«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Өндіріске араласқан қазақ буржуазиясы

3984
Өндіріске араласқан қазақ буржуазиясы
Қазақ байларына қазба байлықты өндіруге рұқсат ететін лицензияны бермеуінің басты себебі, егер де қазақ байлары өндіріске араласып ірілененіп жатса, онда ол отаршыл империяға қауіп төндіретін еді

ХІХ ғасырдың ортасы тұсынан бастап елімізде капиталистік қатынастар үдерісі орын алғаны байқалды. Алдымен қазақ жерінде жәрмеңкелердің көптеп ашылуы басты себептердің бірі болса, екіншіден Патшалық Ресейдің отарлау саясатын жүзеге асыруға келген түрлі компанияларының жер асты, жер үсті табиғи байлықтарды игердігінен анық көрінді.

Өнеркәсіп ХХ ғасырдың елуінші жылдарына дейін экономиканың негізгі локомативі болып келді. Демек біз қарастырып отырған уақытта, өнеркәсіп саласы экономиканың басты күші болған еді. Осы тұста біздің елдің азаматтарының арасынанда тау-кен саласынан, үлкен өнеркәсіп саласына айналысуға ниетті.

Қазақ байларына қатысты тақырыпта зерттеулерімізді түрлі БАҚ беттерінде жариялана бастаған сәтте оқырман арасында сын айтылған еді. Сол кезде байқағанымыз, көпшіліктің арасында әлі де болса «байлар жаман болған» деген кешегі советтік сананың түйіршектері бар екенін білдік. Қарсы пікір білдірушілер «қазақ байлары мал айдап, қымызға тойып, көптеп қатын алғаннан басқа ештеңе жасаған жоқ. Егер жасаған істері болса неге зауыт салмады» деген мағынадағы ойларын білдірді. Адамның алдынан шыққан қарсы пікірлер аталған мәселеге тереңдеп кіруіне себебін тигізеді екен. Сондықтан да оқырманның ішінен айтылған пікірді ескере отырып, өндіріске, өнеркәсіпке араласқан қазақ буржуазиясына қатысты түрлі зерттеулерді қарастыра отырып, назарларыңызға ұсынуды орынды деп білдік.

ХІХ ғасыр ортасынан бастап елімізде капиталистік қатынастардың дамуының әсері қазақ жеріндегі қазба байлықтарды игеруінен байқалды. Қазба байлықтарды игеруге келгендер Патшалық Ресейдың орталығынан келген іскерлер мен шетелдік инвесторлар еді. Дәл осы тұста заңды сұрақ туады. Қазақ байлары неге қазба байлықтарды игеріп, өндіріске араласпады?

Оған Патшалық Ресей рұқсат берген жоқ. Мәселен, сол кезде Мұса Шорман, Тана мырза сияқты ауқатты байлар ұсыныс жасады. Бірақ олардың ұсыныстары қанағаттандырылмай кері қайтарылды. Ал Ресейдің ішкі аймағынан келген кәсіпкерлерге жеңілдіктер жасалды. Олар алғашқы жылдары салық төлеуден босатылды. Зерттеушілері мәліметіне қарағанда сырттан келген келімсектердің айтарлықтай өнідірісті өндіруге жаңа технологияалып келмегенін айтады. Қазба байлықтардың жетпіс пайыздан астамы қарабайыр жолмен, адам еңбегімен өндірілді. Қазақ байларына қазба байлықты өндіруге рұқсат ететін лицензияны бермеуінің басты себебіне тоқалсақ. Егер де қазақ байлары өндіріске араласып ірілененіп жатса, онда ол отаршыл империяға қауіп төндіретін күшке айналатын еді. Ал мұны отарлаушылар жақсы білді. Себебі қазақ байлары іріленіп қолдарына көлемді капитал ұстаған жағдайда қуаттары артып тәуелсіздікке ұмтылары анық. Елімізде отарлық кезеңде түрлі ұлт-азаттық көтерілістер болды. Тарихшылар көбіне алауыздықтың болуы, стихиялы деңгейде көтеріліс деген мағынада қорытынды пікір айтады. Мәселе алауыздықта ғана емес, негізгі тең емес жағдайда соғыс жүрді деп те топшылаймыз. Көтерілісшілер найза, қылышпен, ал жазалаушы жасақ соңғы заманауи қарумен қаруланып келуі көп жағдайда шешуші фактор болып қала берді. Халқымыздың арқасүйер азаматтарында қомақты капитал болған жағдайда заманауи қаруды да алуға мүмкіндіктері жетер еді. Отарлаушы тарап мұндай мәселелердің алдын-ала жол бермеуді қарастырып алды.

Дегенмен сол заманда елімізде өзгемен иық теңестірген көпестер пайда болды. Олар сауданы терең игеруінің арқасында іріленіп, өнеркәсіппен айналысқандарыда баршылық. 

Қазба байлықтарды өндіруге ниетті болған кісінің бірі әйгілі күйші Тәттімбет Қазанғапұлы еді. Біз Тәттімбетті тек күйшілігі тұрғысынан танып келеміз. Оның көпестігі, іскерлігі де бір төбе болған тұлға. Ең алғашқы болып қазақ жеріндегі қазба байлықты игеруге рұқсат алған осы кісі.

...Исі қазақ даласындағы ең алғашқы металлургиязаводы болып есептелетін Благодатно-Стефановский заводы Түндік өзені бойындағы Тәттімбет ауылының үстінен салынған. Бұл 1844-1861 жылдары аралығындағы 78,3 мың пұт қорғасын, 394 пұт қара мыс, 32 пұт алтын аралас күміс өндірген. Кей жылдары зауытта үш жүзге тарта жалдамалы қазақ жұмысшысы еңбек етсе, олардың ішінде Тәттімбет болыстық еткен Нұрбике-Шаншар елінің адамдары да аз болмаған. Желпініп жайлауға шыға алмай, жатақ болып жалданған қазақ жұмысшылары, олардың еңсесін езген ауыр жұмыс, әсіресе қызығын жат көрген туған жердің есіл дәулеті... Міне, көз алдында індеттей ұлғайып бара жатқан осы жағдайға Тәттімбет әрекетсіз қарап отыра алмады.

Туған жердің қойнындағы қазына-байлықты өз халқының игілігіне жарату үшін кен орынын салып ашуды ниет етеді. Бұл ниетін жүзеге асыру жолында Тәттімбет сол кездің басқару жүйесіндегі отаршылдық мүддеге қызмет ететін сатылармен тіресе жүріп, ақыры көздеген мақсатына жетеді. 1856 жылы тамыздың 13-і күні Тәттімбетке кен орнын ашып, алтын өндіруге рұқсат еткен. Финанс министрлігінің №997-і бұйрығы беріледі. Осы бұйрықтың негізінде Қарқаралы округіне қарасты Нұрбике-Шаншар болысының биі, жүзбасы Қазанғапов Тәттімбет кен өндіруге куәлік қағаз алады.

Халықтың бақытты да берекелі болашағы үшін талпынған Тәттімбет асыл арманын жүзеге асыра алмады. Ерте жабысқан дерттен созыла ауырып жүріп 1860 жылы дүние салды. Ал оның кен орнын ашу, завод салу жөніндегі әрекетін әрі қарай ұштап, жалғастырып алып кететін ұрпағы болмады. Осындай әрекетке отаршылдықтың темір құрсауы мен секемшіл тәртібінің де дес бермегені анық (Сейдімбек Ақселеу. Шығармалары. Алты томдық. – Астана: Фолиант, 2010. Т.3. Қазақтың күй өнері. – 832 бет).

Қаражан Үкібаев 1906 жылы Семей қаласына тұңғыш рет 100 нөмірлік телефон станциясын өз қаржысына сатып алып орнатты. Оны Үкібаев АҚШ-тың дарынды инженері, тұңғыш рет телефонды ойлап тапқан Александр Бэллден (1847-1922) кабелімен қоса телефон аппаратымен бірге алған болатын.

Қаражанның Семейде мал соятын екі қасапханасы (бойня) болды. Оның бірі қаладағы №3 автобазатұсында оң жағалауында, екіншісі Семей ет-консерві комбинаты тұрған жерде болды. Мұнда ірі қарасы мен қой бар жылына 1,5 миллион бас мал сойылады екен. Қаражан жомарт кісі ғой. Ол сойылған қойдың бас сирағын, өкпе-бауыр, ішек-қарнын союшыларға тегін беріп отырған. Семейде осындай мал сою ісімен 500 қазақ шұғылданды. Олардың тұрмыс жағдайы да жақсы болды, жалақыны да өз уақытында төлеп тұрды.

Қ. Үкібаевтың үйі Ертістің сол жағалауында, қазіргі топографиялық техникум орналасқан тұста тұрған. Мұнда Кеңес Одағы орнаған соң почта жұмыс істеді. Көпестің үйі Қызыл қарағай (лиственница) бөренелерінен салынған. Өрт болған жағдайда оның сыртқы қабығы ғана жанып, іші үнемі аман тұрады екен. Осы үйдің астында үлкен жертөле (подвал) болған. Онда көпестің қымбат заттары сақталған.

Ұлының айтысынша бұл үй 1956 жылы бұзылған. Қаражан Үкібаевтың сол үйде телефоны тұрыпты. Соған көпес «аузымен тыңдама, құлағымен сөйлеме…» деп атау беріпті. Өйткені бұл телефонның сөз айтатын және оны тыңдайтын тұтқалары өте ұқсас және екі бөлек болыпты. Бұл аспаппен сөйлескендер жағы соны жиі шатастырады екен. Ол Зайсан уезін, қант қызылшасы зауыты және гидроэлектростанциямен сым тартуды өз міндетіне алады. Соған орай Алтай тауына телефон бағаналарын әзірлейтін екі бригада аттандырады. Олардың дайындаған діңгектері бір ғасырға жуық өтсе де әр түрлі сайларішінде жиналған күйінде бертінге дейін жатты.

Қаражан бұл жерде 1909 жылы болған. Көпестен жарты ғасырдан кейінірек мен де болдым.

ГЭС салынбақ Қалжыр өзені биік тауларды жарып өтіп, құздардан құлап түсіп, сарқырып ағады ( Қазбалинов Т. «Абай» журналын ашуға қаржы берген Қаражан. //Абай, № 3, 2003, 75-77 бб. ).

Қаражан Үкібаев осындай терең шатқалдың бір жағынан екінші жағына тездетіп шығу үшін  мөлшері 200 метр  биіктікте темір тросс арқанмен  байланыстырған аспалы көпір салдыртты. Оның үстінен адамдар арбамен  өтеді. Биіктігі сондай, төмен қарасаң  басың айналады. Ондаған жылдар бойы күтімге алынбаған иесі жоқ көпір майланбай тат басып, тозып кеткен екен.

Бір ғасыр мерзім өтсе де сол көпірдің жұрнағы әлі бар. Оны жұртшылық «Қаражан байдың көпірі» деп атайды.

Қалжырдың таудан шығып, жазыққа бет алған жерін қазақтар «Алқым» деп атайды. Бұл жерде де Қаражан Үкібаев болған. Оның пайымдауынша су қоймасы жасалғанда телефонның ағаш діңгектерін ГЭС-ке дейін сайлардан ағызып әкеліп іске жарату көзделіпті. 1907 жылы Семейден пароход магнаты Латиф Садыкович Мусин (1864-1916) баржамен Нұр-Зайсан көлі арқылы Қара Ертіспен Евгеньевка (қазіргі Боран елді мекені) селосына жеткізілген цемент пен құрылыс құралдарын қоржындарға салып, түйе керуендермен Алқымға жеткізіліп, тау етіп үйген. Кейін оның үсті қатып тасқа айналған. Сол жерде таудың тасын уатып бетон жасауға әзір әртүрлі сұрыпталған тастар да толып жатыр. Оны көрген көлденең адамдар бұлар қайдан келген деп таңырқасып қарайтын.

Семейдің көпестері жұртшылыққа өте қайырымды, кез келген адамға көмегін аямайтын кісілер болды. Кейін келген Совет үкіметі оларды жамандап-жамандап іске алғысыз етіп тастады.

Мен сол ГЭС және Қант завоты салынбақшы жерлерді осы бүгін көрсете аламын. Ол Семейден 720 шақырымдай қашықтықта (Қазбалинов Т. «Абай» журналын ашуға қаржы берген Қаражан. //Абай, № 3, 2003, 75-77 бб. ).

Қаражан  бай туралы тағы бір зерттеуші А. Сіләмовтың деректерінде өзгеше мәлімет кездеседі.

...ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығында Семей көпестері акционерлік қоғам құрғандығы белгілі. Осы ұйымға кіруші көпестер 1907 жылдың соңына қарай түрлі сауда түрлерін жүргізген. Соның бір мысалы олар арзан қант алу жолында Зайсан уезінің Алтай тауы етегінде жүз мың гектарға жуық көп пайдаланылмаған жерге қант қызылшасын егуді жоспарлаған. Ертіс пароходының магнаты Латиф Мусин құрылыс материалдарына барлық керек-жарақты өз пароходымен, баржаларымен жеткізуді мойнына алған. Сол жерді Семеймен байланыстыратын телефон жүйесі туралы сөз болғанда: «Оны мен өз мойыныма аламын. Ұзындығы 600 шақырым жерге телефон діңгектерін орнатып, сымын өзім тартамын», – деген Қаражан Үкібаев. Сол сөз айтылып, дереу іс басталған. Семейден арнайы төрт бригада құрған Қаражан Үкібаев оларды керек-жарақпен қамтамасыз етіп телефон діңгектерін әзірлеуге Алтай тауына аттандырған. Бұлар 300 шақырымға жетерлік бағаналарды екі жылда әзірлеген. Енді осы ірі жобаны іске асыратын маманды іздестірген. Құрылыстың бастығы болып Варшава қаласынан инженер Казимеж Жолкевский шақырылды. Ол өзіне көмекшіге Петербургтің тәжірибелі құрылысшы инженері Александр Николаевты таңдады. Осы істі тындыру мақсатында Балтық өңірінен маман жұмысшылар алдырылды. Мұндай жобаны орындау, аяқтау үшін кем дегенде 7 жыл қажет болатын. Сол жұмыстардың едәуірі атқарылғанда бірінші дүниежүзілік соғыс басталады да, көп құрылысшылар майданға тартылып, құрылыс толық аяқталмай қалады (Сіләмов А. С. Тарих және тағылым. Ғылыми мақалалар жинағы. Семей, Интеллект, 2010. – 326 б.).

Қаражан байдың жасауға бел буған ісіне мән беріп қарап өтсек. Иә, бүгінде мұндай істер мемлекеттік деңгейде жасалып жатыр. Күнімізде мемлекеттік деңгейде жасалынатын істі, сол заманда ауқатты бай өз мойына алды. Міне, осындай байларды қазақ «жарты патша» деп атайды.

Бүгінгі Астананың орны бұрында Қараөткел деп аталған еді. Сол Қараөткелде біреу білсе, біреу білмес Құрманғали Қосшығұлов автомобиль шығаратын зауыт ашуды жоспарлап, ашпақ ниетте болған. Тек оның бұл ісін советтік қызыл өкімет тоқтатқан екен. Бұл турасында тарихшы ғалым Жамбыл Омарұлының мына ғылыми-танымдық мақаласында осы мәселенің жай жапсарына кеңінен тоқталады. Сол мақаладан үзінді келтіруді жөн көрдік.

Қараөткелдегі  алғашқы автомобиль сөз болғанда көбінесе В.М. Кубрин аты аталады. А.Ф. Дубицкий В.М. Кубринмен қатар алғашқы автомобильдердің біріне ие болған фотограф К.П. Шахов деп жазады. Ал осы автомобильдердің Қараөткелге қалай келгенін, оны кім алып келгенін ешқайсы да атай қоймайды. Тек қана соңғы жылдары «Инфо-Цес» апталығында жарияланған Ерлан Күзекбаевтың мақаласында «В.М. Кубриннің автомобилін Құрманғали Қосшығұлов  әкеліп берді» деген мәлімет бар.

Құрманғали Қосшығұлов деген кім? Құрманғали Қосшығұлов – Қара­өткелдің даңқын алысқа шы­­ғарған атақты көпес Бай­мұқамбет Қосшығұловтың үл­кен ұлы. Қараөткел тарихында Қосшығұловтардың орны ерекше, осы әулет туралы біз арнайы мақала жазуды жоспарлап отырмыз. Бұл жерде біз тек Құрманғалидың автомобильге қатысты ғана әңгімесін айтамыз.

Құрманғали 1876 жылы осы өзіміздің Астанада, ертеде қазақ Қараөткел атаған қалада туған. Бала кезінде оны әкесі алдымен жергілікті медреседе оқытыпты, одан кейін екі кластық орыс-қазақ мектебінде оқығаны белгілі. Бұл екі кластық аталғанымен төрт сатылы мектеп қазіргі түсінік бойынша орта білімді толық береді. Ерлан Күзекбаев өз мақаласында «Құрманғали семинария бітірді»  дейді, ол қандай семинария, қай қалада, ол жағын мен анықтай алмадым. Анығы – Құрманғалидың Санкт-Петербургтегі учетно-кооперативный институтта оқы­ғаны, оны сауда экономикасы мамандығы бойынша аяқтағаны. Бұл жағынан біз Құрманғали Қосшығұловты қазақтың алғашқы жоғары білімді экономист ма­ман­­дарының қатарына қосуға то­лық құқығымыз бар. Елге қайтып келген соң Құрманғали әкесінің жолын жалғастырып, сауда-саттық ісіне кірісті де, бірақ ол жолмен көп жүрмей, Қосшығұловтар әулетінің ортақ капиталын пайдаланып, кәм­пит-тоқаш фабрикасын салуға кірісіп кетті. Бұл революцияға дейінгі заманда тек қана қазақ емес, жалпы қазақ жеріндегі іскер қауымның  бәріне де үлгі болды.

Қараөткелдің ортасында атшап­тырым жерге орналасқан екі қабатты, қызыл кірпіштен салынған Қосшығұловтардың фабрикасы қала жұртының, әсіресе қазақ аза­маттарының мақтанышы болды. Тек қана мақтаныш емес, бұл фаб­рика қазақ балаларын кәсіпке тәр­биелейтін, еңбекке баулитын, кедей азаматтарға күн көріс тауып беретін орталыққа айналды. Құрманғали фабрикамен де шектелмеді, сол кезеңде қазақ жеріне жаңа еніп жатқан шетелдік «Зингер», «Саламандра», «Якорь» сияқты ірі компаниялармен одақтасты, олардың өндірістеріне капитал салды.

ХХ ғасырдың басында Ресей империясы Еуропалық үлгіге түсіп, қауырт дами бастады. Құрманғали осы дүбірлі жарысқа түскен қазақтың жас бизнесмені болатын. Ол осы кезеңде қазақ даласында темір жол магистральдерін салуға дайындық жұмыстарына да қатысып, бірнеше рет Қараөткелдің іскер азаматтарымен бірге Санкт-Петербургке де барды. Тек өкініштісі, 1914 жылы басталған Бірінші дүниежүзілік соғыс, іле- шала бұрқ етіп вулкандай атылған орыс революциялары, оған еріп келген жоқшылық, бос­тандық деп атқа мініп алған крепостной шаруаның надандығы, орыс большевиктері  ұйымдастырған репрессиялар қазақтың жас кәсіпкерлерінің бүкіл жоспарының тас-талқанын шығарды. Бұл халық басына түскен зұлматқа Құрманғали сияқты азаматтар ештеңе де қарсы қоя алмады, бәленің бәрі ішкі Ресейде  қазақтың  еркінен тыс басталды.

Құрманғали  автомобильді алғаш рет Санкт-Петербургте көреді. Ол кезде Ресейдің Мәскеу мен Санкт-Петербург сияқты қалаларының өзінде автокөлік таңсық болатын. Құрманғали өзі сияқты талапты студенттермен бірге автомобильді жүргізуді бірінші үйренушілердің ішінде болды,  куәлікті де сол кезде алған болуы керек. Тағы бір ес­кертетін мәселе – Құрманғали біз сияқты автомобильдің рулін ұстағанға мәз болған жоқ, ол оның қалай жүретінін, тетіктерін қалай жөндеу керек екенін зерттеді. Осының дәлелі, студент кезінде-ақ Құрманғалидың Ресейдегі алғашқы автожарыстарға қатысқандығы және бәйгеге тігілген американ автокөлігін ұтып алуы (Жамбыл Артықбаев. Қараөткелге алғашқы автомобильді кім әкелді. //astana-akshamy.kz).

«Құрманғали 1900 жылдардың басында Қараөткелге Санкт-Петер­бургтен автомобильге мініп  келді» деп еске алады оның бауы­ры Бекмұхамбет. Бұл жұрт керемет таң қалған оқиға болды.  Қазіргі күні біз біреу Айға барып, сол жақтан луноходқа мініп келді дегенге қалай таң қалсақ, бұл да солай болған болар. Американ автосына қызығушылардың ішінде қаланың ең бай адамдарының бірі Василий Матвеевич Кубрин де бар еді. Құрманғали қаланың бай және ықпалды азаматының өтінішін жерде қалдырған жоқ, автомобильді сатты, сонымен бірге енді автомобиль сату шаруасын ұйымдастыруға  кірісіп кетті. Автомобиль мәселесі оңай болмайтын, алғашқы бетте тек сату ғана емес, сонымен бірге автомобиль жүргізуді үйрету де, оны жөндеу жұмыстары да Құрманғалидың мойнында болды. Қараөткелге  Санкт-Петербург пен Мәскеуден автомобильді жеткізу де ойыншық болмаған шығар.

Құрманғали Қосшығұлов автомобиль сатумен шектелген жоқ, ол  1913 жылы қазақ жерінде тұңғыш автомобиль шығаратын зауыт салу ісіне кірісті. Осы жылы оның шақыруымен Германиядан бір топ инженерлер мен құрылысшылар келіп, болашақ зауыттың құрылысына қатысты мәселелер талқыға түсті.

Қосшығұловтар әулетінің бір өкілі Бекмұхамбет өзінің естеліктерінде неміс инженерлері толып жатқан чертеждермен келгенін, олардың кейбіреуінің ұзындығы 1,5 метр, ені 1 метр, қалыңдығы 30 сантиметр кітапша түрінде болғанын, осыны көріп өзінің таң қалғанын айтады.

Құрманғалиды білетін адамдар оның кейін қартайған уақытта да, Совет үкіметінен жасырынып қашып-пысып жүрсе де техника көр­се көзі жайнап кететінін, оның қолына түскен техниканың жаңарып қалатынын, өнертапқыш болғанын айтады (Жамбыл Артықбаев. Қараөткелге алғашқы автомобильді кім әкелд. //astana-akshamy.kz).

Отарлық заманда өзгемен тең тұрып кәсіппен айналысқан қазақ буржуазиясының еңбектерін ерлікке бағалауға болады. Себебі оларға отарлаушы тарап жақтан қысым аз жасалмағанына қарамастан бағыттарынан қайтпастан, табандылықпен кәсіпкерін жалғастырды.

Өткен тарихымызға қарап отырып ұлтымыздың қолынан ештеңе келмеген, жалқаудың образынан арылатын уақыт жеткен сияқты. Ол заманда іскерлердың алға қойған мақсатына заңды түрде тосқауылдар қойылды.  Мәселен, біз бүгінгі таңда Құрманғали сияқты байдың осыдан бір ғасыр бұрын жоспарлаған ісінің басында тұрмыз. Жапон мен корейлер шамамен осыдан жетпіс-елу жыл бұрын машина жасауды қолға алған еді. Бүгінде олар қандай деңгейде?!

Тәттімбет – тек өнер әлемінің тұлғасы ғана емес, іскерлік салада да өзіндік орны бар тұлға. Адамның алдынан өнер немесе кәсіп деп жолайрыққа кезігіп жатса Тәттімбеттей мәселені құстың қос қанатты сияқты қатар алуға болатындығын аңғартады. Қаражан мен Құрманғали сияқты байлар бүгінгі іскерлеріміздің, болашақта өнеркәсіпкен айналыссам деген жандардың үлгі тұтар тұлғаларына айналғаны жөн. Сонда біздің ішкі рухымыздың оянуына түрткі боларына анық.

Руслан АХМАҒАНБЕТОВ, 

саясаттану ғылымдарының магистрі,

«Байлық танымы және қазақ байлары» кітабының авторы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)