Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қонаевты қалай дамытуға болады?

1787
Қонаевты қалай дамытуға болады? - e-history.kz

Қонаев қаласы. Қазақстанды ширек ғасыр басқарған мемлекет және қоғам қайраткері, үш дүркін Социалистік еңбек Ері Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілген қала бұл күнде Алматы облысының орталығы саналады.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес Алматы облысы екіге бөлінді. Бұрынғы Талдықорған облысы Жетісу облысы аталып, Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы болды. Дұрысы қазіргі Қонаев қаласы.

Алматы облысының орталығын қай қырынан да дамытуға өте қолайлы. Президенттің «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» деп аталатын биылғы жолдауында жүктелген тапсырмалардың бірі елімізде үш облыстың қайтадан құрылуы болатын. Олар: Жетісу, Абай және Ұлытау облыстары. Биылғы жылдың 10 маусымынан бастап Шығыс Қазақстан облысынан Абай облысы бөлінді, Қарағанды облысынан Ұлытау облысы бөлініп, отауын тікті. Алматы облысынан Жетісу облысы құрылып, іргелі өңір екіге бөлінді. Жалпы қысылтаяң шақта, әлемді пандемия қысып, қымбатшылық қос өкпеден буып тұрғанда ел бюджетіне салмақ салып облысты бөлу – үлкен тәуекелге пара-пар іс. Өйткені бір емес үш бірдей облыстың бөлінуі оның инфрақұрылымының дамып, жолға қойылуына орасан уақыт пен қыруар қаржы кетеді. Дегенмен де мұның екінші жағының пайдасы да шаш етектен. Жаңа облыс құрылған соң, облыс орталығына айналған қала көркейеді, жаңа жұмыс орындары ашылады.

Жандосов танып, Қонаев салдырған

Сонымен өткен ғасырдың отызыншы жылдары қоғам қайраткері Ораз Жандосов бастаған қасқалардың көзі түсіп, Іленің жарлауытты жағалауынан сәл қиыстағы құмдауыт өлкеге қала тұрғызуға болатыны, тіпті Іленің суын бірнеше жерден буып, су электр станциясын салуға сұранып тұрғанын да ғылыми негізде дәлелдеп берді. Жандосов бастаған игі жақсылардың елге болса деген ізгі амалын Дінмұхамед Қонаев атқа қонып, ел басқару тізгінін қолға алғанда жүзеге асырды. Міне, сол қаланың бүгінгі кесін-келбетін қалай әдіптеп, экономикалық әлеуетін, инфрақұрылымын қай бағытта өрістетіп жандандыруға болады деген сауалға жауап іздеп көрдік. 

Уақыт тудырған шешім

Тарихқа сәл шегініс жасасақ, жалпы бұрынғы Талдықорған облысы мен Алматы облыстарын біріктіріп ірілендіру ісі 1997 жылы қолға алынды. Облыс орталығы Алматы қаласы болып саналған еді. Бірақ кейін урбаниязацияның екпіні күшейіп Алматыға қоныс аударушылардың қатары күрт көбейгендіктен мегаполистен облыс орталығын бөліп, 2001 жылы Талдықорған қаласына көшірді. 2022 жылдың есебі бойынша Алматы облысында халық саны 2 миллион 100 мың адамнан асады. Облыстық маңызы бар үш қала, 17 аудан мен 742 елдімекен қараған Алматы облысын екіге бөлу қай қырынан алып қарасақ та көкейге қонымды шешім деп атауға болады. Облыс екіге бөлінген соң Алматы облысына облыстық маңызы бар 1 қала, 9 аудан және 380 елді мекен қарайды.

Туризммен бағы жанған қала

Қонаев қаласы Алматы облысының орталығы болғанға дейін қаланың іргесінде мыңдаған гектар жерге индурстриялық аймақ деген атау беріліп, өндіріс орындары салына бастады. Туризм тамырына қан жүгірсе, Қонаев қаласының экономикалық қазаны да қаржыға кенеледі. Оған бірден-бір себеп – Қапшағай көлінің жағажайындағы демалыс аймағы. Жазғы шомылу маусымы туа бұл қалаға оңтүстік астанамыз, еліміздегі ең ірі мегаполис, 2 миллионнан астам халқы бар Алматы қаласынан демалушылар ағылып келеді. Сонымен қатар көршілес Ресей елінен де келіп, Қапшағай көліне шомылушылардың саны артып отыр. Бүгінгі күнге дейін қалада 80-ге тарта туризм нысаны бой көтеріп, жазғы маусымда туристерді қабылдауға сақадай-сай әзір тұрады. Былтырғы жылдың өзінде пандемиялық шектеулдер толық шешілмегеніне қарамастан қапшағай көліне шомылуға келген туристердің саны 1 миллион 200 мыңға жетіп жығылыпты. Биылғы маусымда бұл көрсеткіш тағы да өсе түсетіні айдан анық. Негізінен қалаға келетін туристердің басым көпшілігі отандық демалушылар. Қалғаны көршілес елдерден келіп тынығып қайтады. 

Шаруашылыққа тартымды аймақ

Қонаев қаласында балық шаруашылығын өрістетуге де орасан мүмкіндік жасалған. Жасанды көлдің қай тұсынан да уылдырық шашып, осы саланы дамутыға әбден болады. Мұндай бағытқа да мүмкіндік беріліп, мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Мәселен, былтырғы жылы жылына 10 мың тоннаға дейін алабұға балығын өсіруге қауқары жететін инновациялық жобаның құрылысы басталды. 60 миллиард теңгеден астам қаржы құйылатын кешен іске қосылса, жергілікті тұрғындардың арасынан 300 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі. Бұл дегеніңіз қала халқының әлеуметтік әлеуетін көтеруіне де айтарлықтай серпін береді деген сөз. Еліміздің экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында көрсетілгендей, ел үкіметі 2030 жылға қарай Қазақстан жылына 270 мың тонна балық өсіруді қолға алмақ.

fd2eafc9b50447cd972896e17289ec7d.jpeg

Қонаев қаласында аграрлық бағытты дамытуға қолайлы жағдай жасалған. Мәселен, бір ғана пияз өсіруді одан әрі дамытып, өрістету арқылы да қаржылық табысты арттыруға негіз бар. Оған Шеңгелді жазығындағы алқаптардың толыққанды игерсе алынған өнім тек еліміздің оңтүстігі ғана емес, көршілес Ресей елін де, халық саны миллардтан әлдеқашан асып кеткен Қытай мемлекетін де пиязбен қамтуға болады. Бұл туралы Қазақстанынң құрметті құрылысшысы Стахан Белғожаев та айтып жүр. Маман қазіргі Қонаев, бұрынғы Қапшағай қаласының бой көтеруіне үлесін қосып, еңбегін сіңірген жан. 

Шөлейтке су әкеліп, құмдауытқа қан жүгірткен

Қапшағайдан ассаңыз алдыңыздан Шеңгелді деген мидай жазық дала шығады. Жер бедері құмдауыт, топырағы сүрлеуіт бұл өлкеге өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Стахан Белғожаев су жеткізді. Иә, кәдімгі суармалы егіс даласына айналдырып, осы күнде пияз өсіріп, ризығын тауып отырған шеңгелділіктерге Стахан ағаның осылай шарапаты тиген. Сол кезде Қапшағай су қоймасынан шөлейтті аймаққа су сорып шығаратын қондырғыны Украинадан Белғожаевтың барып әкелетіні үлкен тәуекелге барумен пара-пар болды. Мәскеуге бағынышты елдердің басшылары Кремльдегілер кіржие қалса, кездесуден тауаны шағылып шығатын шақ. Міне, осындай кіріптар кезеңде Стахан Белғожаев үлкен азаматтық танытып, Украинадан су айдайтын қондырғыларды Қазақстанға алып келіп, өзіне жүктелген тапсырманы қалтқысыз орындайды.

«Біз сол кезде үлкен тәуекелге бардық. Өйткені Асанбай Асқаров бастаған мемлекет басқару ісіндегі қайраткерлер орасан тапсырманы мойнымызға жүктеді. Кремльдің аса жақаурата қоймайтын, өзге республикаларға қырын қарайтын шағында біз Қапшағайды дамыту мақсатында ауылшаруашылығын өрістетуді қолға алдық. Құмдауыт, шөлейтті өлкеге тіршіліктің нәрі су шықса, алар өнімнің түсімі де көп болады. Осы жобаны жан-жақты дамыта отырып, жүйеге келтіріп, су шығару ісін қолға алдық. Мұндай қондырғы тек Украинада ғана өндірілетін еді. Сұраныс хаттарды жаза жүріп, Д.Қонаев Мәскеуге барғанда өзі бас болып өтінім беріп, біз қондырғыны әкеліп орнаттық. Бағымызға орай 20 мың гектар жерге пияз егіліп, қаншама адамға тұрақты жұмыс орны ашылды. Алынған өнімді тек Қазақстанға ғана емес, Ресейге де экспортқа шығарды. Бүгінгі таңда Қонаев қаласын ауылшаруашылығы саласы бойынша дамытамыз десек, осы пиязы өсіру, басқа да көкніс, дәнді дақылдарды егу шаруасын қолға алуға әбден болады. Өйткені бұл өңір соған сұранып тұр. Қапшағай су электр станциясы бар. Іленің төменгі сағасынан суды бөгеп, тағы да су электр станциясын салуға әбден болады. Бұл ғылыми зерттеліп, анықталып, канша электр энергиясын өндіруге болатыны нақтыланып қойған шаруа. Келешекте мүмкін жүзеге асатын шығар» дейді қарт құрылысшы энергетик.

Расында да Қонаев қаласында жел энергиясын салу арқылы да ток өндіруге, су электр станциясының агрегаттарын жаңалып та табысты арттыруға әбден болады. Қалай болғанда да облыс орталығы Қонаев қаласының өркендеуі елдің игілікті ісіне айналмақ.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?