Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тарихы терең «тархандық» институты

2094
 Тарихы терең «тархандық» институты - e-history.kz
«Тархан» атауы көне түрік дәуірінің көптеген жазба ескерткіштерінде кездеседі. Көне түрік дәуірінде «тархан» атауының көптік түрі «тархат» немесе «дархат» (монғол тілінде) жиі қолданылады

Дәстүрлі қазақ қоғамындағы мемлекеттік институттардың бірі «тархандық». Өкінішке орай бұл тарихи құбылыстың мән-мағынасы мен өмір сүру уақытына, оның дәстүрлері мен ерекшеліктеріне қатысты терең зерттеулер жоқ. Қолда бар әдебиет «тархандық» институтын көне түрік дәуірінен бері, көшпелілердің саяси-әлеуметтік құрылымына тән құбылыс есебінде қарастырады. Көне түркі дәуірінің атақты ғылымы М.Қашқари тархандық туралы: «бұл исламияттан бұрын «Бек» мағынасында қолданып келе жатқан лауазым» дейді. «Көне түрік сөздігінде» «тархан» сөзін титул, яғни атақ, мансап  мағынасында түсіндіреді. Мысалы «алтын тамғаш тархан» т.б. Осы мағынада «тархан» атауы көне түрік дәуірінің көптеген жазба ескерткіштерінде кездеседі. Көне түрік дәуірінде «тархан» атауының көптік түрі «тархат» немесе «дархат» (монғол тілінде) жиі қолданылады.

«Тархан» атағы көшпелілердің этноәлеуметтік құрылымында моңғол үстемдігі жылдары жарқын көрініс табады. «Моңғолдың  құпия шежіресінде» Шыңғыс ханның өсиеті ретінде айтылатын мәселе: «им девять проступков не ставить в вину, быть свободным дарханом, жить в свободном дарханстве».  Рашид – ад – дин  «Жамиғ-ат-тауарих»  кітабында уряут тайпасы туралы баядай келіп, осы тайпаның бір бөлігі «килингут - тархан» атанатынын жазады: «Чингиз хан сделал их тарханами и несмотря на то что они из племени килингут, слово «тархан» стало их собственным именем». Бұл рудың тархан атанатын себебі Шыңғыс хан  мен Он ханның соғыстары кезінде керей ішінде жылқышы болып жүрген Кишилик пен Бадай деген жігіттер Шыңғыс ханның өмірін сақтап қалған. Олар Он хан мен Сангунның Шыңғыс ханға тұтқиыл жорық дайындап жатқаның хабарласа керек.

Алтын Орда дәуіріндегі деректердің негізінде «тархандық» мәселеге аса кең тоқталған ғалым  И.Березин осы сөздің мағынасын саудагер, көпес, шебер адам, ерікті деген ұғымдармен байланыстырады. Оның түсіндірінше түркі – моңғолдың ескі аңыздарында Эргене көнде ел қамалып қалғанда бір талапты ұста – тархан таудың шатқалына көрік салып, қыздырып, балқытып  жіберіп елді аман алып шыққан. Бұл  аңыз біздің  ойымызша өте көне дәуірдің елесі болса керек. Жалпы көрікке, төске табыну, ұсталықты қадірлеу Орталық Азия халықтарының көне ғұрыптарының бірі.

И.Березиннің жазуына қарағанда Алтын орда заманында орыстың православие дін басшылары хандардан ылғи да «тархандық грамоталарды» алып отырған, бұл оларға алым-салықтан, ылаудан босауға мүмкіндік берген. Дегенмен Ресейде тархандық  жеңілдіктерді пайдалану тек дін басыларымен шектелмей, әскерилерге, тіпті тұтас қала – қолөнер орталықтарына да тараған: «тарханные грамоты получали у нас и светские люди…, иногда тарханство распространяетя на целые города».          

Көне дәуірде тек жекелеген адамдар ғана емес, тұтас қалалардың алым – салықтың босатылатыны «тархандық» грамотамен бекітілгені анық. Оның бір мысалын атақты араб саяхатшысы Ибн  Баттута да жазады (XIV ғ):  

«тархан – значит  у них место, изъятое от податей. Город этот (Хаджи  Тархан- Астрахан) получил название от тюркского хаджи (поломник) одного из благочестивцев, поселившегося в этом месте. Султан отдал ему это место беспошлинно и оно стало деревней, потом оно увеличилось и стало городом».

Бұл жерде ең алдымен қаланы салықтың босату мәселе айтылып тұр.

Қазақ және қалмақ тілдерінде «тархан» атауы «дархан» түрінде жұмсақтау айтылады, екпін алдынғы жүмсақ «д»-ға түседі. Бұл мәселе «тархан - дархан» атауының түпкі мағынасын түркі – моңғол тілдерінің түп негізінен іздеу қажеттілігін сездіреді. Біздің ойымыша «дархан» сөзінің түпкі  мағынасы кеңшілік, кеңдік жасау. Сонымен «дархандық» алғашқы уақытта да, кейінгі қазақ арасында да саяси институтына тән мансап қана емес, ең алдымен рухани кендік, мырзалық, жақсылыққа жомарттық.

«Тархан»-«дархан» ұғымының саяси - әлеуметтік құрылымда белгілі орын ала бастағаны көшпелілерде мемлекеттік құрылыстың күшеюуіне тікелей қатысты. Осыған байланысты «тархандық» патшалар мен хандар тарапынан өзге ел азаматтарына, екі елдің ортасындағы елшілерге берілетін лауазым ретінде қалыптасты. Қорыта айтқанда «тархандық» көшпелілер мемлекетіне тікелей қатысты институттардың бірі. Оның айқын нақыштарын біз XVIII ғасырдағы қазақ және қалмақ ұлыстарынан көреміз. Белгілі дәрежеде «тархандық (дархан, дархыт)» қазақ ішінен көрі ойраттарда көбірек орын алды.«Тархан-дархан» атауы мен институтына қатынасты зерттеулерді бұдан әрі тереңдетудің бір бағыты Орталық Азия көшпелілерінің қоғамдық және мемлекеттік дәстүрлеріндегі ерекше арий-тур заманына қатысты негіздерді айқындауға мүмкіндік берсе керек. Біздің пікіріміше бұл жерде көне түркілік «қаған (хан)» ұғымы мен көне «дар»  –тарту (сыйлық) ұғымы әдемі симбиозға түскен.

Тархандықтың Қазақ хандығында  болуы әбден мүмкін. Оның бір себебі хандық құрамында бірнеше көрші ұлыстардың (қырғыз, қарапалпақ, құрама) болуы. Өз елі мен қазақ арасында дәнекер болған азаматтардың алым-салықтан босатылуы, сауда керуендерінің амандығына кепілдік беруі, қазақ жерінде емін-еркін жүріп тұруға мүмкіндік алуы үшін «тархан» атағын пайдалануы заңды. ХVІІІ ғасырда Қазақ хандығы Ресейге протектораттық бағыныштылыққа енгеннен кейін  тархандықтың қайта жаңғыра бастауы бұл дәуірге ерекше қарау екенін айғақтайды. Белгілі дәрежеде тархандық Абылай заманында көшпелілердің ұлыстық жүйесінің және саяси биліктің қайта жандана басталғанының куәсі.

Көне түркілер дәуірінде пайда болған бұл лауазымның қайта жаңғыруы қызық тарих. Біз бұл атақтың Қазақ хандығы дәуірінде қолданылғанын ескере отырып, оның ХУІІІ ғасырда жандануына Ресей себепші болғанын байқаймыз. Капитан Н.Рычков «барлық дала халықтарьнда «тархандық» атақ княздік дәрежені білдіреді. Халықтың түсінігі бойынша тарханның ханнан пәрмені асып кетпесе де, кем соқпайды» деуі тегін емес.  Дала  халықтары деп зерттеуші алдымен Еуразиялық түркі ұлыстарын айтып отырғаны даусыз. Қазақ ру басыларының тархандыққа ұмтылуына башқұрттар себепкер болса керек. Өйткені XVIII ғ. басында башқұрт арасында «тархандық» атағы барлар өте көп. 1740 жылы  Ор мәжілісі кезінде В.Урусовпен Шақшақ Жәнібек батыр 25 тамыз күні жеке кездеседі. Кездесудің негізгі мақсаты Кіші жүз бен Орта жүздің  Астрахан түбіне жасаған шабуылы кезінде колға түскен орыс пен татарды, әсіресе орыстарды қайтару мәселесі. Бұл тақырыптағы әңгіме бір жобаға түскеннен соң Жәнібек «айтар айтпасымды білмей отырмын, патша құзырына, генерал-лейтенант мырзаға бұл әңгіме жағымды болар ма екен, біздің қазақ халқы тым еркін, басы асау, бұл елді ауыздықтап ұстауға менің күшім жетпейді, тым құрыса жазалайтындай, ұлыс еліне толық билік жүргізетіндей лауазымы бар атақ керек. Тархан атағы арқама қорған, билігіме таудың шыңындай болар еді» дейді. Сол өтініштің негізінде 1742 жылы Жәнібек батыр тархан атанды.

1743 жылы Кіші жүз бен Орта жүз басшыларының Ор түбінде кезекті кездесуі болды. Бұл бас қосуға Жәнібек тархан 431 биді соңына ертіп келді, Есет батыр 153 би мен Әбілқайырдың күйеу баласы Жәнібек  47 адаммен  келді. Осы оқиғаның алдында тама Есет батыр Орынбор басшыларына хат жазып  өзінің  ренішін  білдірген «Жәнібектің елшілеріне сіздерде сый-құрмет бар да. менің елшілеріме жоқ. Ал мен, Есет, Жәнібек қандай болса сондаймын. Сіздер менің Елшілеріме тиесілі құрмет көрсетіңіздер» деген.  Осы бәсекелестікке байланысты және Есет батырдың Кіші жүздегі беделін ескере отырып И.Неплюев оған тархандық атақ беруге келісті. Жәнібектің тархандық атақ алуы тек Есетті ғана емес, Әбілқайырды да ойландырады. Кіші арғын руларының рубасы тархандық атақ алғанға қарсы болмағанымен, өзіне деген сенімді Кіші жүздің бірнеше адамына атақты алып беруге күш салды. Хан ұсынған алты адамның тізімі И.Неплюев кеңсесінде ұзақ сөз бұйдаға түсіп, ақыры аяқсыз қалды. XVIII ғ. деректерінен үшінші тархандық атақты 1749 жылы  Байұлының биі Өтетілеу Көшкеұлының алғанын білеміз.

Жонғария бекіткен тархандардан белгілісі XVIII ғасырдың атақты батыры және бәсентиін руының басшысы Малайсары тархан. Ол тархандықты Қалдан Серен қолынан 1743 жылы алды. Малайсары батыр Абылай сұлтанды тұтқыннан босату кезіндегі елшілік қызметімен белгілі.

Негізгі мәселенің бірі қазақтың өз ішіндегі, немесе көрші аймақтарда қазақ мүддесін қорғаған еңбегі үшін берілген тархандық атағы барлар. 1766 ж. Коқанд басшысы Ердене бек Абылайдың бағыныштысы Есжан  тарханды төрт баласымен өлтіріп, әйел-қыздарын алып кетеді. Амал жоқ  Абылай Ердене бекті шауып, Ердене қашып барып Пішпек  бекінісіне тығылады. Есжан туралы деректер кұжаттарда жоқ. Ең бастысы Есжан тархан Ресей ықпалынан тыс күнгей өлкеде өмір сүрген  адам. Осыған байланысты біз «тархан» атағы Қазақ ордасында да берілуі мүмкін деген жорамал ұсынамыз.

Ресей XVIII ғ. соңында қазақ жерінде тархандық атақ беруді қайта жаңғыртты. Орынбордың басшысы барон О. Игельстром Қаракесектен – Сегізбай биді,  Байұлыдан - Тұрмағамбет биді, Жетірудан - Тіленші батырды өз құзырымен  тархандық атаққа ұсынды. Бұл кезең Кіші жүзде хан билігінің әлсіреп, беделінің түскен уакыты болатын. Рулар өз бетімен басқарылмай кетіп бара жатқандықтан әкімшілік осындай шараға амалсыз барған. Аталған үш елбасыдан бөлек Сырым батыр, Каратау батыр, Көккөз билер де тархандыққа ұсынылуы осы саясаттың  көрінісі деуге келеді. Тархандық атақ атадан балаға мұра болып қалады. 1771 ж. капитан Рычковтың жазбасында Жәнібектің баласы Дәуітбай тархан туралы айтылуы сол себепті.

XVIII ғ. құжаттарынан тархандық туралы соңғы деректерді Абылайдың 1769 жылы  Орынборға жазған хатынан кездестіреміз. Хан Ресейдің үкіметі егер аманатқа бала алғысы келсе, онда үрім-бұтағыма тархандық атақ берсін деп талап етеді. Тархандық Абылай хан тарапынан қойылған көптеген талаптармен аралас жазылған. Ресей үкіметінің аманат сұрауына байланысты. Абылай ханның Екатерина II–ге жазған хатынан тархандыққа байланысты айтылатын негізгі шарттары: «… для (прославления) перед друзьями и врагами, чтобы мой сын был в звании генерала; когда он поедет (к вам), то пусть увидет благословенное (и) приятное лицо ее величества государыни, а также пусть местом пребывания его будет крепость Кызыл – йар (современный Петропавловск – авт.) … и еще, если с какой-либо стороны на нас нападет враг, нам будет оказана помощь в сан (10 тыс.) или по крайней мере тысячу или пятьсот человек. А еще чтобы моим людям, которым вручили письма за (своей) печатью, была открыта дорога между моим йуртом и русскими как в крепостях, так и на базарах. Речь идет о моих телангутах  - четырех – пяти отдельных казахах.

Еще чтобы мне ее величеством государыней была пожалована грамота с текстом и печатью на тарханство моим потомкам вплоть до дня Страшного суда. А обмен моих сыновей (аманатов) производился бы через два или три года, причем тот обмен осуществлялся бы по моему выбору. Чтобы ее падишахское величество всех нас считала равными – русских, казахов и прочие народы, и коменданты ваших пограничных крепостей проявляли справедливость и не было бы насилия и притеснения … Относительно беглецов … А еще чтобы упомянутое войско с сан…

… А еше там, где будет находиться в аманатах мои дети, пусть будет большой базар. А еще пусть между крепостью Омбу и крепостью Баглан (Звериноголовск - авт.) будут пропускаться наши казахские табуны…А еще чтобы при моих детях находилось десять знатных людей из Среднего жуза.

Если ее падишахское величество примет и одобрит это наше прошение, то пусть все это будет записано в тарханской грамоте…».

Хат мәтініндегі көңіл аударатын мәселе тархандықтың «Грамотаға» яғни қағазға т.б. затқа жазылуы. Бұл шамасы ерте кезеңнен бері қалыптасқан дәстүр болса керек. Екіншіден, «тархандық» бір адамға бір уақытқа ғана емес, тархандық атақ берілген адамның тұқым – жұрағатына дейін сақталуы негізгі шарт. Үшіншіден, тархандық «грамота» бірнеше шартты немесе келісім ережелерін бекітуге арналады. Мәселен Абылайдын Ресей үкіметіне қойып отырған шарттары он шақты, оның ішінде әскери көмек те, сауда-саттық та, екі ел азаматтарының тең дәрежеде болуы да т.б. мәселелер көрініс тапқан. Бұдан шығатын қорытынды «тархандық,» белгілі дәрежеде,  ел аралық қарым-қатынастарды реттейтін институт.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?