«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Клара Сейітова: Емхананы небәрі 5 күн ғана басқарған әкем ату жазасына кесілді

1958
Клара Сейітова: Емхананы небәрі 5 күн ғана басқарған әкем ату жазасына кесілді
Биыл Бүкілқазақтық съезге 100 жыл толады. Архив қызметкері жақында Алаш қайраткері, саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі болған Асылбек Сейітовтің қызы Клара Сейітовамен кездесіп қайтты

Қазақстан Республикасы Президенті Архиві өз қызметінде Кеңес мемлекетінің қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарының өмірі мен қызметіне қатысты мәліметтерді жинау жұмыстарымен айналысады. Бұл жұмыстардың нәтижесі ретінде: «Политические репрессии в Казахстане в 1937-1938 гг.», «Страницы трагических судеб» 1920-1950 жж. КСРО-дағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының естеліктер жинағы, «Алаш қозғалысы» көптомды басылымы, «Современное осмысление уроков репрессий 1930-1950-х гг. в Казахстане и проблемы защиты прав человека»  және т. б. жарық көрген құжаттар жинақтарын айтуға болады.

Биыл «Алаш» саяси партиясының құрылуына негіз болған Бүкілқазақтық съезге 100 жыл толады. Осыған орай ҚР Президенті Архиві қуғын-сүргін құрбандарының туыстарымен кездесулер өткізіп, отбасылық архивтері мен фотоқұжаттарын жинап, естеліктер жазып алады. Осы мақсатпен Архив қызметкері жақында Алаш қайраткері, саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі болған Асылбек Сейітовтің қызы Клара Сейітовамен кездесіп қайтты.

Асылбек Жұманұлы 1894 жылы 22 қаңтарда Омбы қаласында, Омбы генерал-губернаторы тілмашының отбасында дүниеге келген. Екі жыл шіркеудің приход мектебінде, одан кейін гимназияда оқып, 1911 жылы Омбы гимназиясының толық курсын бітіріп, Том университетінің медицина факультетіне оқуға түскен. Оқуды үздік аяқтап, біраз уақыт Омбыда уездік дәрігер болып жұмыс істеп, көп ұзамай Павлодар облысының Баянауыл станциясына жіберіледі. Студент кезден-ақ «Қазақ» газетіне мақала жазып, Ресейде оқитын қазақ жастарына көмек көрсету үшін қоғамдық қор құру туралы бастама көтереді. Оны «Алаш» партиясына әкелген осы бастамасы еді. 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынборда Бүкілқазақтық съезд өтті. Съезге сайланған кандидаттар тізімі «Қазақ» газетіне жарияланды. Ақмола облысы атынан А. Сейітов қатысқан. Осы съезге делегат болып барған Асылбекті Алаш зиялылары съездің хатшысы етіп тағайындайды. А. Сейітовтің бастамасымен «Ауыл», «Березовка» шипажайлары ашылған.

1937 жылы қарашасында А. Сейітовке Алматы қаласында емхана ашу тапсырылады. Көпке созбай өзіне жүктелген тапсырманы орындап, Алматы қ. №5 емхананы ашып, оған көптің қалауымен өзі бас дәрігер болып бекітіледі. Емхананы небәрі 5 күн ғана басқарған Асылбек Сейітов 1937 жылы 1 желтоқсанында ұсталып, ату жазасына кесіледі.

 Клара Асылбекқызы әкесі туралы естеліктерімен бөлісіп, ол жайында деректерді жинақтай жүріп, оның қазақ халқы үшін атқарған қыруар шаруаларының куәсі болғанын айтып өтті.

«Мен өмірге әкем «халық жауы» деген атпен атылған соң, жарты жылдан кейін келдім. Әкем тек халқының денсаулығын ойлаған ақ көңілді, абзал жан ғана емес, қоғам қайраткері, ұлтын сүйген ұлтжанды перзент болған. Түрлі кітаптар мен газет-журналдарда әкем туралы мақалалар жарық көрді. Семей қаласынан Асылбек Сейітов атына көше беріліп, 1937 жылы А. Сейітов іргетасын қалаған Алматы қаласы Жетісу ауданына қарасты №5 көпсалалы емхана қабырғасына ескерткіш тақта қойылған. М. Жұмабаев, А. Байтұрсынов, І. Жансүгіров, С. Сейфуллиндермен үзеңгілес болған А. Сейітов сынды азаматтарды кейінгі ұрпақ ұмытпауы тиіс», – дейді Клара Сейітова өз сөзінде. Кездесу барысында Асылбек Сейітовтің өміріне қатысты мағлұматтар алынды.

Сымбат Шайжанова, Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің сарапшысы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)