Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Наурыз мейрамын жаңаша өткізудің тұжырымдамасынан

2062
Наурыз мейрамын жаңаша өткізудің тұжырымдамасынан  - e-history.kz
Наурызды бізге Күн мен Түннің теңесуі ретінде ғана қабылдау жеткіліксіз. Оның астрономиялық мәні теңесіммен ғана шектелмейді, бастысы басқада

Наурыздық мән мен дәріп 

Ежелгі түркілерде жеті саны Ғарыштың кемелдік күйінің сипырлық мәні ретінде мойындалған. Сондықтан да «жеті» сөзінен «жетік» түріндегі кемелдік сыйпаттың мәні аңғарылады. Бұл сөз о баста астарында «кемел» ұғымы секілді сын есіммен қатар, діттеген мақсатқа жетуді көздейтіндей құбылыс пен әрекеттің де мағанасы болған «жет» түрінде болса керек. Ол – түркілік дүниетанымның кемелдік мағынаны білдіретін басты ұғымдарының бірегейі ғана емес, жан-жақты паш етілген, таңбаланған әрі бейнеленген қасиетті дәріп. Сондықтан да түркілік «жеті» сөзі әмбебап терминдердің бірі. Оның түбірі қазір бұйрық райлы «жет» болғанмен, ол о баста әрі етістік, әрі зат есім, әрі сан есім мен сын есімдік сипатта қатар болған. Осыдан келіп, кемелдікті, дамуды білдіретін ұғымның сыйпырлық мәні «жеті» болып туындаған және кез келген нәрсенің кемелдігі оның жеті сатыдан өтілуі орныққан. Сөйтіп, Наурыздың санаттары да жетілік санмен қамтылған. 

Ежелгі түркілік Ғарыштың кемелдік сипаты үш санаттың (категорияның) жеті еселенуімен анықталады: жеті дәм (наурызкөже); жеті өң (алуан бояулы әшекей, түрлі түсті киешек); жеті үн (жетіген, жеті дауылпаз немесе жеті адамның хоры). 

Бояудың кемелдік сипаты түркілердің түсінігінде ақ түс болып табылады. Сондықтан да ақ түс – қарттықтың нышаны. Ал, қыс – Жылдың «қартаю» кезеңі (маусымы). Сол себепті кемеліне келген адамның бейітіне ақ шүберек байланады да, ал той-думанда жас-кәрісіне қарамастан қазақтар қызылды-жасыл (ақ пен қара түстен өзге) алуан түсті киім киінеді. Алуан түсті құрақ көрпе жаяды. Ал, әзербайжандар Наурызда жұмыртқа бояуды бірнеше ғасыр бойы жалғастырып келеді. Бұл – мерекелік мәнді жеті өңді принципті қанағаттандыруға тиіс Көк шартына бағындыру белгісі. 

Оқи отырыңыз: 22 Наурыз мейрамына байланысты 22 қызықты дерек

 

656f11085165318e6b8966218f18bbe0.jpg

Наурыз мерекесінің жеті үндік принципін Жаңа жылдың алғашқы таңын қарсы алу кезінде таңмен таласа қыз-бозбалалардың ауылды бастарына көтеріп, құлын-танаға қоңырау байлап, азан-қазан, у-шуға бөлеу дәстүрі болғандығын көрсетеді. Ал, ежелгі замандарда, бәлкім, жеті түрлі аспап тартып, адамдар хормен ән шырқау дәстүрінің болуы әбден рас. Бұған ежелгі Шумерде жасанып киінген жұрттың дауылпаздатып шеруге шығу көрінісін алуға болады. Батыс Азияда (Таяу Шығыс) арфатекті аспаптардың таралуы бұған куә. Әсіресе, қазақтың жетіген аспабының қолданылуы да Наурыздың бас таңын қарсы алу кезінде тартылған. Бұлардың бәрі қазіргі гитараның түп атасы, бірнеше үйлескен үннің көздері. Ал, бүгінде хордың көптеген діндердің басты ритуалы болып сіңірілуінде де, Наурыз мерекесінің ежелгі сілемі жатыр. 

Наурыздық мазмұн 

Наурыздың мереке болуының өзі белгілі бір ежелгі адамзаттық идеяның түрлі сенімдер мен тұжырымдарға бөлшектелмей тұрғандағы тұтас үрдісінің шырқауынан шыққан. Ежелгі Наурыздың мерекеленуі ғарыштық жиылу, түйнектелу құбылысының мәнін құрайтын үш санатына: дәм, үн, өңге негізделіп, бұлардың әрқайсысы ғарыштық жетілудің кепілі ретінде жеті еселенуден тұрған. Яғни, жеті дәмнен – наурызкөже; жеті түспен – құрақ көрпе тігу (басында алуан түсті мата парақтарды ілу ғұрпынан туындаған, бүгінде құрақ көрпенің о бастағы мәні көмескі тартып, оның тек қана тұрмыстық сипаты қалған), айналаны, үйді, адамды, жануарларды алуан түске безендіру; жеті үнмен – жеті қоңыраумен, жетіген аспабымен болмаса жеті адамның хор айтуымен ескі жылды есіркеп, жаңа жылды мадақтау жүзеге асырылған. Аталмыш нышандарды паш ету арқылы аспан көшінің көрінісін іске асыру арқылы кәзіргі адамзаттық карнавалдар (ғаламдық көшті паш еткен) мен хоровод (ғаламдық үнді дәріптеу) секілді дәстүрлер туындаған. 

Аңырақай тауындағы жартастағы суретке куә болғанымыздай, Наурызды мерекелеуде он екі мүшелдік айуан бейнелерінің қатысуы міндетті нышан болғандығында ешкімнің дауы жоқ. Сондай-ақ, «Аластау» рәсімінің де өз алдына орны болғандығы күмәнсіз. Ал, «Ұйқыашар», «Селтеткізер» секілді дәріптер де Бас таңды қарсы алуға арналған бірден бір ғұрып болса керек. 

Ежелгі ғұндардың дәстүріне қарағанда, наурыздың мазмұны ғұрып пен жоралғыға бай болған: 

- Тәңiрден тiлек тiлеп, «Әумин» дескеннен кейiн, абыздар қобызбен аңыратып тұрып 9 қоңыр күй тартып, iле-шала 365 жiгiт қолдарындағы қобызбен 365 күй тартады. (Жағда Бабалық. Наурыз – мұқым ғаламның жыл басы мерекесi. «Қазақстан-Заман» газетi. №11. 2010 ж); 

- әзiрбайжандар Көк Тәңiрiнiң құрметiне жұмыртқаны көкке бояп, оны айнаның үстiне қояды. Жұмыртқа тербеле бастаған кезде өгiз жердi екiншi мүйiзiне ауыстырды деп, жаңа жылды тойлауға кiрiседi екен (Бақыт Әбжет. Наурыз мерекесiнiң тойлану кезеңдерi. «Қазақстан-Заман» газетi. №11. 2010); 

 

54d7d168e077ec15e37b7671c8c26f22.jpg

- жамбы ату, көкпар тарту, айтыс, алтыбақан тебу,  т.т. қазақтың мәдениетіне сіңісті бүгінгі салт-ғұрыптардың,рәсімдердің баршасы Наурызбен байланысты және соның мазмұнының егжейлері (деталь). Бұлармен бірге Наурыз мазмұны оған қатысты ұғымдар мен терминдерден де құралады. 

Наурыздық астромән 

Наурызды біз Күн мен Түннің теңесуі ретінде ғана қабылдау жеткіліксіз. Оның астрономиялық мәні теңесіммен ғана шектелмейді, бастысы басқада. Себебі, Күн мен Түннің теңесуі көктемде ғана емес, күзде де бар, ендеше көктемгі теңесуді неге алған деген сауалға бұл құбылыс жауап бермейді. Бұл теңесім Көктемді шығаруға қатысы жоқ, ал Наурыздың бір көрінісі – көктем, оны Таңбалының суретінен көріп отырмыз. 

Сонымен наурызда қандай астромән бар? 

Жалпы, Күн-Түн теңесімінен бұрын, наурыз айы туғанда, Күн Тоқты (ежелгі түркіше – қозы/қоды, М. Қашқари) шоқжұлдызындағы қозғалмайтын Амал/Қамал жұлдызына беттеп, «көріседі». Бұның әсері жерге беріліп, жыл маусымы ауысады – көктем шығады. Күн райы жылыну үдерісіне ұшырап, тоң жібиді, қар ериді –Табиғат оянады.

Серік Ерғали, мәдениеттанушы

(Жалғасы бар...)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?