Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлттық академиялық кітапханада 400 000 мыңға жуық мерзімді басылым жинақталған

2456
Ұлттық академиялық кітапханада 400 000 мыңға жуық мерзімді басылым жинақталған - e-history.kz
«Бабалар сөзі», «Әлем әдебиеті кітапханасы», «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Әлемдік мәдениеттанушылық ойлар», «Экономикалық классика», «Әлемдік философиялық мұра» сериялары бар.

Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасындағы негізгі орталықтардың бірі – кітап және құжаттарды сақтау қызметі. Бұл бөлімде 860 000-нан аса құжат, 392 322 мерзімді басылым жинақталған. 

Бұл қатардағы сирек кітаптар мен құнды жазбалар топтамасының орны бөлек. Қорлар құрамы оқырмандар қауымының талаптарын қанағаттандыру талабынан туған. Кітапханамызда қорларды қалыптастырудың өзіндік өлшемдері әзірленді. 

Біз үшін бұл: 1945 жылға дейін жарық көрген кітаптар; Қазақстан туралы сирек өлкетану басылымдары; шағын таралыммен шығарылған кітаптар (100 данадан аспайтын); классиктердің, ғылым және мәдениет қайраткерлерінің көзі тірісінде баспа бетін көрген әдеби басылымдары; Ұлы Отан соғысы жылдарында жарық көрген кітаптар; құнды басылымдар -мерейтойлық альбомдар, ерекше пішіндегі кітаптар. 

e469abad4e452eb033c821943a16c5f1.jpg

2006 жылдан құрыла бастаған сирек басылымдар қоры сатып алу жолымен, жеке тұлғалар тарапынан сыйға тартылған туындылармен қалыптастырылуда. Негізінен, энциклопедиялар, сөздіктер, тарихи жазбалармен, отандық, шетелдік классиктердің әдебиетімен және өлкетану материалдарымен толықтырылуда. Осы басылымдардың бірқатары іріктеліп алынып, Кітап мұражайына берілді. Бірінші желтоқсан күні Кітап мұражайы кітапхана жанынан ашылады. 

Кітапханамыздағы сирек кітаптар топтамаларының ішінде 1869–1871 жылдары жарық көрген ең көне кітап та бар. Бұл — түрік лексикографиясы тарихында терең із қалдырған Лазарь Захарович Будаговтың «Сравнительный словарь турецко-татарских наречий» тақырыбындағы туындысы. Салыстырмалы сөздікте түркі тілдеріне ортақ және түркі тілдері арасында кең қолданыс тапқан лексикаға сипаттама берілген. 

Сонымен қатар, осы секцияда француз тарихшысы әрі әлеуметтанушы Гийом Том Франсуа Рейнальдың 1782 жылы баспа бетін көрген «Histoire Philosophique et Politique des Etablissemens et du Commerce des Européens dans les deux Indes» (қаз. мағынасы: Қос Үндістандағы еуропалықтардың коммерциясы мен кәсіпорындары туралы философиялық және саяси тарих — мақала авторы) атты еңбегінің жетінші томы тұрғандығын да айтқым келеді. 

0bb38a29f51fffa518796f7c9df0d914.jpg

Сирек қорлардың басым бөлігі — XIX ғасырдың аяғында және XX ғасыр басында жарық көрген кітаптар. Сол сирек қорлар қатарында 1893 жылы ежелгі орыс тілінде Ресей Императорлық ғылымдары Академиясының баспаханасында шығарылған Василий Васильевич Радловтың «Опыт словаря тюркских наречий» (1893–1905 жж.) атты төрт томдық сөздігі тұр. Бұл еңбек бүгінгі дәуірде-де түркі тілдес елдер арасындағы бірден-бір салыстырмалы сөздік болып отыр. Сондай-ақ осы сөздіктен түркі тілдеріне және диалектісіне қатысты материалдар табуға болады. 

Қазіргі кезеңде құндылығы жойылмаған энциклопедиялық басылымдар да бірегей жазбалар ретінде сақталып келеді. Айталық, Санкт-Петербургтегі Ф. А. Брокгауз — И. А. Ефрон акционерлік баспа қоғамы тарапынан шығарылып, қазан төңкерісіне дейін халыққа кең танылған «Энциклопедиялық сөздікте» (1890-1907 жж.) 120 мыңнан аса мақала, карта және иллюстрациялар көрініс алған. 

Сирек қорлар топтамасындағы тағы бір тамаша туынды — әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай» (1943 ж.) романының бірінші кітабы. Сонау соғыс жылдарында жарық көргендіктен кітапқа деген көзқарасымыз бөлек. Өйткені Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі кітаптар шын мәнінде, қазіргі кітап мәдениеті жәдігерлеріне жатқызылуы тиіс. Сол соғыс жылдарына тән жазбалардан басылымдардың полиграфиялық безендірілуі, пішіні, қағазының сапасы қандай болғанын көреміз. 

Көне жәдігерлерге қарай отырып, көп ғұмыр кешкен кітаптар туралы қандай да бір пікір айтудың өзі оңай емес. Алдымен, кітапты қолға алып көріп, сол сарғайған беттердегі тарихты және тозаңның нәзік иісін сезіне білу керек. Бөлімдегі бірегей қорлардың бірі — «Мәдени мұра» Ұлттық жобасы бойынша жарық көрген кітаптар. Бір жарым миллионнан астам данамен таралған Қазақстанның тарихы, археологиясы, этнографиясы бойынша 500-ден аса аталымдағы кітаптар оқырман тарапынан кең сұранысқа ие. 

9ecece81e78d0049805dd812139f32ea.jpg

Солардың ішінде «Бабалар сөзі», «Әлем әдебиеті кітапханасы», «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Қазақ халқының ежелгі заманнан қазіргі кезге дейінгі философиялық мұрасы», «Әлемдік мәдениеттанушылық ойлар», «Экономикалық классика», «Әлемдік философиялық мұра» сериялары бар. Анығында, Қорқыт ата өсиеттерінен бастау алып, Абай және Шәкірімнің ой-танымымен жалғасын тапқан дала данышпандарының философиялық мұралары әлемдік рухани мәдениет маржандарына айналды. 

Ескеретін жайт, кейінгі кезеңде кітапханамыздағы қорлар қозғалысы жақсарып, жазба туындыларымыз оқырмандарымызға ашықтан-ашық ұсынылуда. Осылай, кітапхана холлдарындағы сөрелерден кез келген пайдаланушы қалаған кітабымен танысуға мүмкіндік алды. 

Осыдан бес жыл бұрын кітапханамызда монорельсті тасымалдау жүйесі — «Телелифт» іске қосылған болатын. Осы жүйенің арқасында кітап сақтау қорынан оқырмандар залдарына кітаптар мен басқа құжаттарды жеткізу бірнеше минутта жүзеге асырылады.

Бахыт Жұмабекова, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы Кітап және құжаттарды сақтау орталығының маманы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?