Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Доғал-Үрпек: көтерілістің соңғы шайқасы

1955
Доғал-Үрпек: көтерілістің соңғы шайқасы  - e-history.kz
1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі – еліміздің тәуелсіздік жолындағы маңызды тарихи оқиғалардың бірі

Патша үкіметінің отарлау саясатына және бұратана халықтарының жасы 19 бен 31 арасындағы жігіттерін Бірінші дүниежүзілік соғысының майданына қосалқы қара жұмыстарына алуына қарсы бүкіл қазақ халқы және көршілес Орта Азия елдері көтерілді. Көтерілістің аса ірі ошақтары да болды. Шығыс Қазақстанда Тарбағатай тауының баурайында көтерілісті Мүрсәлім болыс бастаса, Баянауылдың елін Қақабайдың Ағыбайы, Бісмілдәнің Нұрғалиы көтеріліске үндеді. Қарағанды облысында Оспан Шоңов, Нұрлан Қияшевтар бастаған ел патша үкіметіне бағынбайтынын білдірді. Ақтөбенің Ырғызында Қанайұлы Айжарқын мен оның 9 серігі көтерілісті бастады. Ырғыз елінің күресіне қызылордалықтар да өз үлесін қосты. Бірақ көтерілістің ең басты аймақтары – Жетісу мен Торғай еді. Мысалы, Шу-Меркі өңірінде Ақкөз мен Досмайыл батыр бастаған 7 болыстың елі көтерілді.

Көтерілісшілер 1916 жылдың 29 тамызында Меркіні қоршаса, қыркүйектің 17-сінде қазіргі Тараздың маңайында Алакөл құмында жазалаушы отрядпен шайқасты. Қордайда Әли Нұрғожаұлы бастаған көтеріліске Алатаудың бұлбұлы ақын Кенен қатысты. Кененнің “Әли батыр” атты дастаны, “Бұлбұл” деген әні 1916 жылғы оқиғаларға арналған. Үшқоңырда Жамбыл жырлаған Бекболат батыр көтерілісті бастаған. Қыркүйектің 9-ында қолға түскен батыр Алматының Боралдайында дарға асылды. Ал Қарқарадағы Албан көтерілісін Мұхтар Әуезов “Қилы заман” деген шығармасында бейнелеп қойған. “Бала өлгенше, шал өлсін” деп белін буған Ұзақ Саурықов, Жәмеңке Мәмбетов және олардың серіктері патша үкіметіне қарсы шығып, көтеріліс бастап, жазалаушы отрядтармен шайқасып, ақыры қолға түскен, қазіргі Қырғызстанның Қаракөл деген қаласында қырғыз көтерілісшілермен бірге дарға асылатын болды.

Ал, ерлік мекені өр Торғайдың 13 болыстарында көтеріліс басқа жерлерде сияқты 2-3 ай емес, жарты жылдан асқан уақытқа созылды. Қай қазақтың баласы Аманкелдінің атын білмейді? Әке-шешелеріміз, тіпті ата-әжелеріміз “Аманкелді” фильмін көріп өсті. Әбдіғаппар, Оспан, Қасым, Кейкі батыр, Аманкелді, Әліби Жангелдин 1916-1917 жылдары ерлік көрсетті. Татырдан Үрпекке дейін жол – тәуелсіздік жолы, ерлік дастаны. Шайқастан шайқасқа берілмей, соғысқан аталарымыз өз қанымен халқымыздың азаттық шежіресін жазды. 40 мың сарбаз мен жазалаушы отрядтар арасындағы алғашқы шайқас Татыр көлінің маңайында 1916 жылы қазанның 21-інде өткен. 15 мың сарбаз Торғайды қоршап алды. Одан кейін күз бен қыс бойы бірнеше шайқас болған. Ал соңғы шайқас – Доғал қопасы мен Үрпек қонысы қасында күнтізбенің ескі стилі бойынша 1917 жылы ақпанның 22 мен 24 арасында өткен. Бұл қазіргі күнтізбеміздің наурыз айының басына сәйкес келеді.

Яғни, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің соңғы Доғал-Үрпек шайқасы бұдан бұрын дәл 100 жыл бұрын өткен. Аманкелдінің сарбаздары патша әскерлерінің қолынан көп қырылса-дағы, берілмеді. Жазалаушы отрядтар көтерілісшілерді толығымен жеңбей, Торғайға қайтуға мәжбүр болды. Ал Ресейде болған Ақпан төңкерісі көтерілісті тоқтатып, қазақ халқына бостандық беріп, Алаш туын көтеруге мүмкіндік берді. Кейін Октябрь да келді, азаматтық соғыс та бастады, бұл енді тарихымыздың басқа оқиғалары. Ал 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің тарихи оқиға, құбылыс ретіндегі соңғы беті – Доғал-Үрпек шайқасы.

Жұмат Әнесұлы өлең-хикаятында жазғандай:

Доғал -Үрпек шайқасы,

Ақ пен Ерлердің айқасы.

Зеңбіректің гүрсілі,

Винтовканың дүрсілі,

Мылтықтардың түтіні,

Садақтардың зуылы,

Солдат пен сарбаз айқасып,

Қылыштардың шаңқылы,

Солдаттар болды кер қашқан,

Күркіреп кетті қара аспан.

Бәрі болды!

Жеңді бәрібір,сарбаздар,

Ерлік пен намыстан жаралған!

Асқар ДАЙЫРБЕК, өлкетанушы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?