Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтың қайсар ұлы

2048
Қазақтың қайсар ұлы - e-history.kz
Қасым Қайсенов – тағдыры ұқсас, тарихы бірдей Қазақстан-Украина сынды екі үлкен халықтың төл перзентіне айналған тағдырлы тұлға.

Қасым Қайсенов.

Осынау қарапайым ғана есімде қазақтың намысы мен қайсарлығы, кеңдігі мен дархандығы, зиялылығы мен кішіпейілдігі жатқандай. Жан баласын жатырқамайтын, үлкен-кішіні де өзіндей көретін ерекше қасиеті және бар. Батырларға тән аңғалдық өн бойынан байқалып тұратын еді. Жомарт көңіл, жайдары мінез бен салмақты болмыс иесі туралы жалықпай айта беруге болады.

«Өскеменнің ар жағында, Бұқтырманың бер жағында әлемге аян Алтай бар» деп суреттелетін қарт Аспантаудың перзенті 1918 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Асубұлақ ауылында дүниеге келген. 1934 жылы мектепті бітіргеннен кейін Өскемен қаласындағы саяси-ағарту техникумына түсіп, 1938 жылы тәмамдайды. Павлодар облыстық оқу бөлімінің саяси-ағарту жөніндегі нұсқаушысы болып жүргенде әскер қатарына шақырылып, әскери барлау мектебіне жіберіледі.

1941 жылдың қараша айында барлаушылар мектебін бітірген бойда Оңтүстік Батыс майданының штабына жөнелтіліп, сол жерден арнайы тапсырма алып, Украинаның басқыншылар қолында қалған жерінде партизан отрядын құру үшін жау тылына түсіріледі. Ол жерде Қайсенов Чапаев атындағы партизан құрамасының үшінші отрядын басқарады. Одан кейінгі кездерде 1944 жылдың аяғына дейін Молдавия, Чехословакия, Румыния жеріндегі партизан қозғалыстарына қатысады. Отряд командирі болып жүріп, жау тылында жүздеген жорықты басынан өткереді.

Шыңдарын мәңгілік мұз бен қар басқан атақты Альпі тауына ұшақтан төрт мәрте тасталып, жау ішінде болса да, құдайдың құдіретімен бәрінен де аман-сау қалған, өзгеше тағдырлы, ерекше болмысты батыр Қасым Қайсеновтың жорық жолдары соғыс салған сұрапыл жылдарда сайрап жатыр.

Соғыс аяқталған соң, Отанына – Қазақстанға оралып, Қазақ ССР Жоғары Советінің Президумы аппаратында жауапты қызметте болды. Жамбыл облысының Жуалы, Свердлов аудандарында атқару комитеттері төрағаларының орынбасары ретінде соғыстан кейінгі  ауыл шаруашылығын қалпына келтіру науқанына белсене араласады. 1951-1954 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті жанындағы екі жылдық партия мектебінің аудармашылар бөлімінде оқиды.

1953-1972 жылдар аралығынжа «Жазушы» баспасы директорының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы көркем әдебиетті насихаттау бюросы директоры, «Қайнар» баспасы директорының орынбасары болып қызмет істейді.

1954 жылы орыс тілінде «Жас партизандар» атты алғашқы кітабы жарық көрді. Одан кейінгі кездерде «Илько Витряк», «Переяслав партизандары», «Ажал аузынан», «Жау тылындағы бала», «Днепрде», «Жау тылында», «Партизан соқпақтары», т.б. әңгіме, очерк, повесть жинақтары оқырман қолына тиді. Бұл шығармалар орыс, украин, басқа да көптеген тілдерге аударылды. Кейінгі кездері «Елімнің ертеңіне сенемін», «Естеліктер мен жазбалар» атты кітаптары жарық көрді.

Қасым Қайсенов – Қазақстанның халық қаһарманы, халықаралық Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың ержүрек батыры, әйгілі партизан, көзі тірісінде аты аңызға айналған тарихи тұлға.

Қасым Қайсенов – қазақтың батырлары қатысқан екінші жаһандық соғыста жауға жағасынан алдыртпай өткен берен ер, басқыншы дұшпанды қарадай қалтыратқан кәдімгі Вася. Халқымыздың күллі адамзатпен бірге жасаған ең ұлы ерлік дастанының ең басты қаһармандарының бірі.

Қасым Қайсенов – ерлік аңсаған жас ұрпақтың ең сүйікті кейіпкері.

Қасым Қайсенов – тағдыры ұқсас, тарихы бірдей Қазақстан-Украина сынды екі үлкен халықтың төл перзентіне айналған тағдырлы тұлға.

Қасым Қайсенов – тәуелсіз Қазақстанның Халық Қаһарманы атағын алған үшінші батыр.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?