«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Дулат Бабатайұлы идеолоиялық майданда күресті – Шәкір Ыбыраев

462
Дулат Бабатайұлы идеолоиялық майданда күресті – Шәкір Ыбыраев
Елордада Дулат Бабатайұлының 220 жылдығына арналған «Поэзиядағы Дулат Бабатайұлы дәстүрі және ұлттық тұтастық идеясы» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. 

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен конференцияға лауазымды тұлғалардан бастап, айтулы ғалымдарға дейін қатысты. Солардың ішінде Еуразия Ұлттық университетінің жанындағы Түркология кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Шәкір Ыбыраев «Дулат Бабатайұлының қазақ әдебиет тарихындағы орны» деген тақырыпта баяндама жасады. Шәкір Шәкімшәріпұлына алдаспан ақын туралы сұрақ қойып, пікірін білген едік.

– Астанада өткен Дулат Бабатайұлының 220 жылдығына арналған конференцияда «Дулат Бабатайұлының қазақ әдебиет тарихындағы орны» деген тақырыпта баяндама жасадыңыз. Баяндамаңыздың ең басты жаңалықтарын айтып бере аласыз ба?

– Дулат Бабатайұлының еңбектерін жаңаша зерттеп қарастырып, ең негізгі көтерген мәселелері қандай деген сұрақтарға жауап беруге тырыстым. Совет дәуірінде оған «Кері тартпа ақын, ескішіл ақын», қайшылықты ақын» деген секілді анықтамалар берді. Себебі отарлаушы Ресей империясына Дулат секілді ақынның өлеңдері сәйкес келмейтін еді. Оның өлеңдеріндегі барлық айтып отырғандары Патшалы Ресейдің Қазақстанды толығымен отар елге айналдырғанына қарсылық болатын. Өзін өзі басқаратын мемлекеттің алға қарай қадам басып, дамуына мүмкіндігі болады. Ал жаулап алғаннан кейін ол мүмкіндік халықта болмайды. Дулаттың өлеңдеріне қарасақ, халықтың ынтымағы мен бірлігі кетіп, бірін бірі тыңдаудан кеткен жағдайды байқаймыз. Ханы мен қарапайым жұмысшы шаруасы ынтымақты ел ретінде жүріп тұрудан қалған еді. Халықтың береке, ынтымағы кеткен. «Ақын мұндай елден не шығады, оның барынан жоғы жақсы» дегендей көңіл күйде болған. Әлеуметтік ортаменен санасы және психологиясы, көзқарасы үйлеспейді. Ақын осыны жырлаған.

whatsapp-image-2022-05-26-at-19.00.00-3.jpeg

Әдебиетттануда қай кезде болса да белгілі бір деңгейде ұстаным бар. «Мына тақырыпты былай зерттеуіміз керек» дейді де, болған оқиғаға қай тұрғыдан баға береміз деген сұрақ туындайды. Советтік дәуірде қандайда бір зерттеу жасайтын болсақ, оны біз алдын ала белгіленген «таптық және партиялық немесе идеологиялық, материалистік, атеистік тұрғыдан қарастыру керек» деген заңға бағынып, жаздық. Өзің пайымдап жаза алмайсың.

Ал Еуропада ХХІ ғасырдағы көзқарасыңды бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген ұстанымға байлап, таңа алмайсың. Яғни таптық ұстанымға салынып «Байды неге сөкпеді, ханды неге сынамады?» деген нәрсені талап етуімізге болмайды. Өзіміздің шектеліп қалған санамызбен мұндай тұлғаларды зерттеуге болмайды. Менің ең басты ұстанымым осы. Уақыт пен заман қалай болды және ақын оны қалай жырлады дегенге мән беруіміз керек. Дулатта идеологиялық ұстаным, белгілі бір топтың қас-қабағына қарап сөйлеу деген болмады. Өзінің жүрек қалауы бойынша жыр жазып, өз таным түйсігіне байланысты өмір сүрді. Ал енді оған таптық, партиялық тұрғыдан қарайтын болсақ, керітартпа, оңбаған ақын болып шығады. Осыны біз қоюуымыз керек.

Жалпы Еуропада ақын мен жырауды белгілі бір ұстаным бойынша зерттеу деген жоқ. Оны феноменология дейді. Яғни, ақынның суреткерлік ерекшелігі деп бағалайды. Орта қалай болды және жеке тұлға қалай болды? Екеуінің арасында үйлесім болды ма, жоқ әлде қайшылық болды? Еуропаның философтарының бәрі «Адамды 100 пайыз өз қоғамымен үйлесімді қабылдау мүмкін емес» деп айтады. Өйткені адамның әйтеуір бір нәрсеге көңілі толмайды. Ал ақындағы қайшылық тіпті үлкен болады. Өмір сүріп жатқан қоғам мен Дулаттың көзқарасы толығымен үйлеспейді. Неге үйлеспейді? Себебі қазақ халқы тәуелсіз, өз еркімен өмір сүріп дамып жатқан ел емес, біреудің құлдығына түскен ел болатын. Ал мұндай қоғамды еркін көзқарастағы ақын қалай жақсы көреді? Жақсы көре алмайды. Дулатты біз осы тұрғыдан түсінуіміз керек.

– Ақын өзінің жырларында Патшалы Ресейдің Қазақ жеріне отарлауын әшкерлеп жатқан ғой...

– Әрине. Дулат Бабатайұлы Патшалы Ресейдің қазақ жеріне отарлау саясаты күшейген 1802 жылы дүниеге келген. Оның алдында «Ресейге өз еркімізбен қосыламыз» деп хат жазылып жатқаны өз алдына бөлек әңгіме, бірақ ХІХ ғасырдың басынан бастап отаршылдық жүйе Қазақстанды нақты игеріп, 1822 жылы хандық билікті жойды. Осыдан бастап қазақ мемлекеттілігі жойылып, елді аға сұлтандар билейтін болды. Ал аға сұлтанның жанында орыстың майоры отырады және онымен үнемі ақылдасып отыруға міндетті болды. Енді біраздан кейін аға сұлтандық жойылып, ел басқарудың ең төменгі болыс билігі енгізіледі. Ал болыс орыстың ұлығының алдында құрдай жорғалайтын бағынышты адамға айналды. Патша қызметкері не айтса, соны болыстар қазақ даласында орындауға міндетті болды. Осындай жағдайда қазақ халқының өз алдына жері мен ұлттық мүддесіне ие болып, мемлекет, халық ретінде дамуына ешқандай мүмкіндігі болмады. Бұл былайша айтқанда толыққанды отар ел дегенді білдіретін.

Мысалы Англияның Индияны немесе Американың Африканы жаулап алып, құлдарды тасығаны секілді жағдай еді. Ресейдің Қазақстандағы отаршылдық саясаты гуманды болып, аналардыкі сұмдық болған жоқ. Қай елде болса да отаршылдықтың аты отаршылдық екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан орыстар қазақ даласын қалай отарлағанын Дулат өз көзімен көріп, жан жүрегімен сезінді. Күні кеше кең далада, өзін өзі басқарып отырған елдің тәуелсіздігінен айырылып, қор болып, аянышты халін және ел болудан кеткенін көрді. Осының бәрін көріп отырған ақын езіліп отырып, туған халқының мұңын жырлады. Дулат орыспен келген жаңалыққа қарсы болған соң оны «керітартпа ақын» деп атады.

0e05383dbfca4c1a21b2c1c20e456dc2.jpg

Кезінде Совет одағы көп нәрсені айтқызбады. Негізі отаршыл орыс империясының саясатына қарсы күрескен тек қана Кенесары хан ғана емес, сонымен қатар Дулат секілді Мұрат, Әубәкір, Шортанбай секілді «Зар заман» ақындары да болды. Олардың зарлайтын және өлеңдерінің қарсылықты болатын негізгі себебі отаршылдыққа қарсы көзқарас болатын.

– Кенсары хан демекші Дулат ақын қазақтың ең соңғы ханымен замандас болған екен. Сіз ақын бодан елге айналып бара жатқан қазақ елінің тағдырына алаңдады деп отырсыз. Дулат Бабатайұлы Хан Кененің көтерілісіне ниеттес болып, қолдау көрсетті ме?

– Өкінішке қарай Кенесары хан мен Дулат Бабатайұлының байланысын дөп басып айта алмаймын. Мәселен ақын Шығыс Қазақстан облысына қарасты Аягөз жерінде, ал Кенесары орталық Қазақстан аумағында әрекет етті. Одан кейін Оңтүстік Қазақстаннан батыс Қазақстанның біраз территориясын қамтыды. Бірақ мен боданға түскен елінің жағдайына алаңдаған ақынның Кенесары ханның көтерілісіне тілектес болды деп ойлаймын. Өкінішке қарай менің қолымда екі тұлғаның қарым-қатынасына байланысты құжаттар жоқ. Қос қайраткердің байланысын осы тұрғыдан зерттейтін болса, тарихшылар мен әдебиетшілер мұны жаңа қырынан зерттеуі керек. Кенесары хан қолына қару алып күрескен болса, ал Дулат идеолоиялық майданда күрескен ақын болды. Жоғарыда айтқандай мұрағат арқылы қос тұлғаның байланысын дәлелдейтін құжат кездестірмедім. Бірақ қазақтың тағдырын жырлаған ақынның Кенесары ханды қолдамауы мүмкін емес.

– Пікір білдіргеніңізге көптен көп рахмет.