Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Серік Ерғали: «Табиғат құбылыстарын қазақша жыл маусымдарының атаулары дәл сипаттаған»

2370
Серік Ерғали: «Табиғат құбылыстарын қазақша жыл маусымдарының атаулары дәл сипаттаған» - e-history.kz
Наурыз турасындағы тағы бір назар аударарлық тарихи айғақ сақ-скифтердің «айуандық стиліне» арқау болған алтын бұйымдардың бейнелерінде жалғасын тапқан

Ата қазақ жылды рухани-пәлсәпәлік жағынан бір біріне қарсы екі маусымға – алты ай қыс пен алты ай жазға бөлгенімен, тіршілік маусымын 4-ке жіктеген: жазғытұрым (көктем), жаз, күз, қыс. Табиғат құбылыстарын қазақша жыл маусымдарының атаулары дәл сипаттайтыны ғажап: қыста Табиғат «қысылады»; жазда – «жазылады» (керіледі); күзде – «күзеледі», ал көктемде – «көктейді»! Әрбір жыл маусымы – 90 күннен, қалған бес күн «қонақ» аталып, соған сәйкес «Бесқонақ» әфсанасы қалыптасқан. 

Жыл мезгілінің төрт маусымын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы нақпа-нақ былай бейнелейді: «Жыл – өзі. Жазғытұрым – жаңа туған жас бала. Үш айдан соң жігіт болып жетілгені. Ол өмірі – үш ай. Онан кейін: егде, мосқал, бурыл бас болғаны. Мұндай болған уақытын «күз күні» дейді. Бұл өмірі де үш ай. Одан кейін «қыс-зымыстан» деп атайды. Қар астында қалғандығы – ол өлгені. Он екі ай бітумен бір жылдың өмірі бітеді. Жыл басына кесілген өмір он екі айдан аспақ емес. Он екі ай бітіп, бір жылдың өмірі таусылады. Енді жаңа жыл туады. Бұл туатұғын – былтырғы өткен жыл емес. Одан басқа, бөлек жыл. Бұл жыл басында туатұғын күн де бұрынғы күн емес. Күн бүгін туған – жаңа күн. Сол жаңа туған жылын, жаңа туған күнін құттықтап, қуанып той қылса, сол жыл да, сол күн де бұл кұттықтаған, қуанғанды қолтығына қысып, құшағына алып сый-құрметпен, қызық дәуренмен өткізуге міндетті, борышты». 

ff9f7386ec255a2b5eaa2bddaa8aa6aa.jpg

Осы мәселе Наурыз турасындағы тағы бір назар аударарлық тарихи айғақ сақ-скифтердің «айуандық стиліне» арқау болған алтын бұйымдардың бейнелерінде жалғасын тапқан. Бұйымдағы аңдар мифтік әрі астрологиялық мағана бергендігіне көз жеткіземіз. Ол жайында аталмыш «бағалы айуандардың» сәйкес жылкиелерді бейнелеу тұрпаты хабар береді: ұйқыдағы Доңыздың тұрғанымен қазына толы «сандық» екендігін; ал дулығаға түскен қошқармүйіз ою Қой жылғы туылған батырдың белгісі ме, әлде оның Қошқар ата деген пірі болғандығын білдірсе, сақина сипаттанған Уақыт шеңбері Айдаһар, Барыс, Сиыр бейнелерінен көрініп тұр. Бұл шеңбер тұрпатты Уақыт нышанын білдіретін бұйымдар бүгінгі онекімүшелдік қазақы танымының тамыры іспетті сабақтастықты паш етеді.

Уақыттың түркілік бағдары мен бейнесі ежелгі дейтүркілік Күнді кие тұту танымына негізделген. Бұл жайт Күн-Түн теңесімі мен Күн-Түн арбасуына (Күннің тоқырауына) қатысты этнографиялық мереке түрінде өмірден орын алған. 

01986530df96c9ce2a8efb70b5626a41.jpg

Түркі-маңғолдар парсылар секілді көктемгі «теңесіммен» шектелмеген, күзгі теңесім қарсаңында Чук (шұбаш), Сабантой (қазақ, башқұрт, татар, шұбаш), Ақ айды (маңғол, қалмақ) мерекелесе, оған қоса қысқы Күн-Түн арбасуын да Нартуған (башқұрт, татар, шұбаш), Корачун («Қаратүн?» мағынасында – мажар-қыпшақтар, кейбір Сібір, Саян түркілері), ал жазғы ең ұзақ күнде сахалар Ысыах мерекесін Ұлы мейрам деңгейінде атап өтеді. Алайда, сахалардың ысыахты наурызда мерекелегендігі турасында да мәлімет бар. 

Осы жағын ескере келгенде Наурыз мерекесі ежелгі түркілік жыл сайынғы төрт ұлы мерекенің бірі және түркілердегі бұл мерекелер жимасының тойлануы парсы нұсқасынан анағұрлым ерте басталғандығын, ирандық идеологияның ықпалы жоқ сібірлік, солтұс түркілері мен Саян-Алтай аймағындағы түркі-маңғол жұрттарының Күн-Түн теңесіміне қатысты мейрамдары көз жеткізеді.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?