Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сұлтан Хан Аққұлы: «Әлихан Бөкейханның 1916 жылғы көтеріліске көзқарасы басқаша болды»

2788
Сұлтан Хан Аққұлы: «Әлихан Бөкейханның 1916 жылғы көтеріліске көзқарасы басқаша болды»  - e-history.kz
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі әлихантанушы, Рh докторы Сұлтан Хан Аққұлұлының «1916 жылғы көтеріліс және Алаш Орда» атты дәрісі өтті

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі әлихантанушы, Рh докторы Сұлтан Хан Аққұлұлының «1916 жылғы көтеріліс және Алаш Орда» атты дәрісі өтті. Дәріске кітапхана ұжымы мен мектеп оқушылары, университет студенттері және жазушылар қатысты.

Ғылыми дәрісте зерттеуші ғалым бірнеше мәселе төңірегінде ой қозғады: 

1) Алаш идеясы: мәні мен маңызы;

2) Алаш зиялыларының тарихи қызметі; 

3) 1916 жыл және Әлихан Бөкейхан бастаған ұлт қайраткерлерінің ұстанымы; 

4) Ұлттық автономия құру: себеп пен салдары; 

5) Ә. Бөкейханның экономикалық көзқарастарының Қазақстан үшін өзектілігі; 

6) Тарихтан алар тағылым. 

ХХ ғасыр басында бір жерге жиналып, тұтас әлеуметтік-саяси белсенді күшке айналған қазақ зиялыларының алдында жалғыз міндет тұрды. Ол – ұлттық тәуелсіздікке ұмтылу. Бұл бағытта олар Алаш идеясы деген ұғымды тарих сахнасына алып шықты, осы идея айналасында барлық мүмкіндіктерді топтастырды. Сондықтан Алаш идеясы деген ұғымды түсініп алмайынша, сол заманның бүтін болмысын, уақытын, замана келбетін толық елестете алмаймыз. Бұл – алаштанушы ғалымның пікірі. 

51037e687f567ff9046eb602f6964ac7.jpg

Алаш – бүкіл ұлттық сана-сезім жаңғырығы, мәдени төңкеріс әкелген құбылыс. Қазақ ұлтының резонанстық кезеңі деп қарауымыз шарт. Ғылымның іргетасы қаланып, білім мен теңдікке ұмтылған қазақ оқығандарының тарихи қызметі осы кезден бастау алады. Кейбір тарихшылардың әбден сіңірген идеологиясы бойынша қазақ халқы совет үкіметі орнағанға дейін «көшпелі, қараңғы халық, өткен тарихы жоқ, бұлыңғыр жұрт болды» дейтін сандырағын жоққа шығаруға Алаш кезеңіндегі қайраткерлердің еңбегі дәлел. 1917 жылға дейін бірнеше газет ашып, әлденеше кітап шығарған ұлт зиялылары ғылымның биік деңгейін көрсетті. 

Дәріс барысында ғалым өзінің зерттеулері негізінде тарихи жаңсақтықтарға, әсіресе совет методологиясымен оқытылған тарихи даталардың түбірін қайта қарауды ұсынды. Айталық, 1916 жылғы Торғай көтерілісіне өз ұстанымдарын білдірген ұлт қайраткерлерінің ой-тұжырымын дұрыс қабылдауымыз керек. Патша үкіметіне қарсы көтерілген қарулы қозғалыстың қынадай қырылатынын сезген Ә. Бөкейхан қазақтар қару алғанша, патша әскеріне жалдануды құп көргенін «Қазақ» газетіне арнайы мақала етіп жазады. Себебі, біріншіден, патшаның жазалаушы жасағы бірнеше қалада құрылғанын, екіншіден, шетел, орыс жерін көрген қазақтардың ой-санасы, дүниетанымы кеңейеді деп шешкен. 

280d95bb8f46ccc6a93c80d6a9832d1a.jpg

Ұлттық автономия құрудағы Алаш қайраткерлерінің екіге жарылуының себебін түсіндірген С. Аққұлы Ә. Бөкейхан бастаған топтың неліктен күтуге тура келгенін жеткізе айтты. Империя құрамындағы қазақ даласының территорясына жақын аумақта отырған көршілес елдердің, башқұрттар, татарлар, орыстар мен Қытай қазақтарының бұл ұсынысқа қалай қарайтынын білу мақсаты тұрса, екіншіден, қазіргі қазақ жері аумағының оңтүстік өлкесінің нақты шешімін күту болған. С. Аққұлының пікірінше, Алаш қайраткерлері ұлттық автономияны құруды армандап қана қойған жоқ, нақты жоспар құрып, міндеттер алды. Онда қазақтың дербестігі мойындалып, ең алдымен 20-25 жылда экономикалық дамудың нақты жолдарын ашық көрсетті.

Қазақ даласы – мал кіндігі, пайдалы қазба байлықтарынсыз тек жерді өңдеу мен мал ашруашылығы арқылы ғана ауқатты мемлекет құруға болатынын дәлелдеді. Ә. Бөкейханның зерттеу еңбектерінде қазақ шаруашылығы мен өнеркәсібі қандай дамуда болатыны нақты жазылған. Әр адам басына қанша мал және жер керектігі, егін өсіру үшін неше десятина жерге ие болуы керектігі өзі қатысқан әр түрлі экспедициялардың нәтижесінде есептеп шығарған. 

0a5810ee41f74de29bcafb9a4e527f64.jpg

«Алаш идеясы бізге қандай тағылымдарды ұсынады?» деген оқырман сауалына зерттеуші ғалым бірнеше өнегелерді айтып берді. Ұлттық тәуелсіздік, жер бостандығы, экономикалық тәуелсіздік, сот билігінің бостандығы, тіл, дін еркіндігі деген мемлекет үшін аса маңызды құндылықтарды тізді. 

Дәріс соңында Сұлтан Хан Аққұлы «Творец истории» монографиясының бірінші томы орыс тілінде жарық көргенін айтып, бірнеше данасын Ұлттық академиялық кітапханаға тарту етті. 

Заңғар Кәрімхан

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?