Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Адал дос, сенімді серік

2295
Адал дос, сенімді серік  - e-history.kz
Қауіпсіздік қорғаны полиция қызметінің қорғау құралы қару-жарақ десек, ал кинолог мамандарының басты құралы – ит. Біз бұл жолы итті жанына серік еткен кинолог мамандардың қызметімен таныстық

Жеті қазынаның бірі болып табылатын иттің тілін түсініп, жанына серік еткен мамандарды «кинолог» деп атаймыз. Кинолог мамандары иттерді күшік кезінен қызметке дайындап жаттықтырады. Итті қызметтегі басты қаруы мен құралы деп есептейтін кинолог мамандардың бір күндік жұмыс барысымен танысу мақсатында Астана қаласы Ішкі істер департаментінің кинологиялық орталығына бағыттадық. Бізді орталық қызметкері, есірткі іздеу тобының аға инспекторы, полиция капитаны Дәулетов Рауан Аханұлы қарсы алып, кинология әлеміне саяхатымыз басталды.

Кинология – полиция қызметінің бір бағыты. Біздің кинологиялық орталық Астана қаласы Ішкі істер департаментіне қарасты, орталық ретінде 2005 жылдан бастап жұмыс жасаймыз. Біздің басқа құқық қорғау орган мамандарынан басты айырмашылығымыз біз қылмысты иттің көмегімен ашамыз. Біздің орталыққа 4-5 иттің породасы бар, ол неміс, бельгия овчаркасы, лабродор, спаниель. Олардың ішінде көбінесе белсенді қолданатынымыз бельгиялық овчаркалар.

Ал жалпы кинологияның өзіне келетін болсақ олда ішінара бірнеше бағыттардан тұрады, сол бағыттар бойынша біз иттерді күшік кезінен дайындап жаттықтарамыз:

- 1) Жарылғыш заттар, оқ-дәрі, қару-жарақ іздейтін иттер;

- 2) Есірткі іздейтін иттер;

- 3) Одорология - иісті ажырататын иттер;

- 4) Із кесетін иттер;

- 5) Шабуыл жасайтын иттер.

Қазақстанда кинология саласы соңғы жылдары жақсы қолға алынып даму үстінде. Қазіргі таңда елімізде иттің көмегінсіз, кинолог мамансыз бірде-бір іс-шара өтпейді, әсіресе көпшілік қатысатын қоғамдық орындардағы іс-шаралар. Одан басқа қылмысты тексеру барысында қандай қылмыс болсада, тексеру барысында алдымен иттер қолданылады, солардың көмегімен әрі қарай іс-қимыл бағыты анықталады.

Ал мамандарға келетін болсақ, елімізде кинолог мамандарды даярлайтын бірнеше оқу орындары мен арнайы орталықтар бар. Одан бөлек, ІІМ-нің Алматыда кинологиялық орталығы бар, бізге келген жас мамандар алдымен біліктілігін көтеру курстарынан өтеді. Содан соң ғана иттермен жұмыс жасауға рұқсат беріледі, оның өзінде бірден тәжірибелі иттермен емес жас иттер немесе жуас иттер беріледі. Мамандарды баярлау барысы екі кезеңнен тұрады алдымен теориялық, содан соң практикалық. Кинологпен бірге итте дайындықтан өтеді.

Біздің орталықта штат бойынша 46 қызметкер бар. Оның ішінде 8 қызметкер кезекшілікте. Қалған 36 адам инспектор-кинологтар мен кіші инспектор-кинологтар. Бізде жоғарыда аталған бағыттардың ішінен негізгі үшеуі бойынша жұмыс істейді және әр бөлімнің тағайындалған аға инспектор бар, әр инспектордың өз командасы мен иттері бар, белгіленген, берілген нұсқаулық негізінде жұмыс жасайды, яғни:

1 Есірткі бизнесі;

2 Жарылғыш заттарды табу;

3 Із кесу.

Бүгінгі таңда қай сала маманы болсын өз дағдысын жетілдіріп отыру уақыт талабы. Бізде біліктілігін көтеру тұрақты түрде болады негізгі базалық орталық Алматыда әр маман 3 айда бір рет курстан өтеді, яғни жылына 4 рет деген сөз бұл мамандар үшін жеткілікті тәжірибе.

Қазіргі таңда кинолог мамандығына қызығушылар көп соған байланысты сұраныс пен талапта қатаң. Кинология саласына сұраныстан бұрын маманға қатаң талап қойылады дер едім. Біз маманды алар кезде толық өмірбаяны мен іс-тәжірибесін жан-жақты қарастырып аламыз. Кинолог маманды жұмысқа қабылдар кезде екі негізгі талап пен міндет қойылады. Алдымен адамның итке деген жақындығы, итпен тіл табысып, жұмыс істей алуы қажет. Екіншіден адамның психологиялық дайын болуы, ол енді полиция, әскери мамандардың бәріне қойылатын талап.

Әрине, қатаң талап пен қатар кинолог мамандардың біліктілігі мен деңгей-дәрежесін арттыру мақсатында арнайы іс-шаралар мен жарыстар өтіп тұрады, одан басқа өзара тәжірибе алмасу мен иттерге арналған көрме өткізіліп, ол жерде иттердің тұқымы таңдалынады. Мысалы жақында біздің мамандар Австрияға барып кинолог мамандармен өзара тәжірибе алмасып келді. Олар бізге келеді. Соңғы екі жылда біздің мамандар тұрақты түрде Австрияда жаттығып жүр.

Енді иттерге қатысты сөз қозғар болсақ, иттерді таңдауда неге мән беріледі, иттерді қайдан алады деген секілді. Бұрындары иттерді шетелден алдыратынбыз кейінгі уақытта өзімізде көбейту қолға алынған. Мысалы, мына алдарыңызда тұрған Вектор есімді таза бельгиялық овчарка өзімізде туылып кішкентайынан дайындалған. Қазіргі таңдағы шабуыл жасау бойынша мықты иттердің бірі болып табылады.

Иттерді таңдағанда да дәл маман секілді тексеруден өтіліп алынады. Итке қойылатын басты талап жүйке жүйесінің мықты болуы, себебі әртүрлі жағдайлар болады кез-келген сынға төтеп бере алатындай болуы қажет. Адамдардың психологиялық темпераменттері секілді иттерде холорик, меланхолик деген психологиялық темпераменттерге бөлінеді. Соған қарап иттерді салаға бөліп дайындаймыз, мысалыға шабуыл жасауға жүйкесі мықты ит керек себебі атыс-шабыс, оқыс оқиға кезінде ешқашан артқа қадам жасамайтындай.

Иттер күшік кезінен жаттықтырамыз. Тағы бір басты итке қойылатын талап ойынға деген құмар болуы тиіс. Ал жарылғыш заттарды табатын иттердің мінезі салмақты болғаны жөн, себебі жарылғыш затты іздеген кезде алдымен сақ болу ескеріледі. Ал есірткіде керісінше тыным таппай іздеу жүргізу керек. Осы секілді арнайы мінездеме бойынша ажыратылады.

Итті жаттықтырып дайындау әдеттегідей күшік кезінен мойнына қарғыбау тағып қолға үйретуден басталады, маманмен тіл табысу мен өзара сөйлесе білуге үйретеміз. Оқу-жаттығу күнделікті үздіксіз жүріп отырады, себебі ит әрқашан және кез-келген жағдайға дайын болуы тиіс. Ең басты тағы бір итке қойылатын талап – тыңдай білуге үйрету, кинологтың берген нұсқауын бұлжытпай орындау. Практикаға сүйенсек ит 20-30 күнде қолға үйретіледі. Иттер уақытылы тексеріліп, ветеренариалық қараудан өтіп тұрады. Тіркеуден шыққан иттерді асырап алушыларға береміз. Статистика бойынша ит 8 жасқа дейін қызмет етеді.

Әңгімемізді әрі қарай инпектор-кинолог осы салада 8 жыл қызмет етіп жүрген Дауылбаев Үсен Шерәліұлымен жалғастырдық.

Мен кішкентайымнан итке жақын, құмар болдым. Итпен ойнап өстім десем болады. Өсе келе осындай мамандықтың барын естіп баруға бел будым, міне нәтижесінде өз қалауыммен мамандықты игеріп 8 жылдан бері қызмет етіп келемін. Иә көпшілік білетіндей біздің жұмыс қауіп пен қызыққа толы. Біздің басты қаруымыз ол – ит. Ит сенің жан серігің, құралың десек болады. Қауіп төнген жағдайда ит сені құтқарады, кейде керісінше сен итті құтқарасың. Бәрі итті қалай үйретіп жаттықтыруыңа байланысты.

Қызмет барысында өз басымнан көптеген оқиғалар өтті. Айтар болсам, ұмытпасам осыдан екі жыл бұрын 2015 жылы бізге қызмет кезінде қалада кішкентай қыз жоғалды, ұрлап кеткен деген хабар түсті. Біз белгіленген орынға бардық, бізге дейін полиция қызметкерлері іздеу-тінту жұмыстарын жүргізген, бірақ із жоқ, содан қыз баланың соңғы уақыттары киген киімдерін итке иіскетіп сол бойынша іздеуге шықтық аз ғана уақыттың ішінде қыз жоғалған жерден алыс жақтан ит иіс арқылы тауып берді. Бұл бір жағынан таңғаларлық оқиға себебі қызды ұрлаған адам оның орналасқан жерінен басқа шалғай бағытқа алып кеткен, әрине бұл жерде иттің үлкен көмегі болды. Осы секілді мысалдар жеткілікті.

Болашақта кинолог мамандығын таңдайтын жас-жеткіншектерге айтар кеңесім ең бастысы итпен тіл табыса білуі және итті тыңдата білу яғни айтқанын орындата білу, ал ол үшін итті жақсы көру керек, иттің нені қалайтынын түсіне білу қажет. Өзара тіл табысып, байланыс болу шарт, төтенше жағдай болғанда бір-бірін ым-ишарамен түсіну қажет.

Менің жанымда тұрған ит өз ісінің шебері, Вектор бельгиялық овчарка. Біз бір-бірімізді жақсы түсінеміз, бір-бірімізге арқа сүйеп сенеміз. Векторды күшік кезінен өзім тәрбиелеп жаттықтырдым. Бүгінде орталықтағы ең қырағы иттердің бірі. Вектордың нақты қанша қылмысты ашып, қауіпсіздікті қамту жолында қанша ерлік жасағанын білмеймін, бірақ ауыз толтырып айтуға тұрарлық жеңістері жетерлік.

Біздің қызметтегі басты керегі жылдамдық пен қырағылық. Тағы бір қызық мәлімет уақытын иттермен жиі өткізетін адам, жалпы ит асыраған адамдар болсын әдеттегі адамдардан 5-6 жылға ұзақ өмір сүреді екен, одан бөлек итпен жұмыс істеу күйзеліске таптырмас ем. Адам болған жұмыспен, күнделікті күйбең, қарбалас тіршіліктен жүйке жүйесі сыр беріп, шаршайтыны рас осы кезде біздің еміміз ол ит. Итпен бір серуендеп келсек бәрін ұмытып кетеміз.

Бала күнімнен өз қалауымен таңдаған мамандығымды мақтан тұтамын және иттерді көмегін тек қана бейбіт жағдайда пайдалануға жазсын дегім келеді.

Міне, иттің тілін тауып қызметіне пайдаланған мамандардың бір күндік жұмыс барысымен таныстығымыз осылай аяқталды. Кинология қызметі пайда болмай тұрып-ақ ит адамның адал досы деген бабам қазақ тазы, құмайларын алтыннан артық бағалап, мән бергенін бәріміз білеміз. Осыған қатысты, қазақта «жақсы ит иесінің көз-құлағы», «ит иесі үшін жүгіреді, құс тамағы үшін ұшады», «жақсы ит өлімтігін көрсетпес» деген секілді тіркестер кезедеседі. Олай болса ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғайтын кинолог мамандар мен мен олардың ақылды иттеріне сәтті жорық тілейміз.

Фото: Артем Чурсинов

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?