Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Найманның соңғы ханы – Күшілік

2708
Найманның соңғы ханы – Күшілік - e-history.kz
Екі-үш күннің әлетінде найманның соңғы ханы Күшілік туралы ғаламторда әңгіме қозғалып, коментарий берушілер арасында қызу пікір талас туды

Себеп болған – қырғыз наймандарының биыл Күшілік ханға Ас бермек ниеттерін жариялауы. Үн қосқан бір бауырымыз, «Наймандар Шыңғысханның батысқа жорығын жиырма шақты жылға тежеді. Мұның не қажеті бар еді?» деп азаттығы, тәуелсіздігі үшін күрескен наймандар мен Күшілік ханды кінәлауға дейін барыпты. Таң қалмадым. Бұл азамат өткен жылдары да дәл солай сөйлеген. Бұған, енді, не дерсің?

Осы жағдай ой салды. Күшілік хан туралы не білеміз? «Мыңғұлдың құпия Шежіресі», «Алтын тамыр», Шыңғысхан туралы жазылған кітаптарда Күшіліктің жастық шағы, 1204 жылығы ерте көктемде Шыңғысханмен соғысқанға дейінгі өмірі жайлы дерек жоқ. Қандай тәрбие, қандай білім алғанынан хабарсызбыз. Болжайтынымыз – ол тұста Найман Мемлекеті шығыстағы жазуы, сызуы бар, кеңселік хаттама жұмыстары жолға қойылған, мөр пайдаланған, шет елдермен елші алмасқан, заңнамалары бір ізге түскен жалғыз өркенниетті жұрт болатын. Осыған қарасақ Күшілік өз тұсындағы ілім-білімді игерген, мемлекет ісіне жастайынан араласқан, Хан ордасындағы тәрбиеден толық өткен, өз орнын білетін ханзада болуы тиіс.

Алайда, мыңғұл және мұсылман елдерінің деректері Күшілікті дөрекі, берекесіз, тілге ергіш етіп көрсетуге тырысады. Сол тұстарда араша түсер ешкім жоқтығын пайдаланып, Күшілікті әбден жерден алып, жерге салады. Мыңғұл авторының жазуында Күшілік хан соғыс алдында әкесі Таян ханмен ұрыс тактикасы туралы келіспей қалып, былай дейді «Таян хан қатындарша жасқанып, үрейі ұшуын қарашы! Моңғолдар қайтіп көбейе қалады? Моңғолдың Жамұқаға ерген көпшілігі осы жерде, біздің жақ та емес пе?» деп хан әкесін «...сідік шаптырым жерден арыға бармаған, бұзау өрісінен ұзамаған, кемпір...» деп тілдеді дейді (Мыңғұлдың құпия шежіресі. Алматы: Өнер, 1998. 124 б).

Сол заманда хан тұрсын, үлкенге қарап осылай сөйледі дегенді кім естіген? Абсолютті монархқа жаңағыдай сөз айтылса, баласы болса да, заматта бас кетеді емес пе? Бұл түбірімен жалған. Міне, Күшілікті әп дегеннен жағымсыз етіп көрсету басталды. Онан соң мынадай ақпар береді: «Найман мен меркіттердің шағын адамдары Ертістен өтіп, найманның Күшілік ханы ұйғырдың Қарлұғын басып, Сартауыл жерінің Шүй өзеніндегі Қарақытайдың гүр ханына барып паналайды» (Мыңғұлдың құпия шежіресі. Алматы: Өнер, 1998. 134-б.).

Ал Рашид ад-Дин Күшіліктің қиданға келісін екі вариантпен айтады. Біріншісінде қарақытайларға өз еркімен келді десе, келесіде тұтқынға түсіп келуі де мүмкін екеніне назар аударады. (Рашид ад- Дин Сборник летописей т 1, ч 2, стр19)

Мұнда да Күшілікті тұтқын еді деген емеуірін бар. Күшілік сартауыл-қарлұқтарды қақ жарып, соғыссыз басып өтті. Олардың көшіне қарлұқтардың шабуылдамауы ханзаданың қарулы қолына батпағынының, найманның азбай-тозбай айбатымен келгенін көрсетеді. Әйтпесе қарлұқтар найман көшін басып алып, тоз-тозын шығарар еді. Мұны Рашид-ад-Диннің білмеуі мүмкін емес. Себебі, Рашид кәсіпқой тарихшы, дерек талдаудың сол тұстағы ең озық ғұламаларының бірі. Амал не, кейде өстіп адалынан да жаңылған екен.

Таян хан Күшіліктің жоғарыда айтқан сөздеріне, шежіренің дерегі бойынша, басу айтумен ғана шектеледі. Бұл Таян ханды ынжық етіп көрсету. Бірақ, іле-шала Таян хан «Шығатын жан мен шырылдаған тән бірдей емес пе! Олай болса тиісейік!» деп майданға түседі. Бұл сөзден Таянның осал еместігін көреміз. Жанын да, тәнін де аяп тұрған жоқ. Шежіре ертесіне Таян ханды әжуалап ұстап алды дейді. Ал Рашид ад-Дин Таян ханның аянбай соғысқанын, ауыр жараланып өлгенін, тіпті нөкерлеріне дейін берілмей мерт болғанын айтады. Қайсысы дұрыс? Өзіңіз ойлап, пішіңіз.
Қидандардың ханы Жылғу наймандарды жылы қабылдайды. Күшілікке қызын беріп, үш-ақ күнде күйеу бала етіп алады. Күшілік, Рашид ад-Дин айтатындай, тұтқынға түскен адамға ұқсамайды. Осыны тарих көзімен деректеп, астарына үңілсек-қидандардың Көк Түріктермен ежелден аралас-құралас болғаны, бір тілде сөйлескені, қандас, түбірлес, сыйлас екені көрінеді. Қидан-қарақытай туралы профессор Тұрсын Жұртбайдың пікіріне назар салайық: «Қидан мемлекетін кім қалай атап, қай саққа жүгіртсе де, ол құрамында қоңырат, найман, керей, уақ, арғын, қаңлы, жалайыр, адай, телеуіт, қыпшақ және де басқа тайпаларды біріктірген қазақ халқының алғашқы құрамасы...» (Т. Жұртбай. Дулыға. 2 кітап, Алматы: Жазушы, 2007. 190-б.).

Қидан-қарақытай мемлекетінің территориясы туралы Т. Жұртбай «Қиыр шығыстағы Уссури өлкесінен бастап, Орта Азиядағы Әмударияға дейінгі» ұшы-қиырсыз, аса кең өлкені алып жатқанын айтады (Аталған кітап 189-б.). Қазіргі қазақ даласына қарата айтсақ қидандар Алтай сілемдерінен бас алып, Табағатайдан асып, Жетісуды, Балхаштың терістігі мен Қарқаралы тауларын ішіне алып, Қаратаудың қосып, Түркістан облысынан асып жығылады. Бұл өңірде сол тұстан бүгінге дейін үйсін, дулат, қаңлы, албан, суан және де басқа Ұлы Жүз бен Кіші Жүздің ондаған тайпалары отырғанын, қарақытай дегеніміздің кім екенін шамалай беріңіз. Бұлардың қандай дін ұстанғанын да ойлап көріңіз. 

Тумысынан еттірі, ширақ Күшілік тез арада наймандарды, меркіттерді, керейдің үлкен тобын жинап алып, зор күшке айналады. Қартайған қайын атасының бар шаруасын мойнына алады. Кейбір дереккөздерге қарағанда 1211 жылы қайын атасы Жылғуға «Тай шан хуан» (Жоғарғы император), ал енесіне Хуан тай хоу (жесір император қатын) деген атақтар беріп, бар билікті қолына ала бастайды. Қоқан-лоқы жасап маза бермеген Хорезмді майдан үстінде талқандайды. Қашқар, Тұрпанды басып алады. 

Бұл екі ортада, 1206 жылы бүкіләлемдік маңызы бар, жер жаһанның географиясын да, ұлттық құрамын да, мемлекеттер арасындағы ара салмақты да біржола өзгерткен оқиға өткен еді. Шығыстағы Көк Түрік жұрты Шыңғысханның туының астына бірікті, қаған етіп, ақ киізге көтерді. Бұл Тәңірге табынған көшпелілер өмірінде бұрын-соңды болмаған жаңалық. Көшпелілер енді бір адамға бағынды. 

Күшілікке қайта оралайық. Оның күшеюі баз біреулерге ұнай қоймады. Тіпті, 1540 жылдары, арада 320 жылдай уақыт өткенде М. Х. Дулати былай деп жазады: «Олар (Күшілік) ханифиттердің таза дінін кәпірлікке айырбастауға мәжбүр етті...Аллаға бас июдің орнына қарғыс атқан сайтанға мойынұсындырды» (М. Х. Дулати. Тарих и Рашиди. Алматы, 2003. 320-321-б.).

Тарихшы атамыздың жанына батқаны тек қана дін мәселесі. Басқа жағдайларға тап осынша күйзелмейді. Орта Азияны қанға бөктірген Шыңғыс жорығын басқыншылық деп қарамайды. «Шыңғысхан мемлекеттерді жаулап алуға бет алған кезде Кучулуктің жөнсіз бұзақылығына тойтарыс беру үшін бір топ нояндарын жіберді. Сол уақытта ол (Күшілік) Қашқарда болатын» дейді (Аталған кітап, 320-б.). Сөйтіп, Күшіліктің Найман Мемлекетін қайта құруға әрекеттенгені үш ғасырдан соң да қарсылық туғызғанын ұқтық. Күшілік те, Шыңғыс та Дулати үшін ол кезде сырттан келген басқыншы. Екеуі де басқыншы. Ендеше, бірінен-бірінің не айырмасы бар? Айырмасы-Дулатидың мұсылманшылығында, Күшіліктің Көк Түрік діні-Тәңіршілдікті мемлекетінің ресми діні етпек болғанында. Көк Түріктердің ата дінін сақтап қалу үшін жанталасуында.

Алдыңғы сөз ту баста Дулати секілді білімді адамның сөзі еместей көрінетін. Тереңірек ойлансам, Дулати қазақ даласынан саналы түрде бас тартып, жат ел, жат жерге кеткен соң ұлттық сана-сезімінде, болмысында өзгерістер болған сияқты. Оның үстіне арада 300 жылдан астам уақыт өткендегі оқиғаны болған күйінде жазу мүмкін бе? Дулати Күшілік заманын көрмеген, 300 жыл кейін туған адам. Ендеше не кектесін? Бар мәселе Күшіліктің мұсылмандарға қатты қысым көрсеткенінде жатқаны анық. Дулати мемлекет ішінде Құран талаптарымен жүргісі келеді. Ал Күшілік Мемлекеттік Заңдарды алғы кезекке қояды. Дін талабына емес, Заң талабына бағынатын Мемлекет құрғысы келеді. Міне, тартыстың нақты себебі. Күшіліктің Дулатиге жақпайтыны сондықтан. Қызығы, осы тірес күні бүгінге дейін толастамай келеді. Құранды Заңнан жоғары қоятындар мен Мемлекеттік Заңнамаларды жақтаушылар арасында, тіпті, бүгін де соғыс болып жатыр.

Найманның ордасын түзегені Шыңғысханға да ұнамады. Жебе ноян бастаған жиырма мың таңдаулы жасақты аттандырды. Абайсыз қалған Күшілік жандәрмен Қашқариядан шегіне соғысып, Тәжікстанның Таулы Бадахшанындағы Сарықолда (кей тарихшыларда-Сарыкөл) Жебе ноянмен жекпе-жекте 1218 жылы өлді. Найманның соңғы ханының басын Шыңғыс қағанға Жебе ноян алып келеді. Сонда, Шыңғыс хан Күшіліктің басын жуып-тазалатып, қадірлеп, көрнекі жерге қойғызып, ұлдарына көрсете бүй депті:
-Артында мынадай ұл қалған әкеде арман бар ма! Үйреніңдер! Атымды-белдеуден, қылшымды-белбеуден алғызбай он бес жыл соғысып, мені шар болаттай шыңдаған осы найман еді. Енді, мына әлемде кім бар менімен тең тұрып айқасар? Қане, кім бар? Қайсар ұлдың басын ханға лайық құрметтеп, жерлеңдер!

Сөйтіп, найманның соңғы ханы Күшіліктің өлуімен, Қарақытай мемлектінің құлауымен Шыңғыс империясында жаңа кезең басталды. Ендігі соғыс көшпелілермен емес, қамалы бар, тастап кете алмайтын егісі мен тамы бар отырықшы халықпен болады. Шыңғыс әскері бұған дайын емес еді. Ал, Күшіліктің соңында қалған наймандар, керейлер, меркіттер, қарақытайлар Хорезм, Қашғар, Тұрпанды алған, қамалды елмен қалай соғысудың тәсілдерін игерген. Ендеше, Шыңғыстың Орталық Азияны жаулап алуында бұлар алдыңғы сапты бастайды.

Күшіліктің соңында Сарыққолда Жебеден қашып кеткен бір ұлы, және келіншегі Күңкемен бірге Шыңғыс ордасына жеткен ұлы Сауыс қалды. Өзге ұрпағы да бар болуы тиіс, одан хабарымыз жоқ. Сауыстан Беден туады. «Жолбарыс соққан генерал» деп бүкіл қытай таңдай қағатын батыр осы Беден екен. Қытайланып кетіпті. (Ж. Мырзахан, Күшілік хан, Үрімжі, 161- 164 бет) Ал, Сарыкөлде қалған ұлдың кейінгі бір ұрқы-Өкіреш Шал. Екі ортадағы аталарды әзірше көздей алмадық. Бір ғана деректі Қаракерей Қабанбай батырдың тікелей ұрпағы, шежіреші Ахмадидің немересі Қапшырбай Оспанов ақсақалдан естігенбіз. Ол ақсақал:

Атамыз Беден, Екем, Бердім деген, 

Соңынан тоғыз ханды жетелеген, –

деп Күшіліктің соңындағы үш ұлдан тағы да тоғыз хан тарағанын айтып еді. Бұларға қоса Өкіреш Шалға дейінгі Тоғысхан, Тоғымхан, Тоқтахандар туралы айтып, қай атаның қай буыны екенін дәл көрсете алмаған. Кәсіби тарихшы Ж. Мырзахан жазатын Беден мен Қапшырбай ақсақал айтқан Беден бір адам ба, әлде аттас адамдар ма? Әлі көп зерттеу керек. Бұл басқа әңгіменің өзегі.

Шыңғысхан қаған сайланған 1206 жылдың алдына қайта оралсақ мынадай саяси картаны көреміз. Сол кезде Азияның шығысында нақтылы Мемлекеттік-хандық нысандары орныққан екі ғана мемлекет-Найман және Керей мемлекеттері болды. Бұлармен шекараласып қырғыз, шүршіт (қытай), тағбаш (мәнжүр), қидан (қарақытай), қыпшақ мемлекеттері, ары қарай Хорезм жатты. Кім не десе, о десін, сол кездегі Көк Түрік руларының негізі осы аталған Мемлекеттердің-найман, керей, қидан, қыпшақтардың құрамында немесе ықпалында болғаны даусыз. Мұны Шәкерім Құдайбердіұлы басын ашып айтып, арғындардың Ойраттан тарайтынын және Шыңғысхан тұсында найманның құрамында екенін жасырмай, бүкпей жазды (Шакарим Кудайбердыулы. Родословная тюрков, киргизов, казахов и ханских династий. Алматы «Жазушы» 1990 г. Стр-77).

Сондай-ақ, найман хандығын паналаған меркіт, ойрат, дөрбен, салжиут, қатаған, адай қатарлы руларды профессор Зардыхан Қинаятұлы жазып кетті. Осылардың біршамасы бүгін өз атымен жеке шаңырақ ұстады, біршамасы аты өзгеріп, найманның құрамында қалды, және де басқа руларға сіңіп кетті.

Келесі бір нәрсені айтпай кетсек сөз түгел болмас.

Найман Мемлекеті құлаған соң Азияның ұшы-қиыры жоқ сайын даласында Шыңғысханға қарсы тұрар қуатты күш қалмады. Кеше ғана ен далада еркін көшіп жүрген ру-тайпалардың бірі түгел қырылып кетті, келесілері Алтай таудан асып итжеккенді паналады, үшіншілері итжеккеннен асып, адам аяғы аспаған ну орманына тығылды. Бүгінгі қазақ даласына қотарылғанының санын кім білген. Ұшқан қыранның қанаты талар осынша шексіз аймақ бүгін моңғол аталып отырған тайпаның, самайына ақ түсе бастаған Шыңғыстың дәргейіне жығылды. 1206 жылы Темужинді қаған сайлап, Шыңғыс хан атады.

М. Х. Дулати Керей мен Жәнібектің Моғолстанның ханы Есенбұқаға келіп, Қозыбасты сұрап алғанын айтады. Бұл бүгін біз Ұлы Жүз деп жүрген территориямыз. Ал, бүгінгі Кіші Жүз ол тұста Ноғайлы аталатын. Сонда Қазақ Мемлекетін құрған найман, арғын, қоңырат, керей рулары және жалайырдың бір бөлігі екені анық. Ол тұста жалайыр бүгінгі Ұлы Жүздің құрамына кірмеген, шығыстан бірге қотарылған туыстарымен найман, арғын, керей, қоңыраттармен ұйысқан еді. Ғалымдарымыз осы тарихи фактіні айтуға құлықсыз, әлде, жікке түспейік деп көлегейлей ме?. Кім біледі, олары да дұрыс та шығар. Есенбұқа Керей мен Жәнібек бастаған көшке Қозыбасты бекерден-бекер бере салмағаны анық. Шығысынан қалмақ күш ала бастағанда елін қорғайтын жасақ керек еді. Мына келгендер ат үстінен түспеген, өңкей сен тұр мен атайын сарбаздар. Бір ғана Қаптағай батырдың аты мың жауға сес. Бұл жөнінде І. Есенберлин жазып кетті, қайталамайық.
 

Сол тұстағы наймандар туралы айтар болсақ-бүгін өзбек, қырғыз, татар, ноғай, түркімен, тәжік, тыва, алтай, мыңғұл, әзірбайжан, тағы да басқа елдердің құрамында-қызыл, қара, дүрмен, өкіреш, босторғай, базар, болдай, чантеке, үштай, бүйе, мырза, жуанбұт, көкші, сар, құран, қашай, қашарқұл, пәс, лақай, малыш, күн, жерде, төртқара, күжігет, нартоқ, ақсауыт, дөрмен, дөрмен-барлас және де басқа аттауларымен өсіп-өніп жатыр. Балталы, бағаналы, көкжарлы, бура, саржомарт, терістаңбалы, дүрмен, қаракерей, матай, садыр, төртуыл қазақтың құрамында. Ең мол найман өзбек арасында. Талайымен бірде іздеп барып, келесіде жол үстінде кездестім. 

Өзбек тарихшылары Әбілхайырдың өзін өзбектің ханы ретінде мойындамайды. Самарқан Университетінің тарихшыларымен кездескенімде «Әбілхайыр басқыншы, ол қазақ» деп бой бермеді. Ендеше, Әбілқайыр 1428-1429 жылдары хан сайланса және оны сайлауға негізінен бүгінгі қазақ ру басылары барса, Қазақ хандығының тамыры 1460 жылдары емес, одан арыда жатыр. Осы Әбілхайырды хан сайлауға найманнан ғана сегіз Елтұтқасы қатысыпты. Айтқандайын, Шыңғысханның алдында, М. Мамыровтың және Т. Сыздықовтардың деректеріне қарағанда, наймандар бүгінгі аталарынан өзге бетеге, көшеуіт-күжігет, дало-теле, ақсауыт, найман керей, найман қызыл қаңлы, найман қара қаңлы т.б. болып бөлінген сияқты. Бұлардың арасына әзірше біз білетін белгілі тұлға Рессейдің Қорғаныс министрі С. К. Шойгу (Ғаламтордан «Современный Тувинский Эпос о Богатыре Шойгу» деген мақаланы ашып оқыңыз. Өте қызғылықты).

Күшілік христиандықты да, буддашылдықты да енгізуге ұмтылмаған. Қолдағаны – Тәңіршілдік. Ол Тәңіршілдікті тастап християн, одан буддашы болды деген Күшіліктің бірбеткей, алған бетінен қайтпайтын қайсар мінезімен тіпті де үйлеспейді. Күшіліктің бүкіл өмірінде бұлғақтаудың, екі айтудың, біреудің сөзіне ерудің нышаны жоқ. Шыңғыспен соғысуға бір бекінді, өлгенінше айқасып өтті. Өз ұстанымы үшін, өз принцпі үшін басын бәйгеге тікті. Күшілікті бір діннен шығарып, екінші, үшінші дінге кіргізіп жүру оны қолдан тұрақсыз жасап, жек көрінішті ету үшін ойлап табылған амал. Найман, керей, меркіт нестория-християн болса, Шәкерім атамыз арғынды атап көрсеткеніндей, Найман және Керей хандықтарының құрамындағы барлық жиырма шақты рулар да християн болғаны. Қажет болса манадан бері біршамасының атын атадық. Ал, бүгінгі Шығыс Қазақстаннның батыс Алтайынан тартып, Жетісуды түгел қамтыған, Сырға жетіп тұйықталған Қарақытай Мемлекеті қандай дінді ұстанды, Қарақытай Мемлектінің құрамында болған бүгінгі үйсін, дулат, қаңлы, албан, суан рулары ол кезде қандай дінді ұстанды? Сұрақ көп.

Еуропалық монахтардың және евроцентристік бағытты ұстанған ғалымдардың өзге емес, нақтылы найманды христиан еткісі келетінінің тағы да бір себебі бар. Жоғарыда айттық, сол тұстағы шығыста өркениетті жалғыз мемлекет-Найман ұлысы еді. «Бұларды осындай жоғары дәрежеге жеткізген Християн діні. Християндық ілім мен білім» дегенді алдыға тартпақ. Қайтсе де шығысты кемсіту.

Найманның соңғы ханы Күшілік туралы әлі талай мақала шығар. Мақтар да, даттар да. Мен Күшіліктің бүкіл ғұмырын, қайраткерлігін, қолбасшылығын, әлсіздерге өктемдігін, соғысқұмарлығын, мұсылмандарды қан қақсатқанын және де басқа кереғар, жақсылы, жаманды барлық қасиеттерін толық қамти алмадым. Ақтайын да, даттайын да деп отырған жоқпын, ол сондай заман болатын.

Ал, найман, керей, меркіт бастаған шығыстағы барша рулар Карпини мен Рубрук қайталап «Исусқа табынады» дегені қаншалықты рас? Әлде, шылғи өтірік пе? Бүкіл шығыс екі монах айтқандай шоқынды ма, жоқ па деген сұраққа, бұйыртса, бірер күнде жауап беруге тырысамыз.

Камал ӘБДІРАХМАН, тарихшы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?