Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

НИКОЛАЙ ІІ ӨЗІНЕ ҚАЛАЙ ҮКІМ ШЫҒАРДЫ?

3136
НИКОЛАЙ ІІ ӨЗІНЕ ҚАЛАЙ ҮКІМ ШЫҒАРДЫ? - e-history.kz
Егер Николай II 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығына қол қоймағанда, майдандағы әскерді көтерілісті басуға жібермес еді де, тарих басқа жолмен кетер еді?!

Ресей мемлекетінің соңғы монархы туралы көп жазылды, шынында да ол негізгі тұлға еді: 300 жыл ел басқарған Романовтар әулетінің тәжі еді, соның тұсында Ресей Жапониямен болған соғыста жеңіліс тапты, Бірінші дүниежүзілік соғысты көрді,  революциялар мен реакцияларды басынан кешірді, Мемлекеттік дума құру түрінде демократиялық қадам жасады, ауқымды өндірістік жобаларды жүзеге асыруға тырысты, алайда, шын мәнінде үлкен деревня болып қала берді. Осы жерде Распутин де, Романовтар әулетінің қайғылы қазасы да ойға оралады. Бәрін бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес, бұл туралы том-том монографиялар мен жүздеген естеліктер жазылды, көптеген конференциялар өткізілді. Бірақ әңгіме ол жайында емес. ХХ ғасырдың басында орын алған оқиғалар мен үдерістер аясында, 1916 жылғы 25 маусымдағы осы Жарлықтың қабылданған күні, біз осы бір құжаттың Романовтар режимінің құлауындағы рөлін атап өтсек дейміз. Тарихта шартты рай болмайды дейді. Егер осылай болса ше, немесе басқаша...

Бірінші дүниежүзілік соғыс Ресейдің барлық резервтерін «сорып» алған еді, және белгілі бір кезеңде соңғы ресурсты – бұратана халықтарды пайдалану туралы шешім қабылданды.  Бұның ақыры неге әкеліп соқты? Бұл – 1916 жылғы пәрменді, ақырын болжап болмайтын көтеріліске әкелді, ол, Империяның барлық азиаттық бөлігін қамтыды. Әрине, көтерілістің себептері әлдеқайда тереңде жатыр, ал жарлық тек қана сылтау болды. Көтерілісті басу үшін тұрақты әскерлерді орнынан қозғауға тура келді, бұл өз кезегінде майдан әлеуетін әлсіретті. Көтеріліс патшаның отарлау саясатына қарсы ұлт-азаттық қозғалысқа ұласты. Майдандағы шығындар, төмен дәрежедегі моральдық рух, ұлттық сана-сезімнің өсуі қолданыстағы тәртіпке қысым көрсетті де, Николай бұған төтеп бере алмады.  1917 жылғы ақпанда ол билікті уысынан шығарды,  ал 1918 жылғы шілдеде өмірінен айырылды. Егер осы бір жарлық болмаса, бәлкім Николай II соғысты тамаша жеңіспен аяқтар ма еді, бірақ...

Бірінші дүниежүзілік соғысқа Ресей империясы 1914 жылы араласты. Ресей үшін бұл өте ауыр соғыс еді. Ресей империясы соғысқа дайын болды деп айтуға болмайды. Герман майданындағы бірінен соң бірі орын алған ауыр жеңілістердің шығынын австрия-венгрия және түрік майдандарындағы жекелеген жеңістер жаба алмады.  Соғыстың басында-ақ Ресейде снарядтардың, оқ-дәрінің, ауыр артиллерияның жеткілікті қорының жоқтығы анықталды. Соғысқа тартуға тура келген, оның ішінде соғыстың бірінші кезеңіндегі ауыр шығындарды жабу үшін жұмылдырылған миллиондаған қарапайым шаруаларды қаруландыра алмады. 1914 жылдың қазанында Қаржы министрі Министрлер кеңесіне әскери қызметтен босатылған тұлғалардан әскери салық жинауды енгізу туралы Заң жобасын ұсынды. Бұл Заң 1915 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін болды. Түркістан өлкесінің барлық халқы үшін салық тура салықтардың барлық түрінен 21% көлемінде төленуі керек болды. Салықтар өсті: ет пен тірі малды жеткізу, киіз үйлерден ақшалай алымдар, земстволық алымдар. Қазақтар майданға мал, ет, киіз үй берді. Енгізілгелі отырған әскери салық,  онсыз да жағдайы мәз емес қарапайым халықтың мойнына жүктелген тағы бір ауыртпалық болды.  Әскери қажеттіліктер үшін тек Сырдария мен Жетісу облыстарынан ғана 1914 жылы 1 миллион бас қой алынған.   Шаруалардың егістік жер көлемі мен көшпелілердің мал басы азайды. Бұның бәрі жергілікті халықтың наразылығын тудырды.

Жандарм басқармасының баяндамасында: «Қажеттілік артқан сайын, онымен бірге тұрғын халықтың да наразылығы өсуде, ол ашық өршулерге ұласуы мүмкін» делінген. Түркістан өлкесінің орыс тұрғындарын кідіртпестен әрекеттегі армияға шақыру шешілді. 1915 жылдың басына қарай өңірден 100 мыңнан астам адам әскерге шақырылды. Майданға жұмылдыру мемлекеттің еңбек ресурстарын әжептәуір күйрете тастады. 1915 жылы Ресей империясы ауыр жеңіліске ұшырады, соның нәтижесінде ол Польшадан, Литвадан, Галициядан айырылды. Ел аумағының барлығы 15% айырылды. Соғыстағы шығындар 1915 жылы өлгені, жараланғаны және тұтқынға түскені бар, барлығы 1,5 миллионды құрады. Белгілі генерал Брусиловтың айтуынша 1915 жылы Ресейдің кадрлық армиясы іс жүзінде жойылды. Осы соғыстағы Ресейдің шығындары: 2,2 млн адам өлтірілді,  2,5 миллионы тұтқынға түсті, тағы миллионы жараланды. Ауыр шығындардың орнын толтыру үшін Ресей үкіметі үсті-үстіне адамдарды, негізінен шаруаларды әскерге шақыра бастады. Осылайша империяның орыс провинцияларының жұмылдыруға арналған ресурстары таусылды. Бірінші дүниежүзілік соғысқа Ресей империясынан барлығы 16 млн адам шақырылды. Ресей империясында маңызды объектілер салуға жұмысшылар жетіспеді. Осы жағдайда заң бойынша әскери міндеттіліктен босатылған Ресейдің шығыс губернияларынан жұмысшыларды тыл жұмыстарына тарту идеясы туындады. Ал шын мәнінде, Ресей үкіметіне тегін жұмыс күші қажет болды.  Бұл ретте әскер қатарына азиаттар мен кавказдықтарды алуға Ресей үкіметі қауіптенді, өйткені бұл ұйымдастыру тұрғысынан қиын еді, біртекті армия құрамын өзгертер еді және империяның отарланған шет аймақтарының ресейлік әкімшілік үкіметі үшін белгілі бір дәрежеде қауіп төндіретін еді. 1916 жылғы сәуірде Үкімет парсы, кәріс және қытай жұмысшыларын тарту туралы Егін шаруашылығы министрлігінің жобасын қарастырды.

1916 жылғы жазда Үкіметте майдан маңындағы елді мекендерде қорғаныс құрылысын ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізу жөнінде кеңес өтті. Бұл жұмыстарға 1 млн адам керектігі анықталды.   Сондықтан үкімет соңғы ішкі резервті – Сібір мен Түркістанды жұмылдыруға бел байлады.  Қазақтарды, қырғыздарды, өзбектерді, якуттарды, буряттарды, қалмақтарды және басқа халықтардың өкілдерін жұмылдыру арқылы еңбек кадрларының мәселесін жабу туралы шешім қабылданды. Әскери міндетті емес халықтардан жалпы саны 550 мың адамды құрайтын әскери дружиналар жасамақшы болды. Бірақ әдеттегідей өңірдің ерекшеліктері ескерілмеді. Ауылшаруашылықты өңірлерде егін егу жұмыстарының қызған шағында жұмыс жасайтын ересек тұрғындарды жұмылдыру аштық қаупін төндіруі мүмкін еді. Дегенмен, 1916 жылғы 25 маусымда Николай ІІ Империяның бұратана халықтарның ер адамдарын соғысушы армия жеріндегі қорғаныс құрылыстарын мен əскери байланыстарды  орнату, сондай-ақ мемлекеттік қорғаныс жұмысына қажетті кез келген өзге де жұмыстар үшін тарту туралы» Жарлыққа қол қойды. Жарлық 19-бен 43 жас аралығындағы ер адамдарды тыл жұмыстарына тартуды қарастырды. Әдетте императорлық бюрократия машинасы әр қағазды логикалық ақырына дейін жеткізгенше біршама уақыт кететін, алайда бұл мәселеде ондай олқылық болмады. Таңқаларлығы сол, осы жарлық тез арада келісіліп, қол қойылды. Сірә, бұл іс-шара амалсыздан жасалған болса керек. Елдің адами ресурстары азая бастады. Билік жеңіс үшін тағы бір серпіліс керек деп санады. Ұлттық бүлік үшін себеп дайын еді. Көтеріліс Астрахань қалмақтары мен Кавказ халықтарынан басталып, Қазақстан және  Тәжікстан, Түрікменстан арқылы Орта Азия елдеріне тарап, Сібірге дейін жетті. 

Бұл көтеріліске ондаған халық, 1 миллионнан астам адам қатысты.  Көтеріліс ошақтары 1916 жылғы шілденің басында Ходжент, Ташкент, Жызақта лапылдай бастады. Жаппай көтерілулер Жетісуда, Торғайда, Ырғызда, Меркіде орын алды. Ерекше қиян-кескі қақтығыстар Қырғызстанда өтті.  Көтерілісшілерге қарсы әскерлер жұмсалды. 1916 жылғы 18 шілдеде Түркістанда әскери жағдай жарияланды. 1916 жылғы 22 шілдеде Түркістанға жаңа генерал-губернатор болып генерал-адъютант А.Н. Куропаткин тағайындалды. Патша үкіметі істің насырға шапқанын сезіп, Орта Азияға Бірінші жүниежүзілік соғыс майдандарынан тұтас бір армияны – пулеметтері мен артиллериясы бар 30 мыңға жуық тұрақты әскерді жіберді. Көтерілісті басып-жаншу кезінде жазалаушылар бұрын-соңды көрмеген қатыгездік танытты: өлім жазасын қарша бұрқыратқан әскери-далалық соттар құрылды, артиллерия тұтас ауылдарды жойып жіберіп отырды. Казактар бар ер адамдарды қылыштап тастаған жағдайлар да болған. Семей және Ақмола облыстарында көтерілісшілерге қарсы 12 атты жүздік, 11 күшейтілген жаяу әскер роталары әрекет етті. Торғай көтерілісшілеріне қарсы патша үкіметі құрамы 17 атқыштар ротасы, 18 казак жүздігі, 4 атты эскадрон, 18 зеңбірек, 10 пулемет және тағы басқалардан тұратын экспедициялық корпусты аттандырды. Жетісудағы көтерілісті басу үшін 8750 найзадан, 3900 қылыштан тұратын 24 жүздік, 16 зеңбірек және 47 пулеметтен тұратын 95 рота жіберілді.

 

Жетісуда ондаған қазақ және қырғыз ауылдары талқандалып, бейбіт тұрғындар қатыгез қудалауға ұшырады. Патша үкіметімен қуғындалған Жетісудың 300 мыңға жуық қазағы мен қырғызы немесе жергілікті тұрғындардың төрттен бір бөлігі Қытай асуға мәжбүр болды. Генерал А.Н. Куропаткин қосымша күш жіберуді сұрады. Әрекеттегі армия 2 казак полкын (7-ші Оренбург және 9-шы Сібір казактары полктары), казактар батареясын және екі пулеметшілер командасын бөлді. Ешбір сот-тергеусіз атылған, жазалаушылардың және қоныс аударылған селолардың тұрғындарының қолдарынан қаза тапқандарды санамағанда, генерал-губернатор Куропаткин бекіткен сот үкімдері бойынша ғана Түркістан өлкесінде 1917 жылдың 1 ақпанындағы ахуал бойынша өлім жазасына – 347 адам кесілген, жер аудару жұмыстарына – 168 адам айдалған, түрмеге – 129 адам қамалған. Алайда жазалаушылар Ақпан революциясына дейін көтерілісті баса алған жоқ. Тек патша үкіметі құлаған соң ғана Торғай облысындағы көтеріліс тоқтады. 1917 жылдың ақпанына қарай тыл жұмыстарына 123 000 жуық адам немесе жоспарланғаннан жартысы жіберілді. 1917 жылғы 14 наурызда Уақытша үкіметтің шешімі бойынша тыл жұмыстарына бұратана халықтарды жіберу тоқтатылды, ал 5 мамырда барлық тыл жұмысына жұмылдырылғандарды үйіне қайтару туралы Қаулы шықты.

Осылайша, 1916 жылы Орта Азия мен Қазақстанда орын алған көтеріліс, майдандағы әскер позициясының әлсіреуіне, ұлтшылдық көңіл-күйдің өсуіне, император ІІ Николайдың тақтан бас тартуына және Ресейдің Бірінші дүниежүзілік соғыста жеңілуіне әсер еткен жетекші факторлардың бірі болғаны сөзсіз.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?