Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ер Жалаңтөс ерлігі

2155
Ер Жалаңтөс ерлігі - e-history.kz
Кешегі өткен Ер Жалаңтөстей қаһармандар, тек қазақ жері емес, бүкіл Азияға өзін де танытқан, елін де танытқан, сөйтіп, әлемге қазақтай рухы биік халық бар екенін паш етті емес пе?!

Жалаңтөс батыр туралы жазылған еңбек ел басынан өткен тарихи жағдайларды таратып айтып, оған Жалаңтөс батырдың қатысын, ерлік істерін, жойқын жорықтарын байыпты баяндайды, дәйекті деректер береді. Қараңыз: «Атақты әскер Жалаңтөстің танымал болған тұсы Алтын Орда мен Әмір Темір империяларының ыдырап, ежелгі қыпшақ сахарасында алты алаштың ерекшеленген кезеңі еді. Бұл кезде бір жағынан қызылбастылар билеген Иран, бір жағынан енді күш ала бастаған үлкен орыс патшалығы Тұран ойпатына қарай көз сала бастаған.

Сондай-ақ, шығыста моңғолдардан қалған Жоңғар мемлекеті де бой көтере бастады. Жер мен байлыққа таласқан сол елдер қазақ халқының келешегіне үлкен қауіп төндірді». Осындай алмағайып кезеңде сол заманғы соғыстардың стратегиясы мен тактикасын шебер меңгерген қолбасшы, жаужүрек батыр, «Азияның ақырғы жолбарысы» деп бүкіл Азия құрлығы бас иіп мойындаған Жалаңтөс баһадүрдің орны бөлек, еңбегі ерен еді.

Біздің білуімізше Жалаңтөс бабамыз туралы алғашқы зерттеу еңбек алаштың зиялысы, сталиндік репрессияның құрбаны болған тұңғыш қазақ дәрігерлерінің бірі, тарих пен әдебиеттің білгірі, профессор Халел Досмұхамедовқа тиесілі. Батыр бабаға арналған Х. Досмұхамедовтың еңбегі 1928 жылы Ташкент қаласында орыс тілінде жарық көреді. Кейін қазақ тіліне аударылып, «Аламан» жинағына басылады. Х.Досмұхамедов негізінен Жалаңтөс батырдың Самарқанды билегендігін, сол шаһарда «Тіллә-қари және Ширдар» медреселерін салдырғанын баян қылады. Оның бұл еңбегінен үзінді келтірсек: «Самарқан тұрғындарының аңыз қылып айтуынша, бұл ғажайып қос медресені салдырушы әмір Жалаңтөс батыр көрінеді. Осы күнге дейін бүкіл әлемді таң-тамаша қылып, таңдандырып келген құрылысты ХVII ғасырдың басында салдыртқан бұл Жалаңтөс баһадүр әмір деген кім? Левшин өзінің «Описание казачьих орд и степей» атты белгілі еңбегінде Ер Есім ханның ұлы қазақ ханы Жәңгір 1643 жылы 600 сарбазымен қалмақ ханы Қонтайшы батырдың 50 000 қолын жеңгенде оған (Жәңгірге) көмекке «20 000 атты әскері бар бір татар князі Ялантуш келді» дейді, бірақ оның кім екендігін тәтпіштеп айтпайды. Сайып келгенде ұлттың бақыты да қай уақытта, қай кезеңде болмасын ұрпақтарының осы мәселені, ұлттың жүріп өткен жолын, тарихын көтере білуіне, іске асыра білуіне байланысты деуге болады. Ұлттың ұлт болып бірігуі, ұйысуы өткен тарихын безбендей білуіне байланысты, бұрынғы өткен қаһармандарын қадірлей алуына байланысты екенінде дау жоқ.

Өйткені өткен тарихымызды білмей өркениетке бет түзей алмаймыз. «Жалаңтөс баһадүр жаңғырығы» атты Қасымжан Байсадақовтың танымдық мақаласы бізге осы жолды нұсқағандай болады. Мақала авторы Жалаңтөстің өмірі мен қайраткерлік істерін жазғанда ғылыми әдебиеттермен бірге шежірелік деректерді де қолданып отырған. Біз мұны толық мақұлдаймыз.

Өйткені жазбаша архиві жоқ қазақта шежіре де деректанушылық қызмет атқара алады. Шежірені ХІХ ғасырдың тарихын жазған тарихшы ғалым Е.Бекмаханов та өз еңбегінде қолданған. Басқа архивтік дерек болмағандықтан шежірені пайдаланудың бөтен еместігін ол кісі де жазған. Осындай шежірелік деректер, халық ауыз әдебиетінің үлгілері кейде тарихи шындықтың түгел болмаса да жалпы сұлбасының бетін ашуға көмекке келе алады.

Ауыз әдебиеті дегенде біз ертегілерді айтып тұрған жоқпыз, негізінен алғанда эпостарды, тарихи өлең, жырларды қаперге алып тұрмыз. Қазақ фольклоры Жалаңтөсті Манас, Алпамыс, Көрұғлы мен Рүстем секілді ортаазиялық қаһармандық эпостардың замандасы ретінде тұлғаласа, белгілі ғалым Ақжан Машанов «Біздің Фараби» деген кітабында оны Отырардан шыққан ғұлама ойшылымыздың тұстасы деп қарайды. Қалай болғанда да бұл тегін емес. Жалаңтөс есіміне деген халық сүйіспеншілігінің айғағы. Жалаңтөс найзасын жауға түйреген, білегін қанға былғаған жорық батыры ғана емес, сонымен бірге жастайынан сауат ашқан, көзі қарақты адам. Автор газет бетіндегі мақаласында былай деп жазады: «1596 жылы ханның бұйрығымен Жалаңтөс Бағдат қаласындағы Даналық үйінің тыңдаушысы болған. Сонда жүріп соғыс өнерімен қоса аспан әлемі мен математикадан, жағрафиядан дәріс алған».

Жалпы мақалада Жалаңтөстің шыққан тегі, өскен ортасы, жортуыл-жорықтарының үйлестірушілері, қайраткерлік қимылдары бәрі жүйелі баяндалып, тиянақты ой қорытындылары жасалып отырғандығы көңілге қонады. Еңбекте «жылтыр» сөздер, жадағай ойлар жоқ. Сөздері салмақты, пікірлері байыпты. Тәрбиелік мәні терең. Ал енді есімі ел есінде қайта жаңғыртылып, халқымен қайта қауышқан Жалаңтөс батыр кезінде өз елінің, яғни өз мемлекетінің азаттығы, бостандығы үшін қызмет етті.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?