Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Астана көшелері. Алаш ардақтылары ІІ

2448
Астана көшелері. Алаш ардақтылары ІІ - e-history.kz
Көшелер негізінен тарихи тұлғалар, саяси қайраткерлер мен мәдениет майталмандарына, қазақ жер-су атауларына және мерекелік даталарға орай қойылған

Астана қаласында 14 даңғыл, 4 тасжол, 917 көше бар. Көшелер негізінен тарихи тұлғалар, сасяи қайраткерлер мен мәдениет майталмандарына, қазақ жер-су атауларына және мерекелік даталарға орай қойылған. Осы материалымызда Алаш ұлт-азаттық қозғалысының 20-ға жуық қайраткерінің көшелерімен таныстырамыз. 

ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВ көшесі 

С.Сейфуллин көшесінен басталып, Ы. Дүұлы көшесінен аяқталады. Қарағанды Ә. Жангелдин, И. Панфилов көшелерімен, Бөгенбай батыр даңғылын қиып өтеді. Ұзындығы – 1100,9 м. 

Жүсіпбек Аймауытов (1889-1931) – ұлы жазушы, драматург, аудармашы, зерттеуші, публицист. Қазақ көркем прозасының, драматургиясының, ұлттық психология, педагогика ғылымдарының негізін салушылардың бірі. «Қартқожа», «Ақбілек» романдары мен «Күнікейдің жазығы» повесі, «Шернияз», «Ел қорғаны», «Мансапқорлар» пьесаларының, «Психология», «Жан жүйесі және өнер таңдау» еңбектерінің авторы. 

ҚОШКЕ КЕМЕҢГЕРҰЛЫ көшесі 

Ақбидай көшесінен басталып, Өзен көшесінде аяқталады. Ақсу-Жабағалы, Ынтымақ көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 2207,2 м. 

d536e403f38a4418b8ad18069e499777.jpg

Қошке Кемеңгерұлы (1896-1937) – Алаш қайраткері, ғалым, драматург, жазушы, журналист. 1916-1918 жылдары «Балапан» қолжазба журналының редакторы болды. Қ.Кемеңгерұлының «Жетім қыз», «Дүрия», «Назиқа» әңгімелері, «Алтын сақина», «Бостандық жемісі», т.б. драмалық туындылары бар. 

МҰХАМЕДЖАН ТЫНЫШБАЕВ көшесі 

Қарасай батыр көшесінен басталып, Ы. Алтынсарин көшесінде аяқталады. Ақбұғы, Біржан сал көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 727,6 м. 

Мұхамеджан Тынышбаев (1879-1937) – қоғам қайраткерi, қазақтың тұңғыш теміржол инженері, тарихшы ғалым, ІІ Мемлекеттік Думаның депутаты, Қоқан автономиясының басшысы, Алашорда үкіметінің мүшесі. Талдықорған облысының Қапал ауданында туған. Қазақ халқының арғы-бергі тарихына қалам тартып, бүгінгі күндері де маңызын жоймаған зерттеу еңбектерін жариялайды, қазақ шежіресін түзеді. Саяси қуғын-сүргiн құрбаны. 

МІРЖАҚЫП ДУЛАТОВ көшесі 

С. Мұхамеджанов көшесінен басталып, Аспара көшесінде аяқталады. К. Байсейітова, Ақан сері, Жалын көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 3721,7 м. 

ea4388956e4f5d7273b34e1c2440037c.jpg

Міржақып Дулатов (1885-1935) – қазақтың аса көрнекті ағартушысы, Алаш қозғалысының қайраткері, қазақ ақыны, жазушы, драматург, публицист, ағартушы-педагог, жалынды көсемсөз шебері. ХХ ғасыр басындағы қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ірі өкілі. Қостанай облысы Қызбел ауылында дүниеге келген. Қазақтың тұңғыш романы – «Бақытсыз Жамал» (1910) және «Азамат» (1913), «Терме» (1915) кітаптарының авторы. Жазушылық, қоғамдық қызметке қоса педагогтік міндетті де көтерді. 

ТЕЛЖАН ШОНАНҰЛЫ көшесі 

Бұрынғы атауы – Самарқанд көшесі. Ташкент көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 1346,7 м. 

Телжан Шонанұлы (1894-1938) – қоғам қайраткері, ағартушы, педагог, аудармашы, тілші ғалым. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен екінші жалпықазақ сиезінде Алашорда үкіметі жанынан құрылған оқу комиссиясының құрамына енгізілді. Т. Шонанұлы 1923-37 жылдар аралығында 32 оқулық, кітап, 72 мақала жазған. 

УӘЛИТХАН ТАНАШЕВ көшесі 

Бұрынғы атауы – № 40 көше. Малайсары батыр көшесінен басталып, Мәди, Әбілхан Қастеев көшелерін қиып, Үмбетей жырау көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 1095, 0 м. 

Уәлитхан Танашев (1887-1968) – Алаш қозғалысының қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі. 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда өткен Екінші жалпықазақ сиезінде Алашорда үкіметінің министрі болып бекітілді. Батыс Алашорда жетекшілерінің бірі. 

ХАЙРЕТДИН БОЛҒАНБАЕВ көшесі 

Бұрынғы атауы – №114 көше. Егінді, Көкжиде, Ашутас орамдарымен қиылысады. Ұзындығы – 885,4 м. 

Хайретдин Болғанбаев (1893-1937) – Алаш қозғалысының қайраткері, көсемсөзші. Бірінші және Екінші жалпықазақ сиездеріне қатысқан. Түркістан автономиясын құруға атсалысқан. Ақмолада Алаш комитетін құруда белсенділік танытқан. 1917-1918 жылдары Мұстафа Шоқай, Сұлтанбек Қожановпен бірлесіп, «Бірлік туы» газетін жарыққа шығарды. 1921 жылы Ә.Бөкейхан мен А.Байтұрсынұлының тапсырмасымен А.З. Уәлиди Тоғаймен кездесті. Ұлт тағдыры және руханият мәселелеріне арналған бірқатар еңбектері бар. 

ХАЛЕЛ ҒАББАСОВ көшесі Бұрынғы атауы – № 12-49 көше. Сарыарқа ауданында орналасқан. Ұзындығы – 1039,7 м. 

Халел Ғаббасов (1888-1931) – Алаш қозғалысының қайраткері. Бірінші жалпықазақ сиезінде Бүкілресейлік құрылтайға ұсынылған. 1917 жылдың қазанынан Семей облыстық Алаш партиясы комитетінің төрағасы болды. Екінші жалпықазақ сиезінде Алаш милициясын құру туралы баяндама жасаған. Алашорда үкіметінің мүшелігіне сайланған. 

ХАЛЕЛ ДОСМҰХАМЕДҰЛЫ көшесі 

Бұрынғы атауы – Перспективный көшесі. «Шұбар» тұрғын алабы. Атасу көшесінен басталып, Сарайшық көшесінде аяқталады. Р. Қошқарбаев даңғылы, Ә. Ермеков, Қарашаш көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1089,8 м. 

968285e932b515f4f1e081a7224a630c.jpg

Халел Досмұхамедұлы – Алаш қозғалысының қайраткері, Батыс Алашорданың төрағасы, дәрігер, ұстаз, ғалым. 1917 жылы Ресейдегі Ақпан төңкерісінен кейін қазақ даласында жалпықазақ сиездерін ұйымдастырып, оны өткізуге атсалысты. 1917 жылы желтоқсанда Екінші жалпықазақ сиезінде жарияланған Алашорда үкіметінің – Ұлт Кеңесі құрамына сайланды. Алаш қайраткерлерімен бірге бірінші кезекте халықты бүліншіліктен қорғайтын ұлттық әскер – халық милициясын жасақтауға, Алаш қорын құру ісіне күш салды. «Мұрат ақын сөзі», «Исатай – Махамбет», «Аламан» жинақтарын шығарды. 

ШӘЙМЕРДЕН ҚОСШЫҒҰЛҰЛЫ көшесі Бұрынғы атауы – 188-көше. Жамбыл, Бірінші және Екінші Алматы көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1608 м. 

Шәймерден Қосшығұлұлы (1869/1874-1932) – қоғам қайраткері. І және ІІ Ресей Мемлекеттік Думасына Ақмола облысынан депутат болып сайланған. 

Деректер «Астана көшелері» (Құрастырғандар: Е. Тілешов, О. Сүлейменов. – Алматы: 2008. 288 б.) кітабынан алынды. 

Әзірлеген Заңғар Кәрімхан

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?