Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қош, мұз айдынның мұзбалағы!

1591
Қош, мұз айдынның мұзбалағы! - e-history.kz
Қазақстан спортшысы Денис Теннің қапиядағы қазасы қоғамды дүр сілкіндірді. Белгілі қайраткерлер мен интеллигенция және азаматтық белсенділер қаны бұзық қаскөйлерді қатаң жазалауды сұрап отыр

Алматының Құрманғазы және Байсейітова көшелерінің қиылысындағы мейрамханадан түстеніп шыққан Денис Тен көлігінің айнасын ұрламақ болған ұрылардың үстінен түскен. Оқиға 19 шілде күні түскі сағат 14.56 кеткенде болған.

10 минуттан кейін келіп жеткен жедел жәрдем көлігі сағат 15:12-лер кезінде Орталық қалалық клиникалық ауруханаға  15:23-те жеткізеді. 2 сағат 7 минут бойы жүрек-өкпе реанимациялық әрекеттері жасалды. Кейін белгілі болғандай, Денис Тен жамбасынан пышақ жарақатын алған.  Нәтижесінде 3 литр қан жоғалтқан. «Сандағы күретамыр тұсында магистральдық қан тамыры зақымданған кезде, қан жоғалтудың қатерлі жағдайы 2-3 минутта орын алады» дейді мамандар. Жасалған тиісті барлық шараларға қарамастан, сағат 17:30-да биологиялық өлім тіркелді.

Бұл ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Ернар Әкімқұлов растады. 18.00 уақыттан бастап еліміздің барлық бұқаралық ақпарат құралдарында даңқты спортшының қазасы жайлы ақпарат тарап, жұртшылықты тіксінтті.

Д. Теннің өліміне қатысы барларды жедел іздестіру жұмыстарына кіріскен Алматы полициясы күдіктілердің бірін ұстады. 1994 жылы туған Нұралы Қиясовты есімді адамды ұстап, тергеді. Құзырлы мекеме таратқан мәліметтер бойынша, ұсталған күдікті ауыр қылмысын мойындаған. Алматы қалалық прокуроры Берік Жүйріктаевтың айтуынша, екінші күдікті – Қызылорда облысының тумасы Арман Құдайбергенов іздестіріліп жатыр.

Ауыр қайғыға байланысты Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев марқұмның отбасы мен ет жақын туыстарына және Қазақстан халқына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Денис Тенмен қоштасу ертең, шілденің 21-і таңертеңгі сағат 10-да Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтетіні туралы хабарланды.

Біздің құшағымыз ғана қатты емес екен, жүрегіміз тас болып кетіпті. Несіп Жүнісбаев аға Бекзатты қапияда қаскөйлер өлтіргенде, «Құшағы қатты халық екенбіз» деп күңіренген.

Сені қорғай алмаған қатігез қоғам үшін кешір!

Еліңді тастай алмасаң да, сол еліңнің қара жерге қиған қылығын кешір!

Қош, мұз айдынның мұзбалағы!

«Қазконтент» АҚ «Қазақстан тарихы» порталының ұжымы ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, 2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Теннің қайтыс болуына байланысты оның отбасына, ет жақын туыстарына, бүкіл Қазақстанның спортсүйер халқына көңіл айтады.  

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?