«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Алаш ұстанымы және «Мәңгілік ел»

2487
Алаш ұстанымы және «Мәңгілік ел»
Өлкетану музейлерінің құрылымы ұқсас болғанымен де, әр аймақтың өзіндік айырмашылығы мен бірегей экспозициялары және құнды экспонаттары ерекшелігімен көз тартады

Сарыарқаның төсінде Қарағанды қаласында орналасқан Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде осыдан жеті-сегіз жыл бұрын реэкспозиция жұмыстары барысында Алаш ұлт қайраткерлерінің ұстанымы «Мәңгілік ел» идеясын насихаттауға арналған Қазақстанда бірегей экспозицияны құру бақытына ие болған жандардың бірі ретінде осы мақаланы жазып отырмыз.

Тәуелсіз Қазақ елінің дамуы уақыт өткен сайын қарқын алып, ұлттық, жалпы адамзаттық және демократиялық құндылықтар мен ұстанымдар негізінде биік мұраттарға бағыт түзеп келеді. Елімізде «Мәңгілік ел» идеясы аясында әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық реформалардың іске асырылуы мәдени-рухани өмірімізге жаңа сипат, тың мазмұн берді. Қоғамның рухани дамуына Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланып елдің қарыштап алға басуының, қоғам дамуының сара жолын одан сайын нақтылап берді. Мәдениетіміздің жарқын белгілерінің бір көрінісі музейлер хақында Президент Н.Ә. Назарбаевтың: «Жаңа әлемдегі Қазақстан халқының деңгейдегі дамуына мәдениеттің дамуы және басқа мемлекеттермен мәдени байланысы зор ықпал ететіндігі сөзсіз. Әлеуметтік мемлекет құру үрдісінде басты көңіл мәдени мұраны сақтауға, жаңғыртуға және оны насихаттауға бөлінеді. Музей ғасырлар шежіресі мен өмірдің рухани қазынасы дейтін болсақ, ендеше Қазақстанның өнерін, материалдық мәдениетін насихаттауда, оны дамытуда, болашақ ұрпақ үшін сақтауда, әрине музейлердің атқаратын рөлі зор екендігі анық» деген сөзі музейлердің адамзат өміріндегі нақты бағасын беріп тұр [1, 3-б.]. «Алаш мұрасы» – музей экспозициясында мақаласын жазудағы мақсатымыз – ұлттық, мемлекеттік идеология мәйегіне айналдыру, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музей стационарлық экспозициясында көрсетілген Қазақ елі тарихи тұлғаларын таныстыру мен қатар жастардың қызығушылығын ояту жолдарын қарастыру.

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі 1932 жылы 7 қарашада политехникалық музей ретінде ашылған. Музейдің ашылуына Ленинград политехникалық музейі көмек қолын созды, тау-кен машиналары әкелініп, өлке материалдарымен бірігіп экспозиция құрды. 1938 жылы  облыстық  өлкетану музейі болып өзгертіліп, заманына сай табиғат, тарих, социалистік құрылыс бөлімдері ашылды. 1964 жылы 17 қыркүйектегі ҚазКСР Мәдениет Министрлігінің бұйрығымен музей тарихи-өлкетану болып өзгертілді. 1999 жылы мұражай «Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы» КМҚК болып қайта құрылды [2, 125-б.]. Музейдің экспозициясы әр жылдарда заман талабына сай жаңартылып отырды. 2010-2011 жылдары музей «Жол картасы» бағдарламасы аясында реэкспозиция жұмыстары жүргізілді. Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің әр залдың ғылыми тұжырымдамасы және тақырыптық-экспозициялық жоспары жасалды. Музей экспозициясын құру турасындағы Ғылыми кеңестің отырысында: «музей экспозициясының көркемдік безендіруін талдау; әр залға ғылыми қызметкер мен ғылыми кеңестің мүшелерін бекіту; екінші қабаттың залдарының атын өзгерту; жинақтау және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу», - деген тарауларды талқылап, нақты тапсырмалар берілгендігін көреміз [3]. Ғылыми кеңесте Қарағанды облысының мәдениет басқармасы басшылығы және мамандары, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері К.Т. Темірғалиева, Қазақстан Республикасының суретшілер одағының мүшесі және Қазақстан Республикасының дизайнерлер одағының мүшесі А.С. Қалмаханов, академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ғалымдары атап айтсақ т.ғ.д., профессор Р.М. Жұмашев, алаштанушы ғалым т.ғ.к., доцент Н.А. Бейсенбекова, т.ғ.к., доцент Г.М. Смағұлова, т.ғ.к., доцент Ж.Ә. Жұмабеков, т.ғ.к., доцент Қ.С. Өскенбаев, т.ғ.к. Т.Б. Тулеуова және т.б., тәуелсіз сарапшылар, музей директоры Е.Н. Нұрмағанбетов пен музей ғылыми қызметкерлерімен бекітілген ғылыми тұжырымдамасында екінші қабаттағы №6 зал «ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалыстары», №9 зал «ХХ ғасырдың 30-50 жылдардағы қазақ зиялыларының тағдыры» деп өзгертілді [3].

Тарихымызды ұлттық көзқараспен жазып жатқанымыз – Алаш ұлт қайраткерлері аңсаған Тәуелсіздіктің жемісі деп айта аламыз. Алаш қозғалысы мұрасы реэкспозиция жұмыстарынан кейін жаңғыртылған, жаңа технологиялармен жабдықталған «ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалыстары» залының экспозициясында көрсетілген [4, 4 б.]. Музей залдарында 2017 жылдан бастап «Нұрлы Ғалам» ЖШС дайындаған аудиогид арқылы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде экскурсия тыңдауға болады [5]. Музейдің «ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалыстары» залы Алаш ұлт қайраткерлерінің ұстанымы «Мәңгілік ел» идеясын насихаттауға арналған Қазақстанда бірегей экспозиция болып табылады. Алаш ұлт қайраткерлерін зал композициясымен «сегіз қырлы, бір сырлы» деген халық даналығымен ұштастырған. Азаттық күрес жолындағы негізгі рөлді Алаш ұлт қайраткерлері атқарды. «Алаш мұрасы» сериясын жарыққа шығарушы авторлар ұжымы: «Алаш (ежелгі түрік сөзі – бауырластар, қандастар, туыстар) – көне заманда, түркі халықтары бөліне қоймаған қауым кезінде дүниеге келген ұғым. Орта ғасырлық және одан ерте кезеңдегі деректерде қазақтың өз алдына ел болып хандық құрғанға дейінгі ежелгі тайпалардың ортақ атауы. Алаш сөзі қазақ атауының баламасы ретінде берілген. «Атамыз – Алаш, керегеміз – ағаш» деген қазақ халқы ұлттық тәуелсіздік жолындағы күресінде ежелгі Алаш ұғымына қайта оралып, оны бостандық пен бірліктің ұраны етіп алды. Соның дәлелі ретінде «Алаш қозғалысы», «Алашорда», «Алаш» деген ұғымдарды атауға болады. «Алаш азаматы» деу қазақ халқының ауыз бірлігіне, елдің, жердің тұтастығына меңзейді» деген анықтама береді [6, 28-29-б.]. Ата-баба арманы үзілмей жеткен Алаш ұранды ел тұтқаларының дала даналарының елдік идеясын ХХ ғасыр басында Алаш ұлт қайраткерлері дамытты. Оның да өзіндік заңдылықтары бар, «Мәңгілік ел» идеясы қазақтың киелі жері Алтайда көтерілді. Алаштанудың негізін қалаушылардың бірі, ғалым Мәмбет Қойгелді: «Алаш идеясы бұл қазақ халқының күнделікті тыныс-тіршілігінен бастау алады» деп ой түйіп, Алаш идеясының қайнарын: «Алаш идеясы бұл белгілі бір топтың еркімен өмірге келе салған жасанды,сондықтан да өткінші құбылыс емес. Ол ұлтпен бірге өмір сүретін, ұлт өмірінен тамыр алған құндылықтар жиынтығы, яғни ол қазақ ұлтының түрлі тарихи кезеңдерде өмірлік мүддесін білдіріп отыратын манифест бағдарлама. Алаш идеясын өмірден біржола ығыстырып тастауға көп күш жұмсаған кеңестік билік өмірден кете салысымен Алаш идеясының қайта жаңғырып, жаңадан күш алуы оның өміршеңдік сипатын анықтайды», деген жолдардан тарихи сабақтастықтың үзілмегенін көреміз [7, 4-б.].

Алаш қайраткерлерінің консалидациясы қазақ саяси партиялары мен ұлттық өкімет құрылуына әкелді. Ұлттық зиялы қауым өкілдері отаршылдыққа қарсы күресті басқарды. «ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалыстары» залының кіре берісіне қарсы «Қарқаралы үндеухатын жазу» суретін салған [4, 4-б.]. Суретте үндеухаттың авторлары Алаш ұлт қайраткерлері: құқық магистрі Жақып Ақбай, ХХ ғасыр басындағы Алаш ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі, Алаш автономиясының төрағасы, көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым-экономист Әлихан Бөкейхан, демократ-ағартушы Ахмет Байтұрсын Қоянды жәрмеңкесінің фонында бейнеленіп берілген. 1905 жылы 26 маусым күні Санк-Петербургке, Ресей Министрлер комитеті төрағасына жолданған Қоянды жәрмеңкесінде даярланып, 14500 (екінші дерек – 12767) кісі қол қойған атақты үндеухаттан Алаш қозғалысы тарихи бастауын алады деп қорытындыласақ [6, 97-б.]. Филолог ғалым Қайрат Сақ осы ғылыми тұжырымды негізге алып Алаш публицистикасының тарихын Қоянды үндеухатымен байланыстыра қарастырады [8, 77-б.]. Экспозицияда үндеухат орын алған. Үндеухаттың талаптары: «...шаруаларды орталық губерниялардан жер аудару тоқтатылсын, қазақтарға діни басқарма құрылсын, цензура жойылып, қазақ тілінде ресми іс-қағаздары ендірілсін, қосымша сот ендірілсін; Мемлекеттік Думаны шақыру жобасын дайындауға арналған жиналысқа қазақтар қатыссын», – деп көрсетілген.

Қазақ халқының ұлт азаттық көтерілісін ХХ ғасыр басында Алаш ұлт қайраткерлері көтерілісті қарумен емес, жаңа әдіс – қазақ ұлтының сана-сезімін ояту, қоғамға тың ой-пікір мен жаңа идеялар және көзқарастардың қалыптасуына сара жол ашты. Тәуелсіздік жолында мерзімдік баспасөз арқылы күреске шықты. Экспозицияда 1916 жылы 25 маусымдағы патша жарлығы, ол бойынша барлық бұратана халықтардан 19-43 жас аралағындағы ер адамдар алынуына байланысты Қазақстанда тұтанған көтерілістің негізгі ошақтары Жетісу мен Торғай өңірлеріне қатысты құжаттар және көтеріліске қатысушылардың қарулары көрсетілген. Алаш ұлт қайраткерлері «Қазақ» газеті арқылы көтеріліске шықпауға, өйткені мұздай қаруланған әскерден қырылып қалатындығын жазып, халқын ескертумен болды. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерліс жеңіліс тапқанымен де, қазақтардың ұлттық сезімінің, саяси белсенділігінің  өсуіне әкелді.

Музей экспозициясында Алаш партиясының заңды мұрагері, қазақтың тұңғыш ұлттық мемлекеті 1917 жылы желтоқсанның 5-13 күндері аралығында Орынбор қаласында жалпықазақтың ІІ съезі Алашорда ұлттық үкіметі құрылып, жабық дауыс беру нәтижесінде Әлихан Бөкейхан – Ұлт Кеңесінің Төрағасы болып сайланғандығы көрсетілген [9, 329-333-б.]. Алып орыс имперализміне халқымызға тән батырлық пен ерлікке сай, қазақ ұлтына деген шексіз махаббаттың арқасында қасқайып қарсы шыққан Алаш ұлт қайраткерлерінің фото суреттері, этикеткалары (өмір сүрген жылдары, атқарған қызметі), сол заманның қолданыста болған көлемді экспонаттары және алаштанушы ғалымдардың музей қорына тапсырған еңбектері мен архив құжаттары қойылған. ХХ ғасыр басындағы жоғарыда аттары аталған ұлт қайраткерлері әр қайсы жеке ұйым, сол ұйымның өз баспасөзі болып, ішінара сынасқанымен, бірақ бәрінің көздегені бір мақсатқа жету жолдары әр түрлі болды. Ол мақсат – өзін-өзі басқаратын, ұлттық мүддені қорғайтын мемлекет құру.

2014 жылы «Хабар Агенттігі» АҚ тапсырысы бойынша «Арша» студиясы Қазақстан Республикасының музейлеріне соның ішінде Қарағанды облыстық тарихи өлкетану музейіне арналған «Аманат» бағдарламасына жоғарыда аттары аталған екі залды арнайы түсірген болатын. Еліміздің музейлерін халыққа насихаттауға арналған «Аманат» бағдарламасының редакторы Сәкен Нөгербек пен бағдарлама жүргізушісі Қасымхан Бұғыбай бастаған шығармашылық ұжымның еңбегі сол кезеңдегі «Мәдениет және Білім» арнасынан көрсетілді. Сол бағдарлама аясында Мемлекет тарихы институтының директорының орынбасары, т.ғ.д. Ж.У. Қыдыралина және сол кездегі музейдің ғылыми қызметкері ретінде мақала авторы да кеңестік кезеңде Алаш зиялыларының алдыңғы және кейінгі буынының ойлаған ойы, іске асырамын деген армандары үзілмей жеткен тарихи сабақтастық арқылы Қарағандыда «ЕСЕП – Елін сүйген ерлер партиясы», Батыс Қазақстанда «Қазақ халқын қорғаушылар одағы», Мәскеудегі «Жас тұлпар», Керекудегі «Жас ұлан», Хасен Қожа-Ахмет құрмақ болған «Жас қазақ» секілді ұйымдармен жаңғырып және соңғы Желтоқсан көтерілісі турасында сұхбат берген болатын. Қазіргі таңда музейдің Алаш ұлт қайраткерлерінің ұстанымы «Мәңгілік ел» идеясын насихаттауға арналған Қазақстанда бірегей экспозиция тек музейге келушілердің тамашалауға ғана арналмаған, әр түрлі деңгейдегі іс-шаралар тұрақты өткізіліп тұратын және ғылыммен айналысып жүрген жас ғалымдарға таптырмас ғылыми-әдістемелік орын болып табылады.

 

Әдебиеттер тізімі:

1. Алға ұмытылған Қазақстан (мәтін): аймақаралық (Атырау және Қызылорда) көрмелер католгі. / – Алматы,  2010. – 87 бет.

2. К.Т. Темірғалиева, Т.Т. Аршабеков Тарих және музей монографиялық зерттеу музей қорынан. / – Қарағанды, 2007. – 168 бет.

3. КМҚК «Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі», №1-6/128  Ғылыми кеңестің облыстық музей экспозициясын құру хаттамасы. // – Қарағанды, 07.10.2011.

4. Нұрмағанбетов Е.Н., Темірғалиева К.Т. Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музей жол көрсеткіші.  // – Қарағанды: Exspress, 2011. – 36 бет.

5. Қарағанды музейіне 85 жыл // 2017 жыл 22 қараша http://qasym.kz/karagandy-muzejine-85-zhyl/

6. Алаш. Алашорда. Энциклопедия / Құраст.: Ғ. Әнес, С. Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – 544 бет.

7. Төлепберген Б. Мәңгі жас – Алаш идеясы: Публицистикалық зерттеулер мен мақалалар. // – Алматы: «Алматы баспа үйі», 2008. – 304 бет.

8. Қайрат Сақ. Қазақтың тірі я өлі болу мәселесі. // «Мәдени мұра» журналы. 2011. – №7 (34) қаңтар-ақпан.

9. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы (Көмекші оқу құралы). / – Алматы, Санат, 1995. – 368 бет.

 

Әділет ЖАҒЫПАР