Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сұлтан Саид – ұлыс бегі, әділетті хан

2468
Сұлтан Саид – ұлыс бегі, әділетті хан  - e-history.kz
Саид ханның қоғамдағы әділеттілігіне сүйсінген Мұхаммед Хайдар Дулатидің де өмірлік ұраны «Адалдық пен шындық үшін күрес» болатын

Хайдар Дулати – өз заманы үшін жан-жақты әрі аса терең білім алған ғұлама адам. Тарих ғылымы, поэзия, музыка, сәулет өнері, зергерлік салалары бойынша оған дәріс берген ұлы Бабыр, Сұлтан Саид хан сияқты орта ғасырдың аса көрнекті ғұламалары еді. Мырза Хайдардың Бабырмен туыстығы жөнінде тарихи әдебиеттерде аз айтылып жүрген жоқ. Ұсынылып отырған мақаладағы әңгіме Сұлтан Саид хан мен Мұхаммед Хайдар Дулати арасындағы қарым-қатынас тұрғысында болмақ. Сонымен Саид ханның тектік шежіресін тарқатсақ, онда Шағатай ұрпағы Сұлтан Ахмет ханның он сегіз ұлы болғанын, ішіндегі ең үлкені Мансұр хан екендігін, одан кейінгісі Ескендір сұлтан, сонан соң Сұлтан Саид ханның өмірге келгендігін білеміз. Қалған он бес ұлдың жайы бөлек баяндалады. Сұлтан Ахмет хан, ағасы Сұлтан Махмұд ханға көмекке жүріп кеткенде Сұлтан Саид хан он төрт жаста еді. Хандар бірге болған кезде Сұлтан Саид хан қадірменді әкесінің мейірімін және немере, ағасының қамқорлығын көріп, бақытты өмір кешеді. Осындай күндер Сұлтан Ахмет хан мен Сұлтан Махмұд хан, Ақсида Шаһибек ханмен шайқасқанға дейін созылады. Сол соғыста Сұлтан Саид ханның жамбас сүйегіне оқ тиеді. Сүйегінің бас жағы сынып, ол қозғала алмай жасырынып қалады. Кейін шайқас аяқталған соң, жасырынған жерінен оны сол маңайдың тұрғындары тауып алып, қимылдатпай жатқызып қояды. Ол біраз күндерді артқа салып, сауыға бастайды.

Сұлтан Саид хан ержете келе Моғолстанда қазақы салтпен тіршілік кешпек болады, бірақ қым-қуыт оқиғалардан соң Моғолстанда тұру мүмкін болмайды. Нәтижесінде Сұлтан Саид хан Әндіжанға кетуге мәжбүр. Бір себептермен ол жерде де ұзақ тұрақтамай Кабулға Омар Шейх мырзаның ұлы Бабыр патшаның жанына кетеді. Ол Сұлтан Саид ханның жиен, ағасы еді. Бабыр патша оны қатты қадірлеп, ізет көрсетеді. Ол Кабулда үш жыл болады. Шаһибек (Мұхаммед Шайбани) ханды Шаһ Исмаил (Ирандағы Сефевидтік мемлекеттің негізін салушы) Мервте өлтірген соң, Бабыр патша Кабулдан Құндызға беттейді. Сұлтан Саид хан да онымен бірге Құндызға кетеді. Осы арада Мырза Хайдардың немере ағасы Сейіт Мұхаммед мырза Әндіжанға басып кіріп, кейіннен Ферғана уәлаятын да жаулап алды. Бабыр патшаға хабаршы жіберіп, болған оқиғаларды жеткізеді. Бабыр патша Сұлтан Саид ханды оның қарауында қызмет етіп жүрген бір топ моғол әмірлерімен Әндіжанға аттандырады. Сұлтан Саид хан Әндіжанға жеткенде Мырза Хайдардың немере ағасы Сейіт Мұхаммед мырза оны қарсы алады. Басып алған бар уәлаятты оған тапсырады. Хан оған шексіз алғыс айтып, моғолдардағы ежелгі салты бойынша ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып жалғаса беретін ұлыс бегі атағын береді.

Осы кезде мырза Әбу Бәкір Қашқардан бір қол жасақтап алып, Әндіжанға бет алған еді. Оның Ферғананы басып алуға дәмесі бар болатын. Хан бір мың бес жүз адамымен қарсы шығады. Әндіжаннан екі фарсах қашықтықта «Тұтлық» (Әндіжаннан он екі км қашықтықта жатқан жердің аты) деген жерде екі жақ әскері бір-бірімен кездеседі.

Ары қарай, М.Х. Дулати «Тарих-и Рашидиде» былай деп жазады: «Алланың жәрдемімен бір мың бес жүз адам жиырма мың әскерді жеңіп шықты. Кескілескен ауыр шайқас болды. Бұл жеңістен кейін Сұлтан Саид ханның ұстанған жолынан маңайындағы сұлтандардың көкірегінде үрей туды. Ферғана төңірегіндегі сұлтандар Самарқан, Ташкенттің өзбектері жиналып, бас біріктірді. Осы оқиғаның ізінше Бабыр патша Хисар-и (Хисар облысының басты қаласы. Бүгінде Тәжістандағы аудан орталығы) Шадманда сол аймақтағы сұлтандармен соғысып жеңді. Сонан соң барлық өзбекті Мауараннаһрдан қуып, Самарқанда таққа отырды.

917 (1511-1512) жылы раджаб айында хан Сұлтан Саид хан Әндіжанға қоныс тепті. Мен пақыр, осы «Тарихтың» авторы, Бабыр патша Әмір Нәжім-и (Шах Исмаилдың өте тәжірибелі қолбасшыларынң бірі) Саниге қосылған кезде рұқсат алып, Әндіжанға Сұлтан Саид ханның қызметіне аттандым, бұл кез ханның Сүйініш Қожа ханнан жеңілген уақыты болатын. Сондықтан, көктем шығысымен Саид хан Қасым ханға кетті. Ол Дешті Қыпшақтың ханы еді. Ол заманда оның әскерінің саны үш жүз мың еді. Қасым хан оған қатты құрмет көрсеткені сондай хан оны көптеген жылдар бойы ұмытпай, еске алып жүретін. Ол жерден қайта оралғанда мені «гурган» – ханның күйеу баласы етіп теңдестерімнің арасынан ерекшелендірді.

920 (1514-1515) жылы көктемнің басында барлық өзбектің беделді сұлтандары жер қайысқан сансыз қолмен Әндіжанға бет алды. Хан қарсы соғысуды жөн көрмей жау әскерлері Ферғана шекарасына жеткенше Моғолстанға кетіп қалды. Жетікентке жетіп кеңес құрды. Мырза Әбу Бәкірдің бауыры менің немере, ағам Сейіт Мұхаммед мырзаның дұрыс кеңесі мен ынта-жігерінің арқасында Қашқарға бет алды. Қашқарда кескілескен ауыр шайқас болды. Қашқар әскері бытырап, Қашқар қамалына барып тығылды. Хан Йанги Хисарға кетті. Үш ай бойы Йанги Хисар тұрғындары қоршауда болды. Ең аяғында Йанги Хисар тұрғындары немере, ағаммен байланысып, қамалды тапсырды. Қашқар әскерлері бұл хабар құлақтарына тиісімен, Қашқарды тастай қашты. Қашқындар Жаркентте мырза Әбу Бәкірдің қол астына барғанда, ол да қарсы тұрудан гөрі бас сауғалауды жөн көріп, Хотанға кетті. Ізінше хан да Жаркентке жетіп, мырза Әбу Бәкірдің соңына түсті. Әскер жіберіп, Тибет тауына дейін қуды. Моғол әскерінің қолына көптеген киім-кешек, мал-мүлік, қашыр мен аттар түсті. Сұлтан Саид хан 920 (1514 жылғы мамыр-маусым) жылы ережеп (раджап) айында Қашқарда таққа отырды. Бұрын айтқанымыздай, бауыры туған інісі Имин Қожа Сұлтан сол жылы қыстың соңында Тұрфаннан келді. Ол ханның барлық әмірлерін Мансұр ханды биліктен құлату үшін үгіттеп, оның осыған дейін Моғолстанда жасаған жаулық істерін, қателіктерін тізіп көрсетті. Саид хан: „Ол, ағамыз болғандықтан, дәстүр бойынша біз оған қызмет етіп, бас июміз керек еді. Бірақ біз ол кезде соны істемедік. Сондықтан ол бізді тәрбиелеу үшін жазалады. Сол себепті біз онымен жауласуға тиіс емеспіз. Қайта одан қателіктеріміз үшін кешірім сұрауымыз керек“, – деді. Ол Мансұр ханға мойынсұнып, татуласу үшін елші жіберді. Мансұр хан сол уақытқа дейін үрейленіп, жанын шүберекке түйіп жүрген еді. Күтпеген жерден мұндай хабардан қуат алып, жүрегі жарылардай қуанды, алайда қорқыныштан тұла бойы дірілдеп, кездесуге бет алды. Олар, Ақсу мен Құсан арасында кездесті. Сұлтан Саид хан Мансұр ханның атына хұтпа оқып, оның атына теңге соқтыруға әмір берді. Осылайша оған толық бас игенін білдірді. Мансұр ханның бұрынғы істеген қастандықтарының есесін жақсылық пен мейірімділікпен қайтарды. Осы татулық пен ынтымақ арқасында ел ішінде тыныштық орнап тіршілік жақсара бастады. Сондықтан адамдарға Қытай қамалынан Ферғана уәлаятына дейін жападан жалғыз еш қорқынышсыз жүріп-тұруына мүмкіндік туды.

Келесі жылы Мұхаммед қырғыз Түркістан мен Сайрамға шабуыл жасап һәмұсылмандарды тонады. Бұл әрекетті Сұлтан Саид хан исламды қорлау деп біліп, Мұхаммед қырғызға шабуыл жасады. Олар мұсылман қауымына не жамандық көрсетсе, оны екі есе етіп қайтарды. Мұхаммед қырғызды ұстап, зынданға қамады. Ол он бес жыл зынданда болды.

928 (1521-1522) жылы Сұлтан Саид хан баласы Рашид сұлтанды Моғолстанға жіберіп, тұтас Моғолстан мен қырғыздарды басып алды. Моғолстан елінің көбі Рашид сұлтанды қолдады. Аяғында маңғыттардың шабуыл жасауы салдарынан Дешті Қыпшақта өзбек-қазақтың тұруы мүмкін болмай қалды да олар екі жүз мың адаммен Моғолстанға бет алады. Рашид сұлтан өз жұртымен Қашқарға қайта келді. Сұлтан Саид хан Бадахшанға аттанды. Ол Бадахшанның жартысын басып алды. Хан екі рет Бадахшанға жорық жасады, біріншісі 925 (1519) жылы, екіншісі 936 (1529-1530) жылы. 934 (1527–1528) мені Рашид сұлтанмен бірге Балурға жіберді. Ол жерді „Кәпірстан“ деп атайтын. Ол Бадахшан мен Кашмир арасында орналасқан. Ғазауат соғысын (дін жолындағы соғыстар) жүргізіп, көп олжамен кері оралдық. Осыдан кейін біраз уақыт өтті.

Адамдардың сайтандығы ма, әлде жаман пейілдігі ме, әйтеуір бір себептермен хан мені Рашид сұлтанмен, Ақсуға жіберді. Бұрын айтылғандай, Ақсу Имин Қожа (Әбілқайыр ханның ұлы) сұлтанға берілген еді. Ақсу мырза Әбу Бәкірді жаулап алған уақыттан 909 (1503-1504) бастап, 923 (1517) жылға дейін ойран болып жататын еді. Ал Имин Қожа сұлтан ол жерді өте әсем етіп көркейткен болатын. Алайда, соған қарамастан, мені Рашид сұлтанға қосып, Ақсуға жіберді-де біз Имин Қожа сұлтанды еріксіз Қашқарға көшіріп жібердік. Мен Рашид сұлтанды, Ақсуда қалдырып, әскері мен жұртының істерін реттеп, қайта оралып, хан қызметіне кірістім. Имин Қожа сұлтанды Үндістан жаққа жібердім. Ол Үндістан жерінде өз ажалынан қайтыс болды.

938 (1531-1532) жылдың аяғында хан Тибеттегі кәпірлер еліне ғазауат соғысын жүргізуге бет алды. Мені ол жерге бұрынырақ жіберді. Мен хан келгенше Тибеттің кейбір қамалдарын алып, Тибет уәлаятының көптеген аймақтарын өзіме қаратып алған едім. Хан да артынан келіп қосылды. Екі қол бір-біріне қосылғанда әскер саны бес мың адам болды. Тибеттің барлық аймағын есептегеннің өзінде бес мың адамды қыс мезгілінде ауқаттандыру мүмкін емес еді. Сондықтан хан мені Ескендір сұлтанға қосып, Кашмирге төрт мың адаммен жіберуді жөн көрді. Хан өзі Балтиге (Балтистан, немесе Кіші Тибет, оған Вахан арқылы Хотаннан және Бадахшаннан жол өтеді) бет алды. Балти Тибет пен Балур арасында орналасқан уәлаят болатын. Сол қыста хан Балтиде ғазауат соғысын жүргізіп, көктемде қайта Тибетке оралды.

Мен сол қыста Кашмирде болдым. Қыстың аяғында Кашмир билеушілерімен соғысып, құдіреті күшті Алла тағала жеңіске жткізді. Кашмирдің барлық әскері мен әмірлері жойылды. Кашмирді жаулап алу қолда тұрған іс еді, әдетте бір нәрсені бүлдіріп жүретіндердің кесірінен, оны тұтас жаулап алу мүмкін болмай қалды. Кашмир әміршісімен бейбіт келісім жасалып, Кашмир әміршісі Мұхаммед шаһтың (Кашмирдің билеушісі, төрт ретбилікте болған) қызын Ескендір сұлтанға қостық. Саид ханның атына хұтпа оқылып, теңге соғыла бастады. Кашмирден мүмкіндігінше мал жиып, сол қыстан кейінгі көктемде хан қызметіне қайтадан Тибетке келдім. Оның әртүрлі жомарттық ілтипатына бөлендім. Ол өзі қайтып кетті-де мені Қытай және Тибеттің құбыласы саналатын Урсанг (Мұхаммед Хайдар Лхасса қаласын айтып отыр) жаққа жіберді. Өзі Қашқарға тартты». Байқағанымыздай, Саид хан Мырза Хайдарды өз балалары мен бауырларындай көріп, қастерлепті. Тағы бір мән берерлік жәйт ретінде М. Х. Дулатиге Саид ханның Қасым ханмен кездесуінен кейін ерекше көзқараста болғандығын айтуға болады. Мырза Хайдардың қоғамдық-саяси өмірінің қалыптасуына өшпестей із қалдырған Саид хан Тибетке келісімен-ақ пайда бола бастаған тұншықпадан қатты әлсіреп қалады, соңынан жан тәсілім етеді. Бұл 939 (1533 маусым-шілде) жылы еді.

Өзінің қоғамдағы мәртебесін көтеріп, саяси қайраткер ретінде қалыптасуына үлкен ықпалын тигізген Ұстазының турашыл өмірін Мырза Хайдар былай баяндайды: «Ол жас шағында албырт, ержүрек, думаншыл, шарапқа әуесқой еді. Жүрген жері сауық-сайран болатын. Ораза айынан басқа кезде шарап ішпей жүре алмайтын. 928 (1521-1522) жылы ол 37 (отыз жетіге) толды. Содан бастап ол, ақыл тоқтатып, тәубасына келді. Тура жолға түсті.

Хан 928 (1521-1522) жылы ішімдік ішуді тыйды, бірақ шариғат тыйым салған тірліктерден бас тарта алмады. Тәубесіне толық келе қойған жоқ. Ол мына аятқа сай болмаған: «Ей, иман келтіргендер! Аллаға шын жүректен тәубе келтіріңдер». Содан Қожа Баһааддин Махмұд «Алла оған саулық беріп, сақтасын» Қожа Хаванд Махмұд лақабымен Қашқарға келгенде хан оған қатты құрмет көрсетті. Оған беріліп, оның жақтаушы тобына кірді. Алғаш, ақыл тоқтатып тәубесіне келгеннен кейін бес [жеті] жыл өткен соң ол шариғат бойынша тыйым салынған барлық тірліктерден бас тартып, толық тәубасына келді. Сонымен оның тәубасы Құран аятына енді шын сәйкес келді. Ол мұсылмандардың тариқатын ұстаған соң, нағыз әділет жолына түсті».

Саид ханның қоғамдағы әділеттілігіне сүйсінген Мұхаммед Хайдар Дулатидің де өмірлік ұраны «Адалдық пен шындық үшін күрес» болатын. Өзінің мәңгілік, өшпес еңбектерінде Ғұлама Бабамыз ұрпақтарына осы ұстанымды өнеге етті емес пе?!

Сейдехан БАҚТОРАЗОВ, тарихшы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?