Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ел тыныштығын қорғаушылар мерекесі

1508
Ел тыныштығын қорғаушылар мерекесі - e-history.kz

23 маусым – 1992 жылғы заң негізінде пайда болған Қазақстан полициясының кәсіби мерекесі. Бұл Қазақстан полициясының міндеттері мен функцияларын айқындаған алғашқы құқықтық акт болды. 2007 жылы 5 маусым күні арнаулы Жарлыққа сәйкес 23 маусым Полиция күні деп бекітілді.

Полиция қызметкерлері – тәртіп сақшылары, әрбір азаматтың құқықтары мен мүдделерін қорғау қызметін атқарады. Адамдар өздерін қауіпсіздікте сезінуі үшін қоғамдық тәртіпті қорғаумен қатар, қылмыстың алдын алуды анықтаумен айналысады. Әрбір қазақстандық және біздің еліміздің әрбір азаматы полицейді өзінің қорғаушысы, кез келген қиын сәтте көмекке келетін, қажет болса алғашқы медициналық жәрдем көрсететін адам деп біліуі керек.

Қазақстандық Полиция күні – бұл қазақстандық полицияны жанқиярлықпен құрып, оның қатарында еңбек еткендердің барлығына алғыс белгісі. Бұл өз ісіне адал қызмет етіп, халықтың құрметіне ие болған ардагерлерге ризашылық білдіру. Бұл бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірін қиған адамдарға құрмет. Бұл күні әдетте ішкі істер органдарының қызметкерлері әртүрлі дәрежедегі ордендермен марапатталады. Міндетті түрде ішкі істер органдарының жеке құрамы Мемлекет басшысынан жылы құттықтаулар алады.

Бүгінгі таңда қоғамымызда қылмыстың асқынып, сыбайластық пен жемқорлық тізгін бермейтін дәрежеге жету алаңдатады. Қас қылғанда, мемлекет мүддесін ойлайды дейтін шенді-шекпенділер өз жеке бастарының қамын ойлап, жең ұшынан жалғасуы белең алып барады. Алайда қылмыстың тамырына онымен ымырасыз күрес жүргізгенде ғана балта шабуға болады. Сондықтан еліміздің құқық қорғау органдарына жүктелген міндет, берілген жауапкершілік жүгі де жеңіл емес.

IMG-20220621-WA0017.jpg


Тәртіп сақшыларымыздың мерекесіне байланысты өмірін полиция қызметімен байланыстырған, еліміздің арқа сүйер азаматы, мамандығын мақтан ететін осы кәсіптің ержүрек өкілі Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Кадр саясаты басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Дүйсетаева Жазира Саятқызының әке қызметіне бала күнінен қызығып өскенін айтады:

«Әкем Саят Дүйсетаев өмірін құқық қорғау саласымен байланыстырған жан. Қазір зейнеткер. Үш баласы, он немересі бар. Соңғы қызметі IIМ ӘПК басқарма бастығы, полиция полковнигі болды. Әкем балалары десе жанын беруге әзір, қызметі десе кез келген уақытта саптың алдыңғы шебінде тұратын адам. Біздің бала күніміз көшіп-қонумен өтті. Себебі, әкемді қызмет бабымен қай жаққа жібереді, сол жақа көшіп баратынбыз. Дала мен қала, ауыл немесе аудан деп бөлмей міндетін мінсіз атқаруға дайын тұратын», - деп әңгімесін бастады.

Полиция деген ауыр қызметке кез келген адам өз ғұмырын арнай бермейді. Әсіресе, табиғатынан нәзік жанды әйел адамдардың сондай үлкен жауапкершілікті өз мойнына алуы үлкен құрметке лайық. Отанға бар адалдығымен қызмет етуді өз борышына айналдырған Жазира Саятқызы өз балалық арманы туралы айтады.

«Әкеміздің өз қызметіне адалдығын көріп, інім екеуміз де бала күннен болашағымызды осы мамандықпен байланыстырдық. Әкем «алған беттеріңнен қайтпаңдар, ешқашан біреудің ала жібін аттамаңдар, қызметте адал болыңдар» деген сөзді жиі айтады. Кейде әйел болған соң жұмыста басшылықтан сұранғаныңды білсе, «бала ауырып қалды деген сылтау құқық қорғау органында жүрмеуі тиіс» деп отырады. «Құқық қорғау қызметінде әйел немесе ер адам деп бөлінбейді, тәртіп ортақ, қызмет бір» деп ескертіп жүретіні, кезінде өзінің де жеке құрамы болды. Сол кезде әйел адамдар отбасылық жағдайларға байланысты сұранатын болса керек. Сондықтан болар, «қызметтен қалма, егер бір күн қалсаң бәрінен қалып коясың» деп отырады. Екіншіден, әкеміз достықты қатты бағалайды. «Туыстықтарыңды үзбеңдер» деп үлкен үйге аптасына бір рет барлығымызды жинап, басымызды қосады. «Ешқашан қарыздар болмаңдар!» деп ерекше айтады.

Бала күнінде қиялшыл бала кім болғысы келмейді, сиқыршы болу да бір сәт арманымызға айналып кететін еді ғой. Бала Жазира да үлкендерге қарап ұстаздық етуді қалаған кездері болғанын жасырмайды. Тіпті, қазіргі қызметі де сол бала арманынан алыстап кетпеген екен. «Қазіргі жұмысым – балаларды мектептен кейін біздің академияларға жасақтау, тарту, насихаттау. Балалармен жұмыс істеп жүргенде байқағаным, жасөспірімдердің құқық қорғау органдары қызметкерлеріне деген көзқарасы оң, қызметтерін түсінеді. Екіншіден, алға қойған мақсаттары айқын, жоспарлары бар. Полицейлердің қызметі құрметті, айлығы тұрақты екенін жақсы біледі. Мысалы, қазіргі күні жұмыс орындарында айлықтарын ала алмай, тұрақты жұмыс таппай, дипломмен далада қалып жатқандар өте көп. Сондай-ақ, басқа университеттерде оқу ақысы қымбат, ал біздің төрт академияда оқу тегін. Барлығы мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады. Тек тәртіпке бағынған күл болмайтынын түсінсе болды.

Қазір «құқық қорғау органдарында істейтіндердің көкесі бар» деген жиі айтылатын сөзге де өз пікірін айтты. «Көкесінің арқасында креслода отырғандар туралы білмеймін. Бір білерім, біздің отбасында ондай әңгімеге орын жоқ. Інім де, өзім де: «Әке, мына жерден қиналып тұрмын немесе бос орын бар екен, барып көрші», - деген әңгіме айтқан емеспіз. Өйткені, біз бұл мамандықты әкеміз үшін таңдаған жоқпыз. Алғашқы жұмысым Қарағанды облыстық ПД-де инспекторлықтан бастадым, кейін аға инспектор болдым, «Еңбекпен келген нан тәтті» болады дегендей, өз күшіңмен шыққан қызметтің қызығы көп болады. Дегенмен, әкемнің ақыл-кеңесіне жүгінетін кездеріміз аз емес. Көргені мен түйгенін айтып, жөн сілтегеннің өзі біз үшін демеу», - дейді Жазира Дүйсетаева.

«Мен үшін жетістік дегеннің өзі адал еңбек ету деп білемін. Айналамдағы адамдардан «жақсы тәрбие көргенсің» деген сөзді жиі естимін. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп өстік. Қазіргі күні қызметім мен отбасымдағы төрт баламды екінші анам – марқұм жолдасымның анасы екеуміз жетелеп келеміз, - деп әрі қарай жалғастырды. Ұлымның да арманы сол - сақшы болу. Өйткені, марқұм әкесі де ішкі істер органдарының қызметкері еді. Кішкентай қызымның кім болғысы келетінін уақытында сұраймын».

«Бізде жас маман қызметке келген кезде қасына тәлімгер беріледі. Қызметкердің жұмысты алып кетуі көп жағдайда сол тәлімгерге байланысты. Менің де тәлімгерім Гүлзира Қаликенқызы сондай жақсы кісі болды. Қазір зейнеткер. Адамгершілік қасиеті жоғары кісі, әлі күнге дейін хабарласып тұрамын. Кеңес сұрайтын да кездерім болады. Дұрыс жол көрсетті, бағыт-бағдар берді. Қазір өзімнен кейінгі органға келуді мақсат еткендерге айтарым, мамандық таңдағанда үлкен қызығушылық болу керек. Егер өзіңде ешқандай қызығушылық болмай, ата-анаңның айтқанымен келсең, кез келген мамандық жақсылық әкелмейді. Бастапқы бір-екі жыл әрең дегенде шыдап жүретін шығар, сосын жұмыс істегісі келмей тұрады. Біз әңгімелесу барысында баланың бойындағы белсенділікті байқаймыз. Сондықтан қалауың – құқық қорғау саласына келу болмаса, қалғаны бекер екенін ерекше айтамын», - деп аяқтады сөзінің соңын Жазира Дүйсетаева.

Спикеріміздің айтқанының жаны бар, жан-жүрегің қаламаса, кәсіпке келгенде кері кетіп жүргендер көп. Дегенмен, біз әңгімеге арқау еткен отбасындағы өнегелі сөздер өзгелерге үлгі болса, құқық қорғау саласында қалтқысыз қызмет ететіндер қатары көбейе түсері анық.


Бекбасынова Сания

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?