«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Абай философиясы: шығу тегі, қалыптасуы және дамуы

708
Абай философиясы: шығу тегі, қалыптасуы және дамуы - e-history.kz

Ұлы ақынның туған күні қарсаңында жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дидар Амантайға: «Кейінгі жастарға Абай мұрасы қай қырынан жаңаша ашылуы мүмкін, келешектің Абайы қандай болады?» деген сауал жолдағанбыз. Жазушы, философ Дидар Амантай бұған жауап берді. Ол өзінің «Абай философиясы: шығу тегі, қалыптасуы және дамуы» атты эссе-еңбегінде Абайдың философиялық қырына терең біліммен, айрықша көзқараспен келген. Абайды қазақ кәсіби философиясының іргетасын қалаушы, іргелі категориялық түсінік аппаратын қалыптастырушы ойшыл тұлға тұрғысында тани отырып, өзі еңбектерін оқыған философ Ортега-и-Гассетпен, Камю, Сартр және Мартин Хайдеггермен, Кант/Гегельмен салыстырады,   Ницшеге ұқсатады. Осылайша хәкім сөзінің әр қырына үңіле отырып, Дидар Амантай Абайды талаптары мен бірыңғай ақиқат іздеуі модернизм философиясымен ұштасатын модерндік тұлға деп көрсетеді.

«Абай – орыс ойшылы Николай Бердяев секілді діни экзистенциалистік философияға туыс, үндес тұлға. Лев Шестов құсаған еркін қатегориялармен ойлайтын сыншыл данышпан. Ол – шын мәнісіндегі, ойлау құралдары бар, қалыптасқан жүйелі түсініктеріне арқа сүйеген нағыз кәсіби философ. Ойшылдық кәсібін меңгерген, ой еңбегімен айналысқан, дүниежүзілік интеллектуалдық ізденістерді, қозғалыстарды, ағымдарды орыс баспасөзі арқылы қал-қадерінше жіті бақылап отырған философ. Хәкім ой жазбаларында пайдаланған түсініктер, ұғым тұрғысында қалыптасқан, орныққан, іріктеліп, тиянақталған сөз қоры, ойлаудың интрументі рөлін немесе қызметін атқарады» дейді Дидар Амантай.

“Болмыс”, “сана”, “бес нәрсе”, “заман”, “жүрек”, “ақыл”, “қайрат”, “ар-ұят”, “иманигүл”, “махаббат”, “бақыт”, “бақ”, “толқын”, “жаман”, “жақсы”, “көңіл” тәрізді ұғым сөздер – Абай философиясының шешімі. “Жүректің” (ынталы, шошыған, шын, өртенген, өрбіген, үрпиген, қапаланған, жаралы, сөнген) сан қилы түрі, “көңілдің” (сезімпаз, күңгірт, қам, қара, сынық) бірнеше күйі бар» деп тұжырым жасайтын Дидар Амантайдың еңбегі оқуға қызықты. Сонымен бірге Абай философиясын Кенесарымен, Алашорда идея-мұратымен байланыстыратыны да оқырманын көп ойға жетелейді. Төменде жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дидар Амантайдың эссе-еңбегі.

БЕСІНШІ ҰСТАЗ

Дүниенің басы сайран, түбі ойран,

Озар сойды бұ дүние

Доспамбет жырау

 

Ақыл-ойда, алдымен сезім арқылы

берілмеген, ештеңе жоқ

Джон Локк

Қазақ

 

Әсілі, Абайдың – қазақтың ұзақ тарихында, ұлтымен біте қайнасып, бірге мехнат көрсе де, – ғұмыры қысқа болды. Бірақ, қас-қағым сәт ғұмыры елінің өмір бойы оқитын мәңгілік эпопеясына айналды. Ол елдің болмысын тап басты. Жаратылысын терең таныды. Абай – экзистенциалистік ақын. Пенде тіршілігін диалектикалық қарама-қайшылықта көре білді. Әрі шешті де. Түйіні индукциялық немесе дедукциялық тұжырым жолымен тарқатылды.

Абайды жаңаша оқу арқылы біз оның көлеңкелі, таса тұстарын ашамыз. Ол Күн сияқты, қай жағынан қарасаң да, Күн. Түсіп тұрған көлеңке Күндікі емес. Күннен көлеңке түспейді. Ол – Күн сәулесін бүркеген, көлеңкелеген, қымтаған көлемнің не биіктің сұлбасы. Күн жүзін ештеңе көлегейлей алмайды.

Абай – қазақтың Күн сияқты маңдайына біткен жарық жұлдызы.

 

“Көлеңке басын ұзартып,

Алысты көзден жасырса,

Күнді уақыт қызартып,

Көкжиектен асырса”.

 

Бұл тұста ойшыл Күн (мәңгілік, салыстырмалы түрде) мен уақыт (өтпелі) арасалмағын өлшеп, айқындап, салыстырып тұр. Ол алаштың жанының да, тәнінің де күретамырын іздеп, өзегін тапты, табиғатын ұқты. Бар қырын жете зерттеді. Жұмбағын шешті, құпиясын жария қылды, сырын ашты. Еңбегі көп. Қазақтың Абай білмейтін мінезі жоқ. Қазақты көр де, Абайға қара. Көз тік, қалтарысын байқа, жазғандарын оқы. Оны неге бүкіл қазақ жақсы көреді? Сыналса да, ықылас-ілтипаты артып, мейірімі төгіліп тұрады. Ақынға деген адалдығы бір сәт өзгермейді. Тура Абай келтірген ауыр сөзді басқа қазақ айтса, нақақ санайды, теріс көреді. Тегінде, ұшқары пікір, қиянат сөзге жол берген ділмар шешен тез арада ел ішінен қуылар еді немесе абайшыл алаш баласы оны қаңғытып жіберері де айдан анық. Себебі, Абай қазақ туралы жаны ашып айтады. Әрі күйініп, жаны ашып айтқаны анық көрініп тұрады. Халқымен шынайы тілдесе білген ақын қалай жазды, солай өмір сүрді. Ойы, сөзі, әрекеті – бір жерден шықты. Үштаған кезең арасында алшақтық болған жоқ, өйткені ойланса да, сөйлесе де, қаракет жасаса да, бір ниеттің құзырына жүгінді. Ұлықтың ұлтына деген пейілі ақ еді, ол – бала жұртын есейту, бейнеттен көз ашпаған халқын ұшпаққа шығару.

Ол таусылып та жазды, сүйіп те қалам тербеді, үміт артып, өсиет те айтты. Көшпелі жұрт бірқалыпты қоңыр тыныс-тіршілігінен қол үзе алмады. Алайда, қазақ пен Абайды ажырату мүмкін еместігін байқадық. Абайсыз қазақ, қазақсыз Абай жоқ. Бір-біріне деген махаббаты терең, сүйіспеншіліктері биік. Біртұтас одақ. Ел өзгере ме, өзгермей ме, белгісіз, бірақ, бір-біріне деген жайсыздығы да, жайлылығы да – пешенесіне, маңдайына жазғаны, тағдыры. Абайдың жаратылысынан қазақтын асқақтығын көреміз. Кемеңгерлік – ұлт ақылының көрінісі, ұлыс өресінің деңгейі. Ұстаз – әрі ұлт серігі, досы, жолдасы. Бір-біріне сенеді, бір-бірін тастап кете алмайды. Екеуі осы күйінде қалады. Көз жазбайды, жұп жазбайды.

Адамзат

Абай – адамзаттық танымға біртіндеп емес, бірден жеткен тұлға. Алғашқы өлеңдерінен-ақ ұлт шеңберінен шығып, жалпы адамзаттық кеңістікте қанат жайғанын аңғарамыз. Ол метафизиканы талқылайды, адамзат алдында тұрған философиялық мәселелерді қозғайды, жауап іздейді. Жалпы, осы күнге шейін Абай қолданған, қарас-тырған даналыққа жетеқабыл деңгейдегі (философия туралы Лаэртский жеткізген Пифагор сөзін есімізге алсақ) философиялық түсініктен жүйелі категориялар дәрежесіне дейін көтерілген ұғым сөздердің тізімі жасалған жоқ.

“Сөз мәнісін білсеңіз,

Ақыл – мизан, өлшеу қыл”. 

Бұл категориялардың бір-бірімен тығыз байла-ныстылығы философиялық кешенді жүйенің бар екендігін білдіреді. Абай категориялары – табиғат құбылыстарын біл-діретін нақты ұғым-түсініктер емес, болмысты, ойлауды, сананы белгілейтін абстрактілі жалпы сөздер. Зат болмысы орнына жалпы болмысты талқыға салады. Ол – эпистолярлық жанрдағы философ. Фридрих Ницше, Артур Шопенгауэр, Николай Бердяев, Лев Шестов үлгісіндегі ойшыл дедік. Лао-цзы, Конфуций, Сюнь-цзы қатарындағы абыз. Абай категорияларына оралып келіп отырады. Қара сөздері мен өлең-жырлары біртұтас жүйе құрайды.

Білім – кісілік 

Хәкімнің терең ойлы жыры мен қара сөзі қазақ философиясының негізін қалады. Кез келген ілім мәні қол созған мұраты мен жеткен межедегі таным қосындысынан тұрады. Экзистенциалистік жүйе, шешкен түйін (сущность) мен түпнегіз (субстанция) жүріп өткен жолынан қалыптасады деп үйретеді: “существование предшествует сущности”. Яғни, мазмұн (өмір) көлеміне тарихы мен мақсатынан құралған мән – тең. Жиырмасыншы ғасырдағы атақты ағым өкілдері пысықтаған мәселелердің бәрі дерлік Абай философиясында бар: абсурд, ғұмыр мәні, өмір жолы, өлім мәселесі, бейнет, өзін-өзі өлтіру, жат көріну, үрей, табиғи дүлей күштер мен оған қарсы тұрған адамның нәзік болмысы,

“Сизиф туралы аңыз” атты еңбегінде Альбер Камю абсурд дегеніміз өзінің шекарасын анық аңғарып отыратын сана деп көрсетеді. Сартр “Жиіркеніш” романында жаттану мәселесін көтереді, ол Абайда былай келтіріледі: “Алды үміт, арты өкініш алдамшы өмір” немесе “Қай қызығы татиды қу өмірдің Татуды араз, жақынды жат қыларға?” Бұл енді Альбер Камюдің “өмір құны – сүрген бейнетіңе тұра ма, жоқ па” деген қағидатына сәйкес келедi, тіпті, оны Камю философияның басты сұрағы деп жариялайды. Санаға байланысты. “Малда да бар жан мен тән, Ақыл, сезім болмаса,” –дейді Абай. Яғни, ақыл мен сезім сананы құрайды. Санадан рух қалыптасады немесе – керісінше.

Менің ойымша, Абай философиясының бастауында қазақ мехнат көрген ұлы тарихи уақиғалар жатыр. Тарихтың ізі мәніне айналды. Бір өзгеріс екінші бір өзгерісті тудырды. Кейінгісі өз бетінше келесісін шақырды. Хәкім философиясы – ғылыми аппараты қалыптасқан ілімдік жүйе. Ол бодандықта жүріп азаттықты аңсаған алаштың философиясын жасады. Философия ұлт жолын тануы, табуы керек еді. Иә, Абай – XIX ғасырдағы қазақ философиясының авторы. Философ ретінде хәкім білімнің маңыздылығын шығармаларында қадап айтып отырды.

image_l.jpg

Жаңа ел – білімді ел. Білім (алу) – ұлттық құндылық, білік (кәсіпті меңгеру) – ұлттық қасиет. Білімді жұрт біліктік қасиетке ие: ол жаңа шаруашылықты тиімді жүргізе алуға тиіс – технология. Білім мен білік – ізденістің нәтижесі. Ізденіс, өз алдына, еңбекқорлықтың көрінісі. Демек, бейнетқор ұлт бақытты өмір сүреді. Кемеңгер Шоқан да ел басқарғысы келді. Бірақ, Абай... Абай ұлт танымын кеңейтті. Қара сөздерінде XIX ғасырда, сақарада көшіп-қонған қазақ халқын ұшпаққа шығаруды арман етті. Оқу, тоқудың соңы – әлеуметтік әділдікті орнату. Білім жалғыз болмауы керек, кісілік – оның серігі. Сонда “білім – білік – кісілік” формуласы шығады. Білім кісіге қызмет етеді. Шексіз әлемді түсіндірудің үштаған тарихи жолы діни, гуманитарлық және ғылыми танымнан қалыптасады. Абай:

 

“Пайда ойлама, ар ойла,

Талап қыл артық білуге.

Артық білім кітапта,

Ерінбей оқып көруге”.

 

Заманы жолайырықта екіұдай күй кешті. Ел жақтады, ез қолдаудан қашты. Хәкім туғанда, екі жылға созылған бейбіт келісімді қайтадан бұзған Ресей патшалығына қарсы Кенесары сарбаздары жанталасып қайрат көрсетіп жатқан еді. Абай ел басына күн туған қиын заманда, соңғы жаугершілік кезеңде дүниеге келді. Абайда еңбек пен адамды азат етуге шақырған әлеуметтік-философиялық жүйелердің адамзаттың бағын ашуға талпынған жарқын идеялық үлгілері бар. Кісіліктен асқан бақыт та, мұрат та жоқ.

Кемеңгеріміз екі мәселені шешті: дағдарған қазақ қоғамына жол көрсетті, бағыт-бағдар нұсқады, сосын ұлт мұратының қалыбын алға тартты. Ұлттық дүниетаным үлгісі. Немесе – әлем пішіні (“модель мира”), яғни қазақ көзімен қарағандағы дүние бейнесін қалыптастырды. Яғни, мұрат пен мұратқа баратын жолды айқындап берді. Бұл – бүгінгі біздің өміріміз. Тіл үйрену, кәсіп меңгеру, адами қасиеттерге ұмтылу – қазіргі таңдағы біз таңдаған ұлттық құндылықтарымыз. Абай бұл философияға қалай келді? Бұл заманда қандай уақиғалар жүріп еді?

Философиялық тарих немесе тарихи философия

Абылай қазасынан кейін қырық жылдай уақыт өтіп, Қазақ хандығын құлатқан низам шыққанда, сақара жұртын дүбірлеткен тағы бір сойқан таяды. Патшалық Ресей шебі елді мекен, бетпақ түзге зеңбірегін сүйретіп, қамалын тұрғызып дендеп ене бастады. Бастаушысынан айрылған ұлт-азаттық күрес біртіндеп әлсіреп, жалпыұлттық қарсылық басылғанда, ұлт болашағы күңгірт тартты. Қалыптасқан жағдайға байланысты, қазақ келешегін ойлаған жұрт тығырықтан жол табу қажет еді. Ол екі қазақ ортасында тұрды. Екі дәуір арасында туды. Бір дәуір күйреді, бір дәуір – өзі еді. Ердің сойы Кенесары қаза тапқанда, алаштың туы жығылды. Керей-Жәнібек тұсында іргесі бекіп, қыстау салған, жайлау көшіп, ен даланы кең жайлаған көшпелі жұрт алты алаш қазақ атанғалы талай ғасыр өтіп еді. Соңы Абылай болатын. Хан қазасы мен Қазақ хандығын жою туралы низам арасында бақандай қырық жыл уақыт бар еді. Сол уақыт рәсуа болды. Ұсақ-түйек іске, ырду-дырду тірлікке, өзара талас-тартысқа жұмсалды. Қала салып, зеңбірек құятын, болат темірден қара мылтық жасап, оқ-дәрі дайындайтын асыл уақыт, есіл уақыт зая кетті. Іргесіндегі империя күшейіп, нығайып келе жатқанда, қазақ неге бейқам отырды, түсініксіз. Неге соғыс өнерін заманына қарай жетілдірмеді, неге өнеркәсіп салмады, көшті тоқтатпады, отырықшы ел болмады?

Сұрақтар көп. Дала ұйықтап жатқандай әсер етті. Оны гүрсілдеген зеңбіректер үні оятты. Қасым балалары атқа қонғанда, Ресей шекарадан өтіп, сақарада бекініп жатқан болатын. Күш тең емес еді. Кеңсесі, басқару тетіктері қалыптаса қоймаған мемлекет көшіп-қонып жүрді. Қасым сұлтан Ресей құзырын мойындамай, күрес жариялап, Қаратау асқанда, империя қазақ жерінде әскер орналастырып, күшейіп алған еді. Ол түз далада билік орнатып, ауылдарды үркітіп-шошытып, жау-лай кірді. Арқада сегіз дуан құрылып, қалалар салынды. Қарулы шерік бекіністерге шоғырланды. Дау айтқандарға зеңбіректер сөйледі. Біз қолы ұзын елдің қандай тілде сөйлейтінін білдік. Қосынды әуелі жаужүрек әкелері басқарды. Қасым сұлтан соңынан Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай, Бопы, Кенесары, Бопай ханша, кейінірек Ержан Саржанұлы ерді. Жалпы, Қасым сұлтанның он екі ұлы болды. Әрбіреуінің қасында бес жүзге тарта төлеңгіт жүрді. Кенесары сұлтан сол кезде небәрі жиырма/жиырма бес жас аралығында еді.

Немере туысы, тақтың заңды мұрагері Ғұбайдолла Уәлиұлы сұлтанды сенім қағазын алу мақсатында, Қытайға бара жатқан жерінен ұстап, абақтыға қамағанда, Ресейге қарсы Қасым мен күллі сұлтан ұрпағы көтерілді. Кейін ол Кенесары жорықтарына жалғасады. Хан Кене шабуылдарда төрелерді бірінші қатар, алғы шепке шығарып отырды. Қазақ өмірін түбегейлі өзгерткен 1822 жылғы жаңа низамға мойынсынбаған Абылай (Қасым) ұрпағы тағдырын танығандай еді. Жолы бөлінді, жасықтық танытқан шоғыр шен-шекпен иеленді. Кейін Қасым да, Саржан да, Есенгелді де Ташкент құсбегісі Мәделі хан қолынан қаза тапты. Кенесары, Ержан, Наурызбай үшеуі екінші ағайын жұрт топырағында көз жұмды. Соңғы ханды жоқтаған қаралы көш Кекілік тауынан сырғып, Қаратауға бет алғанда, арба соңынан еріп бара жатқан Сыздық төре он жаста еді. Болашақ жаужүрек сардар кетіп бара жатып артына қарап-қарап қойды ма екен, кім білсін... Бодандықтан бой тартқан Кенесары-Наурызбайдың жалпы алаштық күресі бұл қозғалысты мемлекеттік деңгейге көтерді.

Үміт оянды. Бірақ, мемлекет құлады. бүкіл қазақ күңіренді. Майтөбе түбіндегі шайқаста қолға түскен Кенесары отыз екі сұлтанмен (кей деректер басқа мәліметті алға тартады) бірге шаһид болды. Кекілік тауы етегінен Арқа жеріне суыт жеткен қаралы хабар сақараны ойсыратып кетті. Кенесары өлді дегенге кім сенеді.

Ту құлаған күн 

Ұлттың туы жығылды. Еңсесі биік елді тосын ажал құлатты. Қазақтың сағы сынды, жігері құм болды, еркін жұрт бодандыққа ұшырады. Батыста баһадүр Исатай қаза тапты. Жеңілген елдің амалы таусылды. Шарасыз қазақ ноқтаға түсті. Ұлт арманы күйреді. Құлап жатқан елді тұрғызатын күш жоқ еді. Сахнаға сал-серілер шықты. Тақырып өзгерді. Өлең-жырда сыңсу көбейді. Ән енді күреске шақырған жоқ, ол әйел сұлулығын жырлады. Ертеңгі күннің жарқын мұраты ұмытылды, бүгінгі күннің қызығы алға шықты. Күй жасыды. Бірақ, Кенесары ақ туын аңсаған, ке-шегіні әуелетіп еске алған алып әндерден қаһармандық мотивтер толық және біржола жоғала қойған жоқ.

Махамбеттің жаңғырығындай жаңа әндер бар қазақ жерінде күркіреді. Сүйінбайлар Кенесарыны жырға қосты. Жамбыл (Сыздық төремен қырғыз жеріне баруы) мен Абай (Кенесары күресінен кейінгі жаңа философия тууы) ұштасты. Арқада Мұстафа Бүркітбайұлы (“Бүркітбай әкем аты, Мұстафа атым, Айтайын оның баян хикаясын, Ішінде Жанғозының мен Төлебай, Сүйіндік сұрасаңыз арғы затым”), Мәди Бәпиұлы (“Немене көрген қызық көрмегендей, Жас дәурен жауар бұлттай өрлегендей, Жастық шақ көк семсердің жүзі емес пе, Қайрап ап қалың жауға сермегендей.”), Иманжүсіп Құтпанұлы (“Ақтау, Ортау, Сарысу, Көктің көлі, Жайлаушы еді жаз болса көшіп елі, Сағынғанда көзіме жас келеді, Ақ туын Кенесары тіккен жері”) сахнаға шықты (ән нұсқалары Ерлан Төлеутайдың “Баянауылдың дәстүрлі ән өнері” атты кітабынан алынды, 2006 жыл, “Қазақпарат” баспасы).

Алайда, жыраулық поэзия дәуірі Кенесары заманымен аяқталды. Соңғы өкілдері Махамбет пен Нысанбайлар болды. Жалпы, ән атаулыдан қайрат кеміді, ұлттан береке қашты, кешегі батырлар барымта-қарымтада жүрді. Жер қорыған жорықтар араз елдің жылқысын алған жортуылдарға айналды. Ел іші бүлінді. Барымташылар қарасы көбейді. Тәртіп кетті, ереже бұзылды. Екеуара дауын шешуге оязға жүгінді. Бір кезде қол бастаған қаһарман тарландар әлсіздің малын талады, жуанның қолшоқпары болды. Басында еркіндігі жоқ елдің өнері де, өмірі де ойран болады. Қазақтың басына күн туды. Не істеу керек?

Бодандыққа, қараңғылыққа қарсы күресетін жол бар ма? Құлдық санадан қайтіп құтыламыз? Жауынгерлік күрестің жолы жабық еді. Шерік құратын заман өтті. Қуатты империя талай ұлтты жұтып жатты. 

Қазақ философиясы

Сол кезде қазақтың бағына қарай Абай туды. Ұлт жетекшісі қарулы қарсылық тұйық жол екенін ұқты. Күш тең емес. Заманауи соғыс өнерін толық меңгерген империя жалын ұстатпайтын кез. Ол елін білімге бастады. Заман мұратын таныған ұстаз халықты өнерге шақырды. Өрге сүйреді. Өнер дегеніміз кәсіп еді. Бүкіл әлем өнеркәсіптік капитализм жолында жарыса еңбек етіп жатты. Абай қазақ қатарынан қалмасын деді. Өнерді игеріп, кәсіпті меңгеріп, қаланы бағындырса, жаңа қала салса, білімді қоғамға айналса деп ойлады.

Білік пен білім, кәсіп пен өнер заманы әр еуропалық ортада ұлт қалыптастырып келе жатқаны анық еді. Дүние жүзінде, бірі ерте, бірі кеш, капиталистік қоғамда мемлекет елдің басын біріктіріп, өз ғұзыры аясында халықтарды біртұтастандырып, ұлтқа айналдыра бастады. Мемлекет рөлі зор болды. Ол белгілі бір территория көлемін иеленіп, жергілікті, тұрғылықты халықтың еркін дамуына жағдай жасады.

Бір сипаты қоғам қажеттілігі, қасиетінен туындайтын ортақ қызмет еді. Ол – басқарудың аса жоғары дәрежеде ұйымдасқан түрі – саяси билік жүйесіне бағынды. Ол капиталистік дамуға жол ашты. Қоғамдық сана дәуірге тән ұжымдық ұғым-түсінік жиынтығынан қалыптасты. Философиялық категория ретінде рухани өмір, адам санасында бейнеленген орта, көзқарас, ой-зерде көрінісін, түрлерін түгел қамтыды. Ең әуелі ұстаз алдында қазақ санасын ояту міндеті тұрды. Ескі өмір, тұйық тіршілік, кешегіні арқасына байлаған салт-дәстүр Абай әкелген өзгерістерге қайшы, түсінбеген қамшы ала жүгіріп қарсылық білдірді.

Жаңалықтың жолы қашанда ауыр әрі ұзақ. Жігері жасыған қазақ қоғамына Абай жаңа жол ұсынды: бұл білім арқылы азаттыққа жету концепциясы еді. Алашордашылар – тегіс білімдар тұлғалар болды. Олар Абай философиясымен қаруланды: XIX ғасырда жасалған қазақ философиясына сүйенді. Түбінде аталмыш философия қазақты Абай аңсаған арманға жеткізді.

Киіз туырлықты алаш жұрты Ақорда күмбезінде Тәуелсіздіктің көк байрағын желбіретті. Азат ел босағадан төрге шықты! Абай десек, қазақ есімізге түседі. Тегінде, ұлт дүниетанымын қалыптастырған жаңа арман, асыл мұрат жолында бейнет кешіп, мехнат көрген осы бір аяулы жұмбақ жанға бәріміз де қарыздармыз.

Түсініктер (пәлсапалық, ғылыми, діни) 

Көнеден мұра болып келе жатқан, шешімі жоқ мәңгілік сауалдар да бар. Абай отыз сегізінші сөзінде: “Құдай тағаланың жолы деген алла тағаланың өзіндей ниһаятсыз болады,” – дейді.

Ниһаят – шегі бар, өлшеулі деген араб сөзі. Демек, таным – мәңгілік ізденіс. Хақ, екінші бір аты – Хақиқат, қашанда – мұрат. Шындық – таным жолындағы біздің біліміміз жеткен меже.

“Ол – алла тағаланың заты, ешбір сипатқа мұқтаж емес, біздің ақылымыз мұқтаж”... Бұл тұжырымды біз төмендегі еуропалық данышпандар ойларынан да байқаймыз. Абсолют орнына шексіз әлем деп те жазуымызға болады, одан мән-мағына өзгеріп кетпейді.

“Алла тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі,” – дейді Абай... “алла сипаттары: Хаят (өмір, тіршілік), Ғылым, Құдырет (күш, құдырет), Басар (түсіну, білу, қабылдау), Сәмиғ (естуші, тыңдаушы), Ирада (тілек, мақсат, қалау), Кәлам (сөз, тіл), Тәкин (тудыру, жасау, бар қылу)”.

“Жә, біздің өзіміздің бойымыздағы сегіз зәрра аттас сипатымызды ол алла тағаланың сегіз ұлығ сипатынан бас бұрғызып, өзге жолға салмақпенен біздің атымыз муслим бола ала ма?”

Фиғыл (әрекет, пиғыл), тағриф (түсіндіру, анықтау), мағрифатулла (Алланы тану, білу), мүмкинат (болуы мүмкін нәрселер, мүмкіншілік), ужуді (болу, өмір сүру, болмыс) деп, Абай пысықтап, санамалай келе, алла тағаланың субутия (орнықты, дәлелді, тұрақты), затия (өзіне лайық, меншікті), фиғлия (нақтылы) түр-сипатын келтіреді. “Мен мұнда төртеуін білдіремін. Оның екеуі – ғылым, құдырет. Сегіз сипаттан қалған алтауы бұларға шарх (түсінік, ашу, анықтау). Ол алтауының бірі – хаят, яғни тірілік”.

Сол қара сөздің бір тұсында: “Алланың сөзі – қаріпсіз, дауыссыз,” – деген уәж келтіреді. Бұл түсінік бойынша том-том кітап жазуға болады.

Енді бірде: “Һәр уақыт жаратуда болса, бір ықтияр-сыздық шығады”... Демек, табиғат, ғарыш, әлем – біздің санамыздан тыс, еркімізге бағынбайтын, дербес, тәуелсіз дүние.

“Бұл көзге көрілген, көңілге сезілген ғаламды қандай құдыретпенен жарастырып, қандай құды-ретпенен орналастырған, ешбір адам баласының ақылы жетпейді”.

Батыс Еуропа ойшылдығында бұл тезистер XIX және XX ғасыр философиясынан анық көрінді. XXI жүзжылдықта ғылыми табыстар өз ізденістеріне өздері шектеу қойды: танымның шекарасы жоқ. Абай бұл терең эпистемологиялық түсінікті этикалық ұстынға жетелетеді. “Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді”. Тағы бір ғажап ойы бар: “Әрбір наданның бір тарихатқа кірдік деп жүргені біз бұзылдық дегеніменен бір болады”.

Мысалы, болмыс проблемасы түбегейлі шешілген емес, категориясы әлі толық айқындалған жоқ. Түйін де (сущность) сол, тіпті, Бертран Рассел оны жасанды түсінік деп те жариялады. Себебі, мән (значение), мағына (смысл), мазмұн (содержание) көп жерде түйін (сущность) мен түпнегіз (субстанция) ұғымдарына ұқсас әрі бесеуі де бір контексте түсініксіз. Ерекшеленетін айырма-белгілері тең дәрежеде, нөл. Өмірде жоқ абстрактілі дүниетаным категориялары секілді.

Біз түйінді қалай түсінеміз:

1.      Түйін (сущность) – заттың (материя) немесе ойдың (идея) мағынасы (смысл), әлде мәні (значение), жатқа – тәуелділігі жоқ, дербес, егемен ұғым, өзіне-өзі тең.

2. Қандай күй (күн) туса да өз мағынасынан айрылмайтын тұжырым.

3. Қорыта айтқанда, түйін (сущность) біртұтас нәрсе.

4. Түпнегіз (субстанция) – барлық жай-күйдегі тұрақтылық.

5. Сапаның бір аты – мағына.

6. Демокрит бір нәрсенің түйіні (сущность) сол нәрседен айырусыз деген пікірді алға тартады. Бірақ, өзін құрайтын атомдардан қалыптасады.

7. Платон бойынша, түйін (сущность) – идея, аса сезімтал, заттық емес, мәңгілік, шексіз, нақты құбылыстардың ілкі бейнелері прообразы.

8. Аристотель түйінді нәрселердің формасы ретінде түсінеді. Форма заттардың бойында өмір сүреді. Алайда, түйін өзін құрайтын материалдан жасалынбайды.

9. Джон Локк жалпылық туралы бейтарап бағытты ұстанса да, түйін (сущность) жайлы схоластикалық тұжырымдаманы теріс санады: біз түйінді қалай тани аламыз, қолымызда сөзден туған құбылыс пен жалпылама терминсөзден басқа ештеңе жоқ.

10.         Жиырмасыншы ғасырда түйін (сущность) ұғымы сирек қолданылды.

11.         Неопозитивизм ағымы түйінді мүлдем жоққа шығарады, түйсік арқылы жеткен немесе қалыптасқан құбылыстарды ғана мойындайды.

12.         Феноменология қиялдан идея туған атау деп қана түсінеді.

13.         Экзистенциализм өмір сүру ұғымын түйін идеясына қатыссыз-ақ қолдана береді.

14.         Бертран Рассел елді шатастыратын түсінік ретінде қарастырады.

Абай өз өлең-жырларында, ғақлияларында кез-десетін түсінік-сөздерге пәлсапалық анықтама беріп отырады. Түйінін (сущность) шешеді. Мысалы, Сейдалы Оразалиев деген ғалым “Абай шығармаларындағы шет сөздер” атты (abai.kz) еңбегінде адам түсінігіне хәкім берген түсініктемелер жайлы таратып жазады:

“Ұлы ақын 27-қара сөзінде адам мен жан-жануарларды салыстыра келіп, әлемнің бірінші ұстазы Аристотельдің өз ұстаза Сократпен сұхбатында адамның басқа мақлұқтардан артықшылығын: «...адам баласын артық көріп, қамын әуелден алланың өзі ойлап жасағанына да дәлел емес пе? Енді адам баласының құлшылық қылмаққа қарыздар...» (ІІ, 184) деген грек ойшылдары біздің дәуірімізге дейінгі заманда-ақ даналық ойларын білдіргендігінен Абай бізге хабардар еткен. «Ол сендердің аталарың Адамды топырақтан, сосын оның бүкіл ұрпақтарын мәни-ұрықтан, сосын ұйыған қаннан жаратқан» (Ғафыр сүресі (40) 67-аят) деп, әркімге өзінің қайдан келе жатқанынан хабар беріп отыр”.

Немесе:

“ Оны ұлы Абай да екі түрлі мағынада қолданғанын байқауға болады, мәселен “Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен” атты өлеңінде:

Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,

Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.

Ертең өзің қайдасың, білемісің

Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ (І, 234)”.

Білім қайдан келеді? Білімнің үш қалыптасу жолы бар: гуманитарлық (философиялық, мысалы), ғылыми және діни. Біз ғылыми нұсқасын қарастырамыз. Ғылыми таным үш кезеңнен тұрады: болжам (құбылыстың себеп-салдары туралы), гипотеза (құбылыстың және оның қасиеттерін бірін қалдырмай түсіндіретін жалпы принциптің тууы), теория (көп гипотезаның ішінен бірінің тәжірибе жүзінде бірнеше мәрте дәлелденуі), соңғысы – логиканың индукция және дедукция әдісіне құрылған, танымның үшінші сатысында тұрақтанған ғылыми білім. “Болмыс туралы” және “Тозақтан қашқандар” атты эсселерімізде жаздық, шынтуайтына келсек, болмыс – тілдің туындысы.

Сөзден туған перзент. “Пристуствие”. Бар болу. Философияда сөздің мәніне ерекше назар аудару қажет. Бар. Болу. Басты айырма-белгісі – бар екендігі. Бұл – болмыстың негізгі қасиеті. Тегінде, болмысты сонау замандағы көне гректерден бастап, жиырмасыншы ғасырдағы Мартин Хайдеггер (“Болмыс және уақыт”), Эдмунд Гуссерль (“Формалды және трансценденталды логика”, 1929; “Рене Декарттық (Картезий) ой-толғаулар”, французша, 1931; “Еуропа ғылымының дағдарысы және трансценденталды феноменология”), Жан-Поль Сартр (“Болмыс және ештеңе”) тәрізді пәлсапашыларға, ойшылдарға шейін түгел зерттеді.

Бірақ, негізінен, кешегі танымнан әрі аса алған жоқ. Болмыстың қуаты – тілдің құнарында. Тіл, Хайдеггердің айтуынша, – болмыстың мекені. Тіл – болмысқа пана, уақытқа – серік. Тіл уақытты мәңгілікке сүйрейді. Болмыс – қатысушы, қатынасушы нәрсе, болмаған нәрсе – болмыс емес. Құнарлы тіл болмысты мәнге толтырады. Құрдымнан құтқарады. Болмыстың қазасы – тілдің абстракциялық күшінің жойылуы. Тегінде, ілімсіз таным, танымсыз ілім жоқ. Ілім – танымның жолы. Кең мағынасында. Танымның жаратылысты тану әдіс-тәсілі – ілім. Ілім – таным-түсініктің жеткен тереңі. Задында, ілім таным-түсінікті жетелеп отырады. Бірақ, Абай айтпақшы, бір қайғы жүз қайғыны қозғайды. Немесе, ақыл алтау, ой жетеу, дейді Абай. Бір сөзінде, қайғы шығар ілімнен, дейтіні тағы бар. Сондықтан сауал таусылмайды. Абайдың түсінігінде, ой да, қайғы да – сауалдың баламасы. Қайғы сауалдан туады, оймен аяқталады. Ой мазалайды, мазалап сұрақ туындатады, сосын жауап іздеген ойдың сауалы біртіндеп, баспалдақтап қайғының өзіне айналады.Абай ұғымдары да күрделі һәм абстрактілі. Жоғарыда келтірілген үлгілер, мысалдар бізге Абайды кәсіби философиямен айналысқан тұлға деп түсінуімізге негіз бола алады.

Дидар АМАНТАЙ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

 

Сауалнамалар
Қандай бұйым үйіңіздің төрінде тұр?