Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қажы Мұқан өмірінің жылнамасы

2212
Қажы Мұқан өмірінің жылнамасы - e-history.kz
Қажы Мұқанның ерекше ардақ тұтар тұлғасы Абай еді. Ғасыр басында қазақ даласының екі ұлы азаматын тағдыр Омбы қаласында тоғыстырған болатын

1883 жылғы 7-інші сәуір

Қазақ елі Ақмола уезінің Сарытерек облысына қарасты Құрама ауылының солтүстік жағындағы Жәдік атты жерінде қазақ халқының қайталанбас дара тұлғасы, классикалық күрестен бірнеше дүркін әлем, Еуропа, Азия, Африка құрлықтарының чемпионы, ғаламат күштің иесі Қажы Мұқан Мұңайтпасұлы өмірге келді.

Қажы Мұқан жайлы жазылған еңбектер мен естеліктерде оның Петербургке аттануы жайлы әрқилы айтылады. Қолда бар құжаттар мен естеліктерге сүйенсек, Петербургке бағыт алуына әсер еткендер – орыстың екі алыбы А. Злобин мен И. Силовян және Қызылжар қаласының азаматтары мен татар жерінің қарапайым халықтары. Батыр өзі де орыс-татар азаматтарының арқасында өмірлік кәсібіме қол жеткіздім деп айтып кеткен еді.

1905 жылдың күз айы

Петербургтегі Чинезели басқаратын цирктегі палуандар жарысына қатысып Турбас, Георг Гакканшмидт сынды тегеурінді палуандармен күш таластырады. Күрес өнерін қастерлейтін табиға ортаға Мұқан палуанның есімі тез таралып, күресті машық еткен мамандардың назарларына бірден ілікті. Бұл кезде Мұқанның Иван Лебедевтің әйгілі күрес мектебінен қол үзген кезі болатын.

1905 жыл

Айлалы Чинезелидің құрған торына түсе жаздаған Мұқан аңғал басқанын дер кезінде мойындап, өз мектебіне қайтып оралды. Күрес мектебінің жетекшісі, тамаша ұстаз Иван Владимирович Лебедев шәкіртінің бұл албырттығына түсіністікпен қарап, оған ақыл-кеңестер береді.

1906 жыл

Мұқан Мұңайтпасұлының Германиядағы Гамбург қаласына үш айлық мерзімге тәжірибе жинақтау жиынына барды. Ол Ресей палуандарының құрамында командалық жарыстар бойынша күш сынасады. Ал жаттығу бағдарламасында күш қолдану, цирк элементтері молынан ұшырасып Мұқанның тағы бір қырын шыңдауға жәрдемдеседі. Неміс қаласындағы жас палуанның көргендері болашақ өміріне мол азық болады.

1906 жыл

Германияның астанасы Берлин қаласында өткен Еуропа чемпионатында финалдық белдесуде неміс палуаны Том Кеннедиді жығып, Еуропа чемпионы атағын жеңіп алды.

1906-1907 жылдар

Германиядан қайтып оралған Мұқан палуан Ресейдің қалаларында және Балтық жағалауындағы елдерде өткен күрес жарыстарына қатысады. Есімдері көпшілікке танымал әйгілі орыс палуандарымен танысады.

1908 жылғы ақпан

Киев қаласында халықаралық біріншілік өтті. Бұл жарысқа Вейланд Шульц, Циклон, Эрлих, Кобинг, Кадуеу, Майер, Поспиель, Манфред, Пьер де Колос сияқты есімдері белгілі палуандар қатысты. Мұқан палуан халықаралық чемпионаттың бас бәйгесі – 500 сом ақшаны олжалайды.

1908 жыл

Мұқан палуан әлемнің ең күшті палуандарының бірі эстондық Георг Лурихтың циркінде өнер көрсетті. Сол кезде Киевте, Минскіде, Варшавада, Ригада, Одессада күреске түсіп, ірі жеңістерге жетті. Медальдарды мойнына тағып, түрлі сыйақыларға ие болды.

1909 жыл

Мұқан палуан Швецияда француз күресі бойынша өткен әлем чемпионатында дүние жүзінің ең әйгілі палуандарын жеңіп, әлем чемпионы атанды.

1909 жыл

Мұқан палуан ресми түрде шет елдерде палуандар жарыстарына қатысады. «Қара Мұстафа» деген лақап атқа ие болады. Осы жылы Түркияда өткен палуандар біріншілігі оған ерекше әсер етеді.

1910 жыл

Палуан тұңғыш рет Оңтүстік Америка құрлығының топырағына табан тірейді. Аргентинаның астанасы Буэнос-Айрес қаласында өткен еркін күрес бойынша біріншілікте Американың чемпионы атанып, үлкен алтын медальді кеудесіне тағады.

1910 жыл

Батырдың тұңғыш ұлы Халиолла өмірге келеді. Ол кісі өмір бойы Омбы, ал өмірінің соңында Көкше жерін тұрақ еткен. 1910 жыл Германияның астанасы Берлин қаласында дүние жүзінің чемпионы Ганц Каванды жығып, «Дүние жүзінің чемпионы» деген атақты жеңіп алды.

1911 жылғы қаңтар

Мәскеуде өткен халықаралық чемпионаттың жүлдегері атанды. Әйгілі палуандар Шнайдер, Иогансон, Винтер, Апполон сияқты палуандардың жауырындарын жер қаптырды.

1911 жыл

Петербургте өткен халықаралық жарысқа қатысып, ресейлік және шетелдік әйгілі палуандарды тізе бүктіреді. Алайда төрешілердің әділетсіздігінен тек қана кіші алтын медальға ие болады.

1911 жыл

Польшаның астанасы Варшавада өткен халықаралық біріншілікте әлем және Ресей чемпионы Иван Яго, неміс палуандары Шульцтарды ұтып, кіші алтын медальді кеудесіне тағады.

1912 жыл

Мұқан палуан Ресейдің Саратов қаласында өткен халықаралық палуандар чемпионатына қатысып, үлкен күміс медальмен марапатталады. Біріншілікке қатысушылардың арасында Том Кеннеди, Рауль де Руан, Петр Крылов, Пол Абc, Леонид Дмитриев сынды әлемнің небір алпауыттары бар  еді.

1912 жылғы маусым

Ресейдің Нижний Новгород қаласында Сур циркінде орыс палуандарының біріншілігі өтті. Финалда Мұқан Турбаспен кездесті, жеңсе де төрешілердің әділетсіздігінен кіші алтын медальға ие болды.

1912 жыл

Осы жылы Варшава қаласында ең ірі халықаралық біріншілік өтті. Бұл біріншілікке Циклоп, Бенковский, Вейланд Шульц, Геогр Лурих, Темір-Болат, Лу Хунг Жанг сынды алыптар өз бақтарын сынады. Ақтық сайыстың қорытындысы бойынша Қажы Мұқан үшінші орынды иеленді.

1913 жылғы шілде

Мәскеудегі хайуанаттар паркінде французша күрестен халықаралық турнир ұйымдастырылды. Турнирге Иван Поддубный, Чемберс Ципс, Ярвинен, Чернояну, Петр Яцкевич сынды алапат күш мелері қатысты. Қажы Мұқан палуан Ямагата Муханура деген атпен күресіп, екінші орынды иеленді.

1913-1915 жылдар

Польша королінің шөбересі Граф Тышкеевич тағайындаған «Король Сигизмундтық белдігі» жүлдесін жеңіп алу жолында өз бағын сынаған Мұқан палуан көптеген атақты палуандардың жауырындарын жер қаптырады. Қажы Мұқан осы жүлдені қатарынан екі мәрте иеленді.

1913 жылғы желтоқсан

Триоцкі қаласында палуандардың халықаралық біріншілігінде 18 рет кілемге шығып, барлық қарсыластарынан жауырындарын жерге тигізді. Қажы Мұқаннан жеңілгендердің арасында неміс палуаны Шмидт, француз Фидери Колос, эстон Тигане, орыс Петров, т.б.

Ескерту: 1978 жылғы Ораз Әбішев пен Әлімқұл Бүркітовтың түсірген екі бөлімді «Қажы Мұқан» атты деректі фильмінде осы 1913 жылғы түсірілген кинопленка пайдаланылған. Онда палуандар парадында сапта кетіп бара жатқан  Қажекең бейнесі жарқырап көрінеді.

1914 жыл

Қажы Мұқан «Айқап» журналының шығарушысы Мұхаметжан Серәлімен танысады. Ол палуанға «Айқаптың» қызметкері Жиһанша Сейдалинді және Сұлтанмахмұт Торайғыровты таныстырады. Сол таныстықтан кейін журналда қазақ батыры, палуан Қажы Мұқан жөнінде үлкен мақала басылады. Кейіннен С. Торайғыров «Бір палуанға қарап» атты ұзақ жыр толғайды.

1914 жылғы ақпан

Америка құрлығы бағытындағы сапар Францияның астанасы Париж қаласынан басталады. Осындағы халықаралық біріншілікке қатынасып, командалас достары Алекс Аберг, Ян Колос, Юхан Тиганелермен бірге күрес жарысына қатынасады. Ол кілемге «Махмуд» деген бүркеншік атаумен шығады. Осы біріншілікте Австриялық Рандольфиді, сербиялық Георгиевичті, түрік палуаны Шәкірді зор басымдылықпен жеңіп, алтыннан алқа тағады.

1914 жыл

Қажы Мұқанның туған ауылы Қараөткел маңындағы Құрама-Жәдікте күш атасының аяулы әкесі Мұңайтпас Ернақұлы өмірден озды. Әкесінің қазасын палуан дер кезінде ести алмады, өйткені бұл кезде ол шет ел сапарларында жүрген болатын.

1914 жылы

Орыс палуандары Франциядан Атлант мұхиты арқылы Кубаға, одан әрі Флоридадан Нью-Йорк қаласына жетіп, сонда өтуге тиісті палуандар біріншілігіне қатынасады. Құрлықтан күшті атлеттері Мак Гратт, Дуглас, Джек Каркик, Том Дженкинс, Джо Роджерс, Джон Пининг сияқты тегеурінді палуандарды тізе бүктіреді.

1914 жыл

Америка құрама Штаттарындағы осы жолғы кездесулер американдық Фрек Гочтың тобында орыс палуаны Каплюр, түрік Куртдермдермен Сан-Францискоға жол тартып, ондағы өткен жарысқа қатынасты. Сол жолы Фрек Гочпен достасып, даниялық палуан Иесс Педдерсонмен қиын белдесу өткізіп, оны тізе бүктіреді.

1914 жылғы маусым

Орыс палуандарының құрамында Мұқан Мұңайтпасұлы Солтүстік Америкадан Оңтүстік Америкаға жол тартты. Мұқан палуанмен бірге әлем чемпионы Алекс Аберг, Лурих, Циклоп, Поспишель, т.б. палуандар бар болатын. Бұл бағытта олар Оңтүстік Американың Аргентина, Чили, Уругвай, Перу сияқты мемлекеттерінде болып, үздік шықты.

1914 жылғы қыркүйек-қазан

Ресей палуандарының Оңтүстік Америкадағы сапары кеме арқылы Оңтүстік және Оңтүстік шығыс Африкаға ұласты. Кейбір деректерге қарағанда Намибия, Замбия, Оңтүстік Африка репсубликаларында болған. Осы сапарында Қажы Мұқан Африка чемпионы тұғырына көтерілді.

1914 жылғы желтоқсан (шамамен)

Даңқты палуан Ресейге оралысымен әкесінің қайтыс болғанын естіп, Қызылжар – Бурабай арқылы Ақмолаға аттанады. Жолшыбай қазақтың тағы бір күш алыбы Нұрмағамбет Баймырзаұлымен (Балуан Шолақ) кездесіп танысады. Бұл жер шамамен қазіргі Макин кентінің оңтүстігінде болу керек.

1914 жылғы қаңтар

Қазақтың даңқты палуаны Америка, Африка сапарларынан зор жетістіктермен оралысымен, Мәскеудегі циркте әйгілі Станислав Цыганевич және Джо Моро ұйымдастырған халықаралық біріншілікке қатынасады. Кілем үстінде Гительман, Старашвили, Бакланов, Бутенко, Жан Сабатье, Сандров, Богатырев, Вайденберг, Андерсон, Макаров, Вейланд, Шульцтерді жеңіп, ақтық айқасқа жолдама алды. Жартылай финалды Джо Моро және Станислав Збышко-Цыганевич сияқты тегеурінді палуандарды жеңіп, жалпы қорытынды бойынша үшінші орынды иеленіп, үлкен күміс медаль алды.

1915 жылғы көктем айы

Мәскеу біріншілігінен соң Мұқан палуан Саратовта ұйымдастырылған жарыста тағы да С. Збышко-Цыганеевичпен күреске түсіп жеңеді. Сонымен қатар қазақ палуаны әйгілі палуандар Поплавскийді, Ципсті, Марочекті, Макаровты, Кочмаректі айқын басымдықпен жеңді.

1914 жылғы жаз айы

Қажы Мұқан Башқұрт халқының ұлттық мейрамы «Сабантой» шеңберінде ұйымдастырылған күрес жарысына шақыру алады. Уфа қаласында өзінің ұстаздарының бірі Злобинмен тағы да белдеседі. Тарихшылардың айтуына жүгінсек, әйгілі ұстаз осы белдесуден кейін күрес өнерімен біржола қош айтысып, шәкірті Мұқанға өз белдігін сыйлаған көрінеді. Мұқан палуанның басқа қарсыластары Пауло Бон, француз Лац Галф, Мартин Клейн болды.

1915 жыл

Палуан Қазақ қаласында ұйымдастырылған халықаралық біріншілікке қатысып, үлкен алтын медальді иеленеді.

1915 жылғы жаздың соңғы айлары

Палуандар Поддубный, Мартынов, Саракики, т.б. Ресейдің солтүстік қалаларында сапарда болды. Қажы Мұқан Хабаров қаласындағы халықаралық біріншілікке қатысады. Ол Кора Замуков, Лунд, Разумов, Чернояно, Пырков, Шацкий, Поплавский, Сальвини, Царенко, Бутенко, Макаров, Лавренов, Иван Кайндерді айқын басымдықпен ұтып, Иван Поддубныймен тең түседі. Сөйтіп біріншіліктің үлкен алтын медалін жеңіп алады.

1915 жылды күз айы

Орынбор және Ресейдің басқа да қалаларында өткен сапардан  соң қажы Мұқан Қиыр Шығысқа бет алады. Иван Поддубный, Иван Зайкин, Станислав Збышко, Григорий Деновецкий және Қажы Мұқан тобы Қытайдың Харбин қаласындағы әлемдік чемпионатқа қатысады. Бұл жарыстан соң Токионда Қажы Мұқан жапон палуаны Саракикмен жекпе-жекке шығады. Намысшыл Қажы Мұқан өзіндік айла қолданып, қарсыласын о дүниеге аттандырады.

1916 жыл

Қажы Мұқан Орынбордағы Кармухин циркінде өтетін халықаралық үлкен чемпионатқа арнайы шақырылады. Чемпионат үш айға жуық мерзімді қамтиды. Онда даңқты палуанға зор құрмет көрсетіліп, арнайы бенефис ұйымдастырылады. Түскен қаражаттың бәрі күш атасына берілді. Әйгілі палуандар мен цирк артистері Қажекеңнің құрметіне тегін өнер көрсетті. Осы бенефис барысында Мұқан палуанның өзі де өнерін аяған жоқ.

1918 жылғы жаз айлары

Қазақ халқының ірі тұлғаларының бірі, ақын, халық ауыз әдебиетін жинаушы, этнограф, шежіреші Мәшһүр Жүсіп Көпейұлымен Омбыда кездеседі.

1918 жыл

Ақпан және Қазан төңкерістерінен кейінгі қазақ даласында болып жатқан өзгерістердің басы-қасында жүрген Сәке Сейфуллин Омбы жақтағы Қажы Мұқанда арнайы хат жазып шақыртып алады. Күйзелген халықтың көңілін көтеріп, тарыққандарға жәрдем беруін өтінеді. Бұл өтініш шын жүрекпен қабыл алынып, Қажекең қарапайым жұртқа көп жақсылықтар жасайды.

1919 жыл

Қажы Мұқан Омбы жаққа қайта оралып, өз ісін әрі қарай жалғастыра береді. Қолынан келгенше бұл жақтағы адамдарға да көмек береді. Осы тұста Омбы жерінен өткен атаман Дутовтың жандайшаптары өзідерімен бірге батырдың өмірлік қосағы Бәтиманы бірге алып кетеді. Қажекең Бәтимадан қалған Абдолла мен Халиолланы Омбы түбіндегі қазақ ауылдарының біріне әкеледі. Сол жерде жұрт қатарлы өмір сүреді. Атбағар болады. Сібір, Алтай, Байкал маңындағы елді мекендердің халықтарына өнер көрсетеді. 1919 жылы Омбыда «Үш жүз» партиясының жергілікті ұйымдары ашылып, оған Мұқан палуан мүше болады.

1919 жылдан 1922 жылға дейін

Палуан атамыз уақытша күресті тастап, Омбы облысындағы «Жаңажол» колхозында атбағар болып жүрген кезде кейбіреулер ақ патшаның өзінен сый алған адам екен деп, оның соңынан қалмайды. Мұны естіген аңғал палуан награда қағаздарын өртеп, медальдарын астыққа айырбастап жібереді.

1923 жыл

Мұқан палуан Омбы жағында екінші рет төсек жаңғыртып, Ырысты әйелге үйленеді. Ырыстыдан үш ұл, үш қыз өмірге келді. Екі ұл өмірден ерте қайтты, кіші ұлы Құлымбет 1938 жылы туған. Қыздары София 1924 жылы, Әзия 1930 жылы, Рәшида 1933 жылы туған. Олардан туған Мұқановтар қазір Омбы, Қызылжар, Көкшетау жерлерінде ғұмыр кешіп жатыр. Ырысты 1938 жылы қайтыс болды. Қажекеңнің Бәтима және Ырысты атты әйелдерінің балалары мен ұрпақтары бір-бірлерімен етене араласып, тату-тәтті өмір сүрді. Күш атасының асқақ рухын, аруағын қастерлеп өтті және қастерлеуде.

1925 жылғы маусым айы

Қазақстан Үкіметінің арнайы шақыруымен Қажы Мұқан Омбыдан Қоянды жәрмеңкесіне келіп, Иса, Майра, Қалибек, Ғаббас, Қали, Зәрубай, Омар сияқты дала өнерпаздарымен бірге халық алдында өнер көрсетті.

1926 жыл

Тәшкен қаласында болған Совет Одағының біріншілігінде палуан топты жарып, чемпиондық атаққа ие болды және арнайы сыйлықпен марапатталды. Бұл сапарда оның қасына сүйікті шәкірті, цирк өнеріне өзі баулып тәрбиелеген ақмолалық Қайдар палуан еріп жүрді. Қолда бар естеліктерге сүйенсек, осы 1926 жылы Қажекең күш өнерімен Қазақстанның батыс аймағында – Маңғыстау, Атырау, Жайық өңірлерінде өнер сапарларымен болыпты. Театр артистерімен бірге Қызылорда, Әулиеата, Қарақалпақ жерлерінде өнер көрсеткен.

1927 жыл

Орынбор қаласында өткен Совет Одағының біріншілігінде ауыр салмақта сынға түсіп, бас жүлдені қанжығасына байлайды. Бұл кезде палуанның жасы 56-да болатын. Сол жылы Шығыс Қазақстан, Семей облыстарында өнер көрсетті. Дене тәрбиесі мен спортты дамытудағы еңбегі мен елдегі ұлы өзгерістерге қосқан үлесі үшін Қазақ АКСР-і Президумының шешіміміне Қажы Мұқан Мұңайтпасұлына «Қазақ даласының батыры» деген құрметті атақ берілді.

1929 жыл

Палуан Омбы, Орталық және Солтүстік Қазақстан өңірінде жүргенде тағы қудалау болып, шолақ белсенділер оны 5-6 ай абақтыға жаптырды. Кейіндері жиналған марапаттау қағаздары, кубоктары, қымбат дүниелері екінші рет жоқ болды.

Құрамында Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Құрманбек Жандарбеков, Шара Жиенқұлова бар шағын ұжыммен бірге Семей, Кереку, Ақмола, Қызылжар бағыты бойынша сапарға шықты. Осы сапарда туған ауылы Құрамада да болды. Бұл сапары жөнінде белгілі биші Шара өзінің «Өмірім – менің өмірім» кітабында тебіреніп жазған.

1931-1932 жылдар

Екі мәрте Қырғыз елінде өнер көрсетті. Тоқмақ қаласында көшпелі циркте палуандар Әли Мұхаммед және Циклоппен кездесуі тартымды болды. Қажекең екі палуанды да жеңді.

1931 жылдың соңы

Қажы Мұқан өзбек елінің көптеген қалаларын, елді мекендерін аралап, өнер көрсетеді. Онда бірнеше күрес жарыстары ұйымдастырылып, олардың барлығында палуан жеңіске жетеді.

1933 жыл

Қажы Мұқан Омбыға келіп, 2-6 ай тұрақтайды. Сол жылы ол Омбыға жақын Ресей қалалары мен елді мекендерінде цирк өнерін көрсетті. Бұл әйгілі ашаршылық жылдарының соңғы кезеңі болатын.

1934 жыл

Мұқан палуан өзінің ыстық сағынышын арқалап туған ауылы Құрама-Жәдікке тағы да келді. Ол кезде ауыл Семен Буденный атындағы колхоз  деп аталатын. Ұжымшар төрағасы қазақтың қадірменді ұлдарының бірі, кейіннен Үкімет басында қызмет еткен Әбдісәмет Қазақбаев еді.қиын кезеңге қарамай, жерлестері Қажекеңді хан көтеріп қарсы алды, бұрын-соңды болмаған той жасады. Осы жолғы келісінде Қажекең Қараөткел маңындағы Бай ауылы, тасмола, Сарытерек, Сандыбай, Жайнақ, Қоянды, Мортық, Сабынды, Көктал, Майбалық, Жалғызқұдық, Бұрташ, Жәмәш сияқты ауылдардың адамдарымен жүздесіп, олардың жабырқау көңілдеріне демеу болды. Осы тұста ел қатары қайта құралып, Сібір, Барнауыл, Новоссібір, Құлынды, Омбы жаққа бас сауғалап кеткендер еліне қайта оралған еді.  

1936 жыл

Сол кездегі Қазақстанның астанасы Алматыда үлкен чемпионат болады. Жарысқа Америка құрлығынан белгілі палуан, әйгілі әнші Поль Робсонның балдызы Франк Гуд және Қазақстан-Ресей палуандары Петр Чуркин, Владимир Плясуля, Михаил Боровой, Иван Кусенко, Мұқанның шәкірті Василий Ярков қатысты. Қажы Мұқан олардың барлығын айқын басымдықпен жеңіп шықты.

1936 жылғы күз айы 

Қажы Мұқанның туған өңіріне кезекті оралуы 1916 жылғы ұлт-азаттық күрестің 20 жылдығына байланысты болатын. Осыған орай Амангелді манов бастаған көтерілістің мерейтойына және Қазақстан одақтың республика болып жариялануына, тұңғыш Қазақ елінің Ата заңының қабылдануына байланысты Майбалық, Қосшы ауылдарының аймағында жалпыхалықтық той өтті.

1937 жыл 

Даңқты палуан бірнеше ай Омбы жағында өз отбасының қасында болады. Сол кезде оның басына тағы да қара бұлт үйірілді. Мемлекеттік қауіпсіздік органдарының тарапынан қудалау науқаны басталады. «Шетелдерде болып, жасырын әрекеттер жасады, контрреволюциялық элементтермен ауыз жаласты, Мұстафа Шоқаймен кездесіп, Батыс Еуропа жерлерінде жасырын істерге араласты, Совет Үкіметінің саясатына қарсы болған «Алаш», «Үш жүз» партияларымен мүдделес болды» деген айыптар тағылды.

1937 жылғы жаз айлары

Мемлекеттік қауіпсіздік қызметкерлерінің тыңшылары маза бермеген соң жаңадан қосылған жарымен біржола қоштасып, үйін тастап, Оңтүстік Қазақстанға кетеді. Түркістанға келіп, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи зиратына тәу етіп, өзбек жеріне өтеді. Үйленеді, Мұхтар есімді бала сүйеді.

1938 жыл

Осы жылы Омбы маңындағы ауылда Құлымбет есімді ұлы туады және екінші жары Ырысты өмірден озады. Қажекең немере ағасы Ескерместің қайтыс болуына байланысты Шымкент жаққа қайта оралады. Осы жерде Мінәйім атты әйелмен қосылып, төсек жаңғыртады. Палуан бұл кісіден 1940 жылы Айдархан атты перзент көреді.

1939-1940 жылдар

Көнекөз қарттардың естеліктеріне жүгінсек, соғыс алдындағы бір-екі жылдық өмірі өлара шақты еске түсіреді. Бұл қайрат күшінің ортайып, қарттыққа мойын бұра бастаған кезең еді. Арыс өзеніне тақау маңда егістікке жер алып, оны баптап дақыл егеді. Дегенмен өмір бойы қалыптасқан дағдысынан арыла алмай, жиі-жиі елге шығып тұрған.

1941 жылғы маусым

Алматыға келіп, жазушы Қалмақан Әбдіқадыровтың үйінде бірнеше апта қонақта болады. Өзінің өнегелі өмірі жайлы сыр шертеді. Сол  сапарда «Лениншіл жас» газетінің шаңырағында әңгіме өткізіп, оның қызметкерлерімен бірге суретке түседі.

1942 жылғы қаңтар

Палуанды Орталық партия комитенінің хатшысы Абдолла Бұзырбаев қабылдап, күш атасының өтінішін қанағаттандыруға көмек беретіндігіне сендіреді. Жасы келген қарт палуанның бұл ерлік бастамасын кейін Қазақстан басшылығы қолдап қуаттайды.

1942 жылғы ақпан

Қазақ филармониясының бір топ әртістерінің құрамында Қажекең Жамбыл облысына сапарға шықты. Облыстың көптеген аудандары мен шағын елді мекендерін түгелге жуық аралап, жұртшылықты ғажайып өнерімен тәнті етті. Осы сапар жөнінде белгілі әнші әрі өнер зерттеушісі Т. Бекхожина өзінің «Әншілігі де бар еді»  атты естелігінде әсерлі суреттеген. 

1942, 1943, 1944 жылдар аралығында

Палуан өзінің ойына алған ісін жүзеге асыру жолында көп күш-жігер танытты. Қазақстанның көптеген аймақтарында цирк өнерінің ғажайы үлгілерін көрсетіп, майданға қаражат жинады. Әрі халыққа мәдени қызмет етті. Айналасы екі жарым жылдың ішінде барлығы 100 мың сомдай ақша жиналып, палуан оның барлығын Қазал Армияны қолдау қорына аударды. 

1945 жылғы маусым

Тұрмыс жағдайының қиындықтарын тілге тиек етіп Қазақстандағы сол кездегі басшылардың бірі, өзінің жерлесі Әбдісәмет Қазақбаевқа хат жазады. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің жарлығымен Қажы Мұқан Мұңайтпасовқа «Құрмет» ордені тапсырылады.

                       1945 жыл

Қазақ ССР Жоғарғы Советінің төралқасы көрнекті палуан, әлемнің абсалютті чемпионы Қажы Мұқан Мұңайтпасовқа «Қазақ ССР-нің халық артисі» атағы берілсін деген құжат дайындады (Бұл құжаттың іске асқаны-аспағаны белгісіз).

1945 жылғы күз айлары

Әлемге әйгілі палуанның осы жылғы өмірі ұмытылмас күндерге жалғасты. Бұл жылы ұлы Абайдың 100 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті.

Абай – Қажы Мұқанның ерекше ардақ тұтар тұлғасы еді. Ғасыр басында қазақ даласының екі ұлы азаматын тағдыр Омбы қаласында тоғыстырған болатын. Қасында бір топ палуаны бар Қажекең Омбыға келгенде Абай оны іздеп тауып алып, Қара Қожа деген танысының үйінде қонақ қылады. Палуанмен етене қауышып, өзінің ағалық ақыл-кеңесін береді, болашағына бағыт-бағдар  сілтейді. Қажекең Абай айтқандарын өмір бойы бойтұмардай сақтап, мүлтіксіз орындайды.

1946 жыл

Осы жылдан бастап қарт палуан алыс жерлерге шығуды доғарады. Тек ат арбамен жақын ауылдарға барып тұрады. Бойынан әл кетіп, қарттыққа бой алдырады. Дегенмен «сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді» дегендей, әлі де тұғырдан таймайды. Егістікке жер алып, тұрмыс-тіршілігін жалғастыра береді. Бірақ бұл тұрмыс тауқыметті болып, оған көмек қажет болады. Палуанға ауылдастары көмек бергенімен, Үкіметтің жәрдемі мардымсыз еді. Атақ-даңқы әлемге әйгілі алыптың тарыққан шағы еді бұл.

Өмірінің соңында осындай қиындықты басынан кешірген дала алыбы тек қана қияны аңсайды. Осы жылдың маусым айында Арыс ауданындағы «Ленин туы» колхозына көшіп келеді. Тұрмысқа жарамсыз, өте ыңғайсыз ескі үйді паналайды.

1947 жыл

Қажекең соңғы рет төсек жаңғыртып, Бибігүл әйелмен отасады. 1948 жылы Мұқанның кенже баласы Жанәбіл өмірге келеді.

1948 жылғы 27-інші тамыз

Қазақ даласының біртуар ұлы, өмір бойы ұлттық қасиеттерді ұран қылып, есімі бүкіл әлемдік спорт тарихында алтын әріппен жазылған, өмірінің елу бес жылын күрес пен цирк өнеріне арнаған, отыздан астам шетелде болып, елу шақты медальға ие болып, қайталанбас жетістіктерге жеткен дара тұлға Қажы Мұқан Мұңайтпасұлы Оңтүстік Қазақстан облысы Бөген ауданының Ленин туы колхозында өмірден өтті. Батырдың қайтыс болуына байланысты республикалық басылымдарда қазанама жарияланды.

Дерек:

Керейбай М. Қажы Мұқан. – Астана: Фолиант, 2006. – 294-306-бб.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?