Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қарапайым қаһарман – Кешірім Бозтаев

1406
Қарапайым қаһарман – Кешірім Бозтаев - e-history.kz
Ол 1989 жылғы ақпанның 20-сы күні Мәскеуге, СОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Михаил Горбачевқа хат жазып, Семейдегі атом полигонын жабуды талап етті

Әдебиет үйірмесі. Жорналшы, жазушы болғандардың көбі-ақ алғашқы қадамын осылай аталатын бейресми де шағын ұжымнан бастаған шығар-ау! Менің де қаламгерлік бірінші үнім Кеңес Одағының Батыры Ізғұтты Айтықов атындағы «Тарғын» орта мектебінің әдебиет үйірмесінде естілген. 7-класта оқып жүргенімде. Класс жетекшіміз әдебиетші Ақылбек аға Баймұханов үйірмені ұйымдастырып, көркем әдебиет жайында небір тартымды әңгімелер айтып, әдебиет әлемімен таныстырған. Кейін, Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газеті редакциясына қызметке орналасқанымда сол әдеби үйірменің өзіме көп көмегі болғанын сезіндім. Өлең, әңгіме, мақала жазуға қорғанбай кірістім. Редакцияның әдебиет үйірмесіне мүше болдым. Үйірмеде басқа жақта қызмет, жұмыс істеп жүрген  жастар да бар екен. Солардың бірі орта    бойлы, атжақтылау қоңырқай өңді, ұзын кірпікті қара көз жігіт – Бозтаев Кешірімхан (біз «хан» шіркінін  тәркілеп, «Кешірім»  деп  кеттік). Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында инженер-металлург екен. Жап-жас болса да мінезі тым салмақты. Қоңыр үнмен  баяу сөйлейді. Айызымыз  қана қатты күлетін сәттерімізде оның ақырын ғана жымиып отырғаны. Фантастикалық оқиғаларды ойнатып әңгіме жазады. Үйірмеде әркім талқыға ұсынған өз шығармасын өзі дауыстап оқитын дәстүр бар, ондайда Кешірім қызарып, кібіртіктеп қалады. Қарапайымдылығы.

Ал қарапайым адамның «ақырын жүріп, анық басқанын» сол Кешірімнен  көрдім. Ол қызметтің қым-қиғаш сатыларында  бөгелген де, сүрінген де емес. Адал еңбегі ақ бағаланып, алғыр альпинисше жоғарылай берді. Айналасы 20 жыл шамасында Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, облыстық атқару комитетінің төрағасы дәрежесіне көтеріліп, одан соң, 1987 жылы Семейге, облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына жіберілді. Кешірімнің Адам, Азамат бейнесі дәл осы соңғы орнында ерекше жарқын көрінді. Ол 1989 жылғы ақпанның 20-сы күні Мәскеуге, СОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Михаил Горбачевқа хат жазып, Семейдегі атом полигонын жабуды талап етті! Ол хабар дүңк еткенде пікір де бұрқ етті. Біреулер: «Өлетін бала молаға қарай жүгіреді деген»; «Сау басына сақина тілеген ғой!»; «Оны түлен түрткен шығар» десе, оған  көпшілік: «Е,  анау «көсемдер» атом бомбасын, ядролық қаруларды  үсті-үстіне сынатып,  халықты сорлатып отырған жоқ па, қашанғы шыдау керек?!»; «Кешірім Бозтаев Батыр екен!»; «Өй, тусаң, ту!» десті. Компартияның айбаты айды қорғалатып, күнді тұтылдырып тұрғанда оның саясатына қиғаш пікір айтушы былай тұрсын, ондай батыл пікірді қостаушының  да  ертеңгі күні не болары белгісіз  еді.

Арада  апта өте  Мәскеуден үлкен  комиссия  жетті...

Кейінірек  Кешіріммен Алматыда  ұшырасып:

– Кремльді нысанаға алғаның мықтылық болды. Мамай батырдың ұрпағы  екеніңді дәлелдедің! – дегенімде ол әдетінше сәл жымиып:

– Атомның  сұмдықтарына сырттай да шыдай алмай, не істесем екен деп жүруші едім, Семейге ауыстырғандары жақсы болды. Қызметтік құқымды пайдаландым да, сынау атаулының бәрінің құпиясын біліп алдым. Сен  олардың  әрбір  жарылысты түсірген фильмдерін көрсең... мен ашудан жарылып кете жаздадым, тіпті жынданатын шығармын деп те  ойладым. Үш түн  бойы  дені  дұрыс  адамша  ұйықтай  да  алмадым...

– Горбачевты «ататыныңды» Гүлзияңа  айттың ба?

– Әрине. Бәйбішемнен ештеңені жасырған емеспін. Ел мен жердің қасіретіне  шыдап жүре  алмайтынымды  айттым. Ермінезді  ғой, қолдады. 

– Ал  Алматыдағы «құдайларға»  ше?

– Әуелі обкомның бюро мүшелерімен оңаша келістім. Өзім ғана қол қоятынымды, не болса да өзім көріп алатынымды ескерттім. Бәрі түсінді. Хатты құпиялап жіберетін болдық. Бірақ, партиялық жол бойынша, республика партия ұйымының бірінші басшысына мәлім етуім керек. Колбинге. Ал оның, құптау қайда, хатымды сыртқа шығартпай қоятыны сөзсіз. Содан кейін, тәуекел деп, Министрлер Кеңесіміздің төрағасы  Нұрсұлтан  Назарбаевқа  телефон  соқтым. Хатты  жеке  өз атымнан  жіберуге бел байлағанымды  айттым. Ол біраз  ойланды да:  «Бастасаң баста... Біз  сені  қолдайтын  боламыз!»  деді.

– Оу, Мәскеудің сені партиядан шығарып, қызметтен қуып тастауы оп-оңай  еді  ғой?! – десем, Кешірім  тағы  жымиып:

– Екі тумақ та, екі өлмек те жоқ қой?! Өскеменге қайтып барып, комбинатқа баяғымша қатардағы металлург болуыма тыйым салмас деп ойладым, – дегені...

Семей полигонынан зардап шегіп жатқан жерді, елді көрген, сынаудың сұмдығы бұл өңірдегі халықтың бүгінгі ұрпағына қоса алдағы неше буын ұрпағын сорлатарын сана сүзгісінен өткізе алған Азамат қинала, қайғыра, қайраттана ашынған. Көрші облыста жүргенінде анық көре  алмаған сұмдыққа – ядролық сынау зұлматына өзі тікелей куә болған  соң  оған  қарсы  тұруға  тәуекел  еткен.

Иә, ол Кремльдің қаһарын көрді және жасқанбай төтеп берді. Келген, жұртшылықты «зерттеген», «жағдайдың Бозтаев жазғандай емесіне көз жеткізген» мәскеулік комиссиямен бірге өткізген қорытынды мәжілісте Кешірім дізгін-шылбырды оларға ұстатпапты! Сол мәжілістің стенографиялық есебінен бірер үзінді келтірейін:   

«Букатов. Біздің комиссия Совет Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысының тікелей тапсыруы бойынша, обкомның жеделхатының ізімен келді. Әрбір жарылыстың қалай өткені жайында құжат сақтаулы. Ильенко ережені ешқашан бұзбаған. 12-нші ақпанда да ереже бұзылмаған. Біздің мақсатымыз – сынаудың саны мен күшін  айтарлықтай азайту. Сынау ережелеріне біраз түзету жасаймыз. Радиация  мөлшері  «Б»  категориялы Семей  аймағына шақ болуы  мәселесін қарау керек.

Бозтаев. Семей облысы «Б» категориясы қатарында жоқ! Солай болғандықтан  да  сынау  аймағындағы  жұртшылыққа, міне, 40 жыл бойы ешқандай  жеңілдік жасалмай, өтемақы берілмей  отыр...

Ильенко. Мен полигон бастығы ретінде сынауға қатысушылардың, халықтың қауіпсіздігі үшін ғана жауап беремін. Газдың сыртқа шығып кеткеніне  мені кінәлау дұрыс емес.

Бозтаев. Газ ауаға тарайды, радиация мөлшері қалыптағысынан мың есе асып  кетеді, ал  оған  кінәлі ешкім жоқ, солай ғой? Олай болмайды! Кінәлі  кісілер бар, олар жауап беруге тиіс!

Ильенко. Маған 12-інші ақпандағы сынау үшін айып таға алмайсыздар және беталды айыптаудың уақыты өткен.

Бозтаев. 1987-інші жылдың мамырындағы жайтты есіңізге түсіріңіз. Газ ауаға тарап кетіп, оған наразылық айтылғанда сіз, генерал Ильенко, тиісті шаралар қолданылады, ол қателік қайталанбайтын болады дегенсіз.  Біз  сізге  сенгенбіз. Енді басқаша сөйлеп отырсыз.

Ильенко. 12-інші  ақпан үшін айыпты бола алмаймын.

Бозтаев. Сіз  полигонмен  байланысты  істің  бәрі  үшін  жауаптысыз!

Бредихин. Радиация жеткен кезде біз оның жоғары деңгейін анық байқамай  қалдық, өлшеу 0,5 және 0,8 рентгенді көрсетті...

Букатов. Біздің комиссия анықтағандай, ол – тиісті мөлшердің үш пайызы ғана.

Бозтаев. Семей сіз ескеріп  отырған мөлшерге жатқызылған емес.

Михайлов. Семей полигонындағы жарылыстың бәрі Орталық Комитет пен Үкіметтің қаулысы бойынша жүргізіледі, онда қауіпсіздікті сақтау және 1963-інші жылғы келісімді бұзбау үшін радиоактивті газ-тозаңды елімізден  тысқары  аумаққа таратпау көзделген.

Бозтаев. Ол шара шекараға жақын жерлер үшін қажет, ал біз болсақ, шекарадан мың шақырым аулақтамыз.

Булгаков. Полигонға жақын аудандарда тұратындардың және полигон жұмысшыларының арасында ауруға шалдыққандар болса, біз оны зерттейміз. Біз  сынауға  тікелей байланысты теріс ештеңе көре алмадық.

Герасимов. Менің Ильенконы қорғап сөйлегім келеді. Аркадий Данилович  дұрыс айтты, оның кінәсі жоқ... Ильенконы даттай бермейік. Оған қысым жасай бермейік... 40 жылғы сынаулар, радиация туралы  әңгімеге осыншама  уақыт жұмсау Ильенкоға  қатысты  мәселе  емес...

Бозтаев. Владимир Иванович, сіз Ильенконы табандап қорғап отырсыз. Иә, генерал ретінде ол – сіздің адамыңыз, ал коммунист ретінде ол – біздің кадр. Коммунисімізден жауапкершілікті талап етуімізге мүмкіндік  беретін шығарсыз?!

Еременко. Бүгінгі әңгіме мені қанағаттандырған жоқ. Сіздер, мемлекеттік комиссия мүшелері, тек өз мүдделеріңізді қорғап, жұмыс ережелеріңізді сылтау етіп отырсыздар. Жылына 14-18 сынау аз емес. 12-інші ақпанда қаланы сумен, жылумен қамтамасыз етіп тұрған коммуникациялық жүйемізде 14 апат болды. Қорытынды біреу: халыққа да, жерге де тыныштық беру керек. Полигонды жабу қажет, оны  басқа   жаққа көшіру  мәселесін  шешетін  болайық...

Бозтаев. Егер генерал Бредихин дабыл қақпаса, 12-інші ақпанда не пәле болғанын біз анық білмес те едік...

Ведомостік мүдделердің халыққа қамқорлықтан жоғары қойылып келе жатқаны өкінішті... Ал Ильенко десек, ол енді біраз уақыт істеп, генералдық зейнетке шығады да, тайып тұрады. Семейде бір күн де тұрмайды... Орталық Комитетке жолданған жеделхатта баяндағандарымыз – ақиқат. Ол – біздің жұртшылығымыздың   талабы. Біз   одан  айнымаймыз!..»

(Мұндағы: Букатов В.А. – КСРО Министрлер Кеңесі құзырындағы Әскери-өнеркәсіп комиссиясы төрағасының орынбасары; Мәскеулік комиссияның  төрағасы.  Герасимов В.И. – КСРО Қорғаныс министрлігі   12-басқармасының бастығы; ядролық қаруларды жасау мен  сынауды қадағалаушы, генерал-полковник. Михайлов В.Н. – КСРО Атом қуаты және өнеркәсіп министрінің ядролық қаруларды жасау, сынау жұмыстары жөніндегі орынбасары. Булгаков Л.А. – КСРО Медицина ғылымы академиясының академигі. Ильенко А.Д. – Семей полигонының бастығы, генерал. Бредихин П.Т. – Шағандағы әскери бөлімнің командирі, генерал. Еременко А.С. – Семей облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасы;   Гусев Б.М.  – Шағандағы  әскери бөлімнің қызметкері.)

Мәскеуден келген мемлекеттік комиссия нақты шешім жасай алмай қайтты. Келген бетінде: – Ядролық қару жасаушылардың есімдерін тарихқа алтын әріппен жазуға тиіспіз, ал қаруды жойғысы келетіндердің аттарын қара әріппен жазу керек! – деп кесапаттана мәлімдеме жасаған В.И. Герасимов кетерінде Кешірімнің бетіне тура  қарай да алмады.

...Арнаулы комиссия атау-ахиретсіз кеткендей ме, қалай? Пәлен ай өтті – ол жақ тым-тырыс. Сірә, СОКП-ның тақап қалған ХХVІІІ құрылтайы «көсемдердің» өзара есептерін шиеленістіріп, ішкі ырың-жырыңдары реттеле қоймай, «Бозтаевтың мәселесі» ысырыла тұрды ма? Жоқ. Семейде полигонға қарсылық жиын жиілеп, «Полигон жабылсын!» деген талап Қазақстанның, КСРО-ның шегінен шығып кетті. Оның үстіне, кейін баспасөзде ашық  жазылғандай, КСРО-да ядролық полигондарға жұмсалар қаржы сарқыла бастаған да, КСРО басшылығы, ежелгі  әдетінше, шындықты бүркемелейтін жалған ұранға жармасып, атом-ядролық полигондарды жабуға дүние жүзінде бірінші болып кірісетіндіктерін даурыға мәлімдеді. Ол «тарихи қадамына»  жүзден астам обкомның біреуінің секретары көтерген дабыл себепші болғанын мойындау «ыңғайсыз» көрініп, әйтеуір, бастаған Алматымен пікірлесіп, полигонға қарсылықты қоғамдық ұйымдардың бірі жасағаны дұрыс болады және Жазушылар одағынан беделді қай ұйым керек делінсе керек, Мәскеуден комиссия келетін күні (не бір күн ерте, не бір күн кеш емес!) одақ басқармасының бірінші секретары, ақын Олжас Сүлейменов телеарна арқылы  сөйлеп, одақта  жиын  өткізіп, «Невада-Семипалатинск»  қозғалысы  құрылатынын  жариялады.  

Бұл жайттың осылай екендігі Кешірім Бозтаевтың «29-ТАМЫЗ»  кітабында  баяндалған.

«Менің жеделхатым қырық жыл бойы ядролық сынаулардың жемтігі болып жатқан Қазақстаннан Кремльге Семей полигонын жабуды талап етіп жеткен тұңғыш ресми құжат болды... Ол  қалжыраған қаралы даланың қарғыс дауысы еді... Мен тәуекел еттім... Ертеңгі күнге сендім, құрбандықсыз болмас күресімнің мақсатын қадір  тұттым...» деп жазды  Кешірім.

...Марқұм болған Кешірімнің ел, халық алдындағы сол тарихи ерлігін «Жас алаш», «Централ Азия Монитор» газеттерінде 2005-інші жылы жария етіп едім, оным ең алдымен Олжас Сүлейменовке жақпай қалды. Ол орыстілді газеттерде іле-шала жарияланған сұхбаттарында Кешірім туралы: «Да, он был первым секретарем обкома, но не более того. И уж во всяком случае, среди первых борцов за закрытие полигона его не видели» дегені ғой! Астафыралла! Горбачевке бірінші болып қарсылық жеделхат жіберген кісіні «...среди первых борцов за закрытие полигона его не  видели» дегеніне («Казахстанская правда» газеті) таңданбау мүмкін бе? Семейде полигонды жабуды талап еткен жиынның фотосуреттерінде мінберде: К. Бозтаев, О. Сүлейменов, жазушылар М. Сәрсекеев, М. Мағауин, т.б. қатар  тұр. Енді  бірінде  шеру жасаушылардың алдында бірге келе жатыр. «Его не видели» сол ма?

Енді мынаны оқыңыз (үзінді):

«Семипалатинск, Областной Совет народных депутатов

Уважаемый Кешрим Бозтаевич!

Мы знаем Вас как крупного общественного и государственного деятеля, очень много сделавшего для процветания народа Казахстана. Вся Ваша жизнь – это добрый и назидательный пример для молодого поколения.

...В те нелегкие годы борьбы за прекращения ядерных испытаний на Семипалатинском полигоне Вы проявили стойкость бойца за интересы народа и мудрость истинного народного лидера.

...В день Вашего шестидесятилетия, дорогой Кешрим Бозтаевич, мы выражаем Вам свое глубокое почтение и говорим благодарное спасибо! Олжас  Сулейменов».

Тірі Кешірімді қошеметтеген, өлі Кешірімді күстаналаған Олжас кім енді? Ол Нұрекеңнің – президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Кешірім жайында:

 «...Принципиальность, требовательность к себе и другим, забота о людях, чуткость и внимание к ним снискали Вам заслуженный авторитет и уважение в республике. Неоценим Ваш вклад в решение проблем, связанных с закрытием Семипалатинского ядерного полигона, с созданием системы социальной защиты населения, пострадавшего от испытаний атомного оружия...»  деген пікірін де ескермеді.

Жалпы бұл ақының Семейге ат ізін салуы қалай болды? Кешірімнің  ақиқатшылдық  қасиетін  тани  түсу  үшін  ол  жайтқа  тоқталмай болмайды.

Олжастың Семейге алғаш аяқ басуы, ол жақтан КСРО халық депутаты болып сайлануы былайша: ол Алматы қаласының Калинин ауданынан КСРО халық депутаттығына кандидат болды. Участокке Жазушылар одағынан «Простор» журналының бір қызметкері екеуіміз бақылаушылыққа бардық. Дауыс беру, бюллетень санау таза атқарылды (қазіргі сайлаулардағыдай  ухит-сухит жоқ кез). Ақын ұтылып қалды. Ертеңінде жұмысқа барсам, бірінші хатшының кабинеті алдында төрт-бес жазушы  тұр. «Олжастың кабинетінде концерт болып жатыр» дейді. Кірсем, бір топ кісінің ортасында маған бейтаныс бір  тапал әйел табанымен шоқ басып алғандай тыпырлап, қып-қызыл еріні сүйреңдеп, шаңқ-шаңқ етеді: «...Бақылаушыларың участокте болған жоқ! Оларды жазалау керек!..» дейді. Мен қатты ашуланып, парткомымыздың хатшысы А. Ашировке дереу мәлімдеме жазып, участокте біздің болған-болмағанымызды тексертуді, көргенсіз өсекшінің жаласынан қорғауды талап еттім. Бірақ ешқандай  тексерту  болмады.

Сол күндері не болғанын Кешірім анық жазған: «Алматыда     дауысқа түскен Олжас қиындыққа ұшырапты. Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Ә. Назарбаев маған телефон шалып, жағдайды айтып, Олжас Сүлейменовті Семей облысынан депутаттыққа өткізуімізді өтінді. «Сүлейменов сізге көмектеседі. Полигонға қарсы күресте жақсы жәрдемші болады» деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Ертеңінде Г.В. Колбин телефон соғып, ол да сондай тілек айтты».

Ол тілектер, әрине, қабыл болған. Бұл дерек К. Бозтаевтың «Семей полигоны» кітабында бар. Полигонның шежіресі болған бұл кітап қазақ  және орыс тілдерінде 1992-інші жылы шықты. Ондағы деректерге Кешірім қайтыс болған 1997-інші жылға дейін де, одан  кейін де  ешкім күмән келтірген жоқ еді, тек полигонды жабу күресін ресми бастаған адам Кешірім екені айтылысымен Олжас: «Мен! Біз!» деп өре түрегелді. Егер К. Бозтаев    Кремль комиссиясы алдында: «Егер генерал Бредихин дабыл қақпаса, 12-інші ақпанда не пәле болғанын біз анық білмес те едік» деп ресми мәлімдесе, ақын шіркін оны жоққа шығарып, «маған бір ұшқыш   телефонмен  хабарлады» деп, өзін  қалайда  алға  шығаруға  тырысты.

(Жалғасы бар...)

 

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, жазушы

Фотосуреттерді түсірген Айдын ЖҮНІСХАН.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?