Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сұлтанмахмұттың қалыңдығы

1730
Сұлтанмахмұттың қалыңдығы - e-history.kz
National Digital History порталы «Сұлтанмахмұт ғашық болған қыз» деген атпен ақынның жеке өміріне қатысты мақала дайындаған болатын

Онда Алтай жерінде болған сапарында Қаратай елінің басшысы Әбдікерім болыстың қызы Бағилаға кездесу сәті баяндалған. Енді осы тақырыпқа өзектес, жалғас ретінде белгілі журналист Өркен Кенжебек ақын тағдырына байланысты жаңа деректерді жеткізеді.

«Баянауылда игі жақсының біразы туып-өскен. Сәтпаев, Марғұлан, Айманов, Аймауытов, Торайғыров дегендей тізіліп кете береді. Біз Торайғыр ауылына арнайылап соғып, осында өскен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың (ақынның туған жері – Солтүстік Қазақстан облысы) музейіне барған едік», – деп түсіндіреді сапар барысын Ө. Кенжебек. – Сұлтанмахмұттың жүз жылдық мерейтойының қарсаңында 1993 жылы жаңа ғимарат салып беріпті. Алайда, шамалап бес жүз қаралы ауыл ғой, қайбір жағдай жасасын – музейдің іші суық, экскурсовод апай пальтосын шешпей жүр. Ақын өкпе ауруынан азап шегіп, не дұрыс оқи алмай, не жөнді жұмыс істей алмай, ақыры 27 жасында қайтыс болған соң, көрсетер экспонат та қалмапты».

Журналистің бұл сапарда тапқан олжасы – тарихи екі фото болды. Оның түсінігін ол: «Алғашқы фотода – Мәлике Иманбаева, Баянауылдық қазақ әйелдерінің арасынан шыққан алғашқы мұғалима. Сұлтанмахмұттың қалыңдығы болған екен. Тіпті қалыңмалын төлеп, әне-міне неке қиямыз деп отырғанда, ақын қайтыс болып кетеді. Содан Мәлике ары қарай оқу ізденемін деп пе, ауылдан кетіп қалады, басқа біреуге тұрмысқа шығады, 1930-шы жылдардағы ашаршылық кезінде қайтыс болыпты», – деп тәптіштейді. 

Ал екінші фотодағы адам туралы «...қалың мал төленіп қойған, оны кері қайтаруға мүмкіндік болмаған соң, ары қарай жағдай былай болған. Екінші фотода - Мәликенің сіңлісі Нағима. Сол Нағиманы 12 жасында Сұлтанмахмұттың інісі әлде ағасы Бәшенге (шын аты Байқоңыр болған-ау) тұрмысқа береді. Осылайша, ақынның келіні болған Нағипа апамыз бертінге дейін өмір сүріпті», – деп жазады Ө. Кенжебек.

Небәрі 27 жыл ғана өмір сүріп, артына өшпестей із қалдырған қазақтың талантты ақыны, жалынды журналисі Сұлтанмахмұт өмірінің қыры мен сыры мұнымен бітпес.

Заңғар КӘРІМХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)
 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?