«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Ой-талқы: Махаббат – адамды тазартатын рухани күш

491
Ой-талқы: Махаббат – адамды тазартатын рухани күш

«Қазақстан тарихы» порталы «Ой-талқы» деп аталатын сериямен рухани-мәдени бағыттағы сұхбат, дискуссия, пікірлерді сараптап, жариялап жүргенін сайтымыздың алдыңғы бөлімінде жазған болатынбыз. Осы орайда философия мен оның қарапайым өмірдегі мәні, қоғамдағы рухани проблемалар төңірегінде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ философия кафедрасының профессоры м.а., философия ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлнәр Адаевамен тілдескен едік. Спикеріміз бізге философия тарихынан бастап, оның қазіргі адам өміріндегі маңызына дейін тоқталды. Ендеше сол сұхбатымызды қадірлі оқырман назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз!

- Алғашқы сұрағымды «философия дегеніміз не, оның жалпы адамзат үшін, жеке адам үшін маңызы қандай?» дегеннен бастағым келіп отыр...

- Мифология, дін, философия – үшеуі де дүниеге көзқарастың тарихи типтері ғой. Дүниеге көзқарас тұтас дүние және ондағы адамның орны туралы түсініктер жүйесі болғандықтан, үшеуінің құрылымы ұқсас. Үшеуі де генетикалық, танымдық, құндылықтық, рухани-практикалық ішкі жүйелерден тұрады. Яғни мына дүние, табиғат, қоғам, адам қайдан шыққан; дүниенің сырын қалай білеміз; киелі деген не, қарабайыр деген не; жақсы деген не, жаман деген не; адам өмірінің мәні неде; адам өзін қалай ұстауы керек деген сұрақтар ғой.

Философия да осы сұрақтарға жауап іздейді, тек миф пен діннен айырмашылығы қандай жауап берсе де, оған ақылға сыйымды дәйек келтіреді.

EWWIE6EXgAEXyJb.jpg

Иммануил Кант


Неміс философы Иммануил Кант айтқандай «Мені таңғалдыратын екі нәрсе бар: бірі – төбемдегі жұлдызды аспан, екіншісі – ішімдегі мораль заңдары», адам бірі ерте, бірі кеш жоғарыдағы сұрақтар туралы бәрібір ойланады. «Неге?» деген сұрақ қойып, оған ақылға сыйымды жауап іздесе, философиямен айналысып отыр дегенді білдіреді. Осы арада Антика дәуірінен келе жатқан уәжді келтіре кеткім келеді: «Маған философияның керегі жоқ дейтін адам, неге керегі жоқ екенін түсіндіру үшін философияға жүгінеді».


- Өзіңіз білетіндей, қазір қоғамда ықпалы күшті екі фактор бар: бірі – саяси, екіншісі – діни. Осы аталған ықпалды екі факторды біріктіретін де, бір-біріне қарсы қоятын да уәждер көп. (Айталық, күні кеше БАҚ беттерінде сөз болып отырған «орамал тарту» мәселесі). Мұның себебі неде?

- Мектеп оқушысына «орамал тартуға» рұқсат берілгені жайлы айтып отырсаңыз, бұл арада мен министр Асхат Аймағамбетовты қолдаймын. Бұл менің «орамал – имандылықтың кепілі» деп санайтынымды білдірмейді. Осылай жасаса, «орамал» проблемасына қызығушылық азаяр еді. Біраздан кейін күн тәртібінен осы шүберек мәселесі түсіп қалатынына сенімдімін. Орамал тартпаса, қызымды мектепке жібермеймін деп қасарысып отырған әкелердің өзін «иманды» деп санау қиын. Осы әкелерге мынадай ұсыныс жасаса: мақсатыңыз қызыңыздың шашы жабулы болғаны ма, онда мектеп формасы тігілген матадан қызыңыздың шашын толық жауып тұратын берет түріндегі бас киім тіккізіп кигізсеңіз қайтеді? Бұл біздің тәжірибемізде болған. Бірақ мұндай «әкелер» бұл ұсынысқа қарсы: жоқ, орамал дұрыс қой! Неге? Жауап бере алмайды.

Жалпы орамал ешқандай да имандылықтың кепілі емес. Имандылық – санада. Қыз баланың санасына ұят, ар-намысты бала күнінен құйып өсірсе, оның ешкімге қолжаулық болмай, тұлға ретінде қалыптасуына мүмкіндік болар еді. Бірақ басындағы шүберек – қызымның ұятының кепілі деп сенетін ата-ана, өкінішке қарай, мазмұнмен жұмыс жасауға қабілетсіз болғандықтан, оңай жолды – форманы таңдап отырған адамдар.

Жалпы форманың ролін мүлдем жоққа шығаруға да болмайды. Осы тұрғыдан қыз баланың мектеп формасының қысқа болғаны да, аяқтың басына түсетіндей ұзын болғаны да дұрыс емес. Екеуі де балаға жүріп-тұруға ыңғайсыздық туғызады. Сондықтан мектеп формасының ұзындығы қыз баланың тізесін жауып тұрғаны дұрыс болар еді.

Қазақ «Жібекті түте алмаған жүн қылады, Қызды асырай алмаған күң қылады» дейді. Қалай болғанда да, қыз бала білім алудан шеттеп қалмауы керек. Сондықтан Оқу-ағарту министрі дұрыс шешім қабылдады деп ойлаймын.


- Философия мен дін арасындағы таласта «бірінші мораль пайда болды ма, әлде моральдық құндылықтар негізінде дін пайда болды ма?» деген дау бар. Айтыңызшы, егер философ И. Кант айтқандай, бәрінен бұрын мораль пайда болса, онда бұл діннің «құдіретті» саналатын негізгі мәнін жойып жібермей ме?

- Мораль – құндылықтық ішкі жүйе, осы түсініктерден шығатын қарым-қатынас ережелері, яғни рухани-практикалық ішкі жүйе, жоғарыда айтып кеткеніміздей, мифтің құрамында да бар. Сонымен қатар әртүрлі наным-сенімдер, дүниенің шығуын бір немесе бірнеше астам текті күштермен байланыстыру да мифте бар. Бірақ оны толыққанды дін деп айтуға келе қоймас. Ал дін дүниетанымның тарихи типі ретінде мифологиядан кейін қалыптасқан болып саналады. Діннің қарапайым наным-сенімнен айырмашылығы, құдайлардың бейнесінің жасалуы, ғибадатханаларының, қызметшілерінің, діни ғұрыптарының, қасиетті мәтіндерінің болуы, т.с.с. Ғылымда «нағыз діндер» адамзат аңшылық-терімшілік сатысынан егін егу, дамыған мал шаруашылығы сатысына өтіп, қоғам өмірі күрделенген кезде қалыптасқан деп саналады.


фото Гульнар.jpg

Гүлнәр Адаева


- Педагогика саласында еңбек етіп жүргеніңізге біраз жыл болды. Өзіңіздің авторлық курсыңызда «қазіргі философиядағы гендерлік дискурс» тақырыбын жиі қаузайсыз. Әрі біздің елде гендерлік теңсіздік мәселесі актуалды екенін көзі қарақты жалпақ жұрттың бәрі біледі. Бұған не себеп деп ойлайсыз?

- Жалпы дәстүрлі қазақ қоғамында гендерлік теңсіздік жоғары деңгейде болған деп біржақты айта салуға келмейді. Көшпелі өркениетте әйел адамның салыстырмалы түрде еркін болғаны мойындалады. Ешқашан беттерін жауып жүрмеген, үй шаруашылығына қатысты өз бетімен шешім қабылдаған; қажет жерінде ел басқару ісіне де араласқан. Ауыз әдебиетімізге назар аударсақ, Қарашаш, Құртқа, Ақжүніс, Айман бейнелері арқылы ажарына ақылы сай, интеллектуалдық тұрғыдан ханнан да, батырдан да жоғары тұрған қазақ қызы образы жасалған. Ел анасы деңгейіне көтерілген қазақ қыздары болған, есімдері шежіреге де енген, тұтастай тайпалардың, рулардың ұранына айналған.

Ал қазіргі кезде заң жүзінде гендерлік теңдік қамтамасыз етілген. Шынайы өмірде орта білім алу, мамандық таңдау, жоғары білім алу тұрғысынан гендерлік теңдікке қол жетіп отыр, әрине. Ал билікке келетін болсақ, «шыны шаңырақ» эффектісі жалғыз бізде емес. Әлемнің ең дамыған деген елдері де оның өз қоғамдарында бар екенін мойындап отыр.

Ал қазіргі Қазақстанда жоғары билікте әйелдердің аз екенінің негізгі себебінің бірі – қазақ әйелінің билікке ұмтыла қоймайтыны. Сонымен қатар «шыны шаңырақ» эффектісі де бар. Осы арада айта кететін тағы бір жайт, біздің гендерлік саясат көбіне «гендерлік теңдік» пен «гендерлік тепе-теңдікті» шатыстыратыны. Гендерлік теңдік – барлық жыныс өкілдерінің қоғамда өзін жүзеге асыруда бірдей мүмкіндікке ие болуы. Яғни бұл мәселенің сапалық қырын білдіреді. Ал жоғары билікте 50% әйелдердің отыруы(ол әлі жүзеге асқан жоқ) біздегі гендерлік теңдіктің толыққанды көрінісі бола ала ма? Жоғарыда атап өткендей, билікке ұмтылған аз ғана әйел жынысы өкілдерінің, басқа қырына назар аударылмай, тек жынысы әйел болғандықтан ғана билікке қол жеткізуі ер адамдардың құқығын шектеуге, яғни гендерлік теңсіздікке әкелмей ме?

Ал тұрмыста әйелдердің көріп жатқан зорлықтарын бұқаралық мәдениеттің салдары деп санар едім. Өзінің төл мәдениетімен сусындамаған, рухани тамырынан ажырап қалған мәңгүрттер көп қой қазір. Не ананың, не бауырдың, не баланың қадірін білмейтін надандық дер едім.


- Философтардың еңбегін оқып отырып, оған қай призмада қарайсыз?

- Скептиктік тұрғыдан қараймын. Қаншалықты тосын ой айтылса да, философия болғандықтан, рационалдық дәйектеу болуы керек. Келтірілген дәйектің қисындылығына назар аударамын.


- Вольтердің «Адамзат тарихы – адамзаттың прогресс пен білімділік үшін күрес тарихы» деген әйгілі сөзі бар. Ал енді сіздің ойыңызша, қазақ тарихы қандай тарих? Мысалы, ол тек рудың, белгілі бір тектің тарихы ма? Әлде қазақ тарихында адамзаттың асқақ құндылықтары бар ма?

- Қазақ – «Адамның күні адаммен», «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Жаман адам кекшіл, жақсы адам көпшіл болады», «Таспен атқанды аспен ат» деген этикалық қағидаттармен өмір сүрген, обал сезімі жоғары халық. Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген үндеуі қазақтың гуманистік дәстүрлерінен тамыр тартады деп түсінемін.

483516-1603073816.jpg

Абай Құнанбаев


- Еркіндік, бостандық, демократия жайлы сөз болғанда, байқасаңыз, қазақ социумында «салт-дәстүрімізден бас тарта алмаймыз» деген сыңайдағы фобиялық емеурін бары байқалады. Ал жалпыадамзаттық құндылықтарға ұмтылған дамыған мемлекеттерде бірінші орында дәстүрден бұрын адам құқығы мәселесі бой көтереді. Жалпы қоғамның традиционал, псевдопатриот болғаны көбіне елді түрлі айламен басқарып отырған басқарушы топ үшін өте тиімді емес пе? Бұл жөнінде не айта аласыз?

- Алдымен қазір салтанат құрып отырған бұқаралық мәдениетке тоқталсақ... Бұқаралық мәдениет адамның «түп тамырын» қияды. Оның зардаптарын атап көрсетсек: тұлғаның мәдени бағдарын теріс қалыптастырады; ұлттық мәдениетті күйретеді; жалпы адамзаттық мәдени құндылықтардың іргесін шайқалтады; ұлттық рухани тамырлардан алыстатады; руханилықты екінші орынға қояды; алдыға өзінің пайдасын қояды; аға буын мен жас буынға менсінбеушілікпен қарайды; өзінің ұлттық мәнін түсінбейді және түсінгісі де келмейді; өмірге байыппен қарамайтын және жеңіл өмір сүруді мансұқ қылған адамдарды қалыптастырады.

Бұқаралық мәдениет зардаптарына қарсы тұрудың бірден-бір жолы – адамның ұлттық құндылықтарынан тамыр тартуы, өзіндік рухани өзегінің болуы. Сондықтан дәстүршілдікті айтқанда, «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген қазақ даналығын ұмытпауымыз керек. Рухани жаңғыру бағдарламасының мақсаты да осы емес пе, яғни озық дәстүрлерімізді жаңғырту.


- 2000 жылдардың басында елдің басқару ісіне Амангелді Айталы секілді философтар араласты, лауазымда орында отырды. Қазір ол үрдіс мүлдем тоқтап қалды. Кейде елдегі саяси қызметтерге ақын-жазушы, қоғам белсендісі секілді тұлғалардан гөрі нақты сала мамандары мен философтар отырғаны жөн бе деймін. Сіздің бұған қатысты пікіріңіз қандай? Біздің қазіргі басқару жүйемізге, яғни саясатқа философтар араласса, жағдайымыз түзеле ме?

- Бұл құбылыс бізде тек Амангелді Айталымен шектеліп қалмайды. Бұрын да болған, қазір де бар тәжірибемізде.

Философия ғылымдарының докторы, академик, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құрметті профессоры Жабайхан Әбділдин 1995-2005 жж. ҚР Парламенті Сенатының депутаты болды. 2005 жылдың желтоқсанынан 2007 жылға дейін Қазақстан Республикасы Президентінің әкімшілігінің әлеуметтік-саяси бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. Оның алдында Кеңес Одағы кезінде 1988 жылы Қазақстан Компартия бюросының шешімімен құрылған Алашордашыларды ақтау комиссиясының төрағасы болып тағайындалып, үлкен жұмыс атқарды.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің философия кафедрасының тағы бір профессоры , философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есім 2007-2013 жылдары ҚР Парламенті Сенатының депутаты болған.

Философия ғылымдарының докторы, академик, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры лауазымында болған Нұрмағанбетова Жәмила Нүсіпжанқызы – 2016 жылдан осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.

Ел басқару ісіне жас ғалымдар мен мамандар, PhD докторлар көбірек тартылғаны және олардың қазақ тілін жетік білетіні ескерілген жөн деп санаймын. Бұл арада ескеру керек тағы бір жайт, ғылыми дәрежесі мен қазақ тілін жетік білуі ел басқару ісіне араласуының жеткілікті шарты емес екені.


- Адамзаттың өмір сүрудегі негізгі мотиві ретінде әлі күнге дейін бақыт, махаббат ұғымдары қарастырылады. Бірақ оған жетуде әр адам түрлі бағытты таңдауы мүмкін. Біреу қиын болса да, әділ жолды, ал өзгесі «қалай болса да, жетемін» деген принципті ұстануы мүмкін. Сонда бақыт кімге бұйырады?

- Бақыт деген қуып жетіп ұстап алатын да, таласып-тармасып жүріп қолы жеткен алатын қат нәрсе де емес, меніңше. Бақыт – адамның ішкі күйі, өзінде барды бағалаудан, армандарының орындалуы жолында тер төгіп, соның нәтижесіне қанағаттанудан туатын бір көңіл-күй десе болады. Махаббат – адамды тазартатын рухани күш. Сондықтан бұл екеуі де рухани жетілгендіктің көрсеткіші дер едім.


- Философиялық тақырыпта талқы бола қалса, міндетті түрде ақиқат, ар, сауап мәселесі жиі сөз болады. Бұл ұғымдардың бәрі заңмен қорғалып, реттелмеген қоғамда сол елде тұратын адамның басым көпшілігі «тылсымға», дінге сенгіш болып кетпей ме?

- Ақиқат пен ар заңмен біршама қорғалуы керек болса, сауап заңмен қорғалуы мүмкін бе? Тылсымға сенуге келетін болсақ, ең мықты деген жаратылыстанушы ғалымдардың өзі біршама тылсымға сенеді. Себебі дүние өте күрделі, ол тұтастай ақылға сыя қоймайтынын мойындауымыз керек. Бұл арада мәселе – өлшемде.

1603473844_klaus-schwab-reimagining-capitalism-wef-2020.jpg

Клаус Шваб


- Қазіргі жаһандану мәселесі, ғылыми технологиялық революцияның қарқыны жер бетінде өмір сүрудің жаңа дағдысын жасауы мүмкін бе? Бұл өзгеріске қандай философиялық баға берілуі керек?

- «Төртінші индустриялық революция» кітабының авторы Клаус Шваб: «Қазіргі қоғамның алдында тұрған алуан түрлі, күллі көкейкесті міндеттердің қатарындағы ең маңыздысы жəне өте өзектісі – бері айтқанда, адамзаттың мүлде қайта құрылуын көздейтін жаңа технологиялық революцияны саналы түрде түсініп, тиімді жүзеге асыру. Өйткені біз бүгінгі күнделікті тірлігімізді, жұмысымызды, əдепкі қарым-қатынасымызды түбегейлі өзгертетін сол алапат революцияның бастауында тұрмыз. Мен төртінші индустриялық революция деп санайтын бұл құбылыс ауқымы, көлемі мен күрделілігі жағынан адамзаттың бұрын-соңды басынан кешкендерінің ешқайсысына ұқсамайды. Төртінші индустриялық революцияны адамгершілік əдептен алшақтатпай, ауыздықсыз дүлей күшке айналдырмай, шығармашылық қайнары бар, адамға бейімделген құбылыс ретінде қалыптастыру бір адамның, бір саланың, белгілі аймақ пен жекелеген мəдениеттің қолынан келетін шаруа емес» деп бастап, соңында былай қорытындылайды:

«Қанеки, болашақты бірге құрайық, ол барша адамзатқа қызмет етеді. Адамдарды осыған жұмылдырайық, оларға құқық пен өкілеттік беріп, адам қолымен жасалған осы жаңа технологиялардың бəрі, алдымен, адам үшін жасалған құралдар екенін ұдайы өзімізге өзіміз ескертіп отырайық. Қанеки, болашағымыз үшін ұжымдық жауапкершілікті мойнымызға жүктейік, ондағы инновациялар мен технологиялар – адамзат игілігі мен қажеттігін өтеуге негізделген. Ол қоғамдық мүддеге қызмет етеді. Біз оны тұрақты даму жолымызға нұсқаулық ретінде пайдалана білейік. Біздің мүмкіндігіміз бұдан да жоғары.

Жаңа технологиялық дəуір (ол тиімді əрі жауапкершілікпен қалыптастырылған жағдайда) жаңа мəдени ренессансты туғызуы мүмкін. Бұл өзгеріс біздің өзіміз ойлағаннан да үлкен дүниенің, шын мəніндегі ғаламдық өркениеттің бір бөлігі ретіндегі орнымызды айқындай түсеріне нық сенемін. Төртінші индустриялық революция адамзатты роботтандырып,жұмыс, қоғам, отбасы, жеке тұлға сынды дəстүрлі ұғымдарымыздың тамырына балта шабуы мүмкін. Өзгерістердің осылайша өрбуіне жол бермей, төртінші индустриялық революцияны адамзатты алға, жаңа ұжымдық əрі моральдық санаға, ізгілікке бастау жолында ұтымды пайдалану өз қолымызда. Ол үшін бар күшімізді салуымыз керек».

Клаус Швабпен келісе отырып, адамзаттың бұл алапат өзгерісте аман қалуының кепілі руханилық деп түсінемін. Адамгершілікке негізделген озық дәстүрлерімізді жаңғыртып, келешек ұрпақты осының негізінде тәрбиелеп, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» үндеуін барлық адам жүрегіне жеткізіп, ынтымақпен өмір сүру салтын қалыптастыра алсақ қана жарқын болашаққа бет аламыз.


- Сіздің өмір сүрудегі мәніңіз неде?

- Мен патриотпын (квазипатриот емес). Менің өмірімнің мәні – еліме қызмет ету, елімнің әрбір жетістігіне қуанып, кемшілігіне мұңаю, Ел намысы тапталса – күйіну; ата-бабамның табаны тиген топырақты басып жүргенімді, туған жерімнің ауасымен тыныстайтынымды, ана тілімде сөйлей алатынымды, ойлай алатынымды бақыт деп сезіну; Қазақ елінің көркеюіне, қазақ тілінің өз жерінде, өз елінде лайықты мәртебеге ие болуына қолымнан келгенше атсалысу. Сонымен қатар Қазақ елінің жеке-дара, оқшауланып көгермейтінін, «атасының емес, Адамның баласы болуы керек екенін» жас ұрпақтың санасына сіңіру жолында тер төгу.


- Иә, қойылған сұрақтарыма жауап беріп, сұхбаттасқаныңызға көп Рақмет!