Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Қазақия қалай отарланды?» кітабы жарық көрді

2988
«Қазақия қалай отарланды?» кітабы жарық көрді - e-history.kz
Көптеген тарихшыларымыз ұмыт қалдырып келген немесе арнайы осы тақырыпқа батып жазбай жүрген отарлау саясатына бөлек бітімді кітаптың жазылғаны жетістік болып саналады

Қазақ тарихының ақтаңдақ беттерін ашуда нақты деректер мен архив құжаттарымен дəлелденіп жазылған «Қазақия қалай отарланды?» кітабы жарық көрді. 

Кітаптың құндылығы сонда, келтірілген деректер отандық тарихшылардан бөлек негізінен орыс тарихшылары мен патша, совет шенеуніктерінің еңбектерін, қазақ даласында болған шетелдік жиһанкездердің туындыларын ұтымды пайдалана білуінде. Жəне кеңірек масштабта, Ресей мен Қытай елдерінің саясатының қыспағында қалған Қазақия тағдыры боямасыз, əсірелеусіз сипатталады. 

Қазақияның отарлық кіріптарлыққа қалай түскенін, көрген залал-зардаптарын, қарсы əрекеттердің қандай сипат алғанын егжей-тегжейлі баяндайды. Көптеген тарихшыларымыз ұмыт қалдырып келген немесе арнайы осы тақырыпқа батып жазбай жүрген отарлау саясатына бөлек бітімді кітаптың жазылғаны жетістік болып саналады. 

Деректі-публицистикалық кітаптың авторы - көбімізге белгілі журналист, отарлау саясатын жүйелі түрде жазып жүрген зерттеуші, көсемсөзші Бекен Қайратұлы. 

«Қазақия қалай отарланды?» кітабының мұқабасына қараған жан қазақ даласының қандай геоаумақта өмір сүріп отырғанын және оған көршілес, алыс-жақын шетелдің неге қызығатынын аңғарар еді. Бабадан мирас болып ғасырлар бойы келе жатқан жеріміздің картасын қолымен ұстап тұрған Белгісіздің кім екенін осы кітапты толық оқып шыққан адам білер еді. Петр І бастап, Хрущев-Колбиндерге дейінгі отарлаушылардың басқыншы әрекеттері Қазақтың жері мен елін жер бетінен құртып жіберуге шақ қалдырды. Мұқабадағы сурет тарихымызды ұмытпауға, тағдырымызды тонатпауға және келешектен түңілмеуге шақырады. 

5e7332b293ce56c5627fa23ec1e9cf09.JPG

Кітап сегіз бөлімнен тұрады, әр бөлім 2-3 тарауға және ондаған тараушаларға тармақталады. Көлемі 400 бет. Үш ғасырлық отарлаудағы оқиғалар тақырыптық әрі уақыттық ретпен баяндалып, олардың себеп-салдарына ішінара үңіле, жіліктеп-жіктеп жазған тақырыптары барынша қажетті. 

Бірінші бөлім. ІХ-ХV ғасырлардағы Алтын Орда және Русь княздықтары 

Екінші бөлім. Қазақияны отарлау үшін патшалық Ресей тарапынан жүргізілген дайындық шаралары 

Үшінші бөлім. Кіші және Орта жүз қазақтарының Ресей бодандығын қабылдауы 

Төртінші бөлім. Патшалық Ресейдің Қазақ жерін отарлауы 

Бесінші бөлім. Қазақ даласын әкімшілік отарлау әрекеттері 

Алтыншы бөлім. Қазақ даласын рухани отарлау әрекеттері 

Жетінші бөлім. Жетісу өңірі мен Түркістан өлкесінің отарлануы 

Сегізінші бөлім. Кеңестік отарлау 

Сонымен қатар кітаптың тағы бір ерекшелігі, отарлау саясаты тарихын жазып қана қоймай, одан құтылудың, зардабын жоюдың амалдары қарастырылады. Сөйтіп соңғы тарауда қамтылған «Отарлаудың зардабы және одан құтылудың жолы» тақырыбы бөлек бір кітаптың жүгін арқалайды. Демек, алдағы уақытта осы атпен кітап жазылса, онда осы шығарманың заңды жалғасы деп білеміз.

Заңғар Кәрімхан

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?