Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Күш атасын ұлықтаған мерейтой - Қажымұқанда

1484
Күш атасын ұлықтаған мерейтой - Қажымұқанда - e-history.kz
Мұндағы жұрт Қажымұқан ауылының әр баласын балуан деп біледі. Ауылда кішкентай балаларды спортқа баулып, күш атасының спортын серік еткендер көптеп табылады екен.

Биыл күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына – 145 жыл. Осыған орай, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіпқой балуанның мерейтойы Целиноград ауданы Қажымұқан ауылында кең көлемде аталып өтілді. 

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен қатар келген мерейтойдың шымылдығын аудан әкімі Малғаждар Тәткеев ашып, барша мерейтой қонақтарын ұлы бабамыздың құрметіне жасалған салтанатты шараға келгендіктерімен құттықтап, Қажымұқан ауылында жасалып жатқан игі бастамалы жұмыстарды тілге тиек етті. 

2e306d9b3b9c1cc307ed0787dc7dafc6.JPG

Күш атасы Қажымұқан бабамыздың мерейтойы еліміздің Тәуелсіздік тойының 25 жылдық мерекесімен қатар келіп отыр. Мен аудан тұрғындарын және мерейтойға келген қонақтарды осы қос мерекемен құттықтаймын. Бүгінде батыр бабамыз атындағы ауыл гүлденіп, өсіп-өркендеп келеді. Біз 2014 жылы бабамыздың ескерткішін орнаттық. Айналасын қоршап, абаттандырдық. Қажымұқан ауылы мектебінен батыр бабамызға арналған шағын мұражай аштық. Осы арқылы өскелең ұрпаққа батыр баба ерлігін, Отанға деген сүйіспеншілігін, боз кілемдегі жарқын жеңістерін айтып, насихаттауды қолға алдық. Сондай-ақ, бүгінгі Қажымұқан атамызға арналған осы шараның өтуіне аудан, ауыл кәсіпкерлері қол ұшын созып, үлкендер жағы батасын берді. Баршаңызға зор алғыс білдіремін, – деді аудан әкімі. 

2f1196a33f972a472a080c0723b42119.JPG

Сондай-ақ батыр бабаның тойында Аудан әкімі М.Тәткеев Целиноград ауданның өсіп өркендеуіне және бүгінгі толағай табысына мол үлес қосқан азаматтарға «Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына 145 жыл» төсбелгісі мен куәліктерін өз қолымен табыс етті. Мұнан соң сахна төріне «Ұлы Дала Қырандары» - атты республикалық қоғамдық-саяси қозғалыстың теңтөрағасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәдібек Түгел көтеріліп, Қажымұқан атының мәңгі тарихта қалатынын айтып, аудан жұртшылығын салтанатты мерейтоймен құттықтады.

6cad5d420c62bcc7ed2032f6c69013af.JPG

«Қазақ күресін әлемге танытқан батыр бабамыз Қажымұқанның туғанына 145 жыл толып отыр. Осынау атаулы күнді Целиноград ауданы ұмытпай, ұлықтап отырғаны үлкен рухани бастама. Сондықтан да бүгінгі мерейтойға ат салысқан аудан жұртшылығына және тойған келген қонақтарды ұлы тоймен құттықтаймын», - деді С.Түгел. 

f005c064d913b1eed58a59f6228eee82.JPG

Тойдың негізгі бөлімінде «Қазақстан Гиннестер» кітабына есімі енгізілген, «Жұлдызды сәт» жобасының финалисі, күш сынасудан әлемдік сайыстардың төрт дүркін жеңімпазы Сергей Цыркульников өнер көрсетіп, Қажымұқан Мұңайтпасұлының әлемдік цирк сахналарында жасаған қойылымын ұсынды. Целиноград ауданының даңқты спортшысы Сергейдің өнеріне қол соқпаған қонақтар болмады. Тіпті көбісі батырдың жасаған қойылымдарына таңғалып, тіпті сенбейде жатты. Сергей Цыркульников  қойылымдарында үлкен шегелерді майыстырып, шынжырды үзіп, шегелерді ағашқа қолымен қағып халықты таңғалдырды. 

a801fe15eef0e04b249e6e9d0c2ef429.JPG

Думанды шарада Қажымұқан ауылының орталық алаңы нөпір халықтың сахнасына айналды. Ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, ұлттық киім киген ауыл халқының дені той салтанатын тамашалады. Түс ауа той көркін сайдың тасындай іріктелген білекті балуандардың бәсекесі қыздырды. Мұндағы жұрт Қажымұқан ауылының әр баласын балуан деп біледі екен. Ауылда кішкентай балаларды спортқа баулып, күш атасының спортын серік еткендер көптеп табылады екен. Олай дейтініміз «Қажымұқан Мұңайтпасовтың 145 жылдық» мерейтойына өткен аудандық қазақ күресі турнирінің финалына Қажымұқан ауылының білекті балуандары шығып, бәйгені өзара бөліске салды. 

bf36096bafe5c95d6a6409de90ac58a1.JPG

Қажымұқан ауыылындағы думанды тойда спорттың бірнеше түрінен бәсекелер өтіп, жастар автобус сүйреп, қол күрестіріп, гир тасын көтеріп Қажымұқан Мұңайтпасұлының цирк өнеріндегі әдіс-тәсілдерін және де көрермен жұртшылыққа ұсынды. Қажымұқан бабамыздың мерейлі тойына арналған мерекелік шаралардың бәрі де көңілдегідей болып, жұртшылықтың қуанышына айналды. 

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ, Қажымұқан ауылы

Фото авторы: Ұларбек Дәлейұлы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?