Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жүрегінің түгі бар - Құттымбет батыр

2524
Жүрегінің түгі бар - Құттымбет батыр - e-history.kz
Әз-Тәуке ханның кеңесшілерінің бірегейі Аталық батырдың 370 жылдай бұрын дұшпандарға кезеген ақберен мылтығын мұра еткен туған бауыры Құттымбет батыр ата жауы қалмақ-жоңғарға да кезеніп өтті

Келер жылы Қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық соғысының бастауында тұрған Бұланты-Білеуті шайқастарына 290 жыл толады. Қиын-қыстау кезде, ел басына қатер төніп, жеті басты айдаһардай қалмақ-жоңғар жерімізді табалағанда, қолдарына шоқпар, найзасын алып, ел қорғаған жау жүрек Төлек, Шұбартулы Жаулыбай, Сағындық, Қалматай, Құттымбет, Тілес Оразай, Бадана, Жәлмен, Аманғұл, Жылкелді, Көбес, қырғыз Сырымбет, төртқара Апыр, болатшы Қараменде, Майкелді, Қыпшақ Тілеулі, Түйте, Қанатбай т.б. жоңғар басқыншыларына қарсы көтерілген Отан соғысында, Бұланты бойында алғаш рет жеңіске жеткен қаһарман қазақ батырларының ерлігі ұрпақтар санасында мәңгі сақталады. Сол шайқастарда көзсіз ерлік танытқан ерлер есімі әлі толық анықталып болған жоқ. Олар жайлы деректер, тіпті бейіттері де енді ғана Тәуелсіздіктің таңы атқан соң ғана анықтала бастады. 

Ол әсіресе, осы өлкенің тумаларына да қатысты. Өйткені, олардың бабалары соғыс кезінде жан-қиярлықтың үлгісі бола білді. Туған жерді қорғаудың маңыздылығын оларға түсіндірудің қажеттігі жоқ еді. Олардың көбісі елбасындағылар билікке таласып, қырық пышақ болып жатқан кездің өзінде-ақ, жоңғарлармен кескілескен шайқастарға араласып жүрді. Жалпы Бұланты, Білеуті, Қалмаққырылған, Қарасері жеріндегі қан майданға қатысқан әскер құрамының көпшілігі осы өңірде өсіп-өнгендер еді. Сондықтан, жасақ басшылары соғыс жағдайына аса қажетті «жер жағдайын» жақсы білетін рубасшылары мен елге тұлға болған танымал батырлардан құралған еді. Солардың қатарында көздерінің тірісінде-ақ, жүрегі жолбарыстан тайсалмаған қылығы үшін жау жүрек десетін Аманғұл батыр Ибескеұлы, «Жүрегінің түгі бар» атанған Құттымбет батырлардың болғанын көне тарих сыр етеді. Менің айрықша тоқталғым келгені тағдыры аса күрделі, анталаған жаудың жүрегін тірідей жарып алатын батыры - Құттымбет батыр жайлы бірер сыр үзігі. Өйткені, оның ерлігі ел есінде болса да, нақты жерленген орны бертінге дейін құпия сақталды.

1947e3d61a37a3880bdda24e3bdd9575.jpg

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, «Ұлы дала елі» бағдарламасы бойынша Аталықұлы Құттымбет батырдың (1696 -1728) – 320 жылдығы Қарағанды облысының деңгейінде аталып өту жоспарлануда. Осы игілікті істің лайықты өтуі үшін Құтан әулие, Құттымбет батыр ұрпақтары үстіміздегі жылдың бірінші маусым, сәрсенбі күні, Ақтұма – Керегетасына жиналған болатын. 

Құттымбет батыр жорық кезінде, әр айдың бірінші сәрсенбісіне сәйкес келсе: «Бұл менің сәтті күнім!», – деп жауға сеніммен аттанады екен. Міне, сол «Құттымбет батырдың сәтті күні – сәрсенбі», – деп осы күнді белгілеуіміздің бір себебі де осы болатын. «Ақтұма – Керегетас» – сонау жылдары Құттымбет батырдың жерленген жері. Қыр басында қазақы киіз үйдің аумағындай дөңгелентіп қалақ тастардан шебер қаланған батыр бейітіне құран бағыштадық. 

Көкжиекке көз жүгірте отыра: «Осы жерден табылған Құттымбет батырдың ақберен мылтығын, кездігін көру, наркескен қылышы туралы аңыз-әңгіме есту – жиналған Аталық әулие ұрпақтары үшін кездейсоқ па, әлде құпиялы заңдылық па?» – деген ойға келдім. 

Батырдың ақберен мылтығын қолыма ұстап отырып, еліміздің тәуелсіздігі үшін жанын құрбандыққа шалған бабаларымыздың өмір жолдарын көз алдыма келтірдім. «Осы тәуелсіздікті мәңгі сақтаңдар, дұшпандарыңды аямаңдар, оларға сұсты болыңдар, жерің мен елің үшін жаның пида! – деген сөздер құдіреті күшті Алла тағаланың, әруақты Аталық әулие ұрпақтарына берген аяны деп те ұғындым. 

Әз-Тәуке ханның кеңесшілерінің бірегейі Аталық батырдың 370 жылдай бұрын дұшпандарға кезеген ақберен мылтығын мұра еткен туған бауыры Құттымбет батыр ата жауы қалмақ-жоңғарға да кезеніп өтті?! 

Осы ақберен мылтық «Батыр бейітінен» 2010 жылы табылған-ды. Ол кез мұнда бабамыз Құттымбет батырдың жерленгенін нақтылауға қатысты зерттеу кезі еді. Мылтық дүмбісінің ағаштары шіріп кеткен екен. Бүгінде, болат темірден құйылған алты қырлы үңгісін арнайы сараптамадан өткізіп, Жезқазғандық атақты Ерғазы ұстаның жөндеуімен қалпына келтірілді. Бабамыздан бүгінгі тікелей ұрпақтарына адаспай жеткен тарихы терең ақ берен мылтықты көрген сайын: «Тарихын білмеген ұлттың болашағы да бұлыңғыр болуы мүмкін», – деген Елбасының салмақты да, салиқалы сөзі ойыма келді. 

6a0429a76855901818fbe5d59e49337c.jpg

Құттымбет батырдың ерлігі ел есінде болса да, нақты жерленген орны бертінге дейін құпия сақталды. «Есқұла-3» су қоймасының іргесіндегі, Керегетас төбесіндегі Құттымбет батырдың «құпия бейіт-қорғаны» жанындағы қалмақ ханы «қызының моласы» аталған шағын тас үйіндісінің соңғы жылдары жойыла бастауы көп жайды нақтылауда кедергі тигізіп бақты, зерттеулеріміздің ұзақ жылдарға созылуына әсер етті. Осыған орай, төбе етегіндегі қорымдағы «Тұлпар тас» мүсінді тас белгіге назар аударушылар ілегі көбейе түсті. Республиканың әр өңірінен осы бейітті өз бабаларына ұқсату ниетімен зерттеген әртүрлі топтардың іс-әрекеттерінің нәтижесіз болуы, менің де «Ес» және «Құла» сөздеріне зейін қоюыма, астарына тереңірек үңілуіме мәжбүрледі. 

Өткен ғасыр қарияларының әңгімесіндегі: «Құттымбет Сарытаудан екі отыздан астам шақырым күн шығысқа құпия жерленді» – деуі шындыққа айналды. Жаман-Керегетастың биігіне жерленуге лайықты Құттымбет батыр көптің бірі емес, шолғыншы, бүгінгі тілмен айтсақ, «десанттық» топтың жетекшісі. Барлау мақсатымен қоса, жоңғарларды күтпеген шабуылмен шығынға ұшыратып дұшпандарын көздеген бағытынан, көксеген жоспарынан жаңылдырыпты. 

Шолушы топ бірде, жоңғар қонтайшысы Сыбан Раптанның ордасына шабуылдап, оның үріп ауызға салғандай, өрімталдай, жас сұлу қызын және бірнеше адамдарын тұтқындап, алып кетеді. Бұл оқиға тарихтан белгілі. Сыбан Раптанның Хоча атты қызы Құттымбет батырдың қолына осылай түскен. Хочаны құтқармақшы болған жоңғар батырларын бірінен соң, бірін шоқпармен ұрып құлатып, жау қоршауынан сытылып шыққан Құттымбет батыр, олжаға түскен ару ханшаны ағасы Құтан биге сыйға тартады. Сонда ақылы кемел, адам тани білетін сыншы ағасы Құтан би:

– Мынау қас батырға лайықты хор қызындай жан екен, өз олжаңды өзің ал, адал жар еткей, – деп ризашылығымен інісіне екі әйелінің үстіне некелеп қосады. Кейін сол ару қыз Хоча ел арасында «Хорқыз» атанған екен. Хорқызынан туған ұлдың есімін – Төлебай деп қояды. Төлебай атамыздан тараған ұрпақтар қазір Жезқазған, Сәтбаев қалаларында тұрады. Құттымбет қайтыс болған соң, жесір қалған Хорқызды ата салтымен Құтан би өз баласы Шалабайға қосады. Одан дүниеге келген баланың есімі – Мырзакелді. Мырзакелдіден атақты қас батыр Медет туады. Осы екі баладан кейін Хорқыз шешеміз қатты ауырады, қайтыс боларының алдында өзін Құттымбет батырдың жанына жерлеуге аманат етеді. 

Осылайша, осы төбе басындағы бейітті «қазақ батыры мен қалмақ қызының моласы» деп еститінбіз деген кісілердің айтулары шындықпен үйлеседі. 

Хан ордасына, сондай-ақ, атақты кісілер ауылына барымта-шабуылға шығу нағыз «жүрегінің түгі бар, жау-жүрек батырдың» ғана батылы баратыны мәлім. Қызын «кімнің әкеткенін» білген хан ашуға булығып, әбден өшіккені сонша: 

– Оны қолға түсіріп, ұстағанда, кеудесінен жүрегін тірідей алыңдар! – деп бұйырыпты. Алайда, жоңғарлар ханның бұйрығын орындай алмай араға 2-3 жыл салыпты. Құттымбетті ұстаудың түрлі айла-тәсілін қолданады. «Аңдыған жау алмай қоймас» деген сол болса керек, ақыры Құттымбеттің шағын тобын дұшпандары қапыда қоршайды. 

 Жау қоршауында қалған қазақ тобының құрамында Құттымбет батырдың інісі, шамамен, 12-13 жасар Тәттімбет та бар еді. Бауырым «ұрпақсыз қалмасын», – деп, әкесі Аталықтың мұрасы – күміспен көмкерілген, Бұқарада жасалған ақ мылтығын мен өз арғымағын түсіп беріп, «елге хабар жеткіз» деп Тәттімбетті қашырып жібереді де, өзі қас жауымен қидаласып жүріп, ерлікпен шайқаста қаза болды. Жоңғар жауынгерлері Құттымбет батыр жүрегін тірідей жарып алды, жүректе «екі тал қыл» бар екен... Оның куәсі Кішітаудағы «Құттымбеттің қара тасы»... 

13ea2386cdc8f04413bc5e8eb97c2d5f.jpg

Сонымен өлке тарихындағы «Есқұла» атауына қайта оралайық. 

 Әуелі, «Ұлытау» (№1.1998 ж.) журналында жарияланған менің өз жазбаларымнан бірер сөз келтірейін.: «Батырды жасырын жерлеп келген қаралы топ алғашқыда ауылды айналшықтап, кетпей жүрген «тұл» тұлпардың қарасы көрінбеген соң, шарқ ұра төңіректі іздеді. ... жылына жал құйрығы күзелген батырдың «тұл» тұлпары – әкесі Аталықтан алмасып келе жатқан құба жалды құла айғырдың тұқымы сойылса керек-ті еді. Бұл жылқының киесі десе де, болғандай-ды. Сол айғыр жайлы «Өзен-өмір өткелі» кітабымда да кеңінен баяндаған едім. Соларға қосарым: Аталық бабамның құба жал құла айғырының тұқымдарының жалғасы өзі құтты, әрі сүтті биік құла бие біздің үйде 1975 жылға дейін болды. Ата «малының көзі» деп, шешем мен Ахат ағайым тұқымын қанша көбейткісі келсе де, сақтай алмады. Ұрғашы төлі сирек құлындады. Құлындары өзінен айнымайтын құла болатын. 

Енді ойымызды «Ес» және «Құла» сөздерімен үйлестіре түсу үшін Тоғанбай қажы Құлманұлының «Ертағы, Кертағыны жайлаған жұрт» кітабының 175-176 беттерінен төменде сөзбе-сөз дерек келтірелік: «Дала заңында ұры-қары, жау, барымташы «тұл» жылқыға жоламайды. Әйтсе де, көпке дейін «тұл» атты көргендер болмайды.

Құтан әулие бір күні түсінде, «тұл» тұлпардың Ақтұмада жайылып жүргенін көреді және «жонын» сырт бергенінен-ақ ғайыптық екендігін аңғарыпты. Таң намазынан соң, сыртқа шығып, ағайын-тумаға: 

– Бұл қалай еткенде, тағдырдың жазуы, түбі қайырлы болар, Алла ісіне шүкіршілік қылып, тәубаға келейік. «Тұл» тұлпар енді бізге жоқ. «Ат иесін табады» деген рас екен. Сондықтан, оларды бір-бірінен айырмай-ақ қойдым. Оны батырдың өзіне қидым! 

Өз қолына алған екен, енді мазаламаңдар, іздемеңдер. Өзінің ақ адал малы ғой, мініп кетсін. Жылына басқа мал табыңдар, – дейді. Бұған бәрі таңырқаса да, тіс жармай, істің ақырын күтеді. Бір күні, Ақтұма жақтан мал іздеген жылқышы батырдың тұл тұлпарының бұлақ маңына жайылып, түн баласына «батыр тамына» иегін асып мүлгіп тұратынын жеткізеді. Хабарды естігенде Құтан әулие: 

– Мен сендерге не айтып едім, ол енді біздікі емес дедім бе, жоқ па? Ол есті құла ғой, бауырымның жанында мәңгі қалсын, – деп тыйып тастапты. «Тұл» тұлпар жыл бойы «батырдың маңында» болады. Құтан әулие шешімімен жылы берілген соң, батыр рухына бағыштап тұлпарын бауыздап, төбе етегіндегі қорымға жерлеп, басына «Тұлпар тас» белгісін қойыпты. Биіктігі екі метрге жуық. «Белгі тас» тұлпар бейнесінен айнымайды. 

Абыз әулиенің жүрек толқытар осы шешімі, інісі Құттымбет батырға да, оның жорықтас серігі, қанаты, жан аямас серігі болған, әрі қазасын да жыл бойы бейіт басында аза тұтқан, «адамнан да есті» жануарға көрсетілген зор құрметі екені даусыз!» (2-176 бет). 

Өмір толқындарын қаз-қалпында бейнелеген «адамнан да есті жануарға көрсетілген зор құрметі» сөйлемі мазмұнының тарихи дүние-танымдық белестерін көкірегі ашық, ойы ұшқыр, «виртуалды» бағамдайтын азаматттар ғана аңғарары даусыз. Жоғарыда айтылғандарды ой елегінен өткізіп, «Ес» және «Құла» сөздерінің қосындысын қаперге алып, «тұлпар тас» ескерткішімен үйлестіре түйіндегенде, әрі «Батыр бейіті» жерленген төбенің етегіндегі тұлпар белгісі маңындағы «қазақ жауынгерлері» жерленген қорымды есепке ала келіп, мынаны ескеру керек: 

Біріншіден, Құтан және әулиенің өте сенімді серіктестерінің сол кезеңде батыр жерленген аймақтың көне атауының бірінің де атын қолданбай, тек «Есқұла» деген бүркеншік атпен сөйлесуі. 

Екіншіден, жоңғарлар қабірді, яғни батыр мүрдесі қайда жерленгенін білсе, басына дәрет сындырып, мәйітті мүшелеп, аюандықпен қорлаған болар еді. Себебі, жоңғар салтында қанды жорыққа шығар алдында, әлгіндей жауын қорлау рәсім-жоралғысын жасаса, одан ләззат, күш-қуат алатын көрінеді. Сондықтан, Құтан, бүркеншік Есқұла атымен, тіпті, ауыл адамдарының да көбіне бейітті сездірмеген. 

Үшіншіден, әрбір қазақ ауылдарында жоңғарлардың жансыз тыңшылары болған, оны қазақ басшылары білген. 

Демек, Есқұла есімін Қ.И.Сәтбаевқа жеткізуші және біздерге 1984 жылдары алғаш айтқан Жәкеш қариялар тарихты жалғаушы дала даналары қатарында болса керек. Ол Құттанның сенімді кеңесші серіктестіктерінің ұрпағы десек, өкініштісі, олардың өзі мән-жайды толық білмегендігі. Құтан бидің інісі Құттымбетті жоқтаған ұзақ жоқтауының бір үзігі ғана бізге жетті : 

«Есқұла тұлпар тулаған, 

Қалмақты қойша баулаған. 

Он сан жауы болса да, 

Алдына салып айдаған.

Шыраққа кеттің, Құттымбет, 

Жұмаққа кеттің, бауырым», – деген үзінді шумағындағы «Есқұла тұлпар тулаған» жолы бұдан былай ешкімге күмәнді-күдік келтірмесе керек десек те, «Есқұла» атауы уақыт өте ұмытыла бастаған. «Тұлпар тас» ескерткіші заманынан 2,5 ғасырдай өткенде өлкені зерттеген ғұлама Сәтбаев – қариялардың бірінен «Есқұла» атауын естиді. Жалпы ғалым ағамыз жер атауларын аса мән бергені аңғарылады. Атаулы орындарға естелік боларлық қандай да бір қалдыруды дағдысына айналдырған. Оны аңғару еш қиындық келтірмейді. 

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Ер есімі – ел есінде. Еркіндік алған елдің бүгінгі ұрпақтары өздерінің батыр бабаларына тағзым етіп, әзіз аттарын ардақтайтыны, әбден әділетті іс», – деген сөзі еріксіз еске түседі. Қай ұлт қай халық та болса да жер, су, тау, адам есімдерінің тарихи оқиғаларымен сабақтастығын ежелден мойындаған. 

Тарихтағы ақтаңдақ кезеңде Қ.И.Сәтбаевқа «Есқұланы» мәлім еткен қарияның өзі, төбе басындағы «қазақтың батыры және қалмақ қызының» моласын нақты атап бере алмауы осының айғағы. «Солай деуші еді» дегеннен әрі аса алмаған. 

Дегенмен, «Есқұла» атауы Қ.И.Сәтбаевқа әсерлі болып, ұнағаны анық, сана түйсігінде әлдебір құпияның барын сезінгенін жоққа шығаруға болмас. Дәлірек айтсам, «Есқұла» атауы өткен ғасырдың 60-шы жылдарына дейін қолданыста болмаған. Балалық шағымда осы айтылған аймақта киіз үйде ойнадым. Ақши, Көкдомбақ, Ақтұма, Керегетас, Қызылтау, Қалымбет, Ақтұнба, Бошан, т.б. жер атаулары қазірге дейін есімде болса да, «Есқұла» атын бір-де бір естімеппін. 

Гидрологиялық зерттеулер ірге тасын қалаушы Қ.И.Сәтбаевтың кейінгі гидролог ізбасарлары өткен ғасырдың 60-шы жылдарында ресіми құжаттамаларында ұмытыла бастаған «Есқұла-1», «Есқұла-2», «Есқұла-3» атауларын қолданған. Бұл кездейсоқтық па? Олай деуге қисын жоқ. Дуалы ауыз Құтан бидің «Есқұла» деп атаған жерінің су қорыннан тіршілік нәрін ішкен адал жандардың айы оңынан болсын! 

Дерек көздері: 

1. Н.Назарбаев «Ұлытаудың орны бір басқа» (мемлекет басшылығының Ұлытау төріндегі сұхбаты) «Сарыарқа» газеті. 29 тамыз 2014 ж. 

2. Т.Құлманұлы «Ертағы, Кертағыны жайлаған жұрт» 880 бет. Астана, 2013 ж. «Мастер ПО» ЖШС 

3. Ө.Жәлелов «Сыры Сарқылмаған Ұлытау» АҚИҚАТ (ұлттық қоғамдық-саяси журнал) №8, 2007 ж. 30-34 беттер.

Өміртай ЖӘЛЕЛОВ, өлкетанушы, профессор. 
Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?