Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлттық тарихты түлеткен көшпенділер ауылы

1830
Ұлттық тарихты түлеткен көшпенділер ауылы - e-history.kz
Елорда төрінде көшпенділер ауылы салтанат құрды. Қазақтың ұлттық болмысы мен көшпенділер тарихынан сыр шертетін ауылды елорда тұрғындары мен қонақтарын тамашалауда.

Астана күні қарсаңында «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» фестивалі Елорда төрінде 9-мәрте өткізіліп жатыр. Салтанатты шараға 300-ге жуық әртіс, өнер қайраткерлері, қолөнер шеберлері, ат шабандоздары қатысуда. 

9ca79576afdade62cd3cde7d16e5e6b0.JPG

af0ed9f79b5bc817e88bca9b5f4570c9.jpg

«Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы жанында салтанат құрған этноауылда киіз үйден жасалған көшпелілер музейі, түркі халқының тарихи шежіресі балбал тастар кешені, көшпенділердің тұрғынжайлары, қолөнер мен ұста шебер ауылдары, сондай-ақ көшпелі қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетінің артефактілері, ескерткіштері, атрибуттары, құнды жәдігерлері қойылған. 

Ата-бабаларымыздың өркениеті мен мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, ұлттық ойындары мен құнды жәдігерлерін, тұрмыстық тұрғын кешендерін, шаруашылық істерін білуге құмартқан қала тұрғындары мен қонақтары үшін фестивальдің берері көп. 

19e6690025d082697517ca0e20725a00.jpg

9cff4551af6c6e41ae75bd20b9c2920d.jpg

Тоқтар Райханов, қала тұрғыны: «Елорда күні қарсаңында көшпенділер ауылының салтанат құруы жақсы көрініс болды. Өйткені көбіміз тарихты оқып білсекте, ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігін, шаруашылық істерін көзбен көре алмадық. Бүгінгі этноауыл төрінде солардың барлығы көрсетілген. Ең бастысы балаларымз көшпелі өмірдің құнды жәдігерлерін көріп, қызықтауда. Этноауылдар кешені тек қана мереке қарсаңында емес, жыл бойы көрсетіліп тұрса деген ойым бар. Алған әсер, қуаныш ерекше». 

Сондай-ақ этноауыл кешенінде көшпелілер өмірін бейнелейтін, киіз үй ішіндегі музейлер жәдігері қала қонақтарына да тарихтың бір бетін ақтартқандай әсерге бөледі. Фестивальді ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл киіз үй ішіндегі музей ерекше жаңа жәдігерлер қорымен көрсетілмек. 

d1c941a0322c8e3213c38e761f172752.jpg

«Биылғы фестивальдің ерекшелігі - бес киіз үйден жасалған көшпелілер музейі. Тағы да бір айта кетерлік жайт, түрлі инсталляциялар орнатылады: түркі халқының басын қосатын балбалдар, көшпенділердің тұрғынжайлары, атрибуттар. Көбі көшпенділер қалай тұрған деп сұрайды. Үйлері қандай болған, киімі. Осының барлығы фестивальде көрсетілген», - дейді «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» фестивалінің екінші режиссері Арайлым Қалдыбаева. 

Көшпелілер өркениетінің орталығы «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығына қарсы алаңда орналасқан. Салтанатты шара 3 шілдеден басталған, бүгін мәресіне жетеді. 

087a4997652152c3ad0b652920cea6c3.jpg

Шара барысында келушілер назарына дәстүрлі музыка концерті мен ақындар айтысы, «Ат жалында» атты спорттық шоу, «Алтын сақа» жарысы, «Фольклордағы өмір» этношоуы, көшпенділер циркі ұсынылады, сондай-ақ, керуен сарай мен халықтық қолданбалы өнер жәрмеңкесін, музыкалық аспаптар көрмесін және т.б. аралауға болады.

e349e26ed719c78eb74242cc60adc8a1.jpg

Сондай-ақ «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» фестивалі бағдарламасында биылғы елеулі даталар да қамтылып, аталып өтілуде. Этноауылдың орталық концерт алаңында Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына орай, «Тыңда, дала, Жамбылды» атты концерттік бағдарламада өтті. Сонымен қатар, Ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына орай, алаңда «Ереуіл атқа ер салмай» концерті және Дәнеш Рақышевтың 90 жылдығына лекция-концерттері де сахна да қойылды. Фестиваль аясында халықты сағындырған белгілі әнші, ҚР еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаев «Ой, көк» концертін берді. Танымал дәстүрлі әншілер Сәуле Жанпейісова мен Ерлан Рысқали «Қос алқа» концерттік бағдарламарын ұсынды. Салтанатты шара соңы «Жүйелі сөз» атты ақындар айтысымен қорытындыланады.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?