды, үлкен серпіліс десекте болады, себебі бірте-бірте мамандықтар игере бастады. Екіншіден халықтың белгілі бір бөлігі тауарлық-ақшалық қатынастарға тартылды. Осылардың негізінде қарапайым халықтың мәдени дәрежесі мен саяси санасы оянды, көтерілді.

Тоғыз жолдың торабы болған Орынбор-Ташкент теміржолы Қазақстандағы алғашқы теміржол желісі болуымен қатар, ел өмірінде маңызды орынға ие болды, алдымен экономикалық тұрғыдан, ел мен ел, қала мен қала, қала мен дала арасында қарым-қатынас орнап, халықтың әлеуметтік-саяси тамырына қан жүгіре бастады. Әрине, теріс жағы жоқ емес, мысалы теміржол саламыз деген сылтаумен қазақ жерлерін тартып ала бастады, одан бөлек сырттан көшіп келушілердің саны артып, олардың барлығын жермен, үй-жаймен қамтамасыз етті, басшылық қызметтерге қойды. Ал біздің қайран қазақ қара жұмыстың тізгінін ұстаудан аспады.

Жалпы алғанда, алғаш теміржол арқасында еліміздегі тіршіліктің форматы өзгерді, ел алға ұмтылуды үйренді, бір кәсіптің басын ұстап, мамандық игере бастады. Қазақстанда кадрлық сапа мен арта бастады, басы шетелден білім мен аяғы еліміздегі техникумдардан білім алып, сол бойынша жұмыс орындары ашылып еңбектене бастады. Яғни, Қазақстанда алғашқы жұмысшы кадрлар пайда болды. Ал тіптен күн көруі қиын жатақтар, күнделікті теміржолдағы уақытша жұмыстарға жалдамалы болып нанын тауып жеу мүмкіндігі болды. Бірте-бірте жұмысшылар өз құқықтары мен ерен еңбектерін қорғауды қолға алды.

Елімізде алғашқы болып, 8 сағаттық жұмыс күнін енгізуді талап еткен жұмысшылар тарих бетінде қалды. Мұның өзі – саяси сананың жоғарылағанының дәлелі. Одан басқа 1905-1906 жылдары алғаш революцияда қазақстандық жұмысшылар өз талаптарын алға тартып алаңға шықты. Нәтижесінде жоғарғы жаққа жанайқайларын жеткізе білді, толық талаптары орындалмаса да, биліктің көнбесіне амалы жоқ кездері де болды. Елімізде білім алуға құмартушылардың саны жыл санап арта бастады, әсіресе арнаулы орта білім алушылардың саны көп болды. Жыл сайынғы оқу бітірген жас түлектерді жұмыспен қамту орталығы мен оларды есепке алатын комитет құрылды.

Аздап сандарды сөйлетсек, Февраль революциясына дейін елімізде оқу бітірген соң мамандығы бойынша жұмысқа орналасқандардың пайыздық үлесі ХІХ ғасырдың аяғымен салыстырғанда 12%-ға артқан. Тағы бір сан дерек, 1917 жылғы Феврал, Октябрь революцияларының қайнаған ортасы, Орынбор-Ташкент теміржолында Тоғыз сапақ бөлімшесіне қарайтын станциялар мен разъездердегі тұрақты жұмыс істейтін қазақтардың үлесі 2-3% болған, одан бөлек күнделікті жалданып жұмыс жасайтындардың үлесі 70%-ды құрады. Және бұл – тек қана теміржол бойынша есеп-қисаптың көрсеткіші.

Кадр мәселесі түбегейлі бір мезетте шешілмесе де, уақыт еншісіне салып мамандардың арбасы алға баса бастады деп айтуға болады.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?